Дүйсенбі, 18 Мамыр 2026
Ақмылтық 166 0 пікір 18 Мамыр, 2026 сағат 13:41

Мемлекеттік тілдің мәртебесі – мемлекеттің мәртебесі!

Сурет: ЖИ арқылы жасалды.

Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстан қоғамында ең көп көтерілген проблемалардың бірі – мемлекеттік тілдің орны мен рөлі. Қазақ тілі ғасырлар бойы ұлттың рухани тірегі, мәдениетінің өзегі, тарихының айнасы болып келді. Алайда кеңестік кезеңде оның қоғамдық қызмет аясы тарылып, мемлекеттік басқару мен қалалық ортада қолданылуы әлсіреді. Егемендікпен бірге қазақ тіліне жаңа тыныс берілді. Конституцияда қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде бекітіліп, оның қоғамдағы орны заң жүзінде айқындалды. Ендігі жерде мемлекеттік тіл тек ресми құжаттарда ғана деп ойламайық, күнделікті өмірдің барлық саласында толыққанды қолданылуы тиіс.

Жаңа Конституциялық өзгерістер мен қоғамдық сұраныс қазақ тілінің мәртебесін бұрынғыдан да күшейту қажеттігін көрсетіп отыр. Мемлекеттік тіл – жай ғана қарым-қатынас құралы болмай, ол ұлттық қауіпсіздікпен, елдің тұтастығымен және азаматтық бірегейлікпен тікелей байланысты құндылық. Сондықтан бүгінгі күндері кішкентай дүкеннен бастап асхана, кафе, мейрамхана, супермаркеттерде, вокзалдар мен әуежайларда, халыққа қызмет көрсету орталықтарында, яғни халыққа қызмет көрсетілетін барлық орындарда көрсеткіштер мен ақпараттардың ең алдымен қазақ тілінде берілуі заңды әрі табиғи құбылыс.

Әлемдік тәжірибеге қарасақ, кез келген тәуелсіз мемлекет өз мемлекеттік тілін қоғамдық кеңістіктің басты тіліне айналдыруға ұмтылады. Францияда француз тілі, Түркияда түрік тілі, Жапонияда жапон тілі қоғамдық өмірдің барлық саласында үстемдік етеді. Дүкен атауларынан бастап ресми маңдайшаларға дейін сол елдің мемлекеттік тілінде жазылады. Бұл ешкімнің құқығын шектеу емес, мемлекеттің өзін құрметтеуі мен ұлттық болмысын сақтауының көрінісі. Қазақстан да дәл осындай қағидатты ұстануы тиіс.

Бүгінде еліміздегі көптеген сауда орындарында, қоғамдық тамақтану мекемелерінде немесе қызмет көрсету орталықтарында қазақ тіліндегі жазулардың қате болуы, кейде мүлде болмауы жиі кездеседі. Кейбір дүкендер мен мейрамханалар атауларын толықтай шет тілінде жазып, қазақ тілін екінші орынға ысырып қояды. Бұл – мемлекеттік тілдің беделіне әсер ететін жағымсыз құбылыс. Өйткені қала көшесінде жүрген адам ең алдымен өз мемлекетінің тілін көруі керек. Мемлекет құраушы ұлттың тілі қоғамдық кеңістікте анық әрі басым көрініс тапқанда ғана азаматтардың санасында мемлекеттік тілге деген құрмет қалыптасады.

Әсіресе әуежайлар мен вокзалдардағы тіл жағдайы өте маңызды. Бұл орындар – елдің бейнесі. Қазақстанға келген шетелдік азамат ең алдымен осы нысандардағы жазулар мен хабарландыруларды көреді. Егер мемлекеттік тіл өз елінде екінші қатарда тұрса, онда сырттан келген адамда бұл мемлекет өз тілін толық қадірлемейді деген түсінік қалыптасуы мүмкін. Сондықтан әуежайларда, теміржол вокзалдарында және халықаралық бағыттағы нысандарда қазақ тілі негізгі тіл ретінде қолданылуы қажет. Қосымша тілдер аударма ретінде берілуі мүмкін, бірақ мемлекеттік тілдің орны әрқашан бірінші болуы тиіс.

Халыққа қызмет көрсету орталықтары да тіл саясатының маңызды алаңы. Азамат мемлекеттік мекемеге келгенде өз ана тілінде еркін ақпарат алып, қызмет пайдалана алуы керек. Қазіргі кезде қазақ тілінде сөйлейтін азаматтардың саны артты. Жастардың басым бөлігі қазақша білім алып жатыр. Демек мемлекеттік қызмет көрсету жүйесі де осы өзгеріске толық бейімделуі қажет (Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі А.М. Ертаевтың назарына). Барлық навигациялық көрсеткіштер, электрондық тақталар, өтініш үлгілері мен анықтамалар қазақ тілінде анық әрі сауатты жазылуы тиіс.

Бұл жағдай тек тіл туралы ғана демейік, қоғамдық мәдениет туралы да сөз қозғайды. Қазақ тілінің қоғамдық ортада кеңінен қолданылуы халықтың өзіне деген құрметін арттырады. Себебі мемлекеттік тіл – елді біріктіретін ортақ құндылық. Әртүрлі этнос өкілдері тұратын Қазақстанда қазақ тілі халықты біріктіретін азаматтық тұғырға айналуы керек. Бұл үшін мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту міндет.

Кейбір адамдар мұндай бастамаларды «басқа тілдерді шектеу» деп қабылдауы мүмкін. Алайда, бұл өзге тілдерге қарсы шығуда деп ойламаңдар. Қазақстан барлық этностардың мәдениеті мен тіліне құрметпен қарайды. Бірақ, кез келген елде мемлекеттік тілдің ерекше орны болады. Қазақ тілі де дәл сондай деңгейге көтерілуі қажет. Мемлекеттік тілдің қоғамдық кеңістікте үстем болуы – халықаралық тәжірибеде қалыпты құбылыс.

Сонымен қатар, кәсіпкерлер де бұл жағдайға жауапкершілікпен қарасын. Дүкен, кафе немесе мейрамхана ашқан әрбір азамат өзі жұмыс істейтін мемлекеттің заңдары мен рухани құндылықтарын құрметтеуі тиіс. Қазақ тілінде сауатты жазылған маңдайша немесе мәзір тек заң талабы емес, ол тұтынушыға деген құрметтің белгісі. Осы күндері қазақ тілінде қызмет сұрайтын азаматтардың саны көбейді. Сондықтан кәсіпкерлер үшін қазақ тілін дамыту экономикалық тұрғыдан да тиімді.

Тілдің тағдыры тек заңмен шешілмейді. Оны қоғам болып қолдау қажет. Егер әрбір азамат қазақ тілінде қызмет талап етсе, кәсіпкерлер мен мекемелер де соған бейімделеді. Қоғамдық сұраныс артқан сайын мемлекеттік тілдің ықпалы күшейеді. Сондықтан бұл жерде халықтың белсенді ұстанымы маңызды.

Ақпараттық технологиялар дәуірінде тілдің қоғамдық кеңістіктегі рөлі бұрынғыдан да артып отыр. Электрондық терминалдар, мобильді қосымшалар, жарнамалық экрандар, банкоматтар мен онлайн қызметтер қазақ тілінде толыққанды жұмыс істеуі тиіс. Егер цифрлық ортада қазақ тілі әлсіз болса, онда болашақ ұрпақтың да оған деген қызығушылығы төмендеуі мүмкін. Сондықтан мемлекеттік тіл жаңа технологиялармен қатар дамуы қажет.

Қазақ тілі – қазақ халқының ғана демей, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Ол елдің тәуелсіздігін айқындайтын басты нышандардың бірі. Ту, Елтаңба және Әнұран қандай қасиетті болса, мемлекеттік тіл де сондай қадірлі болуы тиіс. Сондықтан қоғамдық орындардағы барлық көрсеткіштердің, хабарламалардың және қызмет көрсету жүйесінің тек қана қазақ тілінде болуы – уақыт талабы.

Егер біз шын мәнінде тәуелсіз әрі қуатты мемлекет құрғымыз келсе, онда мемлекеттік тілді қоғам өмірінің барлық саласында үстем тілге айналдыруымыз керек. Бұл өзгені кемсіту емес, бұл – тарихи әділеттілікті қалпына келтіру. Қазақ тілі көшеде де, саудада да, қызмет көрсету саласында да, технологияда да басты тілге айналған кезде ғана Қазақстанның рухани тәуелсіздігі толық орнығады.

Бейсенғазы Ұлықбек,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Өлген кітаптар

Тұрдыхан Айдарханұлы 2857
Әне, көрдің бе?

Американың қаржылық жүйесін кімдер ұстап тұр?

Бейсенғазы Ұлықбек 1959