Шекспир қалай үйленді?
Қашанда ұлы тұлғалар артына ұлы аңыздар қалдырып кетеді емес пе?! Ата қазақ бұндайды «артынан аңыз ерген» деп сипаттайды. Әлем әдебиетінің ұлы тұлғасы Шекспир мен оның жұбайы Энн Хэтэуэй арасындағы қарым-қатынас ғасырлар бойы зерттеушілердің назарынан түспей келеді. Олардың некесі, отбасылық өмірі және бір-біріне деген сезімі туралы нақты деректер аз болғанымен, түрлі тарихи жазбалар мен әдеби интерпретациялар бұл тақырыпты әлі күнге дейін жұмбақ күйінде қалдырған.
Асығыс неке және алғашқы отбасылық өмір
Тарихи деректерге сүйенсек, Шекспир мен Энн Хэтэуэй 1582 жылы үйленіпті. Сол кезде Шекспир небәрі 18 жаста, ал Энн 26 жаста екен. Зерттеушілердің басым бөлігі олардың некесі қыздың жүкті болуына байланысты асығыс шешім қабылданған болуы мүмкін деген пікір айтады. Бұл болжам олардың тұңғышы Сюзаннаның олар үйленгеннен кейін шамамен алты ай өткен соң дүниеге келуімен негізделеді.
Кейінірек отбасында егіздер – Хэмнет пен Джудит дүниеге келеді. Осыдан соң Шекспир Лондонға аттанып, шығармашылық және актерлік қызметке ден қояды. Ол өмірінің басым бөлігін ағылшындар астанасында өткізіп, отбасынан ұзақ уақыт бойы бөлек жүреді.
XV-XVI ғасырлардағы Англияда ерлі-зайыптылардың ұзақ уақыт бөлек тұруы сирек құбылыс емес еді. Сондықтан Шекспирдің Лондонда, ал отбасының Стратфордта өмір сүруі олардың арасына салқындық түсті деген пікірді жоққа шығарады. Дегенмен, кейбір әдебиеттанушылар Шекспир пьесаларындағы отбасы бейнесіне сүйене отырып, оның некелік өмірі күрделі болған деген жорамал жасайды. Оның шығармаларында ерлі-зайыптылар үнемі алшақ, кейде қарама-қайшылықта бейнеленеді. Мысалы, «Гамлет» пен «Макбеттегі» некелік қатынастар трагедиялық сипатқа ие.

Сурет: wikipedia.org сайтынан алынды.
Қайта оралу және «екінші ең жақсы төсек»
Шекспирдің 1610-жылдардың басында Стратфордқа оралуы оның отбасымен қайта табысуы деп есептеген жөн. Алайда бұл болжамды нақтылайтын деректер жоқ. Оның өмірін зерттеушілер арасында ең көп талқыланатын мәселе – Шекспирдің өсиеті. Онда ол жұбайына тек «екінші ең жақсы төсегін» қалдырған. Кейбір тарихшылар мұны салқын қарым-қатынастың белгісі ретінде қарастырса, тағы біреулері керісінше, сол дәуірде төсек ең қымбат әрі жеке символ болғандықтан, бұл сүйіспеншілік ишарасы болуы мүмкін дейді.
«Екі Энн» туралы даулы дерек
Кейбір тарихи құжаттарда Шекспирдің атымен байланысты тағы бір әйел – Энн Уэйтли аталады. Вустердегі шіркеу жазбаларында оған қатысты неке рұқсаты көрсетілген деген дерек бар. Бұл құжаттар Шекспирдің Хэтэуэймен некесіне өте жақын уақытта тіркелген.
Осыдан «Шекспир екі әйелдің арасында болған ба?» деген болжамдар туған. Бір дерек бойынша, ол Уэйтлиге үйленгісі келген, бірақ Хэтэуэйдің жүктілігі оны отбасылық некеге итермелеген. Дегенмен, көптеген зерттеушілер бұл деректің қате жазба, басқа адамға қатысты болуы немесе тарихи шатасу болуы мүмкін екенін айтады.
Аңыз бен ақиқат арасындағы Шекспир
Шекспирдің махаббат өмірі туралы нақты деректер аз болғандықтан, оның жеке өмірі көбіне аңыз бен әдеби қиялдың арасына сіңіп кеткен. Соған қарамастан, ол әлемдік драматургияда махаббат пен отбасы тақырыбын ең терең ашқан авторлардың бірі болып қала береді.
Бүгінде Шекспир мен Энн Хэтэуэйдің тарихы – тек бір отбасының хикаясы ғана емес. Сонымен қатар адам сезімінің күрделілігі мен тарихтың жұмбақтығын көрсететін мәдени феномен ретінде қарастырылады.
Дүйсенәлі Әлімақын
Abai.kz