Бейсенбі, 18 Маусым 2026
Абай.tv 6697 0 пікір 15 Маусым, 2026 сағат 12:42

Шахматшы қыз Бибісараның жеңісі - бізге міндет пе?

Сурет: baq.kz сайтынан алынды.

Шахматшы қыз Бибісараның жеңісі - бізге міндет пе? Ал, кәсіпқой бокс чемпионы Жәнібек  Әлімханұлы неге жеңісін өйтіп бұлдамайды (пұлдамайды деген сөз ғой)?..

Бибісара Асаубаеваның үндеуі бұрыннан бері ашық әрі әділ талқылауды қажет етіп келген мәселені қайта көтерді...

Бұл жерде мәселе тек бір шахматшыда емес, тек шахматта да емес және төлем көлемінде де емес. Негізгі сұрақ басқа: ел атынан өнер көрсету ретіндегі спорт қай жерде аяқталады да, спортшының кәсіби коммерциялық қызметі қай жерде басталады?

Егер спортшы ұлттық құрама құрамында, Қазақстан формасымен, федерация немесе министрлік желісі арқылы Олимпиадаға, Азия ойындарына, әлем чемпионатына, командалық біріншілікке немесе басқа да ұлттық құрамалар жарысына қатысса — онда мемлекеттік қолдау түсінікті. Мұндай жағдайда ол шынымен елдің атынан шығады. Сондықтан дайындыққа, оқу-жаттығу жиындарына, жол шығындарына, жаттықтырушылар құрамына, спорттық киімге және қалпына келуге кеткен шығындар мемлекеттік спорт саясатының бір бөлігі ретінде қарастырылуы мүмкін.

Ал егер спортшы жүлде қоры бар, гонорар төленетін, жеке рейтингіне әсер ететін, шақыртулар, келісімшарттар, демеушілік мүмкіндіктері мен болашақ қаржылық нәтиже көзделетін кәсіби коммерциялық турнирге қатысса — онда бұл басқа мәселе. Мұнда спортшы ең алдымен кәсіби маман ретінде өнер көрсетеді. Ал кәсіби спорт өз табиғаты бойынша бизнеске өте жақын.

Бибісараға қатысты жағдайды дәл осы қағида арқылы қарастыру керек. Сабырмен талдау қажет: ол қандай турнирлерге барды, қандай мәртебеде қатысты, кімнің атынан өнер көрсетті, бұл Қазақстан құрамасының жарыстары ма әлде жеке кәсіби турнирлер ме, жүлде қоры болды ма, спортшыны кім шақырды, дайындықты кім қаржыландыруы тиіс еді және қандай қолдау ережелері алдын ала белгіленген еді.

Егер ол Қазақстан құрамасының құрамында өнер көрсетсе — мемлекеттік қолдау мәселесін көтеру орынды. Егер ол жүлде қоры бар кәсіби турнирге барып, жеке мансабын дамытып, рейтинг жинап, атын шығарып, табыс тауып және болашақ мүмкіндіктерін кеңейтіп жүрсе — онда бұл оның кәсіби қызметі. Ал кәсіби қызмет ең алдымен спортшының өзімен, оның командасымен, менеджерлерімен және демеушілерімен қаржыландырылуы тиіс.

Бұл спортшыны айыптау емес. Бұл — қағидат мәселесі. Мемлекет үздік спортшыларды қолдай алады және қолдауы тиіс, бірақ автоматты түрде емес, шексіз емес және әлеуметтік желідегі эмоциямен емес. Қолдау ашық ережелерге негізделуі керек: қай жерде құрама бар, қай жерде елдің ресми мүддесі бар, қай жерде коммерциялық турнир, ал қай жерде жеке кәсіби мансап бар.

Осыған ұқсас жағдайды үлкен теннисте де көрдік. Бір спортшы Олимпиадаға5 Қазақстан құрамасының құрамында қатысып, жарыстан ерте шығып қалуы мүмкін. Бұған жарақат,  шектеулер сияқты объективті себептер болуы мүмкін. Біз оны нақты білмейміз, сондықтан дәлелсіз айыптауға болмайды.

Бірақ қоғамның сұрақ қоюға құқығы бар: неге спортшы ел намысын қорғайтын турнирде ерте тоқтайды да, ал рейтингілік ұпай, жүлде қоры және жеке қаржылық мүдде бар жеке турнирлерде жарысты соңына дейін өткізеді? Бұл үкім емес. Бірақ мемлекет нақты нені қаржыландырады деген сұрақ туындайды: Қазақстан үшін өнер көрсетуді ме, әлде жеке кәсіби мансапты ма?

Дәл осы қағида MMA мен UFC-ке де қатысты. UFC — ұлттық құрамалар арасындағы әлем чемпионаты емес. Бұл — жеке коммерциялық ұйым. Ондағы спортшы ұлттық команданың мүшесі ретінде емес, келісімшартпен жұмыс істейтін кәсіби спортшы ретінде шығады. Оның гонорары, бонусы, рейтингі, жарнамалық мүмкіндіктері, командасы, менеджерлері, жаттықтырушылары, шығындары және болашақ құндылығы бар.

Ол Ресейден, Қазақстаннан, Бразилиядан, АҚШ-тан, Түркиядан немесе басқа елден болуы мүмкін. Жанкүйерлер оны мақтан тұтуы мүмкін, ол ту ұстап шығуы мүмкін, оны өз елінің өкілі ретінде таныстыруы мүмкін. Бірақ шын мәнінде ол өзінің кәсіби мансабы мен келісімшартын танытады.

Жақсы мысал — Хабиб Нұрмағомедовтің тарихы. Оның марқұм әкесі (иманды болсын), Абдулманап Нұрмағомедов ұзақ жылдар бойы ұлына уақытын, еңбегін, тәртібін, жаттығуын, дайындық жүйесін, беделін және бүкіл өмірін арнады. Бұл ұлттық құрама жобасы емес еді. Бұл — отбасылық, жаттықтырушылық және кәсіби инвестиция болды.

Сондықтан UFC мысалы өте көрсеткішті. Жеңіс елге қуаныш сыйлауы мүмкін, бірақ ешкім мемлекет әр коммерциялық жекпе-жекке дайындықты толық төлеуге міндетті деп айтпайды. Себебі бұл — кәсіби спорт. Ал кәсіби спорт — еңбек, тәуекел, инвестиция және бизнес.

Футболға да осы логика жүреді. УЕФА Чемпиондар лигасы беделді турнир болғанымен, ұлттық құрамалар жарысы емес. Онда клубтар ойнайды. Клуб құрамында түрлі елдердің футболшылары өнер көрсетеді. Олар мемлекеттерін емес, келісімшарт жасасқан клубтарын танытады.

Қазақстанда да футбол клубтарында тек қазақстандықтар ғана емес, легионерлер де ойнайды. Сонда сұрақ туады: неге мемлекеттік немесе облыстық бюджет кәсіби клубты ұстауы керек, егер ойыншылардың бір бөлігі шетелдік кәсіби спортшылар болса? Олар Қазақстан намысы5 үшін емес, келісімшарт бойынша жұмыс істеуге келген.

Сондықтан кәсіби футбол клубтарын жекеменшікке беру — дұрыс/ бағыт. Мемлекет алаң салуы, балалар спортын, бұқаралық спортты, жаттықтырушылар базасын, мектеп секцияларын, инфрақұрылымды және ұлттық құрамаларды дамытуы керек. Бірақ кәсіби коммерциялық клубтарды бюджет есебінен ұстау — даулы әрі әділетсіз модель.

Бизнесті мысалға алайық. Егер кәсіпкер Қазақстанда құрылыс материалдарын өндіріп, оны Ресейге сатуға тырысса, белгілі бір мағынада ол да Қазақстанды танытады. Бірақ мемлекет оған шикізат, жалақы, жабдық, логистика мен жарнаманы төлемейді. Керісінше, кәсіпкер тәуекел етеді, өзі инвестиция салады және салық төлейді.

Онда кәсіби спортта неге басқа логика болуы керек?

Кәсіби спорт пен бизнес өте жақын. Мұнда инвестиция бар, шығын бар, команда, менеджмент, табыс, бедел, нарық, бәсеке және тәуекел бар. Спортшы өзіне қалай инвестиция салса, кәсіпкер де өз өніміне солай инвестиция салады.

Сондықтан бәрін араластыруға болмайд=ы. Шетелдегі кез келген спорттық өнер көрсетуді автоматты түрде «ел атынан шығу» деп атауға болмайды.

Негізгі қағида қарапайым болуы керек: егер спортшы Қазақстан құрамасы құрамында ресми жарысқа қатысса — мемлекет қолдау көрсетуі тиіс. Егер спортшы коммерциялық кәсіби турнирге жүлде, рейтинг және жеке мансап үшін барса — бұл ең алдымен оның кәсіби қызметі.

Чемпиондарды қолдау4 керек. Бірақ кез келген кәсіби мансапты бюджет есебінен ұстау дұрыс емес. Мемлекет қоғамдық және ұлттық мүдде бар салаларға көмектесуі керек: ұлттық құрамалар, балалар спорты, бұқаралық спорт, инфрақұрылым және ресми халықаралық жарыстар.

Спортшыны мақтан тұтуға болады және керек. Бірақ мақтаныш автоматты түрде салық төлеушінің оның кәсіби жолын қаржыландыру міндетіне айналмауы тиіс.

Авторы – Ерік Ботаханов

Қазақшаға аударған – Әбдірашит Бәкірұлы

Abai.kz

0 пікір