«Жұмбақ жан» жайлы екі жұмбақ
1-жұмбақ
Тербелгенде бесігі
Есімі еді Талпақбай.
Жалтақ, ынжық неме еді,
«Еркелетіп» ел оны –
деп атады Жалпақбай.
Жалпақбайға бақ қонды,
Билігі оған жақ болды.
Шұлғи бергіш басына
Бір-ақ күнде, расында,
Алтын қалпақ тап болды.
Бақ қонғанын көз көрді,
Барлық мінбер сөз берді.
Жалтақтауды доғарып,
Жалпақбай аты жоғалып,
«Қалпақбай» боп өзгерді.
Себебі мезгіл жаз еді,
«Жаңарғанға» есімі,
Жазған байғұс мәз еді.
(Мәз болатын реті бар,
Төбесі ойма таз еді)
Күз де келді көрікті,
Ұраншыл топ желікті.
Жиналды да қасына,
Қалпақбайдың басына
Кигізді әкеп бөрікті.
Қалпақты енді – бөрікті,
(Мұндайды кім көріпті)
«Дәл таптық, – деп, – біз атын»
Ауыстырып құжатын,
«Бөрікбай» деп ат беріпті.
Күз де өтті шуақты,
Тоңдырды қыс құлақты.
Өңкей тобыр өңмеңдеп,
«Не қаласақ, сол жөн», – деп,
Кигізді әкеп тымақты.
Ләпбайшыл топ лап берді,
Бөрікбайға тап берді.
Қайта азан шақырып,
Құлағына бақырып,
«Тымақбай» деп ат берді.
P.S.
Мұндай мазақ қайда жоқ?
Қарсы тұрар айла жоқ.
...Өзгермесе ми егер,
Мың бас киім кие бер,
Ешкімге одан пайда жоқ.
2-жұмбақ
Назар салшы мынаған,
Көңіл соған кіл алаң.
Мың құбылған ныспысы,
Кей аңқауға «үш кісі»,
Түптеп келсең бір «адам».
Тұспалымды шешіп көр,
Кім болды екен бұл «адам»?
Бақаң барып басына,
Қондырғанда қалпақты,
Жұрт шулап: – аты «Қалпақбай» – деді,
«Қалпекелеп» құрақ ұшып,
Қабағын бағып, жалпақтай берді.
Төкең келіп төңкеріп,
Қағып тастап қалпағын,
Кигізгенде телпегін.
Жұрт шулап: – аты «Телпек би» – деді,
Телпекеңнің алдында,
Төменшіктеп елпектей берді.
Шәкең келіп шіңкілдеп,
«би болардай бұл кім!» – деп,
Теуіп тастап телпегін,
Басындағы шәпкісін,
Сыйлай салды иен тегін.
Телпек-би солай «Шәпкібай» болды,
Шәпкібай емес нақ «Құдай» болды.
Шуылдақтарға шақ «Құдай» болды.
P.S. Ойласып көр ақырын,
Бетке айт, жетсе батылың.
«Әулиенің» осы бір,
Әуелдегі аты кім?
Тегі қайдан, заты кім?
Abai.kz