Дүйсенбі, 22 Маусым 2026
Әдебиет 187 0 пікір 22 Маусым, 2026 сағат 14:13

Ұлықбек Есдәулет. «Қарғалдақ» кітабынан...

Сурет: minber.kz сайтынан алынды.

ҰЛЫҚБЕК ЕСДӘУЛЕТ
«Қарғалдақ» кітабынан
(2022 ж. шыққан)

ЖАҢАӨЗЕН ЖЫРЛАРЫ

«Алтайда Оспан батыр туы өрлеген,
Қасқайып құрбан болған –
құр өлмеген:
«Қазақтың қасық қанын ішкендердің
Қырық жыл тілі күйіп жүрер» деген!..»
Қойын дәптерден.

ТIЛТҰМАР

Тiлтұмардай көгершiн мен кептерге,
Тұрымтайдың теперiшi өткенде,
Тұтамдай сөз өткiзе алмай өктемге,
Теңдiк үшiн тебiскендей Тептерде,
Ерулiге қарулы сай сәттерде,
Қырып-жойып оқпанмен де,
оқпен де,
Құмбыл халық қара қанға бөккенде,
Қанды жұма қасiретi жеткенде,
Жер-жаһанда iшiн тартып көп пенде,
Дүниенi дүбiр кернеп кеткенде,
Ортекелер орғығандай бөктерге
Өлеңдерiм өрiп шықты дәптерге...
Өртке, дертке, сертке малған – қысса-жыр,
Шыңыраудан қайнап шыққан құса бұл,
Оу, Алашым,
Ақыныңды шет көрме...
Жүргiзе алмас перғауынға Мұса әмiр,
Әмiр етсе – Жаратқанның iсi әдiл...
Шерiн төккен шайырда жоқ бет-перде,
Тiлiне ешкiм сала алмайды тұсауыл!

ҚАНДЫ ЖҰМА

«Тарылдың деп несiне мұнша, Заман?»
толқып едi алаңда мың сан адам,
құныкерлер қынадай қырып салды,
құмырсқадай өз халқын құл санаған.

Бостандықты қылтиып қауыз жарған,
жайпап өттi қанды қол жауыз жалған.
Шын бейнесiн көрсеттi шибөрiлер
арыстардың* қанымен ауызданған.

Қазақстан қаралы, қан сасыған,
қаныпезер құлқыннан жан шошыған.
Адамзаттың боялды ары қанға,
Жаңаөзеннiң қанқұйлы моншасынан.

Ен байлыққа биліктің көзi қызып,
өзi жазған заңдарын өзi бұзып,
Алашымда ажалдың елесi жүр,
азаттықтың аузынан сөзiн үзiп.

Елiн қанға ер болса батыра ма?
билiк деген айуан ба аты жаңа?
Қанды қолмен бетiне опа жағып
қатыгездер шығыпты сахнаға.

Таптап жатса арымды көнбек пе едiм,
өзектiге бiр өлiм келмек дедiм...
«адам қаны – су емес!» дейтiн едi,
суша ағызды өзiмнiң жендеттерiм.

Қырылғанын қынадай көрдi ғалам,
қайта бастық құлдыққа қанды қадам.
Тiлiмiз бен дiлiмiз керi кеттi,
бостандығы басынан мандымаған.

Құрбандықты құқ қайда бағаларға,
шейiт болған шындықты шамаларға?
«Сұрауы бар – судың да!» – дейтiн қазақ,
мұнша қанның сұрауын таба алар ма?

Қарақшыны қанды қол замандас қып,
қайтадан бiз құлдыққа қадам бастық.
«Желтоқсаннан жан қалса – тәуба» десiп,
наурызға жеткендей амандастық.

Аялаған ақ сенiм ұшып оққа,
ақиқаттың ақ туы түсiп отқа,
азап шегiп әдiлдiк iздегендер,
жағымпаз бен жемқорлар кiсi боп па?

Жалмауыз бен қорқаудың сұмдық iсiн,
жаба тоқып жүргеннiң тiрлiгi сұм.
Жүрелете алмайды ешкiм бiздi,
жаралмаған қазағым құлдық үшiн!

Көтерiлген бас болса қырқа келер,
арсыз билiк алды-артын құрта берер.
Қырандығын көрсеттi қазақ тағы,
нағыз қыран биiкте шырқап өлер!
__
*Алтынбек пен Заманбек (авт. сілтемесі).

*
Өз қазағым өз жерiмде оққа ұшып,
Өртенемiн өзегiме шоқ түсiп.
Өрлiгiмдi қай қапасқа қамайын,
Өкiнiштен өлер болдым, ағайын,
Өздi-өзiмнен өрекпимiн кек қысып!

Зая күндер зымыраса қайғы алып,
Запыранды зарын төккен қай халық?
Зар илетiп заһар заман зымыстан,
Зығырданды қайнатты ғой, туысқан,
Заңсыздықтар заңдылыққа айналып...

*
Аққан қан...
Аласұрдық жан шыдамай...
Аңкөс қол аңша қырды қалтырамай!
Айуандық –
Адамдықтың арғы бетi,
Арасын ашып берген марқұм Абай.
Арандап Ай мен Күннiң аманында
Алаштың арда сөнген шамшырағы-ай.
Сақсыры қанға толып сұрапылда,
Сарқылдап қайнап тұрған халқым Адай!
Сап дейiн, ашуыңды ақылға жық,
Саф алтын сабырыңды сарқымағай.
Санасыз саудайыға билiк берсең,
Сандалып өз жаранын жау қылама-ай?
Сапырып салындыны сыпыратын,
Сел-тасқын басыла ма сарқырамай?
Құдай мен мұнайымның арасына
Құмайды қыстырса әкеп парқы қалай?
Бет алдын баға алмаған басыр билiк,
Болса едi ашуының артына абай.
...Болсаң бол, болмасаң да, бордай тозбай,
Бүтiн бер берерiңдi жартыламай.
Қалың ел қанға бөгiп жатқан шақта
Қайран жыр, қалар қалай хал сұрамай!?.

НАМЫС ТУРАЛЫ БАЛЛАДА

Бiздiң көлде қамыс бар едi
Жайқалған.
Бiздiң елде намыс бар едi
Найқалған.
Нар қамыс кеттi өртенiп,
Ар-намыс қалды ерте өлiп,
Қайтадан ендi көктер ме шiркiн, әй, қайдам?
Жоққа да жүйрiк жетер ме? –
Айта алман деушi ем, айта алман!
Бар екен, шүкiр!
Болыппын күпiр бекерге,
Мың тағзым саған
Мiрден мерт болған қайсар жан!

Шер жұтқан қазақ шөлдептi,
Тiрi екен Намыс, өлмептi!
Намыс бар екен, жаратқан,
Көзқаман билiк көздей де көздей боратқан
Кеудесi шұрық, көңiлi сынық әр оқтан!..
Кiсәпiр көрсе мүсәпiр болып қалмайтын,
Өр Намыс осы ерлiктiң жолын жалғайтын,
Мирас боп қалған Бейбарыс, Бекет, Барақтан!

Намыс тiрi екен!
Қалыпты бiрақ сансырап,
Бұғаулап, бұрап,
Дүрелеп, ұрып, қамшылап,
Шауып та жатыр, атып та асып, азаптап,
Шұбырып қаны, тамшылап,
Шығарда шықпай жан шыдап,
Жаралы Намыс берiспей жатыр қансырап,
Найзағай Намыс – қазаққа бiткен шамшырақ!
Алашқа бiткен тамшы бақ! –
Намысың тiрi тұрғанда
Бұйым болып па,
Басыңа түскен сан сынақ!

НӘЛЕТ

Қолың сынғыр қол мерген,
Көзiң шыққыр көз мерген,
Қарға жүндi қаттасын,
Үйрек жүндi оттасын,
Қырып-жойып атқасың,
Сiрә, саған жүрек емес без берген!
Қорғаймын деп сөз берген,
Қорғаушылар қорлаушыға өзгерген,
Құралған ба бұл дүниенiң дiңгегi
Құрып кеткiр сатқындар мен ездерден?!.

Шибөрiлер шүрiппе басып жынданған,
Шынтағынан шылқа қанға былғанған,
Шындық таппай шырқырады бұл жалған,
Шаш ал десе бас алатын сұмдардан.
Дырау, дойыр, дулығалы қазанбас,
Дүмдi сойыл өз сабынан оза алмас,
Дүре салған дөкет қолдар,
дәс қара,
Жарамайтын жан алудан басқаға,
Жусын қанша, ендiгәрi, масқара,
Жөкемен де, қырғышпен де тазармас!
Мен сендермен болғым келмес базарлас,
Ақыретте қонғым келмес мазарлас...
Түнде сенiң тұсыңа кеп, көз алмас,
Өз қолыңнан қаза құшқан бозаң жас...
Құдайдан күт! Жазасы оның – сотқа есеп,
Сенiң қанды қолыңменен от көсеп,
Тасаланған тасырдың да өзi оңбас!

ҚАЛА

Жас қабiрдiң жанынан
Лаулап өрттей лала гүл,
Саптаяқтың сабынан,
Сығаласып қарауыл,
Ақиқаты арам қатқан,
Жараларын жалап жатқан,
Боздақтарын санап жатқан,
Боқырауда боздап қалған қала бұл...

Үрiккен елi үдерiп,
Үңiрейген көшесi,
Ұлын жоқтап жыр өрiп,
Ұлып қалған шешесi,
Ұжданы – еш, тұзы сор боп,
Ұланы – опат, қызы қор боп,
Ұрпағының жүзi шер боп,
Үдiрейген ұлы Үстiрттiң төсi осы...
Үзiлмеген үмiт қалса,
Үгiлмеген жiгiт болса,
Үкiлеген үмбет барда қайтар бiр күн есесi!

*
Алаштың ұлы, уысқа толмас аз-ақпыз,
Аспандап ұшқан ақ қаз да болып сөз аппыз.
Санамыз – санға,
Ойымыз онға бөлiнген,
Қанымыз – жоса,
Жанымыз – құса қазақпыз.

Өзектi елмiз өлiммен бүгiн беттескен,
Өз ныспым едi-ау, өзге жау да емес кектескен,
Өтiмдi жарып, өкпемнен теуiп, ет кескен,
Өрт кернеп тұрған көкiрегiмдi оқ тескен.
Кiм үшiн сонда бабалар бiздiң от кешкен,
Қандасып жүрiп, жандасып жүрiп көп көшкен,
Қырық пышақ боп қырылсын деп пе ұрпағым?
Құмалақ-құлқын құртты ма майды бiр қарын?
Қалайша бүгiн қазақтың қамын оқ шешкен,
Қасиет, кие, обал мен сауап кеттi естен?!
Ақжүрек-айбат астамға сөзi өтпестен,
Абыржып қалған аспанға қолы жетпестен,
Атойламай-ақ төзiммен мәңгi шектескен,
Адыраспанды арамшөп дей ме текке өскен?!.
...Көргенше мұны көгiме қайтып кетпес пе ем...

*
Күнаһар қылықтары үшін Адам
Құдайдың қаһарына ұшыраған!
Жазмыштың ала жібін аттағанға
Жазылмыш жазаны да түсіне алам.
Қуып та, тұрып та аттың, жатып аттың,
Құдайға қылығыңды бақылаттың.
Танымас нысанадан өз тумысын,
Қатыбас қайырымсыз бақуат кім?
Қандауыз қайран мерген, халың қалай?
Қаруың күндіз-түні дамылдамай,
Қан шашып бұ дүниеден барғаныңда
Қоймасын о дүние қабылдамай...

*
Арқада аспандата қала салып,
Арқырап, аруақтанып, тамаша қып,
Ұлтыңның ұлағаты емес пе едi,
Ұшқаның ұшан көкке дара шауып.
Қаншама биiктерге құлаш ұрып ,
Қапыда кеткенiң не аласарып?
Басына баласының не күн туды,
Төсiне анасының жара салып?
Көбесi бақытыңның сөгiлдi ме,
Төбесi тақытыңның ала шаңыт.
Арбаңды бiр-ақ тебер арғымақ ат,
Қыл мойнын қажай берсе қара қамыт.
Түйсiнсем Жаңөзендi түршiгемiн,
Жатқандай жүрегiмдi ара шағып...
Ауырды аударасың басқа арқаға,
Жауырды жабуменен жаба салып...
Халыққа соятындай хан түйесiн
Хал – осы, қуырдақ жеп тарасалық...
Жұртыңның – «Ханталапай» ойнап өскен,
Жазықсыз жыртылып тұр жағасы анық!.

*
Бостандық – еркін жолын ерте аяқтап,
қайтадан қалды бүгін төртаяқтап,
қалғыған қайратың мен қуатыңды
құрбанның намысы мен серті оятпақ.

Көрмедім киеңкіні өкіметтей,
жаранын жүре алмайтын жетім етпей,
бір қолы жанға мұрсат жариялап,
бір қолы өлім сепкен екі беткей.

Қанаты қайырылған қоңыр қаздар,
қоштасып, қиқуласа көңіл қозғар...
мұнаймен мұртын майлап мардамсиды-ау,
өз халқын жеңіп шыққан жеңімпаздар...

ҚАННЫҢ ҚҰНЫ ТУРАЛЫ ДИАЛОГ

«Мұнай құнын бiлесiң,
Алтын құнын бiлесiң,
Қанның құны қаншалық?»
«Сутегiн! – деп күлесiң, –
Қанымды өлшеп көргем жоқ,
Ешкiмге қан бергем жоқ.
Ердiң құны – мың-ақ қой,
Қанға берер теңгем жоқ!»

...Қара қанды шолақ ат,
Қу жаныңды тонап ап,
Құтылады қой төлеп,
Қайран қанға обал-ақ!..

Жерге сiңген қан – өзен,
Көкке ұшқан жан – өзен.
Мүгедек боп қалды ғой,
Адам деген дәрежең!..
Қайран, Жаңаөзен!..

*
Шап десе топқа шабатын,
Қап десе көпті қабатын –
Қанден;
Сат десе анасын сататын,
Ат десе атасын ататын –
Зәндем;

Біреуі өніп егізден,
Біреуі өрбіп сегізден,
Малғұн менен миғұла
Ит пен шошқа емізген!

Көшеліге – ауа жоқ,
Кещелікке дауа жоқ:
Білім берсең – отқа айдар,
Билік берсең – оқ сайлар,
Бишік берсең – қақпайлар...
Біз – от құсып, шоқ шайнар!?.

*
Ата Заңнан аттағыш атпалдарым,
Кешiре ме сендердi аққан қаным?
Жұқанасын жұртыңның жұлып жеген,
Жұқ болар ма арамнан тапқан малың?
Күрсiнгенде кеудемнен атқан жалын,
Жетер ендi табанға тапталғаным.
Көсегемдi көгертер көсем қайда,
Күйiн кешем қашанғы ақ қарғаның?!
Бостандықтың бұрмалап сатқан мәнiн?
Ала түсер «айт» десе қабағандай,
Көзiн ашқан күшiгiн талағандай.
Буырқанған балуанның күшi тасып,
Байлап қойып әкесiн сабағандай.
Ашу қысқан ақыл мен сана қалмай,
Таяқ алған, тарихтан сабақ алмай.
Темiренiн боратып топқа кезеп,
Қорғасынмен өз жұртын санағандай.
Шөке түсiп жататын шөк дегенде,
Халық деген көнбiс қой қара нардай...
Шегiменен шыдамның шарпысады
Көнбiстiгi кемдi күн бағаланбай?!.

*
Асқынған кезде қоғам мен ғасыр кеселi,
Айқайлап шыққан арысты жасын деседi.
Ақиқат өлiп, арамдық жайлаған елде
Ақынның тiлiн кеспейдi, басын кеседi.
Билiктiң тұрсын қолында құдiрет мейлi,
Бәсiне боздақ басының құны жетпейдi.
Бұрқырап аққан қаны да айналар жырға,
Басынан басқа ақынның түгi кетпейдi.
Алды-артыңа да қаратпас айдабол заман.
Ақжайықтайын бұрқырап қайнаған ғалам.
Ақиқат үшiн, ар үшiн аттандап шапқан
Ақынның басы, апыр-ау, қайда қалмаған?

ЖЕМДОРБА

Жүзiм қосқан сұлыны қылғытқасын,
Жарау жонға желбуаз шыр жұққасын,
Жүйрiгiң де көрсетер жабы мiнез,
Жемдорбаның iшiнде шұлғып басын.
Жiбек желмен жарысып, шауып өскен,
Жүйрiк едi жалынан дауыл ескен,
Жемдорбаның iшiнен желек тауып,
Жүнжiп қалды айнымай жарыместен.
Жұтқын құлдың арманы – мүлгу мәңгi,
Жүйрiкке ендi шыбындап, шұлғу қалды.
Жетекшiл ат үйiрге үн қоса ма,
Жемнен басын алуға шын қиналды.
Жемдорбаның iшiнде басын шұлғып,
Жылжып жатыр осылай ғасыр сырғып...
Жалын мүжiп үгiлген алмас құсап
Жемiрiлiп жоғалды асыл шындық!..

АХУАЛ

Жағымпаз бен жемқорлар жазады заң...
Келе ме оған, келмей ме, қазақ, ызаң?
Жығылғанда жұдырық жей бере ме,
Жаратқанға онсыз да жазалы жан?
Әдiлеттiң ауылы тым шалғайда,
Жете алмасаң жаныңды кiр шалмай ма?
Суырылған қазығы бұл тiрлiкке
Қайта айналып келетiн мұршаң қайда?
Мына қоғам барады қайда беттеп?
Ауылдарды құрта ма, пайда жоқ деп?
Табанынан бүр кеткен тұлғаларым
Қай шұңқырға құлатар тайғанап кеп?
Көзге шұқып көршiнiң төңкерiсiн,
Бiле алмадық бағыттың оң-терiсiн.
Қалаулысы халықтың атана ма,
Сыпырғандар жұртының жон терiсiн.
Ұлтым менен ұрпағым бас иетiн
Ұғымдардың ұмытсақ қасиетiн,
Айтылмаған Сөздің де Атасы өлер,
Атасы өлсе – кім жерлеп, тас үйетiн?

СӨЗ ЗИРАТЫ
1
Айналып қашан соғасың, аралап қашан боласың,
Айтылмаған Сөздердің Атасының моласын?
Айта алмаған ауыздың қабылдай ма тобасын?..
Айғақтайтын зират бұл Авгейдің ат қорасын.
Бұл бейітте ойыңнан қадір-құрмет жойылған,
Асатұғын бойыңнан, ақ тасқа айшық ойылған:
«Қақпақ болған құлдықта, тоқпақталған сұмдықта,
Айтылмаған Шындыққа Ескерткіш бұл қойылған...»
Обырларға жақ ашпай, озбырлармен таласпай,
Қонғанымен бақ-талай, қорғансызға қараспай,
Ақиқатты ақтамай, әділетті жақтамай,
Көкейіңде қалған сөз – шоландағы шанаштай.
Мына зират – жасырған ауру мен дерттікі,
Берілмеген серттікі, іште жанған өрттікі,
Күпті күдік, қауіптікі, айтылмаған анттікі,
Мысықкөмбе мылқаусып, майып болған мерттікі...
Салмас үшін тыңнан жол, бармас үшін құрбанға ол,
Жарылған бас – бөрікте,
жең ішінде – сынған қол.
Тәуекелден тайсалған, жылмаң тіл мен бұлғаң бел...
Тірек таппай тұрған нөл, шағылған тау, тынған көл...
Бұл зиратта тегіннен, ұят – әлсіз өлімнен...
Қорғалмаған ар-намыс, ашу-ыза көмілген.
Бұғып қалған бұқпантай, әр қосаққа жегілген,
Сездірмеген ғашық сыр іш-құсасы сөгілген...
Айныған ант бір жақта, тайған сертің бір жақта,
Құр сүйеніп тіл-жаққа, құрбан болған қылжаққа...
Іркіндідей іріккен сөз, іріңдей ішті іріткен сөз,
Шықпай жатып үріккен сөз, шығара алмай шіріткен сөз.
Жанасалай жатыпты жантық айтқан жалған сөз,
Жыпыр-жыпыр жерленген алуан-алуан, алуан сөз,
Қоян жүрек қорқақ сөз, батылы жоқ балуан сөз,
Қырағылар көре алмай, күте-күте талған көз,
Құлағы сақ естімей, айташақ боп қалған сөз...
Айтар болсаң ақ сөзді алдыменен жаннан без,
Айтқан сөзде – ажал жоқ, болады әлі алдан кез,
Сен өзің де өшпейсің, өшпеген соң жанған қоз!
Шапқан атың келсе де, атқан жезің оралмас,
Батқан күнің келсе де, айтқан сөзің оралмас,
Отыз тістен шыққан сөз өз отауын көре алмас,
Тілге тыйым болса да жүйелі сөз жоғалмас.
Қыңырлықтан не таптың, ауыл үй қоңсы қона алмас,
Қоңырлықтан не таптың, қой аузынан шөп алмас?
Көкжал болсаң арлан бол, азуын ешкім қаға алмас,
Тұлпар болсаң тарлан бол, уақыттың шаңы қона алмас,
Шешен болсаң Майқы бол, айтарыңды айтып өл,
Қынапқа қайта қамалмас
бір жарқ еткен ақ алмас!..

2
Құдайға рас!
Безейiк деп пе ек ардан бiз?
Безбейiк десек жан жалғыз!
Түңiле де алмай жаннан бiз,
Айтқан да сөзден танғанбыз...
Жеме-жемге келгенде
Жағымызды аша алмай,
Зәремiздi баса алмай,
Үрей буып, үн өшiп,
Ашылғандай алдан құз,
Бiздер бұғып қалғанбыз...
Олай шықсақ арланбыз,
Былай шапсақ тарланбыз,
Ақиқаттың алдында
Ат басын тартып алғанбыз.
Ауызды буып, жапсырып,
Тiстедiк тiлдi тас қылып.
Жақ ашуға жiбермей
Басты-ау ауызбастырық...
Әлi де, мiне, сол тiрлiк:
Сайлауды айтса серпiлдiк,
Жолдауды айтса желпiндiк.
Тiлiмiздi – тәубасыз
Кәлимаға келтiрдiк...
Тiрлiк үшiн кем күндiк,
Қанша үмiттi жер қылдық,
Бостандық деп беркiндiк,
Басталды деп Еркiндiк!
Билiкке бiреу сөз айтса
Жау көргендей жең түрдiк,
Екiлене есiрiп,
Есесiне ел қырдық...
Бостандық деген құс едi,
Балапанын өлтiрдiк...

МЕЗГІЛ МӘТЕЛДЕРІ

Қарының арты – қуыс,
Қазының нарқы – жұғыс.
Жемқор менен заңқор
Қыз алысқан туыс.
Тас түйін бе – бұл іс,
Кесе алмайтын қылыш?!.
Жендеттің қолы – қанды,
Жалдаптың жолы – лаңды.
Жұмылғанда бәрі,
Жұртыңның басы – ләңгі,
Жері – бай, елі – жарлы...
P.S. Бола ма солай мәңгі?!.

*
Сіз – көктен түскен самауи,
Біз – жерде жүрген бәдәуи.
Белшеден баттық күнәға,
Бермеген соң сана-ми.

Сау басты салып саудаға,
Сан ұрдық тасқа, тауға да.
Сайтанды қосып сауғаға,
Сандалып жеттік тәубаға.

Біз кірмеген дау-шар жоқ,
Біз татпаған кәусар көп.
Арманда кетіп барамыз,
Ақ өлімге аңсар боп...

*
Құран деген – құр ән емес, нағыз ән,
Мүсілімге қасиетті мәні – заң.
Сүрелері сәуле құйып санама,
Жүрегіме зәм-зәмінен тамызам.

Құран деген – құр сөз емес, кие жыр,
Құбыладан қызыр құяр ие – нұр.
Ай шуақты аяттарын аялап,
Жан-тәніңмен, ой-санаңмен сүйе біл!..

*
Ұранды біздер Құрандай көрдік,
Балалық шақта білместен.
Өмірді дұрыс сүре алмай келдік,
Әкелер қалай күн кешкен?

Өмірді дұрыс қалай сүруді,
Үйретпеді ешкім әлі де.
Дүние деген талай құбылды,
Жеткізбей тылсым мәніне.

Қалай сүреміз дұрыс өмірді,
Дұрыс өмірің болмаса?
Қоғамның тағы тіні сөгілді,
Тыныш дегені далбаса.

Жаңа жыл міне, күрсіне кірді,
Табанымыздан сыз өтіп.
Кешеміз енді қисық өмірді,
Қисық шегесін түзетіп...

*
Жаһан үшiн Жаңаөзен – жаңа қасап,
Кiмбiз тұяқ серпуге жарамасақ?
Мiр жаудырып мықтылар қуырды елдi,
Май шыжғырып жатқандай табаға сап.
Халық отыр қанымен салық төлеп,
Қамсауына жылу мен жарық керек!
Итке сүйек иесi лақтырғандай
Итаршының бергенi ғарiп көмек.
Кiнәлi кiм
Қантөгiс,
Жастөгiске?
Сенгендер ме Құдайдан басқа күшке?
Бас терiсi келiспей билiк отыр,
Келiсер ме терiсi – бас келiссе!

*
Жаратқанның әмірі ме
Қазақ бастан кешіп жатқан сорлы күй?
Құдай берген өміріңе
Өзін Құдай сезінгендер болды би...

Құдайсынып қаншама рет
Қоқаңдатты ажал шашқан құрығын.
Ақ өліммен алса деп ек,
Алла бізге өзі берген ғұмырын...

Сол пенделер құдайсынған
Тіршілігін істетпейді-ау тірінің.
Өлмеген соң шыдайсыңдар,
Бұл заманда өмір – өлім бір ұғым!..

*
Беу, батпақтың бұлбұлы,
бақылдасаң сөз басқа.
Ей, есектің дүлдүлі,
сенен атым озбас та...
Жаным – жырдың құлдығы,
құрбан шалған бозқасқа.
Бұл дүниенің сұмдығы –
қарамайды көз жасқа!..

Бұл қоғамның қырсығы –
тоқтамайды қаныңа.
Тасқа тимей тұмсығы
тоқтай қоймас ханы да.
Күнкөрістің қыр-сыры –
күштілердің қамы ма?
Үйірілер ұршығы,
жамау салып жаныңа...

ҚАПЫРЫҚ

Қапырық!..
Неткен қапырық...
Қарадан-қарап қапылып,
Өлетін болдық тұншығып,
Көметін болды аһ ұрып.
Ауаны тазартыңдаршы!
Опасыз сөзді отыра бермей сапырып...
Қапырық...
Неткен қапырық...

Ойлыны меңдеп ой-қауіп,
Ойсыздың көңілі тойға ауып,
Тұт жеген бұлбұл секілді,
Тұсалды тілім сайрауық...
Тіліңді бірақ не қылсын,
Жүргендер кілең май қауып?

Қапырық...
Неткен қапырық...
Шытырман ойға шатылып,
Тал түсте тегіс тұншығып,
Болдық па сонша мақұлық?..
Шырмаудың бәрін жапырып,
Шықсақ қой тысқа атылып!
Арыңнан жұрнақ қалды ма,
Біткенде бәрі сатылып?
Ауаны тазартпаймыз ба,
Аруағымызды шақырып!?.
Қапырық... Қапырық... Қапырық...

КӨТЕР БАСТЫ!
1
Көтер басты, ауыл менен астана,
Тақсiретiң тас төбеңнен басса да.
Бар дүние бойын тiктеп жатқанда
Бұғып қалар тамыры жоқ тас қана.

Көтер басты,
Еркiндiктi ел сосын,
Сенiң асқақ өр тұлғаңмен өлшесiн.
Мешiн күйi қала берер едi ғой,
Егер адам тiктемесе еңсесiн.

Көтер басты, қатарға кеп тұр, бауыр,
Басы жоқты менсiнбейдi бұл дәуiр.
Бiр қарап қой Хантәңiрi, Мұзтауға,
Санаңа зор салмақ түссе зiлмауыр.

Өз жерiңе өзiң би бол,
Мұң жұтпа,
Тура қара ар-намысқа, шындыққа.
Еркiндiктiң есiгiнен еркiн кiр,
Өзiңдi-өзiң байлап бермей құлдыққа.

Күмiлжiме, көтер басты жоғары,
Жаңғырықсын азаттықтың өр әнi.
Шаш ал десе, бас алатын шабарман,
Басың болса бұғып бiткен жоқ әлi.

Көтер басты,
Көтер басты, қандасым,
Осы жырдың өзiң шырқа жалғасын.
Төбемiзден төнiп келген Ай – қылыш,
Мына жұрттың басы жоқ деп қалмасын!..
Көтер басты!!!

2
Қазағым,
Қой мен қояндай
Жүрмісің мүлгіп ой, Алла-ай?
Бас көтер десе бұғынып,
Оятса-дағы оянбай?

Жыртылған жағаң жалбырап,
Жүрмісің, жаным, салбырап?
«Жұлқын!» деп саған айтпай ма,
Жүрегің, жаның қан жылап?

О, неткен маубас төзімің,
Тұяқ серпудің өзі мұң...
«Ұмтыл!» деп саған айтпай ма,
Ұйтқып бір сана-сезімің?

Жүресің қанша иленіп,
Күйсеумен ғана күйленіп?
Еңбегің еште, тұзың сор,
Қорлыққа етің үйреніп?..

Тақымыңды аңсап жылқың жүр,
Бойкүйез ойды қылқындыр!
Селт етер шағың жетті ғой,
Серпіліп, сергіп, сілкін бір!..
Көтер басты!

*
Қазақстаным, бармысың,
Қабанбай тектес нар мүсiн?!.
Абылай аспас сары бел,
Бөгенбай басқан қарлы шың?!

Қазақстаным, қамықпа!
Қазығың қалар халыққа.
Ғажайып ғазиз басыңды
Сала да берме тамұққа,
Сұға да берме қамытқа!

Қазақстаным, қалғыма!
Құл бола берме малдыға.
Қормал бол арлы-жарлыға,
Құлқынмен кетсiн бар күнә!

Қазақстаным, қайдасың?
Қайратың тасып, қайнасын!
Тапсынып тауға келгенде
Табаның тастан таймасын!

Қарлығаш құстың ұясы,
Қыранның туған қиясы!
Желтоқсан сайын шашылған
Жаңаөзен – жүрек сиясы!

Жаралы жаным – Жаңаөзен!
Қаталап, кепкен кенезем!
Басыр да болды-ау оқ тесiп,
Жүректе жанған терезем!..

ТОРДАҒЫ ҚҰСТАР

Көк аспанға қараймын әредікте,
Көз ұшынан көргім кеп қара нүкте.
Қанаттының бәріне, маған салса,
Бар аспанды берер ем тәберікке.

Елдің мұңын тайсалмай айтар ұлдар,
Келер ұрпақ жаңғыртып қайта жырлар.
Қанаттының тұғыры қапаста емес,
Көктің құсын көгіне қайтарыңдар!

Көкке қарап көңілі алабұртты,
Еркіндіктің жолында жаға жыртты.
Көктің құсын көгіне қайтарыңдар,
Қанатымен жасқасын қара бұлтты!..

Азу білеп, аспанға айтамын зар,
Айтқызатын арқамда сайтаным бар!
Томаға да, тор да емес сыбағасы,
Көктің құсын көгіне қайтарыңдар!

*
Жақсы да болса өз жұртым,
жаман да болса өз жұртым,
қаймананың қашаннан
қызартып жүр көз құртын.

Жақсы да болса өз елім,
жаман да болса өз елім.
Ел дегенде өзегім
өртенсе де төземін.

Жақсы да болса қандасым,
жаман да болса қандасым,
қандастарым қан жұтса,
қайда сияр хан басым?

Жанынан безген нарға сын,
жағалап жүрсе жар басын;
жүрегімнен көріңдер
Жаңаөзеннің таңбасын!

2011, желтоқсан –
2012, қаңтар-ақпан.

Abai.kz

0 пікір