Жұма, 3 Шілде 2026
Жаңалықтар 149 0 пікір 3 Шілде, 2026 сағат 14:19

Қамшыбек Тәшиевке сот үкімі шықты

Сурет: Orda.kz сайтынан алынды.

Бішкектің Бірінші май аудандық соты "75-тің хаты" деп аталатын қылмыстық іс бойынша үкім шығарды.

24.kg сайтының жазуынша, айыпталушылар қатарында Қамшыбек Тәшиевтен бөлек, Қырғызстанда көптеген жауапты қызмет атқарған тұлғалар бар.

Олар – экс-бас прокурор Құрманқұл Зулушев, парламенттің бұрынғы спикері Нұрланбек Тұрғынбекуулу, қоғам қайраткері Бекболот Талгарбеков, ішкі істер министрінің экс-орынбасары Құрсан Асанов, парламенттің бұрынғы депутаты Құрманбек Дыйканбаев, бұрын вице-премьер әрі депутат болған Аалы Қарашев және Қырғызстанның Өзбекстандағы экс-елшісі Эмилбек Ұзақбаев.

Сот талқылауы жабық режимде өтсе де, үкім жария түрде оқылған. Іске қатысушылардың бәрі "Билікті күшпен басып алу" бабы бойынша кінәлі деп танылып, дүние-мүлкі тәркіленіп, 4 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сондай-ақ, сот айыпталушыларды "Лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану" бабы бойынша ақтаған. Яғни, сот сотталғандарға қатысты 3 жыл мерзімге пробациялық бақылау қолданып отыр. Бұл "олардың ешқайсысы жазасын колонияда өтемейді" дегенді білдіреді. Десе де, пробациялық бақылау талабын бұзса, жедел түрде қамалуы мүмкін.

Айыпталушылардың бәрі өзіне тағылған айыптарды мойындар емес. Қамшыбек Тәшиев Қырғызстанның "екінші адамы" бола жүріп, досы Садыр Жапаровты әркез қолдайтынын, бірақ өзі президенттік сайлауға қатыспайтынын мәлім еткен болатын.

Abai.kz

0 пікір