Алтын Орда және сақтар
Рахман Алшанның мақаласына кәсіби маман пікірі
«Қазақ әдебиеті» газетінің 2026 жылдың 3 шілдесіндегі санында елімізге белгілі ғалым, заманауи ғылым мен ағартудың жарқын өкілі Рахман Алшанұлының «Патша скифтері, Парадата әулеті (парфиян әулеті)» атты көлемді мақаласы жарық көрді. Ғылыми этиканы басты ұстаным ететін ағамыз мақаласының кіріпесінде өзінің кәсіби тарихшы емес екендігін, дегенмен де «тарихқа әркімнің де бар таласы» дегендей, Алаш азаматтарын мысалға келтіре отырып, ғылыми тұжырымдамасында қателесулердің болатынын еске салып кеткен екен.
Парсы-қазақ тарихына қатысы бар кәсіби ғалым ретінде ағамыздың мақаласы бей-жай қалдыра алмады, мұхият оқып шықтым. Ең алдымен байқаған ерекшелік мақаланың кешенділігі. Рахман Алшанның басты ұстанымы қазақ тарихын зерттеудегі тарихилық, лингвистикалық, ауызша тарихты зерделеу дәстүріне сүйену екен. Расында сақтар, ғұндар мен Қазақ хандығының аралығында едәуiр уақыт өтiп, түрлi саяси-мәдени, экономикалық ерекшелiктерге ұшырататын тарихи кезеңдер өткенiмен осы мемлекеттер арасында, олардың даму деңгейiне қарамастан тарихи сабақтастық, идеялық ұқсастық, дәстүр жалғастығы орын алды.
Рахман ағамыздың мақаласындағы басты жаңалық, жеке, іргелі тұжырым ретінде сақтар тарихына қатысты осы кезге дейін салтанат құрып келген еуроцентристік қағидаларға әділетті, ғылыми негізі бар соққы. Көптеген тарихшылар айналып өтетін күрделі кезеңге қалам тербеген аға әлемдік тарих ғылымына уәжін ғылыми тұрғыда жеткізе білген. Ұлт тарихының ежелгі дәуіріне қатысты тақырыптардың бірі сақ-түркі-қазақ тарихи сабақтастығы мәселесі. Қазақ мемлекеттiлiгiнiң қайта қалпына келтiрiлуiмен жас мемлекетiмiздiң тәуелсiздiк тұғырын нығайту мақсатында отан тарихының назардан тыс қалып келген тұстарын жете зерттеу заман талабы болып отыр. Өйткенi, төл тарихымызды зерттеу ұзақ жылдар бойы бiр жағынан кеңестiк идеологияның қысымымен, екiншi жағынан әлі күнге дейін өзгере қоймаған сақ-скиф тарихын зерттеудегi еуроцентристiк көзқарастардың нәтижесінде өз дәрежесiнде жүргiзiлмедi. «Алтын адам», «сақ қорғандары», «аң стилі» сияқты сақ кезеңіне қатысты ұғымдар қазақ халқының ұлттық символына айналса да, әлемдік тарих қауымдастығында әлі толық мойындала қойған жоқ.
Бүгінгі күні тарих ғылымы алдында түрік халықтарының шыққан тегі мен Ата жұртының қайда екендігін анықтап алу қажеттігі туып отыр. Өйткені, евроцентристік бағыттағы зерттеушілердің дені сақтарды үндіеуропалық халықтарға жатқызып, олар мекендеген қазіргі Қазақстан территориясы - қазақ халқының Ата жұрты емес деген пікірді алға тартып, оны ғылыми тұрғыдан негіздеп қойғалы да қаншама уақыттың жүзі болды.
Ортағасырлық түркi мемлекеттерiндегi дәстүрлер түрлi себептерге байланысты өзгерiстерге ұшырағанмен, тарихи кезеңдер барысында өзегi сақталып, тарих сабақтастықтың орын алғандығын көремiз. Яғни, сақтар мен ғұндар кезеңiнен бастап Қазақ хандығы аралығында ортағасырлық түркi мемлекеттерiндегi тамырын тереңге жiберген руханият, саясат, өркениет сабақтастық жолмен даму үрдiсiн бастан кештi.
Мәселенің көкейтестілігіне қарамастан, сақ-скифтердің рухани және саяси мұраларының ортағасырлық түркілік дәстүрлермен тарихи сабақтастығы іргелі де жан-жақты ғылыми зерттеу нысанына айналған жоқ. Әрине, жекелеген зерттеушілер аталмыш мәселе бойынша зерттеулер жүргізді. Дегенмен, бұл зерттеулердің көпшілігінде тарихи сабақтастық, олардың қазіргі кезеңдегі қолданбалық маңызы ескерусіз қалды. Міне, сондықтан да Рахман ағамыздыың мақаласындағы тұжырымдамалық мәселелер жан-жақты зерттеулерге арқау болып, нәтижелері жаңа монография, құжаттар жинағы және оқу құралы ретінде жариялануы тиіс.
Сақ-скифтердің түркілермен мәдени сабақтастығы туралы соңғы кезде жекелеген елеулі еңбектер бар. Десе де, сақ-түркі этникалық, саяси және рухани сабақтастығы қазақстандық тарихнамада жеткілікті зерттелмеген мәселелердің бірі болып қала береді. Сақ кезеңінің қазақ тарихымен байланысы, сабақтастығын анық көрсететін ғылыми еңбектер аз, немесе тарихи сабақтастық мәселесі қамтылмаған. Сондықтан Рахман Алшанұлының бастаған сақ-скиф тарихын ортағасырлармен байланыстыра, сабақтастыра зерттеу жұмысы кезек күттірмейтін мәселе болып табылады.
Ежелгі қазақ жерін мекендеген сақтардың да біртұтас мәдениет пен шаруашылық типіне ие емес тайпалар екендігін археологиялық ескерткіштер дәлелдеп отыр. Көрнекті ғалым З.Қинаятұлы да сақтардың ең кемі түркі, иран-парсы және еуропалық сияқты үш түрлі мәдениеттің ықпалында болғандығына шүбә келтірмейді
Сақ мәдениетін зерттеуші ғалымдар оны Иран (Ахемен және Бактрия) және Қытай мәдениетінің (Чжоу және Хан) әсерімен қалыптасқан деп есептейді. Сақтардың нақты қай тiлде сөйлегенiн ашып айту қиын да даулы мәселе. Ғалымдар олардың басым көпшiлiгi иран тiлдi еді деседi. Алайда, кейбір солтүстiк сақ тайпаларының түркi тiлдi болуы әбден мүмкiн. Қазiргi қазақ тiлiнiң сөз қорында парсы тiлiнен енген мыңдаған сөздердiң болуы, осы иран тiлдi сақтар мен соғдылардың түркi тiлдi халықтарды қалыптастырған тайпалардың құрамына кіргендігінен.
Осыған қарамастан отандық зерттеушiлердiң көш басы болып Ә.Марғұлан көне нанымның түркiлердiң ерте мемлекеттiк дәстүрге ықпалын, оның тарихи сабақтастығын бұлтартпас дәлелдермен нақтылады. Ғалымның әсiресе, сонау сақ-скиф дәуiрiнен бастау алатын сенiмнiң ерте формаларының, әсiресе бөрi тотемiнiң сол кезеңдердегi мемлекеттiлiктiң қалыптасуындағы маңызы мен тарихи сабақтастығын анықтап, қазiргi қазақ қоғамында сақталып отырған элементтерi арқылы көрсетiп бердi.
Дәстүрлi дүниетанымның көне қатпарларына талдау жасаған тағы бiр ғалым–К.Ақышев. Ол археологиялық мәлiметтерге (жерлеу ғұрпы, қабiр құрылымы) сүйене отырып сақтар мен үйсiндердiң наным-сенiмдерiн қалпына келтiруге тырысты. Рулық-патриархальды қатынастардың ыдырап, ерте түркiлердiң мемлекеттiлiгiнiң қалыптасу кезеңiндегi наным-сенiмдердiң ерекшелiктерiн анықтады. Ғалым өз зерттеулерiнде көне түркi сенiмiнің ерте формаларының қалыптасуы кезеңінде-ақ сол кездегі саяси оқиғаларға байланысты өзге иедологиялық жүйелердің, әсіресе көне ирандық мифологияның ықпалына ұшырағандығын археологиялық мәліметтер арқылы дұрыс дәйектеп берді.
Әйтсе де, сақтану ғылымындағы батыл қадам Рахман Алшанға тиесілі. Өйткені, ғалым саяси тұрғыда да, ғылыми көзқарас тұрғысында да тәуелсіз, еркін ойлы азамат. Сақ-түркі этникалық байланыстарын дәлелдейтін бұрын енгізілмеген, онша таныс емес жазба және фольклорлық материалдарды кең ғылыми айналымға енгізу сақ тарихының бірқатар мәселелерін шешуге ықпал ететіні сөзсіз. Мектеп пен университет оқулықтарында осы мәселелерге қатысты тараулар мүлдем жаңа позициялар тұрғысынан жазылады. Қоғамдық сананы отарсыздандыру, ескірген кеңестік идеологияларды жоққа шығару, ескірген еуроцентристік концепцияларды жоққа шығару жағдайында отан тарихындағы тарихи сабақтастық пен заманауи қолданыс басты назарда болады.
Рахман Алшанның сақтанудағы пікірлері Ата Заңымыздың жаңа нұсқасындағы белгіленгеен тарихи тұжырымдамамен де үндес. Соңғы нұсқадағы Ұлы дала сабқтастығы Рахман ағамыздың сақ-қазақ тарихи сабақтастығымен дәлме дәл сәйкес. Дегенмен, бұл сәйкестік әдейі жасалған бақай есеп, немесе, тапсырыспен жазылған кезекті мақала емес, ұзақ жылдар бойы ғалымның көкейінде жүрген ғылыми тұжырым, ата-бабалар аманаты.
Сайып келгенде, отандық тарих ғылымындағы сақ-скифтердің рухани және саяси мұраларын зерттеу заман мен ұлттық-мемлекеттік идеология талабы. Ортағасырлық түркілік дәстүрлермен тарихи сабақтастығы тарихын жүйелі түрде зерттеуге арналған іргелі және жан-жақты зерттеулердің жоқтығы, сонымен қатар бұл тақырыптың толықтай дерлік дамымағандығы аталмыш жобаның қазіргі тарих ғылымындағы жаңалығы мен маңызын көрсетеді. Сондықтан Рахман ағамыздың қазіргі әлемдік және аймақтық жағдайлар аясындағы соны зерттеулерінің ғылыми болашағы зор. Осы зерттеулер арқылы сақ-скифтердің рухани және саяси мұраларының ортағасырлық түркілік дәстүрлермен тарихи сабақтастығы қазіргі қазақ халқының дәстүрлерімен салыстыра отырып талдау жүргізуге мүмкіндік алатынымызға сеніміміз кәміл.
Жеңіс Жомарт, тарихшы
Abai.kz