Түркістан төріндегі торқалы той
Кейде үлкен жетістікке жету үшін ұзақ жылдар қажет болмайды. Белгілі бір мақсатқа жүйелі түрде ұмтылған ұжым қысқа уақыттың ішінде-ақ көпшіліктің ықыласына бөленіп, өз қолтаңбасын қалдыра алады. Өйткені жетістік – кездейсоқтықтың емес, табандылықтың, ізденістің және маңдай тердің жемісі.
Осы сөздің нақты дәлелі – Түркістан төріндегі облыстық Фараб әмбебап ғылыми кітапханасы. Қайта құрылғанына небәрі бес жыл өтсе де, оның атқарған жұмыстары мен жүзеге асырған жобалары көптің құрметіне ие болды. Руханиятқа қызмет етуді өмірлік мұрат еткен ұжымның еңбегі көзге көрініп, көңілге қуаныш сыйлайды.
Кітапханаға басшылыққа келген Шардарбекова Жанат Сәдібекқызы өзінің кітапхана саласында жинаған тәжірибесі мен кәсіби білімін осы қара шаңырақтың өркендеуіне жұмсай білді. Нәтижесінде бес жылдың ішінде кітапхана жаңа деңгейге көтеріліп, тың идеялардың орталығына айналды. Бұл – өз мамандығын шын сүйген адамның ғана қолынан келетін іс.
Кітапхананың ең сәтті жобаларының бірі – «Түнгі кітапхана». Бұл бастама кітапхана қызметіне жаңа леп әкеліп, оқырман мен қаламгер арасындағы байланысты бұрынғыдан да нығайтты. Кешкі уақытта өтетін әдеби кездесулерде ақын-жазушылардың шығармашылық кештері, поэзия оқулары, сыр-сұхбаттар мен еркін пікір алмасулар ұйымдастырылады. Осындай тағылымды жүздесулер әдебиетке қызығатын жастардың қатарын көбейтіп, кітапқа деген ықыласты арттыра түсті.
Бүгінде «Түнгі кітапхана» тек Түркістанның ғана емес, еліміздегі ерекше мәдени жобалардың біріне айналды. Оның әрбір кешін көпшілік асыға күтеді.
Менің де осы жобаның қонағы болған сәтім бар. Кештің әсерін сөйлемге сыйдыру мүмкін емес. Әдебиеттің әлемі мен мәдениеттің мәйегі ұштасқан ерекше атмосфера көрерменді бірден баурап алады. Әрбір көрініс жанды тербеп, рухты асқақтатады. Жанат Сәдібекқызы мен оның ұжымын «идея өндіретін машиналар» деп ат қойған едім. Себебі олар өзгелердің қиялына келе бермейтін тың жобаларды жүзеге асырып, үнемі жаңашылдығымен таңғалдырады. Осындай табыстың негізінде ұжымның кәсіби біліктілігі, шығармашылық ізденісі және оқырманға деген ерекше жанашырлығы жатыр.
Бес жыл – тарих өлшемімен көп уақыт емес. Бірақ осы аралықта жас ұжым қалыптасып қана қоймай, өңірдегі ең беделді рухани орталықтардың біріне айналып үлгерді. Бүгінде кітапхана кітап сақтайтын орын ғана емес, білімнің, мәдениеттің, шығармашылықтың және жаңа идеялардың мекені ретінде танылып отыр.
Құрылған күннен бастап кітапхана тұрғындардың кітапқа деген қызығушылығын арттыруды, жастардың рухани дүниесін байытуды және ұлттық құндылықтарды насихаттауды басты міндет етіп келеді. Осы бес жыл ішінде әдеби кештер, кітап көрмелері, ақын-жазушылармен кездесулер, мәдени жобалар мен танымдық байқаулар ұйымдастырылып, мыңдаған оқырманның жүрегінен орын тапты. Ең маңыздысы – кітапхана өзінің тұрақты әрі сапалы оқырман қауымын қалыптастырды.
Бүгінгі Фараб кітапханасы – жан-жақты дамуға мүмкіндік беретін ерекше мәдени кеңістік. Мұнда ағаш шеберханасы, қыш құмыра жасау шеберханасы, музыкалық студия, ретро бұрыштар және шығармашылық алаңдар жұмыс істейді. Заманауи технологияларды тиімді пайдалану, электронды ресурстарды дамыту және жастарға арналған тың жобаларды іске асыру арқылы кітапхана заман талабына сай қызмет көрсетіп келеді. Сондықтан мұнда келген әрбір адам өзіне қажетті білімді де, шығармашылық шабытты да таба алады. Ақын Қалқаман Сариннің: «Қолтаңбаң қалу үшін том-том кітап жазу міндетті емес» деген сөзі дәл осы ұжымға арналғандай. Расында, жетістік уақыттың ұзақтығымен емес, еңбектің сапасымен өлшенеді. Аз ғана уақыттың ішінде бүкіл қазақ жұртына танылған Түркістандағы Фараб әмбебап ғылыми кітапханасының бүгінгі жетістігі – осының айқын дәлелі. Жанат Сәдібекқызымен әңгімелескен сайын менің көкейімде бір ғана сұрақ тұрады:
– Сіздер тағы немен таңғалдырар екенсіздер?
Сонда ол кісі қалжыңдап:
– Осы сөздеріңіз ғой бізді қинайтын, - дейді. Осындай сөздерді естіген сайын бұл ұжымның әлі талай асуларды бағындыратынына сенім арта түседі. Өйткені олар өздерінің қолынан көп дүние келетініне сенімді.
Туған күнің құтты болсын, қасиетті Фараб кітапханасы! Бес жылың бес ғасырға бергісіз табыстарға толы! Кітапхана – адам жаны тыныштық табатын, ойы сергіп, рухы жаңаратын қасиетті мекен. Осындай руханият ордасының шамшырағы әрдайым жарқырай берсін! Жан демалатын үйдің жанашырлары мен тұрғындары көп болсын!
Abai.kz