Алматы – Бішкек тасжолы 8 жолаққа дейін кеңейеді
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Алматы облысының Қарасай ауданындағы халықаралық маңызы бар «Алматы — Бішкек» автомобиль жолының 19 — 27 шақырым аралығын күрделі жөндеу және кеңейту жобасын ресми түрде бастады.
Жоба Мемлекет басшысының еліміздің заманауи көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында жүзеге асырылып жатыр.
Аталған жоба Қазақстандағы ең қарқынды көлік дәліздерінің бірін жаңғыртуға бағытталған. Бұл жолмен тәулігіне 70 мыңнан астам көлік қатынайды. Жобаны іске асыру Алматы қаласына кіріп-шығатын бағыттың өткізу қабілетін едәуір арттыруға, жол қозғалысы қауіпсіздігін күшейтуге және қала маңындағы елді мекендердің тұрғындарына, мегаполис қонақтарына әрі транзиттік көлікке қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Салтанатты іс-шараға орталық және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, жол саласының басшылары, мердігер ұйымдар мен жұртшылық қатысты.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев бұл жобаның еліміздегі ең ірі қалалық агломерация үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті.
— Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында біз Алматы агломерациясы үшін аса маңызды инфрақұрылымдық жобалардың бірін — «Алматы — Бішкек» автомобиль жолының 19 — 27 шақырымын күрделі жөндеу және кеңейту жұмыстарын бастадық. Бұл — Алматының басты көлік қақпасы. Мұнда күн сайын Қазақстандағы ең жоғары көлік қарқындылығының бірі тіркеледі. Жобаны жүзеге асыру жолдың өткізу қабілетін айтарлықтай арттырып, жол қозғалысының қауіпсіздігін күшейтуге және жүздеген мың жүргізуші үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Бұл — көлік инфрақұрылымын дамытуға, өңір экономикасының өсуіне және азаматтарымыздың өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды инвестиция, — деді Дархан Иманашев.
Қазіргі таңда қолданыстағы төрт жолақты автожол көлік ағынының артуына байланысты жүктемені толық көтере алмай отыр. Соның салдарынан тұрақты көлік кептелістері туындап, қозғалыстың орташа жылдамдығы төмендеп, жол-көлік оқиғаларының қаупі артуда.
Жоба аясында автожол төрт жолақтан сегіз жолаққа дейін кеңейтіледі. Нәтижесінде бұл учаске үздіксіз қозғалысты қамтамасыз ететін жалпы қалалық маңызы бар магистральдық көшенің талаптарына сәйкестендіріледі.
Күрделі жөндеу барысында:
— «Таға» үлгісіндегі екі заманауи көлік айрығы;
— тоғыз жерүсті жаяу жүргіншілер өткелі;
— бүкіл учаске бойында жаяу жүргіншілер жолағы;
— сыртқы жарықтандыру жүйесі;
— жаңа күрделі жол жабыны салынады.
Сонымен қатар жоба аясында газ құбырлары, су құбыры желілері, электрмен жабдықтау жүйелері және талшықты-оптикалық байланыс желілері сияқты инженерлік коммуникациялар көшіріледі.
Жоба аяқталғаннан кейін Алматы мен қала маңындағы елді мекендер арасындағы жол жүру уақыты едәуір қысқарады.
Мегаполиске кіреберістегі негізгі бағыттардың бірінің өткізу қабілеті артып, көлік жүктемесі азаяды, жол қозғалысы қауіпсіздігі күшейеді және жергілікті әрі транзиттік көлік үшін қолайлы жағдай қалыптасады.
Бұл жоба халықаралық жол желісін кешенді жаңғырту жұмыстарының кезекті кезеңі әрі Қазақстандағы ең ірі қалалық агломерацияның көлік инфрақұрылымын дамытуға қосылған маңызды үлес болмақ.
Дереккөзі: Қазақпарат
Abai.kz