Әбілқасымоваға қарсы петиция жарияланды
Азаматтардың онлайн-өтініштер платформасында Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшылығын ауыстыруды талап еткен петиция пайда болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Петиция авторы өзін «шағын және орта бизнес өкілдерінің атынан» сөйлеп отырғанын айтып, елдегі қаржы секторындағы ахуалға алаңдаушылық білдірген. Оның пікірінше, Қаржы нарығын реттеу агенттігі кәсіпкерлер мен қарапайым азаматтардың емес, банктердің мүддесін қорғайды.
Петиция мәтінінде уәкілетті орган тарапынан тиімді реттеу шараларының жеткіліксіздігі қаржылық тұрақсыздықтың артуына, халықтың шамадан тыс несие жүктемесіне және азаматтардың интернет-алаяқтардың құрбанына айналу қаупінің күшеюіне әкелгені айтылған.
Сонымен қатар авторлар онлайн-алаяқтықтың кең таралуына және халықтың қарызға белшеден батуына да агенттікті жауапты деп есептейді. Алайда бұл мәселелердің бірқатары құқық қорғау органдарының құзыретіне жататынын атап өткен жөн.
Петицияда барлық банкке ортақ бірыңғай QR-код жүйесінің енгізілуі кәсіпкерлердің шығынын көбейткені де айтылған. Автордың мәліметінше, нарықтағы ірі банктер бірыңғай QR арқылы төлем қабылдағаны үшін 1,5%-ға дейін қосымша комиссия белгілеген.
Соның салдарынан шағын бизнес үшін банкаралық комиссиялар өсіп, төлем қабылдау қымбаттаған. Бұл кәсіпкерлерді бұрынғыдай әр банкке жеке POS-терминал қолдануға мәжбүрлеп, бизнестің табыстылығына кері әсерін тигізіп отыр делінген.
ПЕТИЦИЯ АВТОРЛАРЫ НЕНІ ТАЛАП ЕТІП ОТЫР?
Өтініш авторлары бірыңғай QR арқылы төлем жасау кезіндегі жалпы комиссия мөлшерін 0,5%-ға дейін төмендетуді, микроқаржы ұйымдарын қатаңырақ реттеуді және агенттік жұмысының нәтижесіне көңілі толмағандықтан агенттіктөрайымы Мәдина Әбілқасымованы қызметінен босатуды талап еткен.
Айта кетейік, агенттік кейінгі жылдары халықтың шамадан тыс несие алуын шектеу бағытында тұтынушылық несиелеу нарығына бірқатар шектеу енгізіп келеді. Соған қарамастан, қазақстандықтардың банктер алдындағы мерзімі өткен берешегі 1 трлн теңгеден асып кеткен.
Abai.kz