Жұма, 17 Шілде 2026
Әдебиет 180 0 пікір 17 Шілде, 2026 сағат 13:14

Жалғыздықпен қоштасып, жалғыздыққа келесің...

Сурет: Arainfo.kz сайтынан алынды

Бұл кезең –

бүкірді түзейтін моладай қатал…

Әкем мен әкемдейлердің буынындай ұмытшақ.

Әжемнің әжімді алақанындай мұңлы 

және 

мен туған жердің топырағындай көне.

Бұл кезең –

Ағамның шеке тамырындай андыздалып тұрады 

сосын 

сорға туған сұлулықтай қасіреттене кетеді кейде…

Бұл кезең –

Өмір бойы аттан түспей соңында төсекке таңылған атамдай жуас,

Тілегі сынған апамдай момын.

Ерте кеткен ағамның отын өшірмей отырған жеңгемдей өкпешіл және

Өзімдей үнсіз…

Тыныштық

«Қате қойылған сауалға дұрыс жауап беріп болмайды»

мен қазір тыныштықтан да тынышпын.

Ұзақ жүріп келдім бұл тыныштыққа.

Ұзақ шудан кейін келдім бұл тыныштыққа.

Жапырақтары қалмаған күздегі ағаштай тынышпын.

Қыста атқан бүршіктей тыныш.

Ана құшағындағы сәбидің ұйқысындай,

Ауыр дерттен көз жұмған адамның қабіріндей,

Жаздағы теңіз суындай тынышпын.

Басын мәңгі қар шалған таулардай,

Ауылдағы үйдің  шырақ сөніп қалған кешіндей,

Ұзақ сапардан қатты қажып оралған адамның хәліндей

Қабырғаға ілініп тоқтап қалған сағаттай немесе

сол қабырғадағы ата мен әженің суретіндей тыныш.

Атам өмірден өткендегі әжемнің үнсіздігіндей

Төр бөлмедегі анамның көне сандығындай,

Баламның киілмеген көркем киіміндей,

Отанның ұмыт болған  құрбандарындай

және

Өртенген үйдің қаңқасындай тынышпын…

«Барлығы үшін өзіңді кешіріп үйрен…»

***

Бір күні кешкісін гүлдердің солғанын көресің,

Жаныңның ең кіші бөлшегі тоңғанын көресің.

Сен сүйген ағаштың жапырақтары қалмағанын,

Сен сүйген айдың нұры ешқашан болмағанын,

Сен күткен құстардың өзге жаққа ұшып кеткенін,

Өз сағынышыңның өз ішіңе түсіп кеткенін,

Ешқашан айтылмас сөздерді ең күтпеген жанның айтқанын,

Топырақтан келгеннің топыраққа қайтқанын,

Ең кіші қиялдың ең ауыр салмағын,

Өткеннің қолдары жағаңнан алғанын,

Сен білген Отанның ұлы емес екенін,

Сен күткен өмірдің гүл емес екенін,

“Жетем” деп түскенің жол емес екенін,

“Жеттім” деп көргенің ол емес екенін,

“Қасірет” деп құшқаның сор емес екенін,

“Қасірет” деп қашқаның тор емес екенін

КӨРЕСІҢ

Сосын бір күні тәңертең оянып жалғыздықты көресің,

Жалғыздықпен қоштасып, жалғыздыққа келесің.

Хош көрдік!

***

«Біздің ұзақ уақыт іздегеніміз қабір болып шықса, ұзақ уақыт ізделген қабір»

«Өмірімнен қарағанда өлімім мәнді болатынына үміттенемін» дедің.

Сен әкесі темекіге кетіп оралмаған балалар атынан айттың,

Анасы өзін өзгеге арнап, өзін жоғалтқан балалар атынан,

Өзін жоғалтқан балалар атынан айттың.

Қанның су емес екенін білсе де, інісін іздемес ағалар атынан,

Судың қан емес екенін білсе де, қансыз серттескендер атынан,

Сұғылған қанжардан емес, сұққан достың көзінде өлген достың атынан,

Досы көзінде өлген достың атынан айттың.

Сәттерге байланған өміріңнің сұрықсыздығындай немесе

Ескі жейдеңнің жоғалған түймесіндей,

Қойманың тұтқасы сынған есігіндей және

Қасиетті мәтіндердің елеусіздігіндей жалғыздығыңның атынан айттың.

Ешқашан ашуға болмайтын бөлменің кілтіндей,

Кітап беттеріндегі өткеннің жалған бейнесіндей,

Әкеңнің ойындай, анаңның шынындай,

Ең жақын адамның білуге болмайтын мұңындай

Құпиялар атынан айттың:

“Өмірімнен қарағанда өлімім мәнді болатынына үміттенемін…”

***

Өз жалғыздығына ғашық адам туралы…

Ол жалғыздығынан да,

Жалғыздығын жоғалтып алудан да қатты қорқады.

Үйде әлдекім күтіп отырғанын қиялдап,

Ешкім жоқ үйіне асықпай қайтады күнде.

Сағат кешкі жетіде келсе де,

таңғы жеті де келсе де ешкім күтпейді оны.

Оны ол өзі ешқашан құрмаған жанұясы да,

Өзі ешқашан сүймеген жары да,

Өзі әке болмаған балалары да,

Жатын бөлмесіндегі сағат та, айна да,

Өзі ешқашан алмаған көзілдірігі де күтпейді оны.

Жанқалтасына салып жүретін ескі жазулары бар парақтары секілді

Күн санап сарғайып келеді өңі.

Жанқалтасына өзін де салып жүргендей сезінеді өзін.

Кейде өзін ашып қарау үшін жанқалтасына қолын салады.

Парақтар арасында адасқан өзін іздей бастайды көздерін жұмып.

Бірақ ылғи өзін емес ескірген жазуларды алып шығады.

Әлде олар бір біріне сіңіп те үлгерген болар…

***

Le Voyageur Imprudent

««Өлтірілген ата» парадоксы: Егер сіз өткен уақытқа саяхаттап, әлі әжеңізбен кездеспеген атаңызды өлтірсеңіз не болар еді?»

Біздің ғаламшардағы уақыт есептеу жүйесімен мұнда бір жыл екі ай өмір сүріппін –

төрт жүз жиырма бес күн.

Төрт жүз жиырма бес күн — …

Бұл жерден жер аударып кеткеніме төрт ай болыпты –

жүз жиырма үш күн.

Бүгін осы бір мекенге жүз жиырма үш күннен кейін табан тіредім.

Жүз жиырма үш күн – өмірден кейінгі өлімге немесе

Өлімнен кейінгі өмірге ұқсайтын жүз жиырма үш күн…

Мұнда менің іздерім қалмаған секілді.

Мұнда ештеңе болмаған секілді:

Бұрын соңды «Достық», «Әлім» дүкенінен заттар алған мен емес секілдімін.

Дәл осы мекен-жайға такси шақыртқан да, таксимен келген де мен емеспін.

Көлігімді қоятын жер таппай аласұрған да,

Тұратын мекен-жайымды жасырған да,

Қиналған да, қуанған да, ашынған да мен емеспін.

Мына бір дүңген дүңгершегінен дайын лағман қамырын сатып алатын,

Анар суын ішетін, алма мен құрмасын жақсы көретін де мен емеспін.

«Меломанға» баратын, театрдан қайтатын, көше бойлап ән айтатын,

Жылы жүзді көршілерін жақындарындай жақсы көретін,

Дауысы ащы көрші әжейді шығарманың жағымсыз кейіпкерлеріне ұқсататын,

Алғаш көшіп келгенде жеңіл жүкпен келген, кетерде жүктері тым ауыр болған,

Тым ауыр жүкпен кеткен (тек қолындағы емес)… мен емес секілдімін.

Осы бір сөздерімнің арасына жасырған қаншама сырларымды білетін де мен емеспін.

Жүзімді жуып жатқан ыстық жастың кімге тиесілі екенін де білмеймін.

Өкініштісі, сөздер арасына жасырған сырларымды өзім де ұмыта бастаппын.

Бұл мекен де ұмытылады. Мұнда мен ешқашан өмір сүрген емеспін. Өмір сүрген емеспін мұнда.

Егер мұнда өмір сүрген болсам, онда қазір өмір сүріп жатқан жоқпын мен.

Егер қазір өмір сүріп жатқан жоқ болсам, мұнда өмір сүрген мен емеспін.

Онда менің естеліктерімнің арасындағы кітап беттеріне қыстырылған ескі мәтінге ұқсайтын бұл естеліктер кімге тиесілі?

Кітап беттеріне қыстырылған ескі мәтінге ұқсайтын ойлар кімге тиесілі?

Осы бір мекеннен кеткен кім?

Осы бір мекенге келген кім?

Қызығы:

Есіме түсіргім келген мұңымның ауыр болғаны үшін емес, толықтай есіме түсіре алмағаным үшін кінәладым өзімді:

«Le Voyageur Imprudent»…

Роза Асан

Abai.kz

0 пікір