Сәрсенбі, 19 Тамыз 2026
46 - сөз 1215 0 пікір 24 Шілде, 2026 сағат 15:52

Балаларға базарлық: Қазақ балалары не оқып жүр?

Сурет: aiqara.kz, qazaqadebieti.kz сайттарынан алынды.

Бүгін балалар контентін дамыту – жай ғана мәдени мәселе емес, ұлттың ертеңін айқындайтын стратегиялық міндет. Өйткені баланың санасы бос кеңістік емес: ол күн сайын көргенін, естігенін бойына сіңіріп, сол арқылы дүниетанымын қалыптастырады.

Мемлекет те бұл мәселеге назар аударып, өскелең ұрпаққа арналған отандық, сапалы әрі ұлттық құндылықтарға негізделген өнімдерді көбейтудің маңызын көтеріп келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев балаларға арналған қазақтілді контенттің тапшылығына назар аударып, отандық анимация мен балаларға арналған шығармаларды дамыту қажеттігін бірнеше рет атап өткен.

Бұл – уақыт күттірмейтін мәселе. Өйткені бүгін балаға сапалы дүние ұсынбасақ, ертең оның ақпараттық кеңістігін өзге мәдениеттер мен тілдер толтырады. Осы бағытта Abai.kz ақпараттық  порталы балаларға арналған «Балаларға базарлық» айдары арқылы қазақ тіліндегі шығармаларды тұрақты түрде ұсынып, ұлттық әдебиет пен балалар аудиториясының арасын жалғап келеді.

Бүгін біз белгілі қаламгер, ақын, жазушы Арасанбай Естеновтің балаларға базарлық топтамасын ұсынамыз...

Балаларға арналған сапалы контент көбейген сайын қазақ тілінің де қолданыс аясы кеңейіп, жас ұрпақтың рухани иммунитеті күшейе түседі.

Кірпі

-Кірпі, кірпі, шықшы үйден
Түрпі, түрпі түйрем,
Керек бізге инең.

Әлгі ісмер тиін,
Тікпекші екен киім.
Тентек қоян дәуің,
Жамау керек  ауын...

Кірпі сонда күңк  етті:
«Жеп қояды Түлкі епті
Үлестірсем инемді!»
Деп достарын күлкі етті:

«Қошақан мен Түлкі»
(қозғалыс ойыны)

Түлкі:
Қошақаным,
Қоңырым,
Сені жаудан
Қорыдым.
Жан досымсың
Зор бағаң.
Жүр ойнайық,
Ер маған.

Қошақан:
Түлкішегім,
Түленім,
Қулығыңды
Білемін.
Достық емес
Тілегің.
Сезер оны
Жүрегім.

Сусар бөркі атамның

Қырау шалған басына
Сусар бөркі жарасар,
Атамыздың жасына
Ауылда кім таласар?..

Бәйтерекке теңелген
Атам жұртқа сыйлы адам.
Шығыс халқы ежелден
Бөріктіні сыйлаған.

Ақсақалы атанды
Кең пейілді көркімен.
Сонадайдан атамды
Таниды ауыл бөркінен.          

Мен оқушы атандым

Ұқсатпа мені басқаға,
Есейдім, алты жастамын.
Қош айтып енді бақшаға,
Мектепке жолды бастадым.

Қайырмасы:

Еркесі едім атамның,
Еркесі едім апамның,
Толып биыл алтыға
Мен оқушы атандым.

Құралдарым бек керім,
Міне, сынып, мектебім.
Тісім кетік болғанмен,
Білетінім көп менің.

Тоқылдақ

Тұмсығы – «қайласы»,
Құрт біткен жайл(ы) асы.
Жағымды жақсы құс,
Елге көп пайдасы.

Әуені: «Тоқ-тоқ, тоқ!
Құртқа жол жоқ-жоқ, жоқ!»
Тоқылдақ, тоқылдат,
«Қайлаңды» соқ-соқ, соқ!

Табиғат жақтасы,
Зиянкес - жақпасы.
Ну орман-тоғайдың
Тазалық патшасы.

Әуені: «Тоқ-тоқ, тоқ!
Құртқа жол жоқ-жоқ, жоқ!»
Тоқылдақ, тоқылдат,
«Қайлаңды» соқ-соқ, соқ!

Біз  ғарышкер боламыз

Арманы бар бір ғана,
Талабы зор баламыз.
Шынығумен шыңдала,
Тез-ақ өсіп, толамыз.

Жұлдыздарды жағалай,
Айға барып қонамыз.
Тұңғыш Тоқтар ағадай
Біз ғарышкер боламыз.

Тасбақа-ниндзя

Намыс отын жауға бермес,
Жекпе-жекте келмес теңдес.
Батылдарды досқа балар,
Жаужүректі тасбақалар.

Қайырмасы:

Мики, Лео, Дони, Рафа,
Достық үшін болмас қапа.
Қолдарынан келер бәрі,
Шеберлердің шеберлері.

Бірін-бірі қоштап-қостар,
Тату-тәтті батыл достар.
Қарсыласын жасқап алар,
Сегіз қырлы тасбақалар.

Пингвиндер әні

Ұшпасам да қалықтай,
Суда жүзем балықтай.
Мұзда ешбір таймайтын
Табаным бар шарықтай.

Тіршілікте күй-керуен,
Жалықпас еш билеуден,
Менен көріп адамдар
Фрак киюді үйренген.

Антарктида ­– мекенім,
Өте, шалғай шеттемін.
Жаяу жүріп адамша-ақ,
Мақсатыма жеткемін.

Арыстан

Желмен жүйрік
жарысқан,
Аң патшасы –
Арыстан.

Айбатты да
Қырағы.
Ыстық өлке
Тұрағы.

Сонда мәңгі
тұрады,
Патшалығын
Құрады.

Наурыз тойы 

Ақ көбейер –
Сары уыз,
Келді құтты
Науырыз.

Наурыз тойы –
Жыл басы,
Наурыз бата –
Жыр басы.

Көктем

Қардан аршып
Белесті,
Жылы-жылы
Жел есті.
Асыр салып
Ойнаймыз,
Наурыз тойын
Тойлаймыз.

Жау, жаңбыр

Жау-жау, жаңбыр, жау жаңбыр,
Қырларымды жандандыр.
Щөлін басып балауса,
Бой көтерсін алуан гүл.

Жау-жау, жаңбыр, жауа бер.
Мауқын бассын қара жер.
Ауамызды тазартып,
Даламызға дауа бер.

Төк аямай құнарың,
Бассын дала құмарын.
Егістіктер желкілдеп,
Шомылтсын көл құрағын.

Мамыр мерекесі

Күй қалықтап қаламда,
Желбірейді көк туым.
Жұрт жиналған алаңда
Қызыл шарлар көп бүгін.

Шырқалады әуені
Ұлыстардың сан алуан.
Мереке бұл әдемі
Бірлік күні саналған.

Шаттық әндер шарықтап,
Тілдескендей көк пен жер.
Төбемізде қалықтап,
Шаттанады кептерлер.

Арасанбай Естенов

Abai.kz

0 пікір