Жексенбі, 2 Тамыз 2026
Жаңалықтар 844 0 пікір 24 Шілде, 2026 сағат 17:16

АҚШ-тың жаңа салығы: Сауда министрлігі не дейді?

Сурет: inbusines.kz сайтынан алынды.

АҚШ-тың жаңа бажы Қазақстан экспортының шамамен 95%-ына әсер етпейді – ҚР Сауда министрлігі...

Бұрынғы 10 пайыздық үстеме ақының мерзімі аяқталды және ол жаңа тарифпен қосылмайды.

Не болды?

24 шілдеден бастап АҚШ қазақстандық тауарлардың бір бөлігіне 12,5% мөлшерінде қосымша баж салығын енгізді, бірақ Қазақстанның АҚШ-қа экспортының шамамен 95%-ы жаңа тарифтің ықпалынан тыс қалады, деп хабарлады ҚР Сауда министрлігінің баспасөз қызметі. Бұл шешім 23 шілдеде АҚШ-тың 1974 жылғы Сауда туралы заңының 301-бөлімі аясында жүргізілген тергеу қорытындысы бойынша қабылданды.

Баж салығы қай тауарларға қолданылмайды?

Қосымша тариф АҚШ Сауда өкілдігі бекіткен ерекшеліктер тізіміне енгізілген тауарларға таралмайды. Сауда және интеграция министрлігі қазақстандық тауарлардың нақты қай түрі баж салығына ілігетінін нақтылаған жоқ. Сонымен бірге ведомство АҚШ-қа жеткізілетін негізгі өнім көлемі бұрынғыша қосымша алымның ықпалынан тыс қалатынын мәлімдеді.

Баж салықтары қосыла ма?

Бұған дейін АҚШ-та 10% мөлшерінде уақытша импорттық үстеме ақы қолданыста болған еді. Ол 150 күнге енгізілген болатын. Бұл шараның мерзімі 24 шілдеде аяқталды. Сондықтан бұрынғы 10 пайыздық тариф 12,5% мөлшеріндегі жаңа баж салығымен қосылмайды.

Министрлік не дейді?

Сауда және интеграция министрлігі америкалық тараппен келіссөздерді жалғастырып жатыр. Ведомство олар қазақстандық экспорттаушылардың мүдделерін қорғауға және екі тарапқа да қолайлы шешімдер табуға ниетті екенін жеткізді.

АҚШ жаңа тарифтерді неге енгізді?

Жаңа баж салықтары Қазақстан мен тағы ондаған елдің тауарларына қатысты болды. АҚШ Президентінің әкімшілігі бұл шешімді сауда серіктестерінің мәжбүрлі еңбекті пайдалануға қойылған тыйымдарды жеткілікті түрде қатаң сақтамауымен түсіндірді. Кейбір елдер үшін АҚШ 10% мөлшерінде тариф белгілесе, басқаларына, соның ішінде Қазақстанға 12,5% мөлшерінде белгіледі.

Жаңа алымдар уақытша жаһандық 10 пайыздық тариф аяқталған бойда күшіне енді. Жолда келе жатқан тауарлар үшін 28 шілдеге дейін өтпелі кезең қарастырылған.

Abai.kz

0 пікір