Сәрсенбі, 29 Шілде 2026
Ақмылтық 359 0 пікір 29 Шілде, 2026 сағат 15:17

Әзірбайжан мен ОА Ыстықкөлде бас қосады: Орта дәлізден геосаясатқа дейін...

Сурет: theasiatoday.org сайтынан алынды.

Қырғызстанның шипажайлы Шолпан-Ата қаласында «Орталық Азия – Әзірбайжан» саммитіне дайындық жүріп жатыр. Бұл туралы Қырғызстан Президентінің баспасөз хатшысы Асқат Алагозов хабарлады.

Ол Тамчы халықаралық әуежайынан Шолпан-Атаға дейінгі жол 30 шілде мен 1 тамыз аралығында жабылатынын ескертті. Өйткені Ыстықкөл жағалауында бұл форматтағы саммит алғаш рет өткізілмек.

Аймақ тұрғындары мен жүргізушілерге сапарларын жоспарлағанда уақытша шектеулерді ескеру ескертілді. Қырғызстан Ішкі істер министрлігі де қауіпсіздік шараларына байланысты Тамчы әуежайынан Шолпан-Атаға дейінгі жол мезгіл-мезгіл жабылып тұратынын хабарлады.

«Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және ресми делегациялардың кедергісіз өтуі үшін кейбір аумақтарда көлік қозғалысы уақытша шектеледі», — деп хабарлады Қырғызстан ІІМ.

Тәртіп сақшылары тұрғындар мен туристерден уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарап, Ыстықкөлге барар бағытты алдын ала жоспарлауды өтінді.

Геосаяси мәні мен қалыптасу тарихы

Орталық Азияның бес республикасы қатысатын бірқатар ынтымақтастық форматы бар. Мысалы, 2025 жылдың сәуірінде Өзбекстанның Самарқанд қаласында алғаш рет «Еуропалық Одақ – Орталық Азия» саммиті өтті. Сонымен қатар «Орталық Азия – АҚШ» диалогы да жұмыс істейді.

Ал «Әзірбайжан – Орталық Азия» форматының негізі 2025 жылдың 16 қарашасында қаланды. Ол күні Өзбекстан астанасында Ильхам Әлиевтің қатысуымен өткен Орталық Азия мемлекет басшыларының Консультативтік кездесуінде Әзірбайжанға осы форматтың толыққанды қатысушысы мәртебесі берілді.

Негізінен Орталық Азия республикалары басшыларының алғашқы консультативтік кездесуі КСРО ыдырағанға дейін — 1990 жылы тамызда Алматыда өткен еді. 1991 жылдың тамызында бұл форматқа Әзірбайжан қосылды. Бүгінгі таңда Орталық Азия елдерінің барлығы 7 консультативтік кездесуі өтіп, оның үшеуіне Әзербайжан қатысты.

Аймақты байланыстыратын алтын көпір

Әзірбайжанның қатысуымен жаңа форматтың құрылуы Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ арасындағы байланыстарды нығайту тұрғысынан өте маңызды. Әзірбайжан осы екі аймақтың, кеңірек айтқанда Шығыс пен Батыстың, Солтүстік пен Оңтүстіктің арасын жалғайтын көпір рөлін атқарады.

Каспий теңізі арқылы өтетін дәліз Орталық Азия елдеріне Әзірбайжан нарығына да, Гүржістан, Түркия және Еуропалық Одақ нарықтарына да шығуға тиімді мүмкіндік береді. Бұл көлік бағдарларын әртүрлендіруге (диверсификациялауға) және сыртқы сауданың шектеулі бағыттарға тәуелділігін азайтуға жол ашады. Осы тұрғыда Әзірбайжан — Орталық Азия мен Еуропалық Одақ арасындағы қарым-қатынасты дамытуда да басты ел.

Ильхам Әлиев Орталық Азия бойынша консультативтік кездесуде сөйлеген сөзінде Бақының Оңтүстік Кавказда орналасқанына қарамастан, белсенді ықпалдастықтың арқасында Әзірбайжан мен Орталық Азия елдері әлемдегі маңызы артып келе жатқан біртұтас геосаяси әрі геоэкономикалық аймақты құрайтынын атап өтті:

«Біз халықаралық ұйымдар шеңберінде де табысты әріптестік орнатып, бір-біріміздің бастамаларымызды қолдап келеміз. Жаһандық және аймақтық мәселелерді шешуде ортақ ұстаным қалыптастырып отырмыз», — деді Әзербайжан басшысы.

Экономикалық әлеует және Орта дәліз

Өзбекстан Президенті жанындағы Экономикалық зерттеулер мен реформалар орталығының сарапшысы Эдвард Романов соңғы жылдары Орталық Азия халықаралық аренада біртұтас аймақ ретінде жиі бой көрсетіп келе жатқанын жазады. Екіжақты қарым-қатынастармен қатар «Орталық Азия плюс» форматтары да дамып келеді. Бұл аймақ елдеріне сыртқы өніктестермен сауда, инвестиция, өнеркәсіптік кооперация, көлік, энергетика және қауіпсіздік мәселелерін бірлесе талқылауға мүмкіндік береді.

Осылайша, «Орталық Азия плюс» форматтары аймаққа бір мезгілде бірнеше бағыт бойынша ынтымақтастықты дамытуға жағдай жасайды. Олардың мақсаты — бір ғана серіктесті немесе бағытты таңдау емес, экономикалық байланыстарды кеңейту және сыртқы өзгерістерге аймақтың төзімділігін арттыру.

«Орталық Азия + Әзірбайжан» форматының басқа алаңдардан айырмашылығы — Әзірбайжанның Каспий теңізі арқылы аймақпен тікелей шектесіп жатқандығында. Ол — Оңтүстік Кавказ, Түркия және Еуропа бағытындағы логистикалық бағдарлардың түйінді элементі. Орталық Азия үшін Әзірбайжан — маңызды транзиттік, инвестициялық және өнеркәсіптік серіктес. Ал Әзірбайжан үшін Орталық Азия елдері — өсіп келе жатқан үлкен нарық әрі порты, теміржолы мен логистикалық инфрақұрылымы үшін жүк ағынының көзі. Сондықтан бұл жаңа форматтың саяси ғана емес, нақты экономикалық салмағы бар», — деп жазады сарапшы.

Мақалада сауда мен өнеркәсіптік кооперацияны кеңейту үшін сенімді көлік инфрақұрылымы қажет екені айтылған. Теңізге тікелей шыға алмайтын Өзбекстан үшін балама бағыттарды дамыту — сыртқы сауданың тұрақтылығын арттырудың басты шарты.

Орта дәліз (Орталық бағдар) Қытай мен Орталық Азияны Оңтүстік Кавказ, Түркия және Еуропамен байланыстырады. Өзбекстаннан шыққан жүктер Қазақстан немесе Түркіменстан арқылы Каспий порттарына жеткізіледі, одан ары теңіз арқылы Әзірбайжанға, одан кейін Грузия, Түркия немесе Қара теңіз арқылы Еуропа нарығына жол тартады.

Дүниежүзілік банктің бағалауынша, инфрақұрылымдық және ұйымдастырушылық реформалар сәтті жүргізілсе, 2030 жылға қарай Орта коридор арқылы жүк тасымалы 3 есеге артып, ал жеткізу уақыты екі есеге қысқаруы мүмкін.

Бұдан бөлек, Зангезур коридорының ашылуы да Орталық Азия мемлекеттері үшін қосымша мүмкіндіктер туғызады.

«Өзбекстан үшін «Орталық Азия + Әзербайжан» форматы экспортты кеңейтуге, көлік бағыттарын әртүрлендіруге және өндіріс пен логистикаға инвестиция тартуға жол ашады. Ал басқа Орталық Азия елдері үшін Батыс нарығына шығатын қосымша өткел береді. Саммиттің әрі қарайғы маңызы елдердің Орта коридорды қаншалықты жүйелі дамыта алатынына байланысты болмақ. Алдағы кездесу өзара тиімді жобаларды жүзеге асыруға серпін береді деп күтілуде», — деп түйіндеді Э. Романов.

Әбіл-Серік Әліакбар

Abai.kz

0 пікір