Бала патша емес, адам болуға тиіс!
Жапон тәрбиесінің қатал да шынайы шындығы
Біз, қазақтар, перзентімізді «Менің ұлым хан, менің қызым ханшайым» деп көкке көтеріп, алдындағы барлық кедергіні өзіміз тазалап, алдын орап бәрін өзіміз жасап, қателіктерін қорғаштап жүріп, нәтижесінде «рухани иммунитеті жоқ», өз бетінше өмір сүре алмайтын жандарды дайындап жатқан жоқпыз ба?
Жапон ұлтының қуатты болуының сыры тек генде немесе сәттілікте емес. Бұл – ең алдымен ТӘРБИЕ. Ол жақта баланы тек жоғары бағасымен немесе талантымен бағаламайды. Керісінше, тәртіпті, кішіпейілділікті және қажымас еңбекқорлықты күн сайын санасына сіңіріп («қамшылап») отырады.
Талант – тек қана «шикізат»
Бала кезден олардың санасына бір ғана шындықты шегелеп тастайды: «Еңбексіз талант – ештеңе емес». Нағыз табыс тек табандылық пен төзімділіктен келетінін олар жақсы біледі. Біз баламызды «Менің құлыным ақылды ғой, солай да бола береді» деп көпіртсек, олар «Балам, сен еңбектенгендіктен қолыңнан келді» деп еңбегін бағалайды.
«Өз бетінше қалдыру» – ең үлкен махаббат
Жапонияда 6 жасар баланың көшені жалғыз кесіп өтіп, автобусқа мініп, мектепке бара жатқанын көріп ешкім таңғалмайды. Бұл ата-анасының тасбауырлығынан емес, баланы «Өмірге дайындау» тәсілі.
- Олар баланың орнына үй тапсырмасын орындамайды.
- Олар баланың қателігін өзгелерден қорғаштап, «Мұғалімі кінәлі, досы кінәлі» деп айтпайды.
- Олар баланың қасында демеу болып тұрғанымен: «Бүл сенің өмірің, сенің жауапкершілігің» дегенді іс-әрекетімен көрсетеді.
Мектеп – «Білім ордасы» ғана емес, «Адам болу мекені»
Жапонияның көптеген мектептерінде еден жуушы, тазалықшы мүлдем болмайтынын білесіз бе? Оқушылар өз сыныптарын өздері жинап, еденін жуып, тіпті әжетханаға дейін өздері жарқыратып тазалайды.
Себебі: Білім деген тек математика мен физика емес. Бұл өзгені құрметтеу, ұжымшылдық және кішіпейілділік. Баланы «хан» сияқты еркелету оны қоғамнан оқшауласа, өзгеге қолғабыс ету, айналаны тазалау оған ішкі жан дүниенің орасан зор жігерін сыйлайды.
Ата-аналардың қаперіне:
Егер сіз балаңыздың болашақта біреудің қолына қарамауын, өз сәулесімен жарқырайтын қуатты тұлға болуын қаласаңыз:
- Тәртіпті «Қорлық» деп түсінбеңіз: Қалағаныңды істеу еркіндік емес, істеу керек нәрсені істей алу қабілеті ең үлкен еркіндік.
- Балаңызды сәтсіздіктен «құтқара» бермеңіз: Ол құлауы керек, ол қателесуі керек. Қателесе отырып қана «иммунитет» қалыптасады. Барлық жағдайын жасап, дайынға кенелтсеңіз, ол өмір дауылының алғашқы соққысынан-ақ тізе бүгеді.
- Тек математиканы емес, «Адамгершілікті» үйретіңіз: Төзімі, ізденімпаздығы, өзгеге деген құрметі жоқ «үздік» оқушы тек ақпарат сақтайтын «диск» қана.
Балаңыздың алған «А» бағасы, алған сертификат-дипломдары бір сәттік қана мақтаныш. Ал балаңыздың бойына сіңірген «Тәртіп, адамгершілік, тәуелсіздік» оның өмірлік қорғаны, ешқашан таусылмайтын байлығы.
Сіз балаңызды «Табысты» адам еткіңіз келе ме, әлде «Өмір сүруге қабілетті» адам еткіңіз келе ме? Бір сәт ойланып көріңізші...
Амантай Тойшыбайұлы
Abai.kz