Сейсенбі, 11 Тамыз 2026
Жаңалықтар 1769 0 пікір 7 Тамыз, 2026 сағат 16:05

Қазақстан футболына шетелдік бапкер келді. Ол кім?

Сурет: el.kz сайтынан алынды.

Джон ван’т Схип кім?

Футболдан Қазақстан құрамасына нидерландиялық маман Джон ван’т Схип бас бапкер болып тағайындалды. 62 жастағы Джон ван’т Схип Қазақстан құрамасына келгенге дейін, яғни, 2025 жылға дейін Армения құрамасын жаттықтырған. Бірақ төрт ойын өткізіп, төртеуінде де жеңілген соң сол жылы отставкаға кеткен еді.

Ал Қазақстан құрамасын баптаған жергілікті маман Талғат Байсуфинов биыл 22 маусымда қызметінен кеткен еді. ҚФФ Байсуфинов "өз еркімен қызметтен кету туралы шешім қабылдады" деген. Содан бері ҚФФ ұлттық құрамаға бапкер іздеген. Бұл іспен федерацияның бас хатшысы англиялық Скотт Манн айналысты. Манның өзі ҚФФ-дағы қызметін биыл мамыр айында бастаған еді. Ал Джон ван’т Схип пен Скотт Манн Австралияның "Мельбурн Сити" клубында бірге жұмыс істеген. Яғни, 2013-2017 жылдары "Мельбурн Ситиді" Джон ван’т Схип баптаған еді.

Ойыншы карьерасы

Нидерландиялық маман 1981-1992 жылдары "Аякс" (Нидерланд), 1992-1996 жылдары "Дженоа" (Италия) клубтарында ойнаған. 1986-1992 жылдары Нидерланд құрамасының ойыншысы болып, 1988 жылы Еуропа чемпионы атанған. 1992 жылы "Аякс" сапында UEFA кубогын иеленген.

Бапкерлік карьерасы

Ойыншы карьерасын аяқтаған соң, 1997 жылы "Аякс" клубының жасөспірімдер командасына жаттықтырушы болып тағайындалды да, бапкерлік карьерасын бастады. Ал 2004 жылы Нидерланд құрамасының бас бапкері Марко Ван Бастеннің көмекшісі болып бекітіледі. Бірақ 2008 жылғы Еуропа чемпионатында Нидерланд құрамасы ширек финалда Ресейден жеңіліп қалған соң Ван Бастен мен Джон ван’т Схип құрамадан кетеді.

Ван’т Схип 2010-2017 жылдары "Мельбурн Сити", "Гвадалахара" (Мексика), "ПЕК Зволле" (Нидерланд) клубтарын жаттықтырады. Ал 2019 жылы Грекия құрамасына бас бапкер болып бекітіледі. Бірақ Грекия құрамасы 2022 жылғы әлем кубогына жолдама ала алмаған соң Джон ван’т Схип бұл құрамадан да кетеді. Грекия құрамасы Испания, Швеция, Грузия, Косово бар топта үшінші орын алып қалған.

Ал Джон ван’т Схип Армения құрамасына бас бапкер болмай тұрып, 2023-2024 жылдары Нидерландының "Аякс" клубын жаттықтырады. Бірақ Нидерланд чемпионатында 5-орынмен шектеледі де, келесі жылы отставкаға кетеді.

Дереккөзі: Азаттық радиосы

Abai.kz

0 пікір