Сенбі, 8 Тамыз 2026
46 - сөз 940 0 пікір 4 Тамыз, 2026 сағат 14:56

Шаханов поэзиясы - тәуелсіздігіміздің тұғыры

Сурет: nur.kz сайтынан алынды.

2026 жылы 26 сәуір таңғы сағат 6:00 де Әлеуметтік желіден «Мұқтар Шаханов кеше өмірден өтті» деген қаралы хабарды көрдім. Көңілім бірден жабырқау тартты. Санам салмақтана бастады. Ерік бердім қаншалықты қайғылана алады екенмін деп. Көзім дымданды. Жылай алмадым.

Ет жақындығы болмаған үнемі мейіріне шомып,сусындамаған адамды жан дүниеңе қаншалықты байлай аласың? Апам марқұм 2016 жылы науқасқа шалдығып жазылар-жазылмасы белгісіз болғанда уақ-уақ күрсінетінмін. Қалайша күрсінетінімді өзім де білмейтінмін. Кейде, мүбада апамнан айырылып қалсақ күндер қалай өтеді деп ойлап, жылап қоятынмын. Бірде ауаша жерге барып өкіріп тұрып жылап алғаным көз алдыма келді. Аздан соң күрсіне бастадым. Мөлшермен 1 сағаттан соң ойыма Шахановты қалай жерлейді деген сұрақ оралды. Дәл сол сәтте табыттың артынан шулап бара жатқан қалың топтың арасынан әлдебіреудің «әділдік», «шындық» деп күбірлеп тұншығып көзіне жас алғанын елестеттім. Сол мен ғой деп ойладым. Сол сәтте ағыл-тегіл жыладым. Бетімді жаспен жудым.

Апам өмірден өткеніне міне биыл аттай зулап 5 жыл өтті. Апам қайтыс болған бірер жылдан соң ұмыту басталды. Апам жоқ өмірге де үйлестік, ұмыта бастадық. Кей сәтте апам болса мұндай кезде былай дейтін еді деп, балаларыммен айтысып қоямыз. Уақыт ұзарған сайын, ұмыту қалыңдаса бастады. Бірақ мен өмірімде Шахановты бір сәт ұмыта алмаспын. Шахановты ұмыту – Қазақстанда шындықты, әділдікті ұмытумен бірдей деп ойлаймын.

Өзімді кітап оқитын адамдар санатына жатқызғаныммен поэзиядан өмірімде Шахановтың бір жыр жинағын ғана оқып таусыппын. 2013 жылы досым екеуіміз Шахановтың туған күнінің жақындауына орай жұмыс орны «Жалын» баспасына амандаса бардық. Бұл Шахановтың саясатқа араласып, айғайға басып тұрған бір кезеңі еді. Ойымда сұраймын деген біраз базыналы сұрақтар бар еді. Шаханов бізді суретке түсіп, естелік қалдырып, абырой еншілегелі келген адамдай ғана қабылдады. Суретке түстік, қолтаңбасын қойып, кітабын ұсынды. Басқа әңгіме айтудың реті жасалмады. Біз қайттық. Тұңғыш хәм соңғы жүздесуім осы болды. Сол суретті пәлендей біреуге көрсетпедім. Шахановқа жолықтым, қолтаңбасын алдым деп те айтпадым. Содан бастап Шахановты өзімше басқа бір тұрғыдан бақылай бастадым.

Сол жылдардан бастап Шаханов шындық деп қатты айта бастады. Шындықтарды түгендеймін деп Мұқағали «алқаш», Жамбыл «жағымпаз» деп салды. Әр кездесуде шындықтан басқа тақырып туралы айтса: «Менің анам 13 құрсақ көтерген. Мен ғана қатарға қосылыппын. Анам үнемі менің үш балам бар деп айтатын» - деген әңгімесін қайталап айта беретін. Мен іштей, апырау, осы кісінің шынымен айтары таусылды ма деп ойлайтынмын. Қазір ойласам Шаханов емес, Қазақстанда шындық әлсіреп таусылып бара жатыпты ғой.

Жиырмасыншы ғасырдың басынан бастап басына қара бұлт үйірілген, көрмеген көгілікті көрген, соған шыдап жеңсе ұлт ретінде өмір сүруі тиіс болған Қазаққа Алланың жаны ашып , қазақтың рухы өлмесін деп, болмысын сызып тұрып белгілеп Шахановты арамызға жіберген сияқты. Шаханов «ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден екенін» күрес барысында көрсетті. Шынында Шахановтай мінезді жанның болмысына көп білімнің қажеті шамалы еді. Бұл бейне бағзы заманда сахарада алып күштің иесіне жүрек жұтты дойырлық жар болмаса, батырлық мұхжизасы туылмайтыны сияқты жайт еді. Білеріңіз көп болса біліммен араласып, парасаттың соңынан салпақтап қалмай жүретін қулыққа жолығасыз. Сосын сақтанпаз, болжағыш боласыз. 20-сыншы ғасырда парасат білімімен қазаққа қызмет еткен тұлғалар жетерлік. Сосында шешуші сәтте мінезімен күндей күркіреп шығатын тұлғалар аса қатты қажет еді. Шаханов осы миссияны Алланың қалауымен ең жоғары дәрежеде орындады.

Иә, Шаханов білімінің терең болмауынан өз қателігінде жасады. Шыңғысханды «жауыз» деді. Көбінесе шындық, әділдік үйір болатын ізгілік пен мейірден басқаны танымайтын Шаханов көзімен қарағанда бұл да қисынға сияды. Десе де тарихтың қатпарына жасырынған саяси әлеуметтік құндылықтармен қарасаңыз Шыңғыс парасаты бір биік шың. Бұл шыңның бүгінгі қазаққа байланысы, тигізер пайдасы бар. Бұл шыңның қоймасын ашуға мол тарихи білім, парасат керек еді. Мұхтар Мағауин да бұл болды. Шыңғысханды жазды. Шаханов пен Мағауин бірін-бірі толықтай алатын тұлғалар еді. Бірақ білімдегі парық, мінездегі даралық оларды бір-біріне қарсы етті. Олар тірліктерінде сиыспаған болғанымен ұлтына қызмет етуде бірін-бірі толықтап екінші өмірінде бір тұлғаға айналып кетеді. Келтіре алмасақ бұл тірілердің бықсық пысықтығы болар. Шыңғыс Айтматов өте интелектуалды, адам өмірінің мәнін философиялық тереңдікте қарастыратын адам. Қоғамды оны құраған адамды тереңдеп зерттеп философиялық тереңдікке барсаң адам мәнінің айналасындағы қоғамды ұстап тұрған ізгілік атымен басталған құндылыққа жолығасың. Айтматов осы жерде Шахановпен түйілісті. Жан дүниесі тоғысты. Жан сарайын Шахановтан толықтай білді. Сөйтті де мына ғасырда адам баласы арасындағы ізгілік пен парасаттан нәр алған достықтың үлгісін жасады.

Шаханов поэзиясы құдіретті поэзия. Бір тұрғыдан қарағанда баяндауға қолайлы сюжеттерден құралған, түсінікті тілмен баяндалған оқиғалар тізбегі сияқты сезіледі. Мұндай қарапайымдылық қай деңгей түсініктегі адам баласына болсын айтары жететін мүмкіндік сыйлап тұр. Дін мен музыка адам жанын қаншалықты тереңінен тербеп жаулап ала алса, Шаханов поэзиясы да дәл сол тереңдікке жетіп адам жанын астаң-кестең ете алатын құдіретке ие. Әрине бұл поэзияның құдіреті, ал Шаханов поэзиясы поэзияның бұл құдіретін көрсете алғандығымен құдіретті. Кейде дін мен музыканың бір-бірімен сыйыса алмай қалатындығының да түп себебі адамның жан әлемін жаулауға таласуға бірдей құдіретті болғандығынан.

Пайғамбарымызға аяттар аян болып келген дейді. Шахановқа да өлең құлағына үнмен келеді. Жан дүниесін тулатады. Сосын қаламы қолын алып қашады.

Орыстың отарлық тепкісі астында 70 жыл жүргізілген инторнацияналдық тәрбие қазақтың ұлт ретінде құр сүлдерін қалдырды. Десе де қазақтар 1986 жылы желтоқсанда  біз қазақпыз деп қатыгез империяға ашық қарсы шықты. Тосын мінезін көрсетті. Неге бұлай жасай алды? Өйткені қазақтың елдік, ұлттық санасын әдебиет ұстап тұрды. Отарлыққа қарсы күрес майданы әдеби майданда болды. Әуезов бастаған қазақтың бір туар перзенттері қазақтың ұлттық, елдік санасын ұстап тұруы үшін қыруар тарихи танымдық әдеби шығармалар жазды. Ал елдік сананың ерлік жасауына қажетті рухты Шаханов таратты. Сосын шешуші сәтте қазақ ештеңеден қорықпай, зұлым күшке қасқайып қарсы тұрды. Мінез көрсетті. Егер қазақты 1986 желтоқсан оқиғасын тудыруға кім даярлады, бір ғана адамның атын айт десе мен Шахановты атар едім. Бұл желтоқсан оқиғасынан кейін Шахановтың өлеңімен өмірі бір тұлғаланып кетті. Өлеңді әулиелік санада жазса, өмірде қаһармандық тірлік жасады. Мүмкін қаһарман әулие десе жарасар. Сосын да ол ақырғы демінде әулиелердің жанынан жанына сая іздеуді жөн деп тапты.

Шаханов жақынғы бір сұхбатында: «Бала кезімде әулиеге ұқсайтын бір адам әлемге таныласың, 93 жас жасайсың деген, 93 жас жасаймын» деп айтқан екен. Бірақ 84-ке қараған шағында өмірден озды. Мен бұны Алланың қазаққа жасаған бір рахымы деп түсіндім. Біздің ұлт ретіндегі қалыптасқан бір мінезіміз тірісінде қадіріне жете бермеген тұлғаны өлген соң жабылып жоқтаймыз, ұлықтаймыз, ынты-шынтымызбен іздейміз. Шахановты жоқтау – шындықты жоқтау, Шахановты іздеу – әділдікті іздеу. Қазақ қоғамына әділдіктің шырағы жанбағанына 20-шы ғасырдан бастап есептесек бір ғасырға жуықтапты. 2022 жылы қаңтарда қазақ қоғамы қан төгіп, әділдік сұрады. Қазақ қоғамында әділетті Қазақстан құру бас тақырыпқа шықты. Шынында Әділетті Қазақстан құру биліктің ғана қолынан келмес еді. Ол үшін қазақ қоғамы ояу болып, әділеттілікті бас тақырыптан түсірмеуі керек. Қазақ қоғамында Шахановты жоқтау тарихының басталуы Шаханов поэзиясын оқудың жаңа тарихи бетін ашады. Шын мәнінде әділдік, шындық деп шырылдап тұрған бүгінгі қазақ қоғамы Шаханов поэзиясынан рухтанып өзгеше күш алады. Шындықты ,әділдікті іздеудің жаңа парағы ашылады деп ойлаймын. Міне бұл Алланың Шаханов қазасымен қазақ халқына жасаған бір рахымы емей немене?!

Шаханов өмірімен өз ұлтына өлердей ғашық болудың, қызмет жасаудың таңғажайып үлгісін көрсетті. Шаханов өзінің дара поэзиясымен бүгінгі техногранттық сана билеп бара жатқан адамзатқа ой салып, әлемдік санаға ықпал етті. Шаханов поэзиясы бар да, адамзат жүрісінен жаңылмас. Бүгінгі қазаққа заманауи ғылым-техника кәсіп қажет. Ал осы дүниелерді баянды нәсіпке айналдыратын ең алдымен шындық, әділдік, еркіндік керек. Бүгінгі дәуірде Шаханов поэзиясы осының бәрін Қазақстанға бере алады. Шаханов поэзиясы Қазақстанның тәуелсіздігін қуатты етіп ұстап тұратын рухани күш. Сондықтан Шаханов поэзиясы Қазақстанда мемлекет асылы ретінде бағалануы керек. Шаханов үшін ендігі жасалатын харекеттер осы миссияны көздеу керек деп ойлаймын.

Менің Шаханов туралы бұлайша толғануыма «Қанды қаңтар» түрткі болды. Санамда салмағымен тұрған бұл ойлар Шахановқа деген құрметім болсын, көзі тірісінде жазамын, міндетті түрде хатқа түсірем деп ойлаған ойларым еді. Міне бүгін ғазалы жоқтауыма қосылды. Мақаламның тақырыбы да өзгерді. Осылай ой тербеп отырып өмірімде бір шумақ өлең жаттауға құлықты болмаған менің санамнан жас кезімде бір кітаптан оқыған, жадымда табиғи хатталып қалған бір шумақ өлең қайта жаңғырды.

20-шы ғасырдың алғашқы жарымының соңын ала қазақ жасаған бір өңірде зұлым үкімет қазаққа күн көрсетпейді. Қорлыққа шыдамаған халық өздерінен неше есе күшті жауға қарсы көтеріледі.

Ерлер қол бастап қан кешкен шайқас болады. Осындай соғыста жауды санап ататын Мұса деген мерген айрықша көзге түседі. Есі кеткен елдің еңсесін көтерер күшке айналады. Бір соғыста Мұса мергенге ажалдың оғы тиеді. Қансыраған елге бұл қаза былай жеткізіледі:

«Уа, дариға, шайт болды Мұса мерген,
Сабылып қалың сарбаз артына ерген.
Мұсадай енді ардагер туар ма екен,
Тентіреп, теңдік іздеп жүрген елден».

Ағыбай Әкбар

Abai.kz

0 пікір