Дүйсенбі, 10 Тамыз 2026
46 - сөз 1595 0 пікір 6 Тамыз, 2026 сағат 14:44

Әйелдің жанындай ашылған інжу

Сурет: Автордың жеке архивінен алынды.

Ғалымжан Көшербайұлы —1981 жылы 21 тамызда Ақтөбе облысының Байғанин ауданы Қаражар ауылында туған. Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің түлегі. Қазіргі уақытта СНПС-Ақтөбемұнайгаз-ға қарасты Мұғалжар ауданындағы Жаңажол мұнай-газ өңдеу кешенінің маманы.

ҚЫСТЫҢ ҚЫРАУКӨЗ ҚЫЗЫ

Қардан тонын жамылып,
Тұман дүние астында.
Көне рухпен жаңғырып,
Сызы сезілмей тастың да.

Өрілген шаш, күміс шарғы,
Ұрпақтардың мұрасы.
Әр бұрымда кие тұнған,
Әжелердің дұғасы.

Үнсіздікте үн бар сынды,
Жел тербеткен етегін.
Ақ бөртесін жамылған қыз,
Көне далам - мекенім.

Тағдыр талай таста қалған,
Шебер шертіп шежіре -
Сақ үнімен сарнап тұрған,
Арулар анам төріне.

Мақпал дала төсін жайған,
Көктемгі су гүрілі.
Жем мен Сағыз арасынан,
Естіледі бозторғайдың шырылы.

Қыз жүгіріп, алдынан -
Мұңсыз көктем шығады.
Көкірегі кең аспандай,
Жанар-күннің шуағы.

МЕНІҢ ҚЫРАН ҚАНАТЫМ

Тірісінде құсқа қыран төре еді,
Рухының қыранға айналғанын көреді.

Қанат қақса көк аспанда шарлайды,
Көрген жанның әлемінде самғайды.

Қыран-көңіл көкте қалқып жайнаған,
Сәуле шашқан асыл тастай айнадан.

Қыран болар - биік шыңның сардары,
Шексіздіктің шуағының айбары!

Асқар шыңнан қыран рухы сөйлейді,
Кеңістікке құштарлығы сөнбейді.

Рухы оның төгілгендей шамшырақ,
Асқақ қыран шыңда тұрса жарқырап.

Қарай берем қайраттанып қыранға,
Қанаттарым айналғандай Тұранға!

КӨКЖИЕКТІ КӨЗІМЕН БІРІКТІРГЕН КӨКЖАЛЫМ

Қыран қонып қара жерді желдетеді,
Самал сүйіп сары белді тербетеді.
Көкжиекті көкжал болып біріктірген —
Көк Түріктің айбарлы келбеті еді.

Көк Түріктің алтын киген жанарынан,
Айбары сұсын иген қабағынан.
Бағзы заман көлеңкесі сыр шертеді,
Топшысы жерге тиген бала қыран.

Алтын сауыт сәулесімен таң атады,
Нар балбалдың жанары паңданады.
Қашауменен қатқан үнді оятқандай,
Бабалардың асқақ үнін аңдатады.

Таңғы шықпен күміс жусан жылтырайды,
Жал-құйрығын тарап жусаң бұрқырайды.
Жылқы мінген жау жүрек өр бабамыз,
Тұяқ басқан кәрі дала шырқырайды.

КІРПІГІҢДЕ ІЛІНІП ТҰРҒАН ӘЛЕМ

Сиқырлы әлем сыр шертеді нұрланып кірпігіңде,
Сезімің бар сақталған терең жүрек бір түбінде.
Кірпіктің арасынан өткен сәуле жарқырап іркілуде,
От шашып нәзік сезім, бұлқынып, сілкінуде...

Мөлдір көзің күлімдеп мені естен тандырады,
Ашып-жұмған кірпігің сырды қалай алдырады?!
Бұны сезіп менің бойым қатты толқып балбырады.
Кірпіктерің найзағайдың жебесіндей жасын отын қалдырады.

Көз бен кірпік арасындағы бір мезеттік қозғалыс,
Шексіздікке жол ашатын көңілдегі толғаныс.
Сезімдердің ұшқынына секіреді балуан жүрек жолбарыс,
Тынық түннің жұлдызындай жымыңдайды орнап іс.

ҚҰС ЖОЛЫНДА ҚҰРАЛАЙ КӨЗДЕРІҢ ҚЫДЫРЫП

Күнмен бірге асыр салған арманын,
Тәтті құшақ көтеретін таңдарын.

Күн астында күлкіменен жүгірген,
Болашаққа бақыт жеңі түрілген.

Мейірлене екі ғашық тілдесіп,
Құс жолына кетті екеуі бірлесіп.

Ғашықтардың жұлдыздары жанады,
Махаббаттың жарығы көкке тарады.

Құс жолында қиял қанат қағады,
Жұлдыз нұры армандарды жағады.

Құс жолында шексіздікке жол жатыр,
Жұлдыз сөзі жүректерге берді ақыл.

Тәтті құшақ, мамыражай күн кешіп,
Құс жолына құс боп қонып үн қосып...

ӘЙЕЛДІҢ ЖАНЫНДАЙ АШЫЛҒАН ІНЖУ

Інжу - тереңнен жарық қып тартар бір күйді,
Кіршіксіз таза ойымды менің сілкиді.
Сұлу қыздай жанарыңнан жыр түйді,
Сезімдерім толқынданып жүрегіңе сыр құйды...
Теңіз түбінде қалған сырдың үніндей.

Теңіз түбінде көп уақыт қалыптасып,
Арын жоғалтпаған әйелдей анық басып.
Тұңғиықтың хабарын балық тасып,
Толқынның тынысын тереңінен шабыт басып...
Жарқырайды інжу тұңғиықтың күніндей.

Тұңғиықта інжу сырын жасырып,
Жарқырайды жылтыры жан-жағына тасынып.
Тербетілген толқынға інжу асылып,
Күлімдеген әйел жанындай ашылып...
Тыныштығын сақтар мақпал түніндей.

Теңіздің тербетілген інжуі тереңінде,
Мөлтеетеп тұр әлемің жарқыраған реңіңде.
Ақтық бар ақ моншақтай білегіңде,
Інжулер айналады ақ толқын тілегімде...
Жүрегімде үнсіз толқындар толқып білінбей.

Толқынмен бірге өмір тербеледі,
Інжу-арман жүрекке жыр береді.
Теңізде тербетіліп әр толқын әрленеді,
Қыз жайлы ұлы сырдың өрнегі еді...
Қол созам саған сұлуым суда сүрінбей.

КҮМІС КӨҢІЛДІ ҰЛЫ БӘКІР
(Бәкір Тәжібайға арналған байрақты жыр)

Қаратаудың қара көлеңкесін жырлап қобыздың үніне қосып,
Көне күннің көмес сырын көңіл төріне тосып.
Сауранды жырлап, Саттар тұрған үйдің сәулесін жүзімдей үзіп,
Боз дәурен елестерін көңілдің төрлеріне көзімдей тізіп.
Аққулардың қанатымен жыр толғап,
Көңілімнің көкжигіне жүрдің, Бәкір аға, гүл жолдап.
Күйсандыққа саусағы шаншылып, күй тартып, суыратын бір - бірлеп,
Отырдың ойды тереңнен талқылап, шабыттанып жырды үрлеп.
Төрттағанға төрт буынды сөз құйып,
«Ақбұлағым» шапқылап, жағасында — жезкиік.
Көктемді аңсап жанарынан айырылған бауыры туралы қасқалдақ сөз ұшырып,
Жүрегінің түпкірінен шер тарқатып, жырларымды айдынға барып түсіріп.
Қара түннің қарғаларын қара жырдан қайтарып,
Болашаққа жол ашып, нұрлы таңды қырдан тойтарып.
Жалыны жоқ жүректен ән ұшпайтынын Бәкір ағам білгендей,
Айлы түнде сыр ашып, сырлас достың қасында жеңін ботаң түргендей.
Дос құшаққа ұялайтын ыстық ән,
Ақ жүректен нұр сыйлайтын достық әннен ұшып шығып бос күмән.
Өлкенің төсінен қара шалдар қара түтіндей жамырап,
Ата қошқарды іздейді бала қозы сүтіндей маңырап.
Ақбөкендер айды ойлайды ерте тұрып,
Жанарында жас тұнса да, сағынышпен тағдыр жазған өмірді келте қылып.
Темір өзеніне тебірену үшін,
Өмірге келдік көрсетуге еңіреудің күшін.
Ырғызға еміренуды ұсын,
Бабалардың аманатын жүрекпен сезіну — ісің.
Ойылға ойлану үшін өмірге келген екенбіз, Бәкір аға,
Өткеннің өмірін ұлықтап, шағала дауысыммен шақыра алам.
Қарлығаш бақыттың не екенін айтып шиқылдап таситын сияқты,
Қиялы көктен ұшқан, болмысы терең, бауырына алып ұятты.
«Алатаудың күнін-ай шашыраған!» деп нұрыңды шашырата сөйледің,
Асыл сөздің маржанын, ой түбінен қазылған жақұттай жарқырата түйредің.
«Жезқазған жұлдыздарын» жүрекке тоқып та үлгердің,
Ақиқаттың лебімен, асыл сөзді маржандай етіп оқып та жыр бердің.
Күн мен дәнді жүрегіңе егіп, жүзіңнен жымиысты мейір қылып шығарып,
Адамзаттың бағын, өмірдің мәнін, өткен мен бүгіннің сырын ұғалық.
Мен іздеген көздерің,
Жанарымнан мөлдіреп сыр шертіп, жанымды ұғатын көздеген сөздерің.
Жадырай түсті кең дала пейіліңмен, аға,
Жақсылықтың шуағын төгіп, жанымызды жадыратар зейініңмен, тоба!
Елік қызға «еркем менің» дедіңіз «күн күлдіріп келетін»:
— Жанарымнан нұр төгіліп, өміріме береке мен шекерді тұндырып беретін.
Мен сені өзге көзден қорғаймын, сөздерден қорғаймын,
Жаныңды жаралайтын суық сезімнің ызғарын жасырын жерлерге жолдаймын, —
Деген қысқа қайырымдарыңызбен кең далаға сәлем айтамын,
Табиғаттың тылсымына бойлап, тербелген ойлармен әлем ұйытамын.
Сыр- дәрия саздарына ұшырып,
Тарихтың шеріндей болған даланың өткен жаздарына түсіріп.
Әр жанарға ұшып-қонып тұрған жыр,
Өмірдің өткелдерін аралап, жаныма жай таптырып, ішімдегі құрған сыр.
Өмір жолаушыларын өлеңім шетіне шақырып,
Сағыныштың сарғайған сәттерін есіме алып,
Тағдырдың ағысын өтіне батырып,
Қызыл күнді кеуделерінің ішіне матырып,
Ақ жүректің алауын жаңа күннің шуағы мен түсіне сапырып.
Ыстыққа шыдамаған жүрек құмға аунап,
Тағдырдың тауқыметін талай кешіп, келешектегі биік шыңға баулап.
Бәкір аға,
Қара бұлт шаңның үстінде жиіркеніп қашып барады,
Шындық пен өтіріктің арасындағы арпалыстан, нәзік сезімдері жасып қалады.
Каспиймен кездескенде шарбақ толы маржаныңнан шашып,
Жастықтың жалыны мен тербелген жырлардың сырын әрі жағынан ашып.
Көздеріңмен мөлтілдеп қарайсың жасып,
Уақыттың сағым басқан жолдарында мұңыңды шаштың сәулесіндей тарайсың ашып.
Ақ Жайық толқып тасқанда мойныңа қарай,
Жүрегімнің лүпілін тыңдап, еншілеген сәттерде кіремін ыстық қойныңа арай.
Бәкір ағам,
Ордада отырып ордалы ойлардың ішіне кеттің тығылып,
Тереңнен сыр тартып, өмірдің өткелдерінен шығып,
Соңында ақиқаттың шыңына жеттің жығылып.
Қанатыңды көтеріп, қайқая ұштың бүгіліп,
Тарихтың тамырынан нәр алған жырдың шуағын сезініп, бақыттың биік шыңын құштың жүгіріп.
Жүзік керек қолыңа аға, тағасың ба ай шығырын әкеп ханымыңа, әлде өзіңе,
Жауап іздеп жүрегіңнің дүрсілінен, сұлулықтың сырын ұғып, қараймын аға көзіңе.
О, бейтаныс жүрегім, таныс болшы өзіммен,
Жаңылма деп үміттің ақ жолынан —
Төзіммен,
Тауқыметтің тасып жатқан мұңын қиып таста өткір көзіңмен.
Күн дидарлы Қазақстанның «күміс көңілді ұлы Бәкірмін»,
«Жырларыңның шуағына, өмірдің сан қилы сәулесіне мәңгілікке байланған нұрлы зәкірмін»,
Жем - Сағыздың жент сазына үй тігіп отырған ауылдар,
Қайыңдардай сыр бөлісіп, жыр төккенде дауылдар.
Қойын шұбатқан, айраны - суаттан болған бауыры ыстық бауырлар,
Қасиетті қоныстың қадірін сезініп, ақ пейілмен түстенген ауылдар.
Ақтөбе вальсы болып тербелген қамыс құлақтары,
Ел жадында мәңгі сақталған жырдың намыс шырақтары —
Бәкір бол!
Әлияның алау жүрегімен ақ тозаң әндер будақтап,
Жастықтың жалыны өшпесін деп, өмірдің өнегесінен мәндер шумақтап.
Оны да әнге айналдырдың Бәкір ағам жылдарға ақ,
Жүрегіңнің жылуымен нұр сыйлап, ұлдарға бақ.
«Ауылың — әнің»,
Жарқырап жатыр бағың мен сәнің.
«Қос шолпан» деген әнің бар,
Жарық боп жол бастап, жүректерде жаныңдар.
«Алматының алмасын» да әнге беріп тастадың,
Талай жанды тамсандырып, бақытқа бастар бағыңа келіп жастадың.
Жанарыңды да ән қылып,
Жүрекке отын жақтың ба, сезімді сүйіп мәңгілік?!
«Әдемі - ау» — әдемі-ау, «Ақ құсыңды» да ән етуің,
Көңілге шуақ құйған ыстығы-ай мәнерінің!
«Елігің — еркең» болып көңілге дән егуің,
Тіршіліктің өзегіне шуақ құйған әнменен сан өрімің.
Сағынды сені қайтқан қаздар,
Жүректі тербеп, өткен күндерді еске салатын сағыныш толы айтқан наз бар.
«Қар жауып тұр» деп ән айттың,
Өмірдің өшпес нұрындай терең сырымды молайттың.
Жамалы — жасыл «Жаңаша жар-жарды» тараттың,
Өнердің қазынасын бабалар үнімен жалғап, бүр жаруын зорайттың.
Жүрегің дүрсіл қағады-ау,
Сезімнің сәулесімен өмірге нұрлы шуақ тағады-ау,
Сенің әндеріңнің көлшігіне қамыстар басын малады-ау,
Жырларыңнан нәр алып көңілім, сұлулық сырына жағады-ау!

Ғалымжан Көшербайұлы

Abai.kz

0 пікір