АҚШ музейіндегі алтын үзеңгі
Нью-Йорк қаласындағы Метрополитен өнер музейінің қорында сақталған алтын-күміспен әшекейленген ерекше үзеңгі соңғы уақытта тарихшылар мен түркі-монғол мұрасын зерттеушілердің назарын аударып отыр. XV–XVII ғасырларға жатқызылатын бұл жәдігер көшпелі халық ақсүйектерінің салтанатты ат әбзелдерінің бірі саналады.
Үзеңгінің негізгі бөлігі темірден соғылған. Оның беті алтын және күміс әшекейлермен безендіріліп, табан тірейтін бөлігінің жиегі нәзік өрнектермен көмкерілген. Өлшемі – 15,9 × 19 сантиметр. Бұл бұйым сол дәуірдегі дала ұсталарының темір өңдеу, зергерлік және көркем әшекейлеу өнерінің жоғары деңгейде болғанын көрсетеді.
Көшпелі өркениетте үзеңгі тек атқа мінуге арналған құрал ғана емес, иесінің әлеуметтік мәртебесін білдіретін маңызды белгі болған. Әсіресе алтын және күміспен апталған үзеңгілер ақсүйектер мен билеуші әулет өкілдеріне тән болғаны белгілі.
Жазуда не жазылған?
Жәдігердің ерекшелігі – оның бойында көне ұйғыр жазуымен қашалған мәтіннің болуы. Осы жазуға байланысты әртүрлі пікірлер айтылып келеді.
Моңғолияда дүниеге келген зерттеуші Асылбек Байтанұлы үзеңгінің пішіні мен жазуына назар аудара отырып:
«Монғолдардың үзеңгісіне ұқсайды. Әрі табан тіреудің астындағы ұйғыржын бичікпен жазылған мәтін монғолшаға ұқсайды. “Дөре” немесе “үзеңгі” деген сөз тұрған сияқты», – деген пікір білдірген.
Ал зерттеуші Өмірбек Қанай жазуды былайша оқиды:
«luu-tu ene dörügeki yi qonin jil-ün tabun sar-a-yin qoyar sini-de Obu?adai Tayijita Kiy-a Darqan kibe».
Оның түсіндіруінше, мәтіннің мағынасы:
«Қия Дархан осы айдаһар өрнекті үзеңгіні қой жылының бесінші жаңа айының екінші күні Ободай Тайжыға арнап соқты».
Егер бұл оқылым ғылыми тұрғыдан расталса, онда жәдігердің нақты иесі мен жасалу уақыты туралы аса маңызды дерек алынуы мүмкін.
Овоодай тәйжі кім?
Жазушы Жүкел Хамайдың пікірінше, мәтінде аталған Овоодай (Ободай) тәйжі XVII ғасырда өмір сүрген Сөнид хошуынының билеушісі болған. Оның айтуынша, Овоодай тәйжі Керулен өзені бойында мәнжілермен болған шайқаста қаза тапқан.
Егер үзеңгі шынында да осы тарихи тұлғаға тиесілі болса, онда бұл жәдігер XVII ғасырдағы көшпелі ақсүйектердің мәдениеті мен әскери тарихын зерттеудегі аса құнды мұралардың біріне айналады.
Жәдігер АҚШ-қа қалай жетті?
Қазіргі таңда үзеңгінің Метрополитен өнер музейіне қандай жолмен түскені туралы нақты мәлімет көпшілікке белгісіз. Осыған байланысты Жүкел Хамай:
«Овоодай тәйжі XVII ғасырда өмір сүрген Сөнид хошуынының басшысы, Керулен бойында мәнжілермен шайқаста опат болған. Үзеңгісі қандай жолмен АҚШ-қа жеткен екен?» – деп таңданысын білдіреді.
Бұл сұрақ әзірге ашық күйінде қалып отыр. Болашақта музей архивтері мен жәдігердің коллекциялық тарихын зерттеу оның АҚШ-қа жету жолын анықтауға мүмкіндік беруі ықтимал.
Қазіргі таңда үзеңгідегі жазудың оқылуы мен оның нақты иесіне қатысты пікірлер ғылыми қауымдастық тарапынан толық бекітілген қорытынды емес. Сондықтан бұл тұжырымдарды қосымша тарихи, тілдік және археологиялық зерттеулер арқылы нақтылау қажет.
Соған қарамастан, Нью-Йорктегі Метрополитен өнер музейінде сақталған алтын-күміспен әшекейленген бұл үзеңгі көшпелі өркениеттің жоғары мәдениеті мен металл өңдеу өнерінің озық үлгісі ретінде ерекше құндылыққа ие. Ал оның Овоодай тәйжімен байланысы дәлелденсе, бұл жәдігер XVII ғасырдағы дала ақсүйектерінің тарихына қатысты тың деректердің көзін ашуы әбден мүмкін.
Дүйсенәлі Әлімақын
Abai.kz