Әзекеңнің поэзия әлемі
Қазақтың ұлы ақыны, рухани ой-дүниесінің пайғамбары Хәкім Абай Құнанбайұлы адам баласының бойындағы ең ұлы сезім – махаббатты адамзаттың жаратылуымен қатар қойып, шендестіре суреттейді. Ол осы ұлы сезімнің қамтитын аясын тұтас адамзатты сүюге қарай көкжиектей кеңейтіп, тереңдетіп, оны қадірлеп-ардақтау тек адам баласының ғана қолынан келетінін, адам тек махаббатпен адам, махаббатпен құнды болса, ал махаббат адаммен ұлы болмақ дейтін бұрын ешкім із салмаған философиялық терең ойға барады.
Бұрын-соңды махаббатты осындай биік, өскелең дәрежеге көтерген ақын тек қазақ әдебиетінде ұлы ақын Абай ғана болса керек деп ойлаймын. Оған мына жолдар куә:
«Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй, Ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті».
«Махаббатсыз дүние бос,
Хайуанға оны қосыңдар»,
Мейлі дүние әдебиеті болсын, мейлі қазақ әдебиеті болсын, махаббат тақырыбына қалам тартпаған, шығармасының бетін осы киелі де қасиетті тақырыппен ашып, ойын ұштап, мәйектеніп, түлеп, қанаттанып ұшпаған бірде-бір ақын-жазушы болмағаны – дәлелсіз шындық. Мұның арғы тегін қаза берсеңіз, көл-көсір ауыз әдебиетіне барып тіреледі. Солардың бәрі де сол мол ауыз әдебиетінің алтын қазынасынан мейлінше сусындап, нәр алып, содан соң өзі түлеп ұшқан биікке қарай қанат қаққан. Дүние әдебиетіндегі Гёте мен Пушкиннің, қазақ әдебиетіндегі ұлы Абайдың, одан кейінгілердің өмір жолы мен шығармалары – соған айғақ.
Шыңжаң қазақ әдебиетінде де міне осындай шалқар ұлы көштің жуан ортасынан келіп, қазақтың қара өлеңі дейтін киелі де қыр-сыры қиын өнерге ат басын бұрып, соның керегесін керіп, уығын шаншып, ыстығына күйіп, суығына тоңып жүріп бәйек болған ақындардың бірегейі – марқұм, ақкөңіл, ағылескер лирик ақын Азілбек Кіназбек ұлы еді.
Ол 1948 жылы ырысты да көркем Іленің Күнес ауданындағы Сорбұлақ қалашығында туған. 1966 жылы Іле педагогикалық мектебін тәмамдаған соң, Іле 1-педагогикалық мектебінде оқытушы болды. 1986 жылдан кейін «Іле ағартуы» журналының бас редакторы болып қызмет атқарып, қолына қалам алып, «Темір қанат» атты өлеңдер жинағын, «Әулиенің ауылы», «Алау жүрек» поэмалары мен өлеңдер жинақтарын, ондаған зерттеу, әдеби-сын мақалаларын оқырманға ұсынды. Шыңжаң қазақ әдебиетіндегі поэзия жанрына бір кісідей өшпес үлес қосып, өмірде жас жеткіншектерге білім нәрін, өнерде өзінен кейінгілерге ұлағатты ұстаз, жүйрік ақын болып үлгі көрсетті.
марқұм ақкекіл лирик ақын Азілбек Кіназбек ұлы белгілі әдебиеттанушы ғалым Зейнолла Қабдоловтің «Сөз өнері» деген кітабында лирикалық өлеңдердің табиғаты туралы толғана келіп: «Лирикада мінез болады. Ол — ақынның мінезі. “Өлеңім өзіме тарт” дегендей, әр өлең иесіне тартады» дегеніндей, өзі — өлең, өлеңі — өзі болып, біте қайнасқан еді.
Ақын Некрасовтың: «Ақын болу — өз еркің, азамат болу — борышың» дегеніндей, ең алдымен адамгершілік ар-намысы биік азамат болды. Сол азаматтығынан ақындығы туған ақ көңіл, ашық-жарқын, турашыл, батыл мінезімен, ақпа-төкпе, іші сыңғырлы, әуезді, кең тынысты өлеңдерімен берісі — өз айналасына, арысы — қытай қазақ поэзиясында айналасына бейне қарлығаштай алды-артын орап бәйек болған өнер, өлең қуған жастарға жалғыз өзі бір мектептей қорған, ақылшы болып, үлгі-өнеге көрсеткен ағылескер, адуынды ақын болды.
Әзекеңнің жарқылдап өткен жастық ғұмырын еске алғанда, Зейнолла Қабдоловыің өзінің өнердегі ұстазы Қажым Жұмалиевті еске алып айтқан мына сөзі еріксіз ойға оралады:
«Адам бойындағы күллі қасиет күннің нұры мен ананың ақ сүтінен», — Горький . дей тұрғанымен Бірақ ұстаз алдын көрмеген кісіге күннің нұры да, ананың ақ сүті де қасиет болып дари қоюы… ай, меніңше, қиын-ау! Ұстаз көрмеген кісі — үлгі-өнеге көрмеген кісі. Ал үлгісіз-өнегесіз кісіден қандай қасиет шықпақ?!» - дегені Әзекеңнің ұстаздық өміріне дәл келетіндей. Бұл сөз маған марқұм Әзекеңнен сабақ алғанымды, үлгі-өнегесін көргенімді сағынышпен еске түсіреді. Сол сәттер күні бүгінге дейін есімнен кеткен емес, мақтаныш сезімін ұялатады.
Осы қасиеттерін еске алған шәкірттерінің сөздерінен бірер цитат ала кетейін. Белгілі ақын, сыншы Ыдырыс Әділқанұлы «Өнерді сүйген от жүрек» деген мақаласында былай деп сағына еске алады:
«Әз ағаң көп көңілінде жүрген адуынды ақын, ақжарқын азамат еді. Оның поэзиясы, әсіресе сыңғырлы, сазды лирикалық өлеңдері мен тынысты поэмалары қазақ поэзиясының жарқын беттерін ашқанын мойындауға хақылымыз. Әз ағаң жайлы, оның көркем поэзиясы жайлы қалам тербеу оңай-оспақ іс емес. Әсіресе жеке мінезінің тау суындай поэзиясының, ақ жауын шабыттының, бұрқалған ойының эпикаға жүйріктігінің тұтастығын жүйелі сөз ету “Азылбек тану ғылымының” бас арнасы саналмақ», — деп толғайды, өзіне жасаған әсерін, қазақ әдебиеті туралы сыр-сұхбаттарын еміне еске алып.
Ал ата жұртқа ат басын бұрған, оралмандар ісін көтеріп, ел арасына орасан үн тудырған белгілі ақын Ауыт Мұқибек ұлы марқұмды сағына еске алып жазған жоқтау жырында:
Ұшқыр едің, жасыңнан сезгір едің,
Жастық атты жыр еттің, кезді керім.
Арулардың жүрегін оятам деп,
Қалғып кетті қайтейін өз жүрегің.
Бала күннен бастап-ақ тайға мінген,
Сұлу жырмен тұратын жайнап ірген.
Сені ажал алқымдап жатқан кезде,
Дәулетжан мен мақсаттар қайда жүрген?!
Айттың деме, қиналмай жорамалды,
Көп қатерден құтқарған тон адамды.
Білісбегің болса, алып қалар еді,
Шапалақпен ұрса да сұм ажалды, -деп Әзекеңді әзілдей, еркелете, емексітіп келіп, сағына еске алады. Бұл марқұм, аңқылдақ, ақжарқын ақынның адамдық, ағартушылық қырларының белгілі бір жағы ғана. Мұны тілге алғаным — тақырыптан әдейі ал шақтап кету емес, ақынның лирикалық өлеңдерінің тууына қазық болып тұрған мінез-қырларын көрсетіп, дәйектеу.
Өзі қандай болса, өлеңі де сондай екпінді , шақпы суындай тентек, кең тынысты, ойнақы, нәзік те сазды ойға қамшы салдырмайтын салбурынды. Шыңжаң қазақ поэзиясында өзі бір мектептей болған кең өрістілігін көрсет у еді.
Мен бұл мақалама ақынның тек махаббат тақырыбындағы лирикаларының бөгенайына қысқаша тоқталып, оқырмандармен сыр бөліскім келеді.
«Махаббатсыз дүние бос» деп ұлы ақын Абай айтқандай, махаббат адам өмірінде қандай ұлы, қасиетті, тіршіліктің қайнар көзі болса, қай халықтың көркем сөз өнері де содан көктеп өскені кісіні шұбаландырмаса керек. «Махаббат» сөзінің қамтитын аумағы өте кең, тым шалқар. Поэзияның бір тармағы саналатын махаббат лирикасы да содан қағыс қалмайды.
Марқұм Әзекеңнің «Әулиенің ауылы», «Алау жүрек», «Темір қанат», «Аққулар ұшып барады» қатарлы өлеңдер жинағы мен поэма, өлең-романдарының дені махаббат тақырыбын негіз еткен, махаббат лирикасы басым орында тұрады. Олардың бәрі бейне өз басыңдағы сезім күйлеріндей әсерлі, айтар ойға қарай балғаның сабындай тұжырымы ойнақы, нәзік те сазды лептілігімен өзгешеленіп, шоқтықтанып тұрады; басқа өлеңдермен қатар қойсаңыз, жазбай, жаңылмай танисыз.
Өте-мөте қырық құбылып, мың түрленіп, ұстараның жүзінде, қылыштың қырында тұрған қыз қылығын, қыз мінезін ашуымен де құнды.
Әзекеңнің махаббаттық лирикаларының арғы төркіні, шыққан жері — қазақ халқының аса мол, бай ауызша-жазбаша әдебиет үлгілерінен, өз тегінен, әсіресе ғашықтық-маңшықтық жыр-дастандардан, Таңжарық Жолдыұлының ақпа-төкпе, ұшқыр өлеңдерінен, солардың өнер мектебінен деп айта тұсақ та
Мұқағали Мақатаевтың тағы басқа да ақындардың қарапайым халықтық сипаттағы жыр үлгілерін де өте-мөте қазақ поэзиясына:
Жылдар! Жылдар! Жылдарым қайда ақтың,
Әжім түсті үстіне ай қабақтың.
Балалығым ақсары қызбен бірге,
Кетіп қалыпты, мен оны байқамаппын, — деген қамырықты, өкінішті жырын ала келіп, қыз қылығының, қыз сезімінің құбылмалы, қылбұрау құпия сырларына шырақ ала түсіп,
Соның отымен кіріп, күлімен шыққан ақын Тұманбай Молдағалиевтің махаббат тақырыбындағы жырларына еліктей отырып, қыз сезіміне, қыз мінезіне әрі қарай жол іздегені Әзекеңнің махаббат лирикаларынан көзге оттай ыстық басылады!
Сол Тұмаң бір өлеңінде:
Сенің көзің қара да емес, көк те емес,
Ол бір ғажап, жарқылдаған отты елес.
Сенсіз жерде жыр туындап кеудемде,
Сенсіз жерде қызыл гүл де көктемес, — деп, ғашығын төбесіне көтерсе, соншалық ардақтаса, ал Әзекең:
Әнменен мына арайлы таң да бітті,
Көрікті-ау,
Сұлу сүйсең, маңдай тепті!
Шын сұлу аялаған жан бақытты,
Күтемін құшақтағы сол уақытты! —дейді.
Қарап тұрсаңыз, әр екі ақын да өзі сүйген сұлудың қыл аяғы басып кеткен ізіне дейін шаң жұқтырмай әлпештеп, үлпілдетеді; басқа қыз перизат болып кетсе де, оған бір тиындық құны жоқ. Міне, осындай қылбұрау сезімге ақын ойының ұшқырлығымен, қанаттылығымен жетіп отыр. Бұл — әдеттегі ақынның қолынан келе бермейді.
Әзекең Тұманша өртеніп, от болып күйіп-жанбай, бабына келген қыранша қиырды шалмай, сүлесоқ өлең жаза алмайды; кейде сол Тұманды үлгі-ұстаз тұта тұрып, Тұман көзі шалмаған, шалса да ат басын бұрмаған қыз құпиясының қалтарыстарына дейін барады:
Еркелеткен езілтіп жан дегенің,
Еркіме бір қоймады-ау,
Әнді өлеңім!
Лүпіл қаға сыбырлап құлағыңа,
Сөйлеп тұр ма жүрегім әлде менің.
Махаббаттың бір жойқын күші ағын ба?
Табындырып перизат қусадың да.
Талғарымнан тасиды тасқын жырым,
Сендей сұлу арудың құшағында.
Сыңғыр-сыңғыр сұлу ма енді өлеңім,
Махаббатта бір биік сен белегім.
Саған деген құштарлық сезім өлсе,
Бұл дүниеден ғайып боп мен де өлемін…
Мұндағы лүпіл қаққан жүректің қылықты қыздай майысып, сылықсып тіл қатуы, махаббаттың жойқын күшімен жырдың сұлу құшағында қылықтануы — Әзекеңше өлең құраудың, тасып-төгілудің, жар сүюдің бір қыры.
Әзекеңнің әр өлеңі қыз табиғатының бір қырын ашуымен құнды, есіңе өшпестей әсер, сезім таңбасын басады. «Телефон түбінде» деген өлеңінде:
Үстелімнің оң жақ шетіндегі,
Телефонның нөмірі-ай бетіңдегі.
Тоса-тоса түбінде мен отырам,
Сенен хабар келетін секілді еді.
Сен селт еткізе шіркін арбай,
Хабар келсе, көңілім бір тынардай.
Сенің сыңғыр әуенің зарықтырып,
Шыдам деген болды да жыртылардай! -Деп телефон түбінде сүйгенінен жауап қашан келеді деп тоса-тоса зарыққан лирикалық кейіпкердің тағатсызданған, сарғайған көңіл күйі суреттеледі. Басқаның бәрін қалыпты құбылыс, сезім күйі десек те, «шыдам жыртылардай» сарғая тосуы — бұл сарғая тосудың ең соңғы нүктесі емес пе?! Бұл — Әзекеңнің өзіне ғана тән ұшқырлық, тіл кестесі.
«Саған арнап» деген өлеңі сүюдің басқаша қырынан ой қозғайды:
Сен дедім, ару бикеш,
«Сіз» демедім.
Толғататын саған арнар ізгі өлеңім.
Жаны мен тәні сұлу бір жақсыны,
Сабылып ала сұра сан іздедім.
Жүректе көптен осы жатты да сыр,
Өзіңді қиуядан таптым ақыр.
Сәулешім, саялы ну көгімде,
Байланып саған деген аққулар тұр.
Басқаны қуанышқа талап қылмай,
Ұстаттым, саған шылбыр қалап мұдай.
Жүректің сен де ұста жібек жібін,
Сүйсіне маған сылқым қарап тұрмай!
Мұндағы сүйген жарға «сіз» деп сыпайысып, сылықсыамай, «сен» деп батылдыққа көшуі, өзіне жақын тартуы, көптен күткен сезімнің жібек жібін тек соның атағашына дәл тауып байлауы — сондағы қыз бен жігіттің ішкі сезім сырлары қандай керемет!
Әзекеңнің махаббаттық лирикаларының ең шырқау шыңы, шығар биігі деп «Қолшатыр» деген лирикасы мен «Сырға қалған аралшаны» атауға болады. Бұл тек Әзекеңнің жеткен биігі емес, Шыңжаң қазақ поэзиясындағы махаббат тақырыбындағы лирикалық өлеңдердің де шырқау шыңы десек, артық, асыра айтқан болмаймыз. «Қолшатыр» деген өлеңін оқиық:
О, ақын,
Көктемде сөз ал мына,
Көктемгі жаңбыр ғажап өз алдына.
Көтеріп қолшатырын өткен сұлу
Өзіңді елестетті көз алдыма.
Тәтті ойдың талай нәрін таусап ыңғай,
Жүзің бе? Әуелгі бір нау шағыңдай.
Қолшатыр тұтқасының жылы іймеі,
Тиді ме саусағыңа саусағымдай?!
Мінезім қайта елестеп сыршыл менің,
Аймалап ажарыңды тұрсын лебім.
Түсіріп саған сая қолшатырдан,
Жаныммен жаным бірге жусын дедім! -Деген өлеңінде көктем жаңбыры жаныңа рахат нұрын құйып тұрған бір рақатты Әсем шақта қолшатыр ұстап, жауыннан қорғанып, үстіне су тигізгісі келмей кетіп бара жатқан сылқым, кербез қыздан өз көңіліндегі арудың бейнесін танып, шарық ұра шаттанған қиял құсы сол жалт еткен сағымдай сәттен әп-әдемі тірі сурет жасап, барлық қимыл-қылығымен қолыңа, қолыңа дейміз-ау, сезіміңе соны көшіре қояды!
Ақынмен бірге сен де тықыршып ой арпалысына түсесің: бойыңды балқытып тұрған табиғат құшағы, ойыңды магнитше тартып бара жатқан жар сезімі, елжірей төгіліп, егілген, тасып тұрған ақын қиялы — бәрі-бәрі шашау шықпай көгенделіп, қыз қылықтанып көкейіңе қона қалған кезде, жыр қолқа-жүрегіңді жұлып әкетердей болып, өзіңнің қайда, қалай тұрғаныңды тас ұмытасың, сен де еріксіз рахат құшағында маужырайсың!
Бұл — ақынның табиғатпен адам сезімін, оған қоса қылт еткенді іліп түсетін ұшқыр қиялды, ой мен сезім жарыстырылуын, психологиялық лиризмді, ішкі гармониялық тұтастықты тонның ішкі бауындай. Мұны толқымай, аңдатпай жай оқи алмайсың?!
Енді бір сәт «Сырға қалған аралшаны» тамашалайық, ол не сыр шертер екен?
Үйге қарай ойысқанда қой беттен,
Сәл айалдай отын терді бойжеткен.
Кіші бесін самал өпті денесін,
Өпті баяу күлгін жібек көйлектен!
Өзен жатыр сұлу ағып оңында,
Мың бұрала жөңкілүін-ай оның да.
Кенет көзі бір нәрсеге түскендей
Тұрып қалды,
Бір қу бұтақ қолында.
Бұл не ғажап! Ап-анық-ақ көріп тұр,
Көрдідағы қайран қалды, көріп құр.
Алтын сырға шағылысып күнменен,
Көз алдында көлбеп әсем көрік бір.
Тұрды пәк қыз, қарады да сырғаға,
Сырға түсіп қалыпты-ау,
Бұл қырда.
—Сыңар сырға қалады,— деп қалайша,
Өз-өзіммен ойға батты ырғала!
Өзенше де арнасымен ары аунап,
Маңай тыншу, маужыраған бар аумақ.
Селт етті қыз,
Әлде неден ұялып,
Қызғылт шырай алма жүзде алаулап!
Өне бойын шапып өтті бір ағын,
Жөнелді тез, бетке алды да тұрағын.
—Сырғам түсіп қалды ма?— деп менің де,
Әлсін-әлсін ұстай берді құлағын.
Енді ол жаққа отын тере бармады,
Көрген жайдан ешкімге де тіс жармады.
Алайда әр күні қарай берді сол жаққа,
Сол сырғадан туып жаңа арманы.
Қызық-ақ қой,
Қызық-ақ қой, қыз халық!
Жан сезімінен жасырынған із қалып.
Қарай берді,
Солай өткен-кеткеннен,
Сырға қалған аралшаны қызғанып!
Өлең, зерделеген адамға ұлы Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» өлеңін еске салады. Екі өлеңде де махаббат лирикасының бір-біріне құлай сүйген жар сезімінің шырқау шыңына шыққан түрі бар. Екі өлеңде де лирикалық кейіпкер, оқиға бар. Бірақ соны Абай — абайша, Әзекең — әзекеңше сипаттайды.
«Желсіз түнде жарық айда» ақын жүрегін толқытып, тербеген нәрсе — ауыл табиғатының таңғажайып сұлулығы, сол табиғат көрінісінің адам жан сезімінің сұлулығымен ұштасуы.
«Сырға қалған аралшада» қойын өрістеткен қойшы қыздың қойдан қолы босай қалған бір әредікте, өрістен отын тере барып, аралшадан күн нұрында жалт-жұлт етіп, бал-бұл жанған сырғаны көріп селт еткені, ой түйгені, өзінің әлі де таза, пәк екенін ойлап, мына көріністен бетін басып ұялуы, қайтадан қыз сезімі қылаң ұрып, бас көтере, қылықтана қалуы, сырғасын қайта-қайта ұстай беріп, сан түрлі ой жетегінде қырық құбылған қыз сезімі мен қыз қылығы жеріне жете жұмбақтала жырланалы.
Сол қырық құбылған қыз сезімі, қыз қылығы сені де сан толғандырады.
Неге аралшада жалғыз сырға қалған?
Ол кімнен, қалай қалған?
Неге қыз құлағындағы сырғасын қайта-қайта ұстай береді?
Неге аралша жаққа қайта-қайта көз салады?
Неге енді қайтып отын тере бармайды?
Осы сұрақтар көкейіңнің түбінен кетпей қояды. Өлеңді қайта оқып, тағы да жауап іздейсің, бірақ толық қанағат тұтпайсың. Бұл — қыз сезімінің, қыз қылығының , қылаң ұрып, құлпырып тұрған қылбрау сәті,ой,сезім сұлулығы!
Меніңше, мұнда қыз қылығының, қыз сезімінің сыры ашылмаған қиандағы құпиясы жатыр — жұмбақталып!
Оқиғасына, кейіпкеріне қарап, жаңылысып, оқиғалы өлең деп қалуың да ғажап емес. Бірақ бұл мүлде олай емес. бұл — сырға түсіп қалған аралшадан отын тере барған қыздың сыңар сырға арқылы өзінің енді-енді бүршік жарып келе жатқан уыз махаббатын елестетіп, шарық ұрған қиял әлемінің сәттік жарқ еткенін, сезім құпиясын, сезім алауын лирикалық кейіпкер үстіндегі оқиғаға орап, әп-әдемі жеткізуі.
Бірақ бұл — бір романның жүгін көтерген махаббат, сұлулық туралы лирикалы поэзия! Тек Әзекең ғана айта алған махаббат лирикасының шырқау шыңына, ешкім қайталай алмайтын асқарға қол артуы, өзінен мықтылармен әдейі үзеңгі қағыстыруы!
Әзекең басындағы осы ой мен сезім бара-бара ақыры:
Я, ол аққу атты ханның қызы,
Байбұқа ордасының таң жұлдызы.
Әлемге аққудай деп аты кеткен,
Тең келмес гүл көркіне сан қырмызы, —
деп басталатын «Аққулар ұшып барады» деген өлең-романға жалғасты.
Марқұм ақкөңіл, лирик ақын Азілбек Кіназбек өлеңдеріндегі әйел сезімін, әйел табиғатын жырлаудағы ешкім қайталай алмайтын ой мен сезімнің ұшқырлығы, сұлулығы оның өзіндік тіл кестесінен, сөзді көріктеу амалдарынан айырыла алмайды. Әзекең аса мол, бай, көркем қазақ тілінің қазынасынан қанып ішіп, соны өз сезімі мен ойына қарай шеберлікпен орынды, дәл, өзінше құлпыртып, тыңнан тіркес құрап, сырлап-сипаттап пайдаланған майталман, жүйрік ақын!
Бұған ақынның жоғарыдағы өлеңдеріндегі мына сөз өрнектері куә:
«Шын сұлу аялаған жан бақытты,
Күтемін құшақтағы сол уақытты»,
«Лүпіл қаға сыбырлап құлағыңа,
Сөйлеп тұр ма жүрегім әлде менің»,
«Талғарымнан тасиды тасқын жырым,
Сендей сұлу арудың құшағында»,
«Саған деген құштарлық сезім өлсе,
Бұл дүниеден ғайып боп мен де өлемін…»,
«Сенің сыңғыр әуенің зарықтырып,
Шыдам деген болды да жыртылардай»,
«Жүректің сен де ұста жібек жібін,
Сүйсіне маған сылқым қарап тұрмай»,
«Нау шақ»,
«Түсіріп саған сая қолшатырдан,
Жаныммен жаным бірге жүрсін дедім!»,
«—Сырғам түсіп қалды ма?— деп менің де,
Әлсін-әлсін ұстай берді құлағын»,
«Қарай берді, солай өткен-кеткеннен,
Сырға қалған аралшаны қызғанып».
- өлең жолдарынан көркемдеу амалдарының жеке түрлерін, ошарыла шебер қолданған күрделі тұрлерін, ой мен сезімге дөп тиетін нақышты қысқа-қысқа сөз тіркестерін көресің. Жүректің адамша тіл қатуы — кейіптеу, «жүрек жібі» — метафора.
Әзекеңнің өлеңдерінің қыр-сыры туралы жүйелі зерттеу еңбектері жоқтың қасы. Бірақ там-тұмдап, тиіп-қашып айтылған жекелеген көзқарастар ғана бар. Әзекең туралы белгілі ақын Жанетхан Тұтқабек ұлы «Іле айдыны» журналының 2011 жылғы 2-санындағы «Азілбек шығармаларындағы екі ерекшелік» деген мақаласында:
«Өмірдің қарапайым, елеусіз материалдарынан терең қоғамдық мәні бар өзекті ойды туғызып жазу — оның бірінші ерекшелігі, енді бірі — кейіпкерлердің жан дүниесін, танымын, көзқарасын, арманын ішкі тіл, монолог арқылы суреттеп жеткізетін тіл шеберлігі» — десе,
белгілі ақын, сыншы Ы. Әділқан «Тағылым және таразы» атты сын-сарап жинағындағы «Өнерді сүйген от жүрек» деген мақаласында:
«Әзекең поэзиясы — сыршыл, сазды лирикалық өлеңдері мен тынысты поэмалары қазақ поэзиясының жарқын беттерін ашқанын мойындауға хақылымыз. Әз ағаң жайлы, оның көркем поэзиясы жайлы қалам тербеу оңай-оспақ іс емес» — деп еске алады.
Осы толғамдарға қарап, Әзекең поэзиясындағы, әсіресе махаббат тақырыбындағы жырлардың өзіндік бояуын қорытындылауға болады:
Әзекең өлеңдерінің ортақ ерекшелігі — қарапайымдылығы мен кең тыныстылығы, әуезді, сазды, сыңғырлы, ойнақылығы. Онда қас-көзін бояп, сүрмелеген жасанды сұлудың бейнесі емес, табиғи сұлудың келбеті көрінеді жырларынан. Оның тілі қарапайым, түсінікті, бай, көркем — халық тілінің қазынасынан сусындаған. Көбінде ұғымға жеңіл, ойнақы болып келеді. Бірақ сол сөздер поэзияға түскен кезде өз-өз орнын тауып, құлпыра ойнайды. Сонда тіл нәзік, қылықты қыздың бейнесіне еніп, түлеп, құлпыра қалады…
Жастық дәуір өтті қалай, сезбедім,
Осы екен ғой, өкінішке төзгенім.
Ала кетті ол, сауық пенен сайранды,
Ала кетті ол, қыздың қара көздерін.
Біз күнде айтып, жазып, өмірде қолданып жұрген сөздеріміз, бірақ өлеңге түскен кезде, жастық дәуірдің шапқан аттай, қайта оралмас қызықтарын суреттегенде, қара көздерімізге көз сұғын қадаған тағдырдың баянсыздысы өлеңге қосылғанла қабырғаңлы қайстырмай қоймайды.
Әйел табиғаты, әйел сұлулығы, оның нәзік құпия сырларын зерттеп көрсетудегі суреткерлік шеберлік «Сырға қалған аралша» өлеңінде айқын көрінеді.
Лирикалық өлеңдерге сіңірілген лирикалық кейіпкерлің басынлағы оқиға арқылы өлеңге жаңа тыныс, жаңалық әкелген лириктігі.
Махаббат тақырыбындағы ән сөздеріндегі ойнақылық, төгілмелік,мөллірлік.сағынышты сазға құрылатын музыкалық сезім ирімлері құлақ құрышыңды қандырып, көкейіңнен кетпей қойады. «Қайда сенің ауылың», «Өзің жоқта» деген әндері күні бүгінге дейін сахнадан түспей келеді.
Мен жоғарыда сөз еткендерім марқұм Ақкекіл, талантты, лирик ақын Азылбек Кіназбек ұлының махаббат тақырыбындағы лирикалық өлеңдерінің өзім танып-білген тұстары ғанаю Оның егжей-тегжейін, ұңғыл-шұңғылын зерттеу, тереңірек тексеру — Шыңжаң қазақ поэзиясында өзіндік бір мектеп болып қалыптасқан ақынның қоғамдық орнын тануға мүмкіндік береді.
Оның поэзиясының қуатты әсері кейінгі ұрпаққа үлгі, таптырмас қазына саналады. Сондықтан «Азикең тану әлемі» сияқты зерттеулерді ғылыми талқылауларға енгізу — заман, уақыт талабы болмақ.
Шолынбат Жарасбекұлы
Abai.kz