«Тасдиқ» трактаты – «дүниені танымақ» бөлімі
Басы: «Тасдиқ» трактаты – Абай ғаламаты
Жалғасы: «Тасдиқ» трактаты – «Аланы танымақ» бөлімі
Жалғасы: Алланың ғадаләт сипаты
Жалғасы: «Тасдиқ» трактаты – «өзін танымақ» бөлімі
Дүниені танымақ – Алла тағаланы танудың құрамдас бөлшегі. «Дүние» сөзі Құранда 114 рет қайталанған. Суфизмнің көрнекті өкілі Ибн Рушд: «Жаратылған дүниені танымаған Жаратушыны да тани алмас» деген. Демек, дүниелік ғылым-білім, хакім көзімен қарасақ, ғалам тұтастығын танудың маңызды қайнары. Мұсылман әлемінің прогресс соңында қалуы – дүние ғылымына жете мән берілмегендіктен. Абай мұны жақсы білген. Жәдиттік ағымға жанашыр болғаны һәм сенім артқаны – соның айқын дәлелі. Төменде осыған да көз жеткізетін боламыз.
Ойшылдың өмір, дүние жайлы толғамдары
Абай кәмәлатқа бір дегеннен жетті ме? Жоқ, әрине. «Өмір жолы – тар соқпақ, бір иген жақ» және «Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім» өзі айтқандай, жаман, жақсыны көре-көре жетті. Ғақлия мұрасын: «Енді жер ортасы жасқа жеттік: қажыдық, жалықтық; қылып жүрген ісіміздің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік» (1-сөз) деп бастағаны, сондай-ақ: «Өмірдің баянсызын, дүниенің әрбір қызығының, ақырының шолақтығын көрген-білгендер тіршіліктен де жалықса болады» (20-сөз) деп ой бөліскені бізге көп жайды аңдатса керек.
«Не іздейсің, көңілім, не іздейсің?» өлеңінде:
Өмір, дүние дегенің –
Ағып жатқан су екен.
Жақсы-жаман көргенің,
Ойлай берсең, у екен (1892), –
десе, әйгілі «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес» жырында былайша толғайды:
Кім жүрер тіршілікке көңіл бермей,
Бақи қоймас фәнидің мінін көрмей.
Міні қайда екенін біле алмассың,
Терең ойдың телміріп соңына ермей (1895).
Тәніміз фәниде қалмақ, жанымыз – мәңгілік бақиға қайтпақ. Бірақ «оны көбі білмейді» (Абай). Білмеген соқыр қайтіп адамды сүймек, хикметті сезбек, қайтіп жаны жұбаныш, көңілі тыныштық таппақ?
Өмір жарқылына алданып, ғапыл қалмаудың жалғыз амалы – оны қиянатсыз өткеру, таза жүрекпен сүру. Құран аяты: «Жүрегіңді таза сақта, Құдай жүрегіңе әрдайым қарайды» дейді. Кім нәпсісін тыйып, бойын тоқтатса, сол кісі – иманды, есті. «Ол орынды іске қызығып, құмарланып іздейді екен-дағы, күннің күнінде айтса құлақ, ойланса көңіл сүйсінгендей болады екен. Оған бұл өткен өмірдің өкініші де жоқ болады екен» дейді Абай. Фәни өмір баянсыз, оның жарқылымен алдап, арбап адамды ғапыл қалдыратын сырын танып-білген дананың сөзі бұл.
«Сағаттың шықылдағы емес ермек» өлеңінде ақын түкке тұрғысыз қыбыр-жыбырға, ұсақ қулық, өнбес іске ұрынба, ақылмен ойлап, көңіл сүйсінерлік істі тап дей келе, ойын былайша қорытады: «Сүйенген, сенген дәурен жалған болса, Жалғаны жоқ бір Тәңірім, кеңшілік қыл!» (1896). Иә, дәурен (өмір) жалған. Дүние де бірқалыпты тұрмайды, бірақ жалған емес. «Ей, жастар, қалай дейсің бұл дүние?» деген өлеңінде Шәкәрім: «Керексіз жаралған бір тозаңы жоқ, Тәртіпті, таң қаларлық зор мәшине» дейді.
Сөйтіп, бұл дүние – үш анықтың бірі, Құдай оны мінсіз жаратқан.
Дүниені сұм, қиянатшыл қылатын өзіміз, пендешілік мінезіміз. «Адам – бір боқ көтерген боқтың қабы» (1899) өлеңінде Абай: «Адамды сүй, Алланың хикметін сез, Не қызық бар өмірде онан басқа?!» десе, бұл өмірдің мақсұты – рухани кемелдік дегені. Адамды сүю, Алланың хикметін сезу деген не? Мұны түсіну үшін білімнің үш деңгейі барын білу керек. Білімді тән алады, ақыл оны ұғады, тек жүрек қана сезеді. Сөйтіп, рухани кемелдік басы – ұғыну, түбі – түйсік, сезім биігіне жету. Оның михнаты мол, ұзақ жол екенін Шәкәрім: «Тапқыш ой ғой – ақылдың мағынасы, Түбі – жүрек, болады мида басы» деп жеткізген. Тағы айтайық, ғылым, махаббат, әділет – Алланың үш ұлық сипаты. Міне, Абайдың «хикметін сез» дегені осы үшеуін сез дегенді білдіреді. Күллі хикмет атаулы осы үшеуінен туады.
Абайда бұл дүние жайлы сөздер көп емес, бірақ ондағы «жол» ұғымына ерекше көңіл бөлген. Адам таңдауы екі тарам жол: біріншісі – кіндігі фәниге байланған, малдан басқа мұңы жоқтың жолы. Бұл жолда «дүние қайғысы ақ жауындай үзілмей жауады» (Шәкәрім). Екіншісі – өмірді Тәңірінің сыйы санайтын, оны «түпсіз терең жақсылық сүймектікпен» өткізетіндер жолы. Міне, үміт осында, өйткені, ол – Құдай салған жол. Құран аяты: «Құдай әділ адамдарды және ізгілікті сүйеді» деп ескерткен. Абай: «Хақ жолы – әділетті», ал: «Ғұмыр өзі – хақиқат» деп бекітеді. Демек, пенделіктің кәмәлаты – ізгі істер, көпке пайдасы тиетін харекет жасау арқылы келмек. Хакімнің өмірге һәм дүниеге деген пайымдарын осы идеямен сабақтамақпын.
Енді негізгі міндетіміз: «үш танымақтың» үшіншісі – «дүниені танымақ» бөлімі мазмұнын талдауға ойысайық.
Ғылымды кәсіп қылу – ел көркеюінің кепілі
«Біз ғылымды сатып, мал іздемек емеспіз. Малменен ғылым кәсіп қылмақпыз. Өнер – өзі де мал, өнерді үйренбек – өзі де ихсан (жақсылық). Бірақ ол өнер ғадаләттан шықпасын, шарғыға[1] муафих[2] болсын. Адамға өз хәлінше ихсанды болмақ – қарыз іс. Бірақ өзгелердің ихсанына сүйенбек дұрыс емес».
Міне, бұл – «Тасдиқ» трактаты «дүние танымақ» бөлімінің түйіні. Амал қанша, даналық тезистен ғибрат ала алмадық. «Ел болам десең, ғылымды кәсіп қыл!» идеясын ойшылдың бодандық пен қараңғылық қос өкпеден қысқан тар кезеңде көтергені таң қалдырады. «Ғылымды кәсіп қыл!» идеясы тап қазір де аса өзекті. Оның мән-мағынасын ашпаққа төменде Абайдың «дүниені танымақ» ілімін рет-ретімен тәпсірлеп көрейік.
Дүниені танымақ бөлімін Абай: «Хакім, ғалым – асылда бір сөз, бірақ ғарафта[3] басқалар-дүр. Дүниеде ғылым заһири[4] бар, олар айтылмыштарды нақлия[5] деп те айтады. Бұл нақлияға жүйріктер «ғалым» атанады» деп бастаған. Онан соң, хакімге ауысып, оның сипатын кеңінен береді: «Құдай тәбәрака уә тағала ешбір нәрсені себепсіз жаратпаған, мұны ізерлеп тәффаккару фиғла-иллаһи[6] деген хадиске бинаән[7] бұл сұнғати[8] Құдадан ізерлеп, құмар болып ғибратланушыларға тыю жоқ. ...Алла тағаланың пендесін махаббат уә мархамат бірлән жаратқанын біліп, махаббатына махаббатпенен ғана елжіремекті – Құдайға ғашық болды дейміз. Олай болғанда, хикмет Құдаға пенде өз ақылы жетерлік қадірін ғана білсем деген әрбір істің себебін іздеушілерге «хакім» ат қойдылар. Бұлар хақ бірлән батылды (терісті) айырмаққа, себептерін білмекке тырысқандарыменен һәммасы адам баласының пайдасы үшін, ойын-күлкі түгіл, дүниедегі бүкіл ләззат бұларға екінші мәртабада қалып, бір ғана Хақты таппақ, әрбір нәрсенің себебін таппақпенен ләззаттанады».
Абай: «Хакім, ғалым – асылда бір сөз» деп отыр. Неге десеңіз, екеуі де адамзатқа зор пайда әкелетіндер. Бірақ «ғарафта (танымда) басқалар». Басқа болатыны, ғалым – нақлия, яғни жаратылыс сырының, ал хакім – ғақлия, яғни жан сырының жүйрігі. Ғалым мен хакімді осылай айырып, ажыратып алып, ойшыл сөзін былайша жалғастырған:
«Адаспай тура іздеген хакімдер болмаса, дүние ойран болар еді. Фиғыл пәнденің[9] қазығы – осы жақсы хакімдер, әр нәрсе дүниеде бұлардың истихражы[10] бірлән рәуаж[11] табады. Бұлардың ісінің көбі – дүние ісі, ләкин осы хакімдердің жасаған, таратқан уә айтқан істері. Әд-дүния мәзрәгәтул-ахирет[12] дегендей, ахиретке егіндік болатын дүние сол.
Әрбір ғалым – хакім емес, әрбір хакім – ғалым. Ғалымдарының нақлиясы бірлән мұсылман иман тақлиди (еріп иман қылу) кәсіп қылады. Хакімдердің ғақлияты бірлән жетсе, иман якини[13] болады. Бұл хакімдерден мұрат – мұсылман хакімдері, болмаса ғайри[14] діннің хакімдері – әгәрше фатлұбни тәжидуни[15] делінсе де, дүниенің һәм адам ұғлы өмірінің сырына жетсе де, діннің хақ мағрифатына[16] жете алмағандар. Бұлардың көбі – иманның жеті шартынан, бір Алланы танымақтан ғайри, яғни алтауына кімі күмәнді, кімі мүңкір[17] болып, тахқиқлай алмағандар. Егер бұлар дін ұстазымыз емес болса да, дінде басшымыз Құдайдың елшісі пайғамбарымыздың хадис шарифі «хайрун нас мән йанфагун нас»[18] деген».
Тәпсірлейіік. «Әрбір ғалым – хакім емес, әрбір хакім – ғалым». Бұл түсінікті, себебі, ғалым дүниенің тек сыртқы сырына қанық, ал хакім дүниенің ішкі-сыртқы сырын түгендеп білуге ұмтылады. Сондықтан ол дүние қайтсе ойран болмасын біледі және оның ғақлиятымен «иман якини (шын) болады».
Хакім жаралыс сырын іздеуші, ал дінге қатысы қайсы? Шыны керек, «дүниенің һәм адам ұғлы өмірінің сырына жетсе де, діннің хақ мағрифатына жете алмағандар» деген сөйлемді қабылдау қиынға соғады. Оны дұрыс ұғудың жөні мынау сияқты: діннің хақ мағрифатына (Алла дидарына деп оқыңыз) тек әулие ғана жетпекші. Ал, мұсылман, мейлі, ғайри (басқа) діннің хакімдері дейік, оған «жете алмағандар». Бұл – растық. Бірақ, бұлар «дін ұстазымыз емес болса да» адамзаттың тұрмыс-тіршілігін жеңілдеткен, «адамның жақсысы басқаға пайда келтірген адам» деген хадиске сай зор жаңалықтар ашқан, сондай-ақ, хақ пен терісті айыруды үйреткен ілімдер жасаған хакімдер. Сондықтан Абай былай деп түйін түйеді:
«Бұл хакімдер ұйқы, тыныштық, әуес-қызықтың бәрін қойып, адам баласына пайдалы іс шығармақлығына, яғни электрияны тауып, аспаннан жайды бұрып алып, дүниенің бір шетінен қазір жауап алып тұрып, от пен суға қайласын тауып, мың адам қыла алмастай қызметтер істетіп қойып тұрғандығы, уә хұсусан[19] адам баласының ақыл-пікірін ұстартып, хақ пенен батылды айырмақты үйреткендігі – баршасы нафиғлық[20] болған соң, біздің оларға міндеткерлігімізге дау жоқ».
Сөйтіп, хакім – харекетшіл тұлға, оның «ісінің көбі – дүние ісі». Әл-Фараби бабамыз: «Табиғат – адамның ғылым-білімінің көзі» демекші, Сократ, Платоннан беріде табиғат заңын ашқандар қарасы көп-ақ (сайып келгенде, бәрі де теологияға қызмет етеді). Бір қызығы, «аспаннан жайды бұрып алған» деген сөз «Тасдиқ» трактаты жазылған нақты уақытқа меңзейді. Себебі, бұл – 1900 жылы ашылған ғылыми жаңалық. Сөйтіп, бас айналатын ғылыми прогресс қарқын алды. Алайда мұсылмандық Шығыс оған ілесе алмай шет қалды. Оның бір себебін Абай былайша ашады:
«Бұл заманның молдалары хакім атына дұшпан болады. Бұлары білімсіздік, бәлки, бұзық фиғыл, әл-инсан ғәддү лә ма жәһилгә хисап[21]. Олардың шәкірттерінің көбі біраз ғарап-парсыдан тіл үйренсе, бірлі-жарым болымсыз сөз – бахас үйренсе, соған мәз болып, өзіне өзгешелік беремін деп әуре болып, жұртқа пайдасы тимек түгіл, түрлі-түрлі зарарлар хасил[22] қылады. «һай-һой!» менен, мақтанменен қауымды адастырып бітіреді».
Хакім атына дұшпан болу – дүние ғылымына қарсылық. Бұл жерде Абай сын найзасы ұшын ескішіл (қадымшыл) молдаларға бұрған. Неге? Себебі, олар ғылым дәнін себуге ұмтылған жәдиттік ағымға қарсы майдан ашты (жәдидизм – Ресей империясы мұсылмандарының мәдени қозғалысы, оның идеологтары – Шагабудин Маржани, Каюм Насыри, Исмагул Гаспринский еңбектерін Абай жақсы білген).
Әрі қарай Абай: «Бұл күндегі ескі медреселер бұл заманға пайдасы жоқ болды. Соған қарай Ғұсманияда (қазіргі Түркия) мектеп харбия (әскери), мектеп рүшдиялар (орта мектеп) салынып, жаңа низамға айналған» деп жаңа үлгіде мектеп ашуға шақырады. Ескі оқу-тоқумен «дүниеде бір ессіз адам болып шығады да, ешбір харекетке лайығы жоқ болған соң, адам аулауға, адам алдауға салынады» дейді. Негізі, Абайдікі бір дінге емес, әлемдік діни ахуалға қатысты сын. Мұсылмандар заһири ғылымнан құр қалса, Батыс әлемі батини ілімнен алыстап, көрсоқырлыққа ұрынды. Құдайдың Ата заңы – махаббат пен ғадаләт тәркі етілді (қаруға сүйенген «мәдениетті» Еуропа американ үндістерін қырып салды, әлемдік отарлау – адам аулау жүйесін құрды). Міне, осы айтылған құдайсыздық тамырын Абай тап басып отыр.
Ғылымды кәсіп қылу деген не? Осыған оралайық. Бұл мәселені хакім-ұстаз былай деп түсіндіреді: «Дүниенің мәғмурлығы[23] бір түрлі ақылға нұр беріп тұратұғын нәрсе. Жоқшылықтың адамды хайуандандырып жіберетіні де болады. Бәлки, дүниенің ғылымын білмей қалмақтық — бір үлкен зарарлы надандық, ол Құранда сөгілген». Демек, дүниенің ғылымы – жоқшылықтан құтқаратын құдірет, ол – адамзатқа Тәңіріден түскен зор нығмет. Осы идеяны ортаға салған әлем ойының алыбы Абай мынадай қорытындыға келеді: «Біз ғылымды сатып, мал іздемек емеспіз. Мал бірлән ғылым кәсіп қылмақпыз. Өнер – өзі де мал, өнерді үйренбек – өзі де ихсан. Бірақ ол өнер ғадаләттан шықпасын, шарғыға[24] муафих[25] болсын. Адамға өз хәлінше ихсанды болмақ – қарыз іс. Бірақ өзгелердің ихсанына сүйенбек дұрыс емес».
Таң қаларлығы, Абай бұл тезисті бодандық пен қараңғылық қос өкпеден қысқан тар заманда айтқан. Бірақ қазіргі қазақ қоғамы тірелген тығырықты көре білгендей: «Малдан, яғни шикізаттан түскен қаржыға ғылымды дамыт, оны кәсіп қыл, өнер үйрен!» дейді. Ғажап, экономикалық тәуелділіктен құтылу жолына сілтеген өсиет емес пе!
Сонымен, дүниені танымақ, яки заһири ғылым – қоғамның қозғаушы күші. Бірақ ол – соқыр ғылым. Оның батини ғылымға үйлесімді (муафих) болуы шарт (оны ескермеген адамзат арбасы аударылуға аз-ақ қалды қазір). Әділетті Хақ жолы да, пенделіктің кәмәлаты да сонда ғана табылмақ. Міне, әлемнің Абайы ғылымды кәсіп қылудың мәнісін осылай анықтап береді.
Абай хакім «Үш танымақ» ілімін: «Енді білдіңіздер, ей, перзентлер! Құдай жолы деген жол ниһаятсыз болады. Бірақ сол жолға жүруді өзіне шарт қылып кім қадам басты, ол – таза мұсылман, толық адам делінеді» деп қорыта келе: «Сыртқа қасиет бітпейді, Алла тағала қарайтұғын қалыбыңа (жүрегіңе), боямасыз ықыласыңа қасиет бітеді. Ақыл өссе, ол түпсіз терең жақсылық сүймектікпен өсер» деуімен соңғы нүктені қояды.
Біздің де «Тасдиқ» трактатының үш бөлімін (Алланы танымақ, Өзін танымақ және Дүниені танымақ) тәпсірлеуіміз осымен тәмам. Енді оның «Пайдалы менен залалдыны айырмақлық» деген соңғы бөлігі қалғанын ескерте отырайын.
Асан Омаров, абайтанушы
[1] Шарғы (арабша) – діни заң.
[2] Муафих (арабша) – үйлесімді, сәйкес.
[3] Ғараф (арабша) – таным.
[4] Ғылым заһири (арабша) – сыртқы ғылым.
[5] Нақлия (арабша) – бұрыннан мәлім сөз, дәстүрлі ғылымдар.
[6] Тәффаккару фиғла-иллаһи (арабша) –Алланың істері туралы ойлану.
[7] Бинаән (арабша) – негізделген.
[8] Сұнғат (арабша) – жақсы іс.
[9] Фиғыл пәнде (парсыша) – адам ісі деген мағынада.
[10] Истихраж (арабша) – істеу, шығару, ойлау.
[11] Рәуаж – реттеу, пайдаға асыру, тарату.
[12] Әд-дүния мәзрәгәтул-ахирет (арабша) – дүние – ахиреттің егіндігі (бұл дүниеде жасалған игілікті іс ақыретте жеміс болады деген мағынада).
[13] Иман якини (арабша) – шын, нағыз сенім (Құдайдың барына ақылмен көз жеткізу).
[14] Ғайри – басқа, өзге.
[15] Фатлұбни тәжидуни (арабша) – талап қылсаң табасың.
[16] Мағрифат (арабша) – тану, білу; хақ мағрифат – шынайы, түпкі таным.
[17] Мүңкір (арабша) – қарсы болу, сенбеу.
[18] Хайрун нас мән йанфагун нас (арабша) – адамның жақсысы адамға пайда келтірген адам.
[19] Хұсусан (арабша) – әсіресе, ерекше.
[20] Нафиғ (арабша) – пайдалы, өнегелі іс.
[21] Әл-инсан ғәддү лә ма жәһил (арабша) – адамның көңілі жаманшылыққа ауып тұрады.
[22] Хасил (арабша) – бұл жерде жұғысты қылу, әсер ету деген мағынада.
[23] Мәғмур (арабша) – қызық, әдемі, келісті.
[24] Шарғы (арабша) – діни заң.
[25] Муафих (арабша) – үйлесімді, сәйкес.
Abai.kz