Сейсенбі, 21 Шілде 2026
Абай мұрасы 236 0 пікір 21 Шілде, 2026 сағат 14:44

Алланың ғадаләт сипаты

Сурет: abai.kz сайтынан алынды.

Басы: «Тасдиқ» трактаты – Абай ғаламаты

Жалғасы: «Тасдиқ» трактаты – «Аланы танымақ» бөлімі

Өткенде Алла тағаланың екі ұлық сипаты   (Ғылым және Рахым) жайлы ілімді сөз еткенбіз. Абай хакім оларды қалай тағрифлады? Жаңалығы неде? Жұртшылық назарын осыған аудардық. Ендігі кезекте үшінші ұлық сипат, ол  – Ғадаләт. Абай оны қалай анықтаған екен? Төмендегі міндетіміз – осыны тәпсірлеу, тереңінен танытуға саяды.  Ғадаләт (әділет) – ұлық сипат екендігін дәлелдеудің өзіндік ерекшелігі: ол үшін адам болмысы, тіршілік иелері, дүние құбылыстары тұтас қарастырылуы шарт. 

Абыз Абай: «Алланың Рахым (Мейірім) сипаты, сегіз сипаттың ішінде жазылмаса да, ...бір ұлығ сипатынан хисаплауға жарайды»  дей келе, оған нақлия және ғақлия дәлелдер алады. Соның бірі – Алланың адам баласын ақыл иесі қылып һәм махаббатпен жаратқандығы. Міне, Абай ғадаләт сипатты да осы тәсіл арқылы ашып көрсетеді. Мәтінге көз салайық:

«Адам баласынан махшарда сұрау алатұғын қылып жаратқандығында һәм ғадаләт һәм махаббат бар. Адам баласын құрт, құс, өзге хайуандар сипатында жаратпай, бұл гүзәл сипатты беріп, екі аяққа бастырып, басын жоғары тұрғызып, дүниені көздерлік қылып өзге хайуандар секілді тамақты өз басымен алғызбай, ыңғайлы екі қолды басқа қызмет еттіріп, аузына қолы ас бергенде, не ішіп, не жегенін білмей қалмасын деп, иісін алып ләззаттанғандай қылып, ауыз үстіне мұрынды қойып, оның үстінен тазалығын байқарлық екі көз беріп, ол көздерге нәзіктен, зарардан қорғап тұрарлық қабақ беріп, ол қабақтарды ашып-жауып тұрғанда қажалмасын деп кірпік жасап, маңдай тері тура көзге ақпасын деп, қаға беруге қас беріп, оның жүзіне көрік қылып, бірінің қолынан келместей істі көптесіп бітірмекке, біреуі ойын біреуіне ұқтырарлық тіліне сөз беріп жаратпақтығы махаббат емес пе? Кім өзіңе махаббат қылса, сен де оған махаббат қылмағың қарыз емес пе?».

Ғажап суреттеу! Адам болмысын Абай бір-ақ сөйлемге сыйдырған. Қалам құдіреті, оның кәмалатты шеберлігі деген осы: Алла тағала хикметі – жан иесі хайуандарды ақыл иесі адам баласы асырайтын қылып, сондай-ақ, адамзатты «һәм ғадаләт һәм махаббат»-пен жаратқан. Міне, жалғыз сөйлем мінсіз үйлесімділікті алақанға салғандай көз алдыңызға келеді.

Абайға мақсұт – Алланың Ғадаләт сипатын көрсетпектік дедік. Соның тағы бір дәлеліне табиғат пен дүние көркін келтіреді:

«Ақыл көзімен қара: күн қыздырып, теңізден бұлт шығарады екен, ол бұлттардан жаңбыр жауып, жер жүзінде неше түрлі дәндерді өсіріп, жемістерді өндіріп, көзге көрік, көңілге рахат гүл-бәйшешектерді, ағаш-жапырақтарды, қант қамыстарын өндіріп, неше түрлі нәбатәттәрді[1] өстіріп, хайуандарды сақтатып, бұлақтар ағызып, өзен болып, өзендер ағып дария болып, хайуандарға, құсқа, малға сусын, балықтарға орын болып жатыр екен. Жер мақтасын, кендірін, жемісін, кенін, гүлдер гүлін, құстар жүнін, етін, жұмыртқасын; хайуандар етін, сүтін, күшін, көркін, терісін; сулар балығын, балықтар икрасын, хатта ара балын, балауызын, құрт жібегін – һәммасы адам баласының пайдасына жасалып, ешбірінде бұл менікі дерлік бір нәрсе жоқ, бәрі – адам баласына таусылмас азық. Миллион хикмет бірлән жасалған машина, фабрик адам баласының рахаты, пайдасы үшін жасалса, бұл жасаушы махаббат бірлән адам баласын сүйгендігі емес пе? Кім сені сүйсе, оны сүймектік қарыз емес пе?».

Көріп отырсыздар, заһири дүние көркін Абай қаламы рухани деңгейде тербеген. Яғни Алланың хикметі мен құдіреттілігін жаны-тәнімен сезінген кісінің сөзі. Бұл дүние адам баласы үшін  жаратылған!  Ол Тәңірінің жер бетіндегі орынбасары. Бірақ Абай жеткізбек идея жалғыз бұл емес. Күллі ғаламды үйлестіруші Құдай заңы бар, ол –  махаббат һәм ғадаләт! Екеуі ажырамас егіздер! Міне, хакімге керегі – осы хақиқат идеяны адамзат санасына сіңіру. Абай ғадаләт категориясын ашықтап, айшықтауын былайша жалғастырады:

«Адам баласы қанағатсыздықпенен бұл хайуандардың тұқымын құртып, алдыңғылар артқыларға жәбір қылмасын деп, малды адам баласының өзінің қызғанышына қорғалатып, өзге хайуандарды бірін ұшқыр қанатына, бірін күшті қуатына, бірін жүйрік аяғына сүйентіп, бірін биік жартасқа, бірін терең тұңғиыққа, қалың орманға қорғалатып, һәм әрбірін өсіп-өнбекке құмар қылып, жас күнінде, кішкене уақытында шафғат сәхәріменен[2] бастарын байлап, қамқор қылып қоймақтығы – адам баласына өсіп-өніп, теңдік алсын емес, бәлки, адам баласының үзілмес нәсіліне таусылмас азық болсын дегендік. Жә, бұл Алла хикметтерінің һәммасында һәм мархамат, һәм ғадаләт заһир[3] тұр екен. Біз өз ортамызда бұл мархамат[4], ғадаләтті иманның шартынан хисап қылмаймыз, оның үшін муслим болғанда, Алла тағалаға тәслим болып, оның жолында болмақ едік, болғанымыз қайсы? Бұл екі – ай мен күннен артық мағлұм тұрған жоқ па? Фиғылы Құданың ешбірін де қарар қылмаймыз, өзгелерде болғанын жек көрмейміз, өзіміз тұтпаймыз. Бұл қиянатшылық емес пе? Қиянатшылыққа бір қарар (салыну) тұрған адам – я мұсылман емес, ең болмаса шала мұсылман».

Бұл үшінші ұлық сипат – Ғадаләт екендігін ұқтырған сөзі. Өйткені: «Алла хикметтерінің һәммасында һәм мархамат, һәм ғадаләт заһир[5] тұр».  Бірақ мархамат ғадаләтті иманның жеті шартынан хисап қылмаймыз. Оның Хақ жолы екендігін көбіміз білмейміз. Мейірім, ғадаләт сақталмаса, қиянат қауламақ. Реті келген соң айтқан жөн,  қазіргі қоғамдық өмірде қиянатшылық көп-ақ. Неге? Оның бір себебі, мектеп қабырғасында я оқулықтарда «Құдай хикметі, заңы» деген ұғымның иісі де жоқ. Дүниеге тек қана Батыстың көзімен қарауға ауысып кеттік. Осыны көре білгендей Абай біздерге «Алланың хикметін сез, ғадаләт оның өзгермейтін асыл заңы, соны үйрен» деген өсиетін шегелеп отыр.

Сонымен, естеріңізге сала отырайық, Абай үш ұлық сипаттың әуелгісі –  Ғылымды Алланың сегіз сүбутия сипатын тағрифлау жөніменен, ал екінші ұлық сипат – Рахымды Алланың тоқсан тоғыз есімдері негізінде танытқан болатын. Ал, үшінші ұлық сипат – мархамат, ғадаләтке келер болсақ, бұл жолғы тәсілі өзгерек. Ғадаләтті батини іліммен емес, заһири жағынан, яғни адамның сыртқы болмысы, дүние көркі арқылы тәпсірлеп, көрсеткен-дүр. Бұл-бір. Екіншіден, ғадаләт әділеттен өзгерек ұғым. Біздің таным-түсініктегі әділет – пенделік ой- сана деңгейінде, илаһи мазмұннан ада ұғым. Абайдың «мархамат, ғадаләт» тіркесін қолдануы жайдан жай емес. Ғадаләт – Құдайға мұқтади (еру, үлгі ету) болудан туады. Ол үйлесімділік заңы деген мағынаны білдіреді. Төменде осыған көз жеткізетін боламыз.

Абайдың «ғадаләтті адам» идеясы

«Құдай ісінің һәммасында мархамат, ғадаләт тұр». Демек, адам істері де соған ұқсауға, яғни ғадаләтті болуға тиісті. Бұл – әр адам қарызы. Сонда бүкіл қоғамда қайырымдылық салтанат құрмақшы. Сөйтіп, халықтың көңіл-күйі, елдің дұрыс бағытта дамуы әділеттілік арқылы шешімін табады. Бірақ, амал қанша, оның дұшпаны –  қиянатшылық жолды кеседі. Неге? Осының түпкі себебін анықтап бермекке Абай аят-хадистерге жүгінеді. Яғни «үшінші ұлық сипат – Ғадаләт» екендігін дәлелдеуге енді осы тәсілді қолданады. Мәтіннің өзіне үңілейік:

«Алла табарака уа тағаланың пенделеріне салған жолы қайсы? Оны көбі білмейді. «Тәфаккару фиғла Иллаһи»[6] деген хадис шарифтің[7] «инналаһу йухиббул мұқситин»[8] деген аяттарға ешкімнің ықыласы, көңілі менен ғылымы жетіп құптағанын көргенім жоқ. «Әтәмурун әннәсә билбирри уә ихсәну инналаһу йухиббул мұхсинин»[9], «Уәлләзинә әмәну уә ғәмалу салихати улайка асхабул жәннәти һәм фиһа халидун»[10] деген аяттар құранның іші толған ғамалус-салих[11] не екенін білмейміз. «Уә әммәлзина амәну уә ғамилус саликати фәйуәффиһим ужурәһум уә аллаһу лә йүхиб-буз-залимин»[12] аятына қарасаң, ғамалус-салих залымдықтың зидды[13] болар. Олай болғанда ғадаләт рафғат[14] болуға кімде-кімнің әділеті жоқ болса, оның хаясы (ұяты) жоқ, кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы жоқ деген, пайғамбарымыздың салаллаһу ғалайһи уәссәлләмнің хадис шарифі «мән-лә хаяун лаһу уә ла иманун лаһу»[15] деген дәлел-дүр».

Көрдіңіз бе, келтірілген тезис аят, хадиске толы. Ұғылатыны: Алла тағала – ғадаләтті, демек, пендесіне де әділетті болмақ парыз, кім әділетті болса, жақсылық жасаса (ғамалус-салих), соны Құдай сүйеді. «Құр инаныш» жеткіліксіз, иман – ізгі істер (ғамалус-салих) жасасаң ғана шын иман болмақ. Сонда ғана жүрек тазармақ. Атың адам болу шарты да осы. Сөйтіп, «Кімде-кімнің әділеті жоқ болса, ...оның иманы жоқ». Бұл – ақиқат. Бірақ мұны мойындау оңай болмай тұр, әділ адам болуға деген ұмтылыс шамалы.

Осымен, Абай негіздеген «ғадаләтті адам» идеясына келіп жеттік. Оған асықпай тоқталған жөн. Ұлы ойшыл қалың елі қазағы қиянатшылық пен парақорлық батпағына белшеден бататынын, оған қарсы «антивирус» керектігін көре білген сияқтанады.

Абай ғадаләтті адам идеясын мынадай түсінік беруден бастаған: «Енді белгілі, иман құр инанышпенен болмайды, ғадаләт уа рафғат бірлән болады. Ғамалус-салих ғадаләтті уә мархамәтті болмақ. Күллі тән бірлән қылған құлшылықтардың ешбірі ғадаләтті, мархаматты бермейді. Көзің күнде көреді намаз оқушы, ораза тұтушылардың не халәттә екендіктерін, оған дәлел керек емес. Бәлки ғадаләт – барша ізгіліктің анасы дүр. Ынсап[16], ұят – бұл ғадаләттен шығады».

Сонымен, ғадаләт – жан қасиеті. Сол себепті Абай оны барша ізгіліктің анасы деген, мархамат, рафғат, ұят, ынсап ұғымдарымен қосақтап атаған. Ал, өзімізге аян «әділет» ұғымы жанның ғана емес, тәннің де қалауы. Әлбетте, ол рух әлеміне қатысы шамалы термин. Яғни жаңағы махаббат, мархамат, шапағат, ынсап, ұятқа, мейлі, Құдай я Хақ жолы ұғымына дейік, байланбаған. Революция атаулының «Әділеттілік үшін!» ұранымен басталып, соңы аяусыз қантөгіспен аяқталып отыратыны соның айқын дәлелі.

Сөйтіп, ғадаләт деген – шын иман, Абайша, иманигүл көрінісі.

Енді ғадаләтті адамға келейік. Ол кім? Абай мынадай анықтама береді: «Оның үшін ғадаләтті адамның (астын сызған – біз) көңіліне келеді: мен өз көңілімде «Халлақы менімен, сондай-мұндай халықтарымен мұғамәла[17] қылса екен» деп ойлап тұрып, өзім сол халықтармен мұғамәла қылмағандығым жарамайды ғой деп. Сол өзі әділет те һәм нысап та емес пе? Осыны ойлау һәмма жақсылықтың басы емес пе? Жә, олай хұлық[18] пенен сол ойды ойлаған  кісі Халлақыны[19], шүкірді неге ойламасын? Шүкірліктен[20] ғибадаттың бәрі туады. Енді зинһар ғадаләт-шапағаттан босанбаңдар! Егер босансаң, иман да, адамдық та һаммасы босанады. Аллаяр софының «Бір фәрдәдән жүз фәрдә бижай»[21] дегені басыңа келеді».

Шүбәсіз, бұл тезис өзегі – үйлесім мен бірлік доктринасы! Тәңірі бір, демек, ешқандай бөлініске жол жоқ. Ғадаләтті адам көңілі бірлікті қалайды, қандай деңгейдегі болмасын бөлініс, жауласу, ажырасу оған жат. Бірлікті ойлау – барша жақсылықтың басы дейді Абай. Керісінше, жік-жікке бөліну – Алла бір, болмыс бүтін екендігіне қарсылық, яғни қиянатшылықтың басы.    «Ғадаләт – барша ізгіліктің анасы. Ынсап, ұят – бұл ғадаләттен шығады», сондай-ақ: «Шүкірліктен ғибадаттың бәрі туады. Енді зинһар[22] ғадаләт-шапағаттан босанбаңдар!» үндеуінде осы астар бар. Әулие Шәкәрім де: «Нысап (шүкірлік), мейірім, әділетті, Жаныңдай көріп жан сақта!» деп осыған шақырған.

Сонымен, ғадаләтті адам – ақ пейіл, адал еңбек иесі, толық адам идеалы секілді барлық жан иелері, күллі табиғи ортамен мұғамәла қылуменен ерекшеленеді (арабтың «мұғамәла» сөзінің мәнісі – жақсы қарым-қатынас, адамды сүй, Құдайдың махаббат һәм әділет заңын сез дегенге саяды). Қазіргі таңда адамзат үйлесім мен бірлік негізі – мұғамәланы ұмытты. Бір қайғыдан жүз қайғы туады дегендей, талас-тартыс, жойқын соғыстар қаупі төніп тұр. Экологиялық апаттың орнына орасан қаржы көздері қару-жасақ жасауға жұмсалуда. Адамзаттың ұстазы Абайдың  үшінші ұлық сипат – Ғадаләт деп негіздеуі және ғадаләтті адам концепциясын ұқтыруы неліктен маңызды екендігі осының өзінен-ақ түсінікті.

«Тасдиқ» трактатының сүйекті бөлімі «Алланы танымаққа» жасалған тәпсір, талдаулар осымен тәмам. Онан шығар қорытынды: Абай хакімнің әлемдік теологияға қосқан айырықша үлесі – Жаратқан Иенің үш ұлық сипатын (Ғылым, Рахым және Ғадаләт) ғылыми негізде жаңғыртқандығы. Адамның үш сипаты (нұрлы ақыл, жылы жүрек, ыстық қайрат), әрине, осы аталған үш ұлық сипаттан тамыр тартады. Бір тәуірі, «адал азамат» идеясы соңғы уақытта елімізде кең өріс алуда («адал азамат» пен «әділетті адам» жақын туыс ұғымдар, адал және әділ төркіндес сөздер). Жастарды тәрбиелеу бағытында алдыға қойылып отырған бұл идеяның теориялық негізі Абай, Шәкәрім мұрасында екені талассыз. Келесі сөзіміз трактаттың «Өзін танымақ» бөлімін тәпсірлеу екенін айта отырайық.

[1] Нәбатәттәр (арабша) – өсімдіктер.

[2] Шафғат сәхәрімен (арабша) – көмектесу, бірін – бірі қорғау өнері.

[3] Ғадаләт заһир (арабша) – көрнеу әділдік, айқын әділеттілік.

[4] Мархамат (арабша) – жан ашу, жақсылық іс жасау.

[6] Тәфаккару фиғла Иллаһи (арабша) – Тәңірінің ісін ойлану, ол туралы пікір түю.

[7] Хадис шариф (арабша) – пайғамбардың ізгі, қасиетті сөзі.

[8] Инналаһу йухиббул мұқсит (арабша) – шынында Құдай әділ адамдарды сүйеді.

[9] Әтәмурун әннәсә билбирри уә ихсәну инналаһу... (арабша) – адамдарға жақсы іс істе деп бұйырылған, жақсылық етіңіз, өйткені Алла ізгілікті сүйеді.

[10] Уәлләзинә әмәну уә ғәмалу... (арабша) – иман келтірген және ізгілік жасаушылардың орны ұжмақта (жәннәтта) және олар мәңгі.

[11] Ғамалус-салих (арабша) – ізгі істер.

[12] Уә әммәлзина амәну... (арабша) – иман келтірген және жақсы іс атқаратын адамдар бар, оларға қайырымдылығы толық қайтарылады, Құдай залымдарды сүймейді.

[13] Зидды (арабша) – кері, қарама-қарсы.

[14] Ғадаләт рафғат (арабша) – ақтық, әділет, әділеттікті жоғары қою.

[15] Мән-лә хаяун лаһу уә ла иманун лаһу (арабша) – кімде-кімнің ұяты болмаса, соның иманы да жоқ.

[16] Ынсап (арабша) әділдік, дұрыстық, барға қанағат.

[17] Мұғамәла (арабша) – қарым-қатынас, араласу, қатысу.

[18] Хұлық (арабша) – мінез, құлық.

[19] Халлақы (арабша) – Құдай, Жаратушы.

[20] Шүкірлік (арабша) – ризалық білдіруші, шүкіршілік айтушы.

[21] Бір фәрдәдән жүз фәрдә бижай – бір қайғыдан жүз қайғы, қолайсыздық туады.

[22] Зинһар (арабша) – қалайда, әйтеуір.

Асан Омаров, абайтанушы

Abai.kz

0 пікір