Жұма, 26 Маусым 2026
Абай мұрасы 120 0 пікір 26 Маусым, 2026 сағат 14:26

«Тасдиқ» трактаты – Абай ғаламаты

Сурет: abai.kz сайтынан алынды.

«Тасдиқ» трактаты (қазіргіше 38-ші қара сөз) – Абайдың екінші қолжазба кітабы, ғақлия мұрасы ішіндегі шын ірісі, ғаламаты. Оның өзегі – «Ғалам бірлігі» идеясы. Аталмыш еңбек ұлттық брендіміз, қазақ ақыл-ойының шыңы болғандықтан оны берісі түркі әлемі, әрісі бүкіл жер шары тұрғындарына таныту – абайтану ілімі алдындағы келелі міндет. Оған қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да, өз үлесімді қоспақпын.   

 «Үш танымақ» – ғалам бірлігінің формуласы

Абай хакімнің «Тасдиқ» трактаты авангард идеяларға толы. Маңызды емесі жоқ. Болмыс шетсіз, шексіз. Жарық дүние – оның төменгі қабаты, көрінетін бөлігі. Оны Абай үшінші анық санаған (біріншісі – Жаратушы, екіншісі – о дүние, яки ақирет). Иә, жер беті, табиғат – адам баласы тіршілік ететін құтты мекен. Алла тағала солай жаратқан. Бірақ, бірақ... жаралыс сыры жерде емес, оны Рух әлемінен ізде! Жер бетіндегі барлық тіршілік құбылыстарының жоспары сонда жасалып қойылған. Абай жұмбағын ашатын кілт – осы арада!

Сонымен, «Тасдиқ» трактатына кірісіп, оның бастапқы тезисін оқиық: «Қашан бір бала ғылым-білімді махаббатпенен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады». Атын адам қылатын ол қандай ғылым-білім екен? Мұны ойшыл былайша нақтылаған: «Сонан соң ғана Алла тағаланы танымақтық, өзін танымақтық, дүниені танымақтық, өз адамдығын бұзбай ғана пайдалы мен залалды айырмақлық секілді ғылым-білімді үйренсе, білсе деп үміт қылмаққа болады». Міне, Абай бала үйренсе, білсе деп атап отырған төрт нәрсе – үш танымақтық және бір айырмақлық! Көкірек көзі ашылуы осы төртеуге тәуелді. Мұны білмеген пенде өмірден тірі өлік боп өтпекші. Ол қалың тұманға тап болған немесе ескексіз қайықпен теңізге шыққан бейбақтай адасудан көз ашпайтын болады.

Сөйтіп, трактат мазмұнын ашатын кілт – келтірілген тезис. Өйткені, туынды соған сәйкес жазылған, құрамдас төрт бөлімнен тұрады.

Төртеудің соңғысы – пайдалы мен залалды айырмақлық. Ол – іс-әрекет немесе тәжірибелік философия. Оны кейінге қалдыра тұрып, алдымен Абайдың «үш танымақтық» теориясын талқыға салмақпыз. Үш танымақ трактат мазмұнын неліктен көктей өтеді? Осыны түсініп алу маңызды.

«Үш танымақ» дегеніміз – ғаламның үш қабаты (Алла – адам –  дүние). Бұлар «адамның ғылымы» дегеннің бәрін қамтитын абсолют. Үшеуден тыс ештеңе де жоқ. Жаралыс бірлігін білген, үйренген баланың санасы сәулелі, есі бүтін болмақ. Абай: «Ең болмаса шала үйренсін» дейді. Әлбетте, ұлттық тәрбиенің іргетасы да осы арада (үш танымнан мақұрым қалған, ең болмаса шала үйренбеген қаншама адамның тағдыры талқан болды десеңізші).

Шыны керек, «үш танымақ» жаңалық таным емес. Ғылымда оны «Ұлы үшкіл» («Великая Триада») дейді. Болмыстың құрамдас үш бөлігі (Құдай, адам, дүние) деген мағынада. Кейде макрокосм (үлкен ғалам) және микрокосм (кіші ғалам) делінеді. Макрокосм дегеніміз – рухани және материалдық жақтар тұтас қамтылған шексіздік. Микрокосм деген – жан, рух және тәннен тұратын адам болмысы. Екеуі қос тамшыдай ұқсас. Адам баласы – ұшы-қиыры жоқ ғарыштық болмыстың титтей көшірмесі саналады.

Қорыта айтқанда, «үш танымақ» ілімі – ғалам бірлігінің формуласы (заңы). Ол –  ғылым-білімнің де, тәрбиенің де қайнары. Ес-ақылдың бүтіндігі – оны білу, сезу деңгейімен өлшенбек. Егер бала үш танымды, азды-көпті болса да, үйренсе, білсе аты адам болары һәм дүниеге бір кірпіш боп қаланары хақ. Үш танымақ ілімі жайлы айтпағымыз әзірге осылар, енді Абай мақсұты дегенге келейік.

Абай мақсұты – хақиқатты жеткізу

Жастарға тәрбие берген кезеңде Абай: «Мақсұтым – тіл ұстартып, өнер шашпақ, Наданның көзін қойып, көңілін ашпақ» (1887) дейді. Бұл жерде «мақсұт» сөзі – адам саналы түрде иығына алатын рухани жүк (ғылыми лексикада «миссия») деген мағынаны білдіреді. Ой-өрісі, санасы шапшаң толысқан тұста мақсұт та өзгермек. Абайдың жаңа мақсұтты көздегені – 1894-1895 жылдар. «Әуелде бір суық мұз ақыл зерек», «Лай суға май бітпес қой өткенге», «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес», «Көк тұман – алдыңдағы келер заман»,  «Алла деген сөз жеңіл» секілді пәлсапалық ірі өлеңдері жайшылықтан тумаған. Сонымен бірге, пенделік мінез, адалдық, өзін тану, Алланың хикметін сезу көтерілген  қарасөздер өз алдына бір төбе.

Сөйтіп, жасы елуден асқан Абайға түпкі себеп пен хақиқат (тура жол) пердесі түріле бастаған-ды. Оның ғажайып, яки ғаламат деп айтарлық жемісі – «Тасдиқ» трактаты (арабтың «тасдиқ» сөзінің мәнісі – хақиқатты іздеу). Ол қасиетті кітаптарға негізделген, әлемдік деңгейде – «дүние ойран болмауы» көзделген туынды. Аталмыш рисалада болмысты тұтас қабылдау,  Аллаға ғашықтық мәнісі, пенделіктің кәмалаты, Хақ жолы, діннің ішкі мәні, иманның тазалығы сияқты проблемалар қамтылған және шешімін тапқан.

Осы тұста былтырғы жылғы рухани олжамыз – 1896 жылы священник Леонид Покровский мен Абай (Ибрагим) Құнанбайұлы арасында болған сұхбатқа бұрайық. Дін – адам мен Алланы байланыстыратын нәрсе. Яғни оның дәні, ішкі мәні – махаббат сезімін ояту һәм көпшілікті Хақ жолына салу. Шіркеу қызметкері мен Абайдың арасындағы сұхбат негізінен осы мәселе төңірегінде өрбіген-дүр.

Абай жаңағы терең мәселеге төтесінен көшеді. Священник Леонидтің өз аузынан естиік: «Большинство изучает магометанство по переводам, и все переводы, в том числе и Г. Саблукова, весьма не правильны. Я, говорил, Ибрагим, работаю над восстановлением истинной религии магометанской в том виде, в каком дал ее Магомет.  ...Магомет, между прочим, никогда не учил о священной войне, он всегда поощрял занятия наукой, проповедывал любовь ко всем людям» (мақала атауы – «Записки Киргизского миссионера священника Леонида Покровского за 1896 год».    – «Православный благовестник» журналы. – Мәскеу, 1897 ж. – №9 ).

Мәтінді мұқият оқыған адамның қиырдағы Шыңғыстау баурайында жатқан Абайдың «ислам діні қазір –  формасы бар, рухы жоқ, мен соны қалпына  келтірмекпін!» деген сыңай танытқанына қайран қалары сөзсіз. Неткен асқақ арман, биік міндет десеңізші! Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)-нің  үйреткені – «ғылымға іңкәрлік пен адамзаттың бәрін сүю, оған жеккөрушілік пен соғыс жат» дегені неге тұрады?! Міне, бұл Құранның тәулиіне (шын мағынасына) қанық кісінің сөзі. Амал қанша, Еуропада ғылым дінді жеңгені секілді, ислам ішкі мәнді формасы, дәнді қауызы жеңді. Оған пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) үмбетінің сүннит және шиит болып екіге жарылуы айдай айғақ.

Абыз Абай киелі төрт кітапты түгел тексерген. Бәріне ортақ нәрсе – Алла тағаланың салған жолы, яғни махаббат пен ғадаләт заңы екенін білген. «Бұлардың керек емес жері жоқ, кіріспейтұғын да жері жоқ. Ол – жаратқан Тәңірінің ісі» дейтіні сол. Бірақ діннің сыртқы формасы жеңіп, Тәңірінің ісі (әмірі, заңы) бастапқы мәнін жоғалтуы мүмкін: «Дін адамды бір бауыр қылмақ еді, Оны бөліп, дұспандық қару жасар» (Шәкәрім). Абай  «Тасдиқта»: «Тәңірінің ісін ойлан» деген хадиске, «Құдай адал адамдарды сүйеді» деген аяттарға ешкімнің ықыласы, көңілі мен ғылымы жетіп құптағанын көргенім жоқ» дейді.  Бұл хәлден арылдық деуге қазір де ауыз бармайды.

Сөйтіп, біз талдау жасаған Абай 1896 жылы священникке айтқан бір ауыз сөзі –  әлемдік ойлау шеңберіне көтерілгенінің айшықты куәсі.

«Үш танымақ» – Абайдың төл ілімі

Айтпай кету жарамас, Абай ілімі, ғылыми жаңалығы десең, болды, бітті, бұл неғылған асыра мақтау, бүлк етпес бөспелік деп бұртия қалатын жандар арамызда баршылық. Оның себебі, рухани езгіге түскен, еңсесі басылған халықпыз, Батыс ілімінің бәрін алтынға балап, ақылға салмай-ақ, оған бас ұруға әзір тұрамыз.  Бірақ шындық – қымбат. Сол шынның көзімен қарасақ, Абай – феномен құбылыс. Ол өзінің туған халқына әулие-хакім болып жіберілген, рухани шыңға шыққан ілім иесі. Ғаламды ең биіктен таныған адам – гений, кемеңгер, ол барлық адамзаттың рухани ұстазы. Міне, Абай, Шәкәрім жайлы осыны айтамыз.

Адамға жанынан ілім шығару бұйырмаған, бұл – аксиома.  Ілім дегеніміз – табиғатта және тылсым әлемінде Жаратушы бар қылып жаратқан, бірақ сырын ішіне бүккен заңдылықтарды ашу.  «Менікі деп жүргеннің бәрі Онікі» (Абай) демекші, адам еншісі – Алланың шексіз хикметтерін біртіндеп ашып, онан пайда алуға саяды. Платон, әл-Фараби, Яссауи, Кант, Гегель, мейлі, Ньютон, Дарвин (эволюция заңы), Маркс (экономика заңын ашқан), Менделеев дейік, қай қайсы да бұрын беймәлім сыр я заңды ашып тарихта қалып отыр емес пе. «Тасдиқ» трактатына қалам тербеген Абай ілім, жүйе жасамақ ниеттен ада. Тәңірі ерекше ақыл мен өткір сезім дарытқан, ақиқатты қабылдау қабілеті (интуиция) өте күшті гений болғандықтан өзіне ашылған тылсым дүние сырларын қағаз бетіне түсірген. Болды, бітті. Әулие-хакім болудың мәнісі осы арада.

Қала қалама, жаралыс сырын түптеп қопару – Тәңірі әмірімен Абайға бұйырған. Алайда Абай ілімі батыс оқымыстылары түгіл, ислам әлеміне де мәлімсіз. Міне, қазақ ғылымы күш салуға тиісті жәйттің бірі осы.

«Үш танымақ» – Абай ілімі деуге дәлелдер қайсы? Осыған көшейік.

Ғалам үш қабат, оның құрамдас үш бөлігі – Алла, адам, дүние. Кәне, бұған кім таласар?! Алайда аталған үшкілді түптеп қопарған, олар бірлігін бұлтартпастай дәлелдеген ғылыми трактат бар ма жарық дүниеде? Міне, құпияның көкесі осы арада.

Еуропа пәлсапасының Кант, Гегель сынды мықтылары түпкі хақиқатқа жете алмады.  Тылсым сырын меңгере алмағандықтың айғағы – батыс әлемінде мистицизм, эзотеризм, сондай-ақ, экзистенцизм (өмір мәнін іздеушілік) дейтін жүйе, ілімдер пайда болды. Қай қайсы да, шыны керек, материализмнің әрі жақ-бері жағы. Батыстың мақтан тұтатын психология ғылымын Шәкәрім: «Жан жоқ» – дейді психолог, – Сау адам мұны ұғар ма?» деп сынға алады. Сөйтіп, кіндігі прогресске байланған батыстың пәлсапасы тығырыққа тіреліп-ақ отыр. «Еуропаның батуы» («Закат Еуропы») демекші, бұл жағдай оңалар, түзелер деуге үміт жоқтың қасы.

Шығыс пен Батыс айырымы неде? Батыс әлемі кісіні заң-зәкөнімен тәрбиелейді, оған тіршілік дамуы маңызды, сол себепті сыртқы ғылым – нақлия жүйрігі. Шығыстың ерекшелігі – тәлім-тәрбиесі құдайшылық (шариғат, салт-дәстүр арқылы), жүрек тазаруы маңызды, ішкі (батини) ғылым – ғақлия жүйрігі. Демек, рухани тұрғыдан екеуі – екі әлем.

«Ғақлия жүйрігі» дегеннен шығады, «олар ашпаған болмыс сыры, сірә да, жоқ» деп әулиелік статусқа жеткен атақты суфизм өкілдеріне (ибн Рушд, ибн Араби, әл-Кинди, ибн Туфейль, Мәулана Руми және т.б.) жүгінеміз. Бірақта «Тасдиқ» деңгейінде ғылыми рисала, трактат бар ма? Ғалам бірлігі, Алла мен адам болмысы, хақ жолы, пенделіктің кәмәлаты сынды хақиқатты Абайдай ұқтырған данышпаның қайсы? Жоқ, көре алмадық (қазір интернет заманы ғой, әркім өзі тексере алады). Мысалға исламның ұлы ғалымы әл-Ғазалидің «Ихия» («Ихия илм ад-дин») атты әйгілі шығармасын «Тасдиқпен» салыстырайық. Алдыңғыға онша қиналмадық, оқып түсіндік, ал соңғыны түсінуге, шыны керек, ондаған жылды сарп еттік. Неге десеңіз, священник Покровскийге: «Ендігі жұмысым – мұсылман қауымға дін ислам ішкі мәнін, дәнін түсіндіру» демекші, «Тасдиқта» Абай руханият проблемасын кешенді шешкен. Егер «Тасдиқтың» авторы неміс, ағылшын я араб болса ше, онда баяғыда жер-жаһанды жаулап, адамзат санасына сілкініс әкелер ме еді, сөйтіп, діндерді бұрмалау да тыйылар ма еді шіркін...

Осы айтылғандар «үш танымақ» – Абайдың төл ілімі деуге жеткілікті сияқты. Ол – ғайыптан түскен  «Тасдиқтың» идеялық өзегі, мазмұны. Абай: «Оны үйрен, біл, ең болмаса шала, сонда махаббатың толады, атың адам болады» дейді. Ел болашағы, сөз жоқ, Құдайға қараған, жүрегі таза, Абай арман еткен саналы ұрпаққа тәуелді. Әйтпесе жоқ. Қазақ даналығы да: «Бала бер, бала берсең – сана бер, сана бермесең – ала бер» демей ме.

Сонымен, «Тасдиқ» трактаты – Абай ғаламаты. Ондағы «үш танымақ» (оны «үш анық» десек те орынды) – ғаламдық ғылым-білімнің іргетасы.  Оған «Абайдың үш танымақ ілімі» деп ат қойып, жер-жаһанға кеңінен таратып, таныту – мемлекеттік мәселе. Құдай қолдаса, трактат мазмұнын төрт бөлімге бөліп, әрбірін шама-шарқымыз жеткенше талдап, тәпсірлеп шығу алдағы борышты шаруамыз болмақшы.

Асан Омаров,

абайтанушы

Abai.kz

0 пікір