Абай мұрасы – ұлттың рухани коды!
10 тамыз – қазақтың ұлы ақыны, ойшылы, ағартушысы Абай Құнанбайұлының туған күні.
Бұл күн – халқымыздың рухани тарихындағы айтулы дата ғана емес, ұлы тұлғаның өмірі мен шығармашылығына тағы бір мәрте үңіліп, оның тағылымын бүгінгі ұрпақ санасына сіңірудің маңызды мүмкіндігі.Абай – қазақ әдебиетінің ғана емес, ұлттық ой-сана мен руханияттың биік тұлғасы. Оның шығармалары халықтың дүниетанымын тереңдетіп, білімге, еңбекке, адамгершілікке, әділет пен ғылымға ұмтылуға үндеді. Сондықтан Абай мұрасын уақыт шеңберіне сыйғызу мүмкін емес. Оның ойлары әр дәуірдің өзекті мәселелерімен үндесіп, әр ұрпаққа өзінше жол сілтеп келеді.Абайдың шығармашылық әлемінің өзегінде адам мәселесі тұр. Ол адамды сыртқы дүниесімен емес, ақыл-парасатымен, жүрек жылуымен, еңбегімен бағалауды үйретті. Ақынның «Толық адам» туралы ойлары да осы адамгершілік ұстанымдармен сабақтас. Абай үшін кемелдікке жетудің жолы – білім мен еңбекке ұмтылу, ар-ұятты биік қою, әділеттен айнымау.
Ақынның қара сөздері – ұлттың рухани қазынасының аса құнды бөлігі. Қара сөздерінде Абай қазақ қоғамының болмысын зерделеп, халықтың алға жылжуына кедергі келтіретін мінез-құлықтарды сынға алды. Ол жалқаулық, надандық, мақтаншақтық, өсек пен еріншектіктен арылып, ғылым мен білімге бет бұруды насихаттады. Бұл ойлар бүгінгі күні де маңызын жойған жоқ.
Абайдың:
«Ғылым таппай мақтанба,
Орын таппай баптанба», - деген өсиеті – жас ұрпаққа бағытталған мәңгілік үндеу. Ақын білімді тек белгілі бір мамандықты меңгерудің құралы ретінде емес, адамның өзін жетілдіруінің, елдің өркендеуінің негізі ретінде қарастырды. Оның шығармаларындағы ғылым мен білім идеясы қазіргі білімді, бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру міндетімен де өзектес.Абай шығармашылығында еңбек тақырыбы да ерекше орын алады. Ол адамды әрекетсіздік пен жалқаулықтан сақтандырып, адал еңбек етуге шақырды. «Еңбек қылсаң ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген халықтық қағиданы өзінің шығармашылық әлемінде тереңдете түсті. Ақын үшін еңбек – адамның жеке басын қалыптастыратын ғана емес, қоғамды алға бастайтын күш.
Ұлы ойшылдың тағы бір үлкен тағылымы – бірлік пен әділеттілік мәселесі. Абай ел ішіндегі алауыздықты, рушылдық пен бақталастықты сынап, халықты татулыққа, өзара сыйластыққа шақырды. Оның шығармаларынан ел болудың, ұлт болып ұйысудың басты шарттарының бірі – бірлік пен әділет екені анық аңғарылады.Абайдың поэзиясы да қазақтың рухани әлемін жаңа биікке көтерді. Ол табиғат көріністерін суреттеу арқылы қазақ даласының көркем бейнесін жасады. «Жаз», «Күз», «Қыс», «Жазғытұры» секілді өлеңдері табиғат пен адам өмірінің байланысын терең сезінуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар ақын махаббат, достық, өнер, мінез, қоғам және адам болмысы туралы терең философиялық ойларын өлең өрнегімен жеткізді.Абайдың әлем әдебиетімен үндесуі де оның шығармашылық мұрасының кеңдігін көрсетеді. Ол орыс және Еуропа әдебиетінің озық үлгілерін қазақ оқырманына таныстырып, аударма өнерінің дамуына үлкен үлес қосты. Пушкин, Лермонтов, Крылов шығармаларын қазақ тіліне аударуы арқылы Абай қазақ даласының рухани көкжиегін кеңейтті. Бұл оның ойшылдық ауқымының ұлттық шеңберден әлдеқайда кең болғанын аңғартады.
Абай мұрасы – ұлттың рухани коды деуіміздің мәні де осында. Өйткені оның шығармаларынан қазақ халқының дүниеге көзқарасы, адам туралы түсінігі, білім мен өнерге ұмтылысы, елдік сана мен адамгершілік құндылықтары көрініс табады. Абай мұрасы – өткеннің ескерткіші емес, бүгінгі күнмен бірге жасайтын тірі рухани құндылық.Абайды оқу – оның өлеңдерін жаттап қана қою емес. Абайды оқу – оның айтқан ойына үңілу, өз мінезіңе есеп беру, білімге ұмтылу, еңбекке адал болу, әділетті ту ету. Ұлы ақынның шығармалары әр адамға өзін-өзі тануға, қоғамдағы орнын бағамдауға мүмкіндік береді.Бүгінгі ұрпақ үшін Абай тағылымының маңызы айрықша. Ақпарат ағыны күшейіп, технология қарыштап дамыған заманда адамның рухани болмысы мен ұлттық құндылықтарды сақтау мәселесі де маңызды болып отыр. Осындай кезеңде Абайдың ақыл, жүрек, қайрат үндестігі туралы ойлары адамдық қасиетті бірінші орынға қоюдың қажеттігін еске салады.
10 тамыз – Абайды еске алатын күн ғана емес, Абайды тануға, оның мұрасын зерделеуге және ұлы ойларын өмірлік ұстанымға айналдыруға үндейтін күн. Ұлы ақынның сөзі ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, халқымыздың рухани қазынасын байыта береді.Абай мұрасы – ұлттың өткені мен бүгінін жалғайтын алтын көпір. Оның әрбір өлеңі мен қара сөзі – адамды ізгілікке бастайтын тағылым. Сондықтан Абайды тану – ұлттың өзін тануы, Абайды оқу – рухани кемелденуге ұмтылу, ал оның мұрасын сақтау – келер ұрпақ алдындағы үлкен аманат.
Бағлан Ташимов
Abai.kz