Алматы көпке үлгі болды: Ұлттық кейіп пен тіл беделі!
Кеңестік дәуірден қалған бір мәтел бар еді: «Айта-айта «Алтайды», Жамал апай қартайды» деген. Сол сияқты сөйлеушілер саны артқанымен КСРО-лық кертартпалық кежегемізден тартып, қазақ тілінің басым тіл болмауы және оның басым болуын айта-айта шаршаушылық белең алғаны жасырын емес.
Бар мәселе бесінші доңғалақтай болған солтүстік көршіміздің тілінің өз тұғырынан мызғымауы. Және оны мызғытуға деген биліктің тізгінін ұстағандардың саяси сақтығының ырық бірмеуі. Бірақ, Қазақтың ұзақ жыл әрі рухани, әрі мәдени елордасы болған Алматы көшелері: Ұлттық сәулет пен тілдік бірегейліктің айнасына айналдыратын кез келген сияқты.
Осы орайда біздің айтпағымыз: кез келген әлемдік мегаполистің өзіндік кейпі, тарихи тамыры және мәдени коды болады. Токио, Париж немесе Ыстамбұл көшелеріне қадам басқанда, сіз бірден қай елде жүргеніңізді олардың көрнекі ақпарат пен көше атауларынан-ақ сезінесіз. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанның рухани әрі мәдени орталығы — Алматы қаласының көше атаулары мен бағыттауыштарын тек қазақ тілінде жазу — уақыт талабы әрі ұлттық қажеттілік болып табылады.
Біріншіден, көше атауы — жай ғана мекенжайды көрсететін техникалық белгі емес. Ол — мемлекеттік тілдің мәртебесін айшықтайтын идеологиялық құрал болып саналады. Мегаполис орталығында тұрған тақташалардың мемлекеттік тілде толық әрі сауатты орындалуы тұрғындар мен қала меймандарының санасында қазақ тіліне деген құрметті арттырады. Қос тілде немесе өзге тілде жазылған ақпараттың басым болуы қаланың өзіндік колоритін көмескілеп, оның тарихи болмысына көлеңке түсіреді.
Екіншіден, көрнекі ақпаратты біртұтас қазақ тіліне көшіру — тілдік ортаны табиғи түрде қалыптастырудың төте жолы екенін есте ұстағнанымыз да жөн. Күнделікті тұрмыста, көшеде, қоғамдық көлікте қазақша жазуларды көріп өскен ұрпақтың ана тіліне деген милетшілдігі жоғары болады. Бұл ретте латын графикасын немесе толықтай қазақ әліпбиін қолдану қала интерьерін заманауи дизайнға сәйкестендіруге де мүмкіндік береді.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Алматының әрбір көшесі — ұлттық рух пен тілдің қорғаны болуы тиіс. Көше жазуларын тек қазақ тілінде біріздендіру — ана тіліміздің өз жерінде толыққанды қожа екенін көрсететін басты қадам екенін бұқара да, билік те сезінуге тиіс.
Abai.kz