Сенбі, 29 Тамыз 2026
Билік 592 0 пікір 24 Тамыз, 2026 сағат 15:43

Халық игілігі үшін жұмыс істеу...

Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев келесі президенттік сайлауға қатысу мүмкіндігін талқылау әлі ерте деп санайды.

«Конституциялық Сот тиісті шешім қабылдады, бұл заңды әрі табиғи нәрсе (Тоқаевтың қайта сайлауға түсуге өтінім беру құқығы). Менде қайта сайлануға заңды түрде құқық бар. Ал алдағы сайлауға келетін болсақ, оған қатысамын ба, жоқ па және ол қай жылы өтеді — бұл туралы талқылау әлі ерте. Өйткені біз алдымызда тұрған көптеген міндеттерді орындауымыз керек», — деді Қазақстан Президенті жексенбі, 23 тамызда Астанадағы сайлау учаскесінде тілшілерге берген сұхбатында.

«Мүмкін, келесі жылы сіздерге нақтырақ жауап берермін», — деп қосты Тоқаев.

Сондай-ақ Қазақстан Президенті өзінің басты жоспарларының бірі — елді, ең алдымен әлеуметтік жобалар бағытында, «ірі құрылыс алаңына» айналдыру екенін атап өтті.

«Мен осы мақсаттарға Ұлттық қорды пайдалануға дайынмын. Ақшаны халықтың игілігіне жұмсай алатын болсақ, оны шетелде бағалы қағаздарда сақтап не істейміз?» — деді Қазақстан басшысы.

Сонымен бірге Қазақстан Президенті алдағы он күн ішінде вице-президент лауазымына кандидатты таңдауға уәде берді. Ол бұл лауазымға көпшілікке танымал тұлға келетінін атап өтті.

«Халық менен вице-президент туралы жиі сұрап жатыр... Осы бір қиын кезеңде елімізге мұндай лауазым өте қажет. Келесі аптада немесе он күн ішінде вице-президенттің кім болатынын білесіздер», — деді Тоқаев тілшілерге.

«Бәрі бұл орынға кім келеді деп сұрап жатыр. Қазір атын атай алмаймын, бірақ бұл сіздер жақсы танитын адам болады деп ойлаймын», — деп қосты Президент.

Еске салсақ, 1 шілдеде Қазақстанда референдум арқылы қабылданған жаңа Конституция күшіне енді. Негізгі жаңалықтардың бірі — вице-президент лауазымын енгізу. Енді Парламент бір палаталы болады және тек партиялық тізім бойынша сайланатын 145 депутаттан тұратын «Құрылтай» деп аталады.

Бұдан бөлек, Қазақстанның жоғары консультативтік органы — Халық кеңесі құрылып, оған заң шығару бастамасы құқығы беріледі, ал Қазақстан халқы Ассамблеясы таратылады. Жаңа Конституцияға сәйкес, 1995 жылғы Конституция негізінде аталған лауазымдарды атқарған тұлғалар 2026 жылғы Конституция күшіне енгеннен кейін тиісті қызметтерге қайта сайлануға немесе тағайындалуға құқылы.

Керімсал Жұбатқанов

Abai.kz

0 пікір