Турағұл – тура жол!
Абызды түзеп, текке адаспайық!
Хакім Абайдың екінші әйелі Әйгерімнен туатын тұңғыш баласының Турағұл екенін білеміз. Аса көрнекті ғалым Қайым Мұхамедханұлының «Абайдың ақын шәкірттері» атты зерттеу еңбегінің (1-кітап, Алматы, «Дәуір», 1993 ж.) бір бөлімі осы Турағұлдың өмір жолы мен шығармашылығына және қоғамдық қызметіне арналған. Соған орай, кітаптың кіріспесі мен аталмыш бөлімінде мәртебелі автор өз кейіпкерінің есімін 64 мәрте «Турағұл» деп атап көрсетіп, миымызға құяды.
Алайда, бұқаралық ақпарат құралдары түгелдей дерлік Турағұл есімін «Тұрағұл» деп, түзетіп жазудан танбай келеді. Шындығында, Құнанбай қажының да, Абайдың да балаларының аттарын қасиетті Құраннан таңдап ала отырып қойғаны мәлім. Ұлы ақынның азан шақырып қойған Ибраһим есімі де Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) жанын үмметі үшін құрбан қылатын жалғыз ұлын меңзеп, оған «қайран қазағының» бақыты жолында жанпида күресуді аманат еткендей.
Ол – тура жол, әлбетте, әділет пен адалдық жолы болатын. Алла тағала қасиетті Құран Кәрімде «Жәннаттан бәрің де түсіңдер, - деді, - сендерге менен тура жол (кітап, расул) келеді. Кімде-кім сол жолмен жүрсе, оған қауіп қатер жоқ және олар ешқашан өкінбейді («Бақара» сүресі, 38-аят). Абайдың өз перзентіне Құдайдың құлы, яки қызметшісі ретінде дін исламның тура жол, жарық нұрымен өмір сүруін тілегені кәміл. Мұны мойындау, бірақ коммунистік құдайсыз қоғамда мүмкін емес еді.
Кемеңгер Абай «мыңмен жалғыз алыса жүріп», Исламның «Құдай – бір, Құран – шын, Пайғамбар – хақ» деген ұлы қағидасын берік ұстанды. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас, Рас сөз ешуақытта жалған болмас. Көп кітап келді Алладан, оның төрті / Алланы танытуға сөз айырмас - деп толғанады ақын. - Алла мінсіз әуелден, пайғамбар хақ, Мүһмин (мұсылман) болсаң, үйреніп, сен де ұқсап бақ. Құран рас, Алланың сөзідүр ол, Тәһуилін (анығын) білерлік ғылымың шақ...».
Осы көлемді шығармасында Хакім «имани гүл» – үш сүю танымын тұжырымдап, терең тағылым түйеді: «Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті. - Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп. Және сүй хақ жолы осы деп әділетті... Осы үш сүю болады имани гүл, Иманның асылы үш деп сен тәһқиқ біл, Ойлан дағы үшеуін таратып бақ, Басты байла жолына, малың түгіл». Ақын барша адам баласын сүю өз алдына, әуелі туған «қазағының бірін - бірі дос тұтуын» қалайды.
Ендеше, Абайдың ұлына Алла мен адамды сүйіп, тура жол – әділет жолында мығым болуын тілегені даусыз. Хакімнің әділдігі мен турашыл мінезі жайында ақынның шәкірті әрі іні-досы Көкбай өз естелігінде ұстазына сүйіне отырып жазады. «Өміріндегі мұрат қылған қиялы – әділшілдік пен дұрыстық, шындық болады, - деп есіне алады ол. - Шындыққа, дұрыстыққа құмарлығын, жолдағы елден ерекше мінездерінің барлығын билікте анық көрсетіп жүрді...».
Билікке келгенде, Көкбай ақын жазатындай, «Абайдай әділ, таза, дұрыстығы күшті биді Тобықты іші бұрынғы, соңғы заманның қайсысы болса да көрмепті. Абайдың билігіне, Абай тергеуіне әрқашан ел ішінде шиеленісіп, ұстасып жүрген жаулары құмар» екен: «Өзіміз көріп, өзіміз естіп білген заманда, жауына келіп билік айтқызу Абайдан басқа кісінің тұсында болғанын білмейміз. Тобықтының өзге ешбір адамына да билік турасында, бұрынғы заманда, соңғы заманда да мұндай сенім болған жоқ».
Олай болса, Алла тағаланы, адам баласы мен әділетті сүйіп, ерекше ардақ тұтқан Абайдың, тағы қайталаймыз, перзентіне Турағұл есімін беріп, оның тура жолда болуын қалағаны анық. «Турағұл» есімін «Тұрағұл» деп бұрмалау – Құдайдың турашыл құлы, қызметшісі дегеннен, қасиетті Ислам дінімізден безіну болмақ. Демек, Абайтанудың абызы Қайым Мұхамедханұлын түзетіп, «адасқанша» Хакімнің дарынды ұлдарының бірі, шебер аудармашы – Турағұлға «дүние есігін ашқанда» алған есімін қайтару парыз.
Жалпы, алты алаштың мақтанышы – Абай Құнанбайұлы мен оның айналасына қатысты әңгімеге әрқашан мұқият болу қажет. Қазір жекелеген бұқаралық ақпарат құралдары, ұлы ақын жайында қызықты деректер ұсынамыз деп, қарабайыр қателіктерге ұрынып жүр. Бұған, «Ruh.kz» пен «Aikyn.kz» электронды үнжарияларындағы Абай туралы тиісінше 15 және 10 дерек дәлел. Оның екеуінде де Еркежанды Оспанның қалыңдығы деп шатасып, екіншісі «10» деп отырып, «15 дерек» ұсынғанын да байқамайды.
Әсіресе, «Aikyn.kz» асығыстықтан 74 баптан тұратын «Қарамола ережесін» 93 бап деп қате көрсетеді. Бұған қоса ақынға қастандық жасалған 1898 жылды 1890 жыл ағат кетіп, оның ұйымдастырушыларының қатарына Байғұлақ дегенді «жапсырады». Тіпті, «Ахмет Байтұрсынұлы ең алғашқы абайтанушы» деп асыра сілтейді. Бұл айтылғандар кейбіреу үшін елеусіздеу көрінгенімен, асыл мұраға жанашыр қауымның жанына инедей қадалады. Сондықтан Абайға қатысты кез-келген дерекке аса сергек қараған абзал.
Болат Жүнісбеков, жазушы
Abai.kz