Қандас мәртебесін алу үшін тіл сынағы міндеттеледі
Қазақстанда тарихи атамекеніне оралған қазақтардың ресми түрде «қандас» мәртебесін алуы немесе елде тұрақты тұруға рұқсат беретін ықтиярхатқа ие болуы үшін қазақ тілінен онлайн тест тапсыру талабы енгізілуде.
Көші-қон әлеуетін бағалау кезеңдерінің бірі саналатын бұл емтихан екі бөлімнен тұрады: тыңдалым және оқылым. Үміткерлерге 1 сағат 10 минут (70 минут) ішінде 60 сұраққа жауап беру жүктеледі. Сынақтан сәтті өту үшін әр бөлім бойынша кемінде 70% межелік балл жинау қажет.
Министрліктің түсіндіруінше, бұл тапсырмалар тілді терең меңгеруді емес, үміткердің күнделікті қарым-қатынаста қазақша эркін сөйлесіп, қарапайым мәтіндерді түсіну деңгейін тексеруге бағытталған. Сонымен қатар, жауапты мекеме тест тапсырмаларының «қиын еместігін» айтып отыр.
Егер үміткер алғашқы мүмкіндікте жеткілікті балл жинай алмаса, оған 30 күнтізбелік күн ішінде тағы екі рет қайта тапсыруға мұрсат беріледі. Әрбір жаңа талпыныс үшін бөлек төлем жасалуы тиіс.
Бұл тілдік тест биылғы ақпан айында іске қосылған пилоттық жоба аясында енгізілген. Көші-қон әлеуетін кешенді бағалау кезінде тіл білімінен бөлек үміткердің білімі, жұмыс өтілі (тәжірибесі) және отбасы құрамы да ескеріледі.
Abai.kz