Экс-банкир Ертаевтың босатылғаны хабарланды
«Bank RBK» АҚ-дан 144 миллиард теңге жымқырды деген айыппен ұзақ мерзімге сотталған бұрынғы банкир Жомарт Ертаев бостандыққа шығады. Бұл туралы журналист Михаил Козачков хабарлады.
«Экс-банкир Жомарт Ертаев бостандыққа шығады – бүгін оның жаза өтеу мерзімі аяқталды», — деп жазды Козачков сәрсенбі күні өзінің Telegram-арнасында.
КазТАГ редакциясы түсініктеме алу үшін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің (ҚАЖК) баспасөз қызметіне хабарласты.
Істің хронологиясы
-
2020 жылғы 16 қараша: «Bank RBK» АҚ-дағы қаражатты жымқыру ісі бойынша алғашқы үкім шықты. Бұрынғы банкир Жомарт Ертаев банктен 144 миллиард теңге ұрлады деп айыпталып, мүлкі тәркіленіп, 10 жыл мерзімге банк қызметімен айналысу құқығынан айырыла отырып, 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Сол кезде кәсіпкер Бақыт Ибрагим де мүлкі тәркіленіп, 8 жылға сотталған болатын.
-
2021 жылғы 14 мамыр: Ертаевқа, Ибрагимге және істің бірқатар өзге де фигуранттарына қатысты үкім жеңілдетілгенімен, Ертаев та, Ибрагим де теміртор артында қалды.
-
2022 жылғы 17 маусым: Ертаевтың жаңа қылмыстық іс бойынша фигурант атануы туралы хабар тарады.
-
2025 жылғы 3 қыркүйек: Ертаевты бостандыққа босату туралы шешім қабылданғаны хабарланып, сәлден соң оның босатылғаны жөнінде де ақпарат шықты. Дегенмен, 1 қазанда Мәжіліс депутаты Абзал Құспан банкирді босату туралы шешімнің күші жойылғанын мәлімдеді.
-
2025 жылғы 2 қазан: ҚАЖК өкілдері Ертаевтың әлі де қамауда екенін ресми түрде растады.
Abai.kz