Миллиардтаған қарыз: Орал ЖЭО газдан ажыратылды
Оралда жылу маусымы басталар тұста «Жайықжылуқуат» АҚ газдан ажыратылды. Арада бір күн өткен соң жергілікті әкімдік бюджеттен қаржы бөлу туралы шешім қабылдады.
Батыс Қазақстан облысының Орал қаласында кезекті жылу беру маусымына дайындық жүргізілді. «Жайықжылуқуат» АҚ 13 қыркүйектен бастап негізгі жабдықтарды жоспарлы түрде тоқтатып, жөндеу, профилактикалық және диагностикалық жұмыстарды атқарды, сондай-ақ жабдықтарды сынақтан өткізді. Қайта іске қосу 21 қыркүйекке жоспарланған болатын.
Жылу-электр орталығындағы барлық қажетті жұмыстар 16 қыркүйекте аяқталды. Кәсіпорынды қайта іске қосуға дайындық кезінде табиғи газ жеткізуші алдындағы берешекті өтеу мәселесі туындады.
Бүгінгі таңда «Жайықжылуқуат» АҚ-ның «QAZAQGAZ Aimaq» АҚ алдындағы табиғи газ бойынша қарызы 3,542 миллиард теңгені құрайды. Оның 1 миллиард теңгесін жергілікті бюджет қаражаты есебінен өтеу жоспарланып отыр. Қалған берешек сомасы бойынша кезең-кезеңімен өтеу кестесі әзірленеді.
«17 қыркүйек сағат 09:00-дегі жағдай бойынша Орал ЖЭО-сына табиғи газ беру қайта басталды. Қазіргі уақытта жабдықтарды іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Бүгін сағат 17:00-ге дейін тұтынушылар ыстық сумен қамтамасыз етіледі», — деп хабарлады Орал қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
БҚО Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының хабарлауынша, «Жайықжылуқуат» АҚ-ның «QAZAQGAZ Aimaq» АҚ алдындағы 1 миллиард теңге қарызы ертеңге дейін өтеледі. Қаржы жергілікті бюджеттен аударылады.
Өз кезегінде «QazaqGaz Aimaq» АҚ бүгін газ беру қайта қалпына келтірілгенін, ал қарызды өтеу мәселесі бойынша келіссөздер жүріп жатқанын хабарлады.
Айта кетейік, елімізде жылу беру маусымы басталып кетті. Соның ішінде Павлодар қаласының әлеуметтік нысандарына жылу берілді.
Abai.kz