Жеңісіміз ұрланды: «Безстыйжый» кім, сонымен?!
Бокстағы былықтарды көріп жатсыздар. Кеше сол нәрсені жазып едім, «халық жауы» болып кеттім. Иә, мен-ақ жаман болайын. Бірақ, ақиқат айтылуы керек!
Бір кісінің (Головкинді меңзеп отыр – ред.) әлемдік бокс тізгінін алғанына бір жыл болды. О, баста бәрі ашық әрі әділ болады, спортшылар құқығы қорғалады деген мәлімдеме жасалды. Бірақ, нақты іске келгенде үш боксшымыздың жеңісі ұрланды. Көзінше ұрланды. Жүйе әлі реттелмеді. Төрелік әлі тазаланбады. Оның үстіне, көзімізді бақырайтып қойып, «ал, не істей аласыңдар, қазақтар?» дегенге келтіріп тұр.
Төреші демекші, мұнда бірде-бір қазақ төреші жоқ. Гватемалла, Шри-Ланка, Аргентинадан алдырыпты. Ол елдерде жалпы бокс болып па еді? Ол елдерде біздің мамандарды ысырып тастап, тап соларға «акцент» жасайтындай рефирилер бар ма еді? Азия елдерінен десеңіз, өзбегің бар, тәжігің бар, жапоның бар, бәрі төрелік етіп жүр. Қазақ қана жоқ. Бұл не масқара?
Бүгін «протест» беріліпті. Ол қаралмайды ғой. Қаралғанның өзінде, жеңіс қайтпайды. Өз-өзімізді неге алдаймыз? Қазақ қыз жігіттері барын да, жанын да салып төбелесіп жатыр. Жеңілгендері жеңілді. Ал, енді үшеуінің жеңісі таза ұрланды. Бір өкініштісі, ештеңе істей алмаймыз.
Кеше де айттым ғой. Сынды дұрыс қабылдап, нақты іспен айналысу керек. Менімен алысқанша, төрешілермен алысыңдар, жүйемен алысыңдар. Мені жеңерсіңдер. Ал, ана жақта есеміз кетсе, не қайыр?! Солардың бетіне «безстыйжый» деп айтып, жемқорлыққа батқандардың желкесін түйіп, былыққа батқандардың көзін құрту керек! Тізгінді алдың ба, мықтап тұрып жұмыс істеу керек! Қазақ боксшылары мен бапкерлерінің еңбегі еш кетпеу керек! Олар жекпе-жектен кейін жәутеңдеп, жетімнің күйін кешпеу керек! Өте өкінішті…
Аслан Қаженов, спорт журналисі
Abai.kz