Ежелгі Алмалық қаласы
Іле бағзы заманнан бері ата-бабамыздың қасиетті қара жұртының бірі болған. Шығысында төбесін көкке тіреген асқар таулар, батысында толқыны шарқ ұрған көркем Балқаш, бауырында төсін кеңге салып шалқасынан жатқан сұлу Сайрам, ақ бұйра толқыны жағасын жұлмалап, мамырлай аққан айбарлы Іле өзені – осының бәрі Үйсін бабамыздан қалған шұрайлы өлкенің атын асқақтатып, даңқын әлемге паш етіп келеді.
Орта ғасырда Махмұт Қашқари бабаьыз: «Іле – түркілердің Жейһұны дұр», – деп бағаласа, бертінде ақын Таңжарық:«Байқасаң, Іле жердің ортасындай, Егер де дене болса, қолқасындай», – деп жырлаған Қарт Іледе кімдер өтпеді дейсіз?! Арғыдан айтсақ, ата жауына қан ішкізген Тұмар ханшадай қыз өсірген сақтар осы өлкеде жасаған. Олардың ізін ала Ұлы жүз Үйсіннің баһадүр ұлдары қылышын айға білеп, хан жұртынан қыз алып, «Ұлы жүз Үйсін» деген тұақты тіркесті және Іленің оң қапталындағы «Үйсінтау» атауын кейінгі қазаққа мыңдаған жыл бойы аманат етіп қалдырды. Одан кейін қазақтың Ұлы жүзі құрамындағы белді тайпалардың бірі түргештер бір кезеңде бұл өңірде билік құрды. Беріректе қалың Қаңлының ел ордасы Алмалықта тігіліп, «Оғыз, Қыпшақ, Қарахан» шежіресін жазған қаңлылық Жамал Қарши өмір сүрді. Найман Күшлік хан Іледе ат ойнатып, ту тігіп үстемдік жүргізді. Кейін Дулат тайпасы Алмалықта Тоғлық Темірді хан көтерді. Қазіргі «Дулат өткелі» атауы – сол Дулат бабаларымыздан қалған тарихи мұра.
Ал Моғолстан дәуірінде де Ұлы жүздің көптеген тайпалары осы өңірді мекендеді. 18-ғасырда жоңғарды түре қуған Қабанбай батыр «Қабанбай шоқысын» қалдырса, Сайрам бойындағы Күркілдекте Абылай хан ордасын тікті. Ал бүгінгі күні бұл өңірде Ұлы жүз бен Орта жүздің қара ормандай қалың қазақ жұрты ата дәстүрін сақтап, берекелі тіршілік кешіп келеді.
Сол «түркілердің Жейһұны» атанған Іле өңірінде көптеген көне қалалар бой көтерген. Бұл туралы қытай ғалым Су Бихай былай дейді: «Археологиялық материалдар Іле аңғарында X–XII ғасырларда 56 қаланың болғанын дәлелдейді. Бұл қалалар алғашында IX–X ғасырларда салына бастаған. XI–XII ғасырларға аяқ басқанда осы өңірдегі қала мәдениеті өзінің даму шегіне жетті.»(Су Бихай. «Қазақ мәдениетінің тарихы». Шыңжаң халық баспасы, 2005 жыл, 332-бет.)
Кейінірек, XVII ғасырда Жоңғар хандығы дәуірінде Ғалдан Серен қазіргі Құлжа өңірі төңірегіндегі Бұлақбасы, Көтерме, Абылаш сияқты қалаларды салдырған. Бұдан басқа, Цин патшалығы Жоңғарды тыныштандырғаннан кейін Ілені уысынан шығармай, өз үстемдігін одан әрі нығайтып, өңірді біртұтас басқару мақсатында 1762 жылы Іле генерал-губернаторлығының мекемесін құрды. Алғашқы генерал Мин Жуйден бастап, соңғы генерал Чжи Жуйге дейінгі 150 жыл ішінде Іледе 42 адам 60 рет генерал қызметін атқарған екен. Сол кезеңде, 1761–1780 жылдар аралығындағы он тоғыз жылдың ішінде Күре қаласын орталық еткен тоғыз қала салынды. Олар: Талқы қаласы (1761); Күре қаласы (1763); Баяндай қаласы (1766); Сүйдің қаласы (қазіргі Ұқарлық, 1766); Лусагоу қаласы (Қамысты, 1780); Тұнықсу қаласы (1780); Қорғас қаласы (1780); Қарабұлақ қаласы (1780); Құлжа қаласы (1762).
Сонымен қатар, Іледе орналасқан сегіз маньчжур әскери гарнизонының астық мәселесін шешу үшін Қас өзені мен Іле өзенінің аралығына 1765 жылы «Хуэйшун» (Сейпіл) қаласы салынды. Бұл жерге тараншылар (маньчжур әскерлерін астықпен қамтамасыз ету үшін оңтүстіктен арнайы көшіріліп әкелінген ұйғыр диқандары) орналастырылды.
Бұдан бөлек, Іле өңірінен бүгінге дейін он мыңнан астам көне қорым анықталған. Соның ішінде төрт мыңға жуығы ірі обалар болып табылады. Бұл ескерткіштер Моңғолкүре, Текес, Күнес, Нылқы, Тоғызтарау, Шапшал, Қорғас, Сайрам сияқты өңірлерге кеңінен таралған.
Бабалардан қалған сол көне қалалардың ішіндегы ең атақтысы Алмалық қаласы еді.
Алмалық қаласының қашан құрылғаны туралы әртүрлі пікірлер бар. Жалпы, оларды екі көзқарасқа топтастыруға болады. Бірінші пікір бойынша, Алмалық V ғасырда құрылған. Екінші пікір оны Қарақытайлар дәуірінде, XII ғасырда негізі қаланған деп есептейді. Алмалық атауы алғаш рет Мұғтауынан табылған соғды құжаттарында кездеседі. Кейін Юань дәуірінде өмір сүрген, даосизмнің көрнекті өкілі Чю Чужидің «Чаңчун хәзіреттің батысқа сапар естелігі» атты еңбегінде де аталады. Чю Чужи жетпіс төрт жасында батыстағы Шыңғыс ханға барып, оған: «Қырғыншылықты тоқтатып, халыққа қамқор бол», – деп өсиет айтқан дана ретінде тарихта қалған. Оның бұл сапары 1220 жылы басталып, 1222 жылы шығысқа қайтумен аяқталған. Осы сапар барысында ол Алмалық қаласы арқылы өткен.
Бұл туралы ол:
«...Іле аңғарының оңтүстігінде бес күн аялдадық. Солтүстікке қарай жетпіс-сексен шақырым жүрген соң мұнайға келіп қондық. Күн суық еді, ішуге жарайтын су да жоқ болатын. Таңертең батыс-солтүстікке қарай шамамен жиырма шақырым жүргенде ұшы-қиыры көрінбейтін үлкен көлге тап болдық. Көлдің айналасы бірнеше жүз шақырымға созылып жатыр екен. Төрт жағындағы қарлы шыңдардың сәулесі көл бетіне түсіп тұрды. Бұл көлді жұрт Тәңір көлі деп атайды. Көлді бойлай солтүстікке жүргенімізде оң жақтағы шоқылар бітік көрінін тұрады. Тау басында қою өскен қайыңдар бар, бірқанша өзендер сайға құйылып, алпыс-жетпіс шақырымға дейін өркештеп ағатын. Екіншы ханзада Шағатай батысқа жорық жасағанда, тау тасты жарып, ағаштарды кесіп, екі арба қатар өтетіндей 48 көпір салдырған. Кеште сайға қондық. Ертесі жолға шығып, шығыстан батысқа созылған кең жазыққа келдік. Бұл жердің суы мол, шөбі шүйгін, көктем кұндеріне ұқсап кететын еді. Жүзім, шылан бар екен. Бұл реткі сапарда 9-айдың 27-күні Алмалық шаһарына келдік... батыс бақта түнедік» деп жазады естелігінде.
(Жаң Шиңляң. «Қытай мен Батыс арасындағы қатынастар тарихына қатысты материалдар топтамасы», 5-том, 98-бет.)
Бұл рет ол батыс бақта түнесе, қайтқан жолында шығыс баққа түнейді. Ол осы жерде Шағатайға арналған мадақ жырларын жазған.
Алмалық гүлденген дәуірінде мұнда көптеген ғұламалар мен ойшылдар келген. Солардың бірі – әйгілі мемлекет қайраткері әрі ғалым Елюй Чуцай. Ол Алмалықта бір мезгіл тұрған, өз еңбектерін де осы қалада жазған. Алмалыққа Елюй Чуцайдың немересі Елюй Шилян, Чаң Ди сияқты көптеген белгілі адамдар да келіп кеткен.

Суретте: Алмалық қаласы. Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.
Дулат тайпасынан шыққан қазақ ғалымы Мұхаммед Хайдар Дулати (1499–1551) өзінің әйгілі «Тарих-и Рашиди» еңбегінде былай деп жазады: «Келесі мәшһүр қалалардың бірі – Алмалық. Бұл қалада Тұғлы Темір ханның мазары орналасқан. Ежелгі қаланың іздері әлі де сайрап жатыр. Хан кесенесінің күмбезі өте биік әрі әсем жазулармен безендірілген. Оның қабырғасына жазылған мәтіннің бір бөлігі есімде қалыпты. Онда: "Бұл ғимарат – шебер Шербаф тоқымашының өнеры" деп жазылған. Осыдан шебердің Ирақтан келгені байқалады. Өйткені Ирақта тоқымашыны "шербаф" деп атайды. Күмбездегі жылнамада һижраның жеті жүз алпысыншы жылы (1358–1359) көрсетілген.»
Қаланың орны қазіргі Іле қазақ автономиялы облысы Қорғас ауданының бұрынғы Кеген ауылына жақын жерде орналасқан. Қала жұрты өте үлкен аумақты алып жатыр. Оның оңтүстік шеті Кеген тауының солтүстік етегінен басталып, солтүстігі Кеген сайына дейін созылады. Шығысы Тұғлы Темір кесенесіне дейін, батысы Қараойға дейін жетеді. Шығыстан батысқа қарай ұзындығы шамамен 5 шақырым, ал солтүстіктен оңтүстікке дейінгі нақты аумағын анықтау қиын. Дегенмен жергілікті халықтың айтуынша, қала айналасының ұзындығы 25 шақырымға жуық болған.
Қазіргі кезде көне қаланың көзге анық көрінетін белгілері сақталмаған. Оның көп бөлігі егістік алқаптарына айналып кеткен.
Алмалық қаласында алғашқы кең көлемді археологиялық қазба жұмыстары 1957–1958 жылдары жүргізілді. Экспедицияны Қытай Ғылым академиясының Археология институтының ғалымы Хуан Вэньби басқарды.
Қазба барысында: қыш ыдыстардың сынықтары; несториан дініне қатысты құлпытастар; Шағатай хандығы дәуірінің алтын және күміс теңгелері; араб жазуы қашалған ортасы тесілмеген теңгелер; Юань дәуіріне тән өрнекті фарфор бұйымдары табылды.
Археологиялық деректерге қарағанда, Алмалық батыс пен шығыс мәдениеттері, сондай-ақ көшпелі және отырықшы өркениеттер тоғысқан аса ірі мәдени орталық болған. Техникалық және дәстүрлі зерттеу нәтижелері қаланың солтүстігі кең әрі биік, ал оңтүстікке қарай біртіндеп тарылып, еңістене орналасқанын көрсетті. Өзен қаланың екі шетін орап өтеді екен де қайта қосылады екен.
Зерттеушілер Алмалықтың жалпы аумағы шамамен 30 шаршы шақырым болғанын анықтады. Қала екі бөліктен тұрған: тау үстіндегі бөлік; тау етегіндегі бөлік. Тау үстіндегі бөліктен көшелер мен төртбұрышты қорғандардың орындары анықталса, тау етегінен тұрғын үйлердің, көшелердің және қатар орналасқан ғимараттардың қалдықтары табылған. Бұл бөлік қаланың орталық ауданы болған деп есептеледі. Қаланың шығыс және батыс жағында көптеген қорымдар орналасқан. Ал Кеген өзенінің екі жағасынан қолөнер шеберханаларының орындары анықталған. Археологтар бұл жерден 280-нен астам алтын, күміс, мыс, темір, қалайы, қыш, шыны және тастан жасалған түрлі бұйымдарды тапқан.
1958 жылдың жазында Қытай Ғылым академиясының Шыңжаң археологиялық тобы Оңтүстік Шыңжаңдағы жұмыстарын аяқтағаннан кейін Іле өңіріне келіп зерттеу жүргізген. Алайда бұл жолы қазба жұмыстары жасалмай, халық қолындағы бұрын табылған жәдігерлер ғана жиналған.
Үшінші кешенді зерттеу 1988 жылдың тамызынан 1989 жылдың шілдесіне дейін жүргізілді. Шыңжаң автономиялық район мен Іле аймағының мәдени мұраларды зерттеу тобы Алмалық қаласының орнын қайта тексеріп, 1957 жылдан бері автономиялық район дәрежесінде қорғалатын мәдени ескерткіш болып саналатын көне шаһардың жұрты мен құрылыс іздері сақталғанын анықтады. Алайда олардың басым бөлігі әлдеқашан егістікке айналып кеткен еді.

Суретте: Алмалықтан табылған жасыл гүлді шыны. Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.
Алмалық өз тарихында Қарлұқ қағандығының, кейін Қаңлы мемлекетінің, одан соң Шағатай хандығы мен Моғолстанның маңызды орталықтарының бірі болды. Сонымен қатар ол шығыс пен батысты жалғастырған халықаралық қатынас жолындағы аса ірі сауда орталығы қызметін атқарды.
«Моңғолдың құпия шежіресінде» Шағатай дәуірінде Алмалықта Батуға (Бату сарайына) баратын арнайы бекет болғаны айтылады. Орта ғасырларда бұл қала Жетісу арқылы Моңғолияға, Батыс Сібірге және Ертістің жоғарғы ағысына қатынайтын керуен жолдарының бойындағы аса маңызды сауда орталығы саналған.
1966 жылы Тұрпандағы Астана қорымынан табылған бір құжат Алмалықтың бұдан да ертерек кезеңдерден бастап сауда орталығы болғанын дәлелдейді. Бұл құжат Таң әулетінің Линдэ дәуірінің екінші жылына жатады. Онда Құчуадан (йдіқұд) Анчи әкімшілігіне жолданған ресми хабардың сақталған бөлігі берілген.
Құжатта Тянь Лушаньға қатысты жібек маталардың Алмалықтан Қүшарға тасымалданғаны, жолда дау туғаны және бұл іске Ли Сань, Би Са және Шао Жиң атты адамдардың қатысқаны баяндалады. Сондай-ақ Құчадағы басқару әкімшілігінің бұл оқиға жөнінде Анчи басқармасына хабарлағаны жазылған.
Құжаттың сақталған үзінділерінде:
Алмалықтан 275 топ жібек мата жөнелтілгені;
жүк екі түйе, төрт сиыр және бір есекпен тасылғаны;
Ли Сань серіктерімен бірге Алмалықтан Қүшарға аттанғаны;
Би Са мен басқа адамдардың арасындағы жанжал жөнінде мәліметтер
көрсетілген.
(Әділ Мұхаммет. «Шыңжаңдағы байырғы қалалардың археологиялық мәдениеті». Шыңжаң халық баспасы, 2015 жыл, 299-бет.)
Бұл үзіндіден-ақ Алмалықтың 655 жылдың өзінде-ақ жібек маталарын сатып, қайта өткізетін ірі сауда орталығы болғанын көруге болады. Демек, қаланың негізі V ғасырда, тіпті одан да ертерек қаланған деген тұжырым жасауға негіз бар.
Алмалықта әр дәуірде билік құрған мемлекеттер өздерінің сауда айналымына арналған теңгелерін соғып отырған. Мәселен, археолог Хуан Вэньби 1975 және 1977 жылдары Алмалықтан Юань дәуіріне (1279–1368) жататын бір жармақ пен бетіне «Алмалық» деген жазу қашалған алты мыс теңге тапқан. 1988 жылдың күзінде Қорғас ауданы Сүйдің базары Леңгер ауылынан қыш құмыра ішіне жасырылған көптеген теңгелер табылды. Олардың бетіне арабша жазулар мен түрлі өрнектер түсірілген. Диаметрі 2,1–2,3 см, салмағы шамамен 2 грамм болатын бұл теңгелердің сыртқы бетіне: «Лә иләһа иллаллаһ, Мұхаммадур Расулуллаһ» деген сөздер екі қатар етіп қашалған. Археологтар бұл теңгелерді Юань дәуірінде Алмалықта соғылған деп есептейді. Бұған дейін табылған теңгелермен салыстырғанда, бұл жолғы олжа әлдеқайда мол болды. Сонымен бірге, 1977 жылы Санжыдағы көне қаладан табылған 1370 күміс теңгенің жартысына жуығында «Алмалық» деген таңба болған. Сондай-ақ Сыр бойындағы Отырар қаласынан табылған қазынаның арасында да Алмалықта соғылған теңгелер шыққан.

Суретте: Алмалықта соғылған теңгелер. Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.
Белгілі шығыстанушы В. В. Бартольд зерттеуінде: «1345 жылы Алмалық қаласында соғылған теңгеде қала билеушісі Махмұдтың есімі кездеседі. Біздіңше, бұл Алмалықта соғылған ең соңғы теңге болса керек», – деп жазады. Бұл Махмұд – Тұғлы Темір ханның немересі.
Ал қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлиханов 1858 жылғы Жетісу сапары кезінде Алмалыққа келіп, бірнеше көне теңгелерды қолға түсірген. Ол бұл жөнінде «Жоңғария очерктері» атты еңбегінде: «Мен ежелгі Алмалық қаласының орнынан бірнеше алтын бұйымдар мен алтын ақшаларды қолға түсірдім. Бұл туралы кейін арнайы мақала жазбақпын», – деп жазады.
Шоқан Уәлиханов Алмалық туралы тағы да былай дейді: «Орыс жоңғариясында көшпелі тұрмыс үстем бола тұрса да, онда аздап отырықшылықта болған. Бұл туралы атап айтқанда, Шиға қаласы туралы алғашқы тарихи мәліметті біз Қытай тарихынан көріп отырмыз. Бұл қала Ыстықкөлдің шығыс жағында болуы керек және оны Үйсін күнбиіне арнап қытай жұмысшылары салған болуы тиіс. Орта ғасырларда мұнда, әсіресе Іле алқабында отырықшылық кең өріс алған. Алмалық (ал қазіргі Түркістан селониясы), Қонақай мен Қайнақ (қазір де бар) және Алматы (қазіргі Верный бекінісі тұрған жер) қалалары өздерінің сауда-саттығы жағынан аты шыққан және бұлар генуэ көпестері Қытайға, қыпшақ елшілері Ұлы ханға барып тұрған үлкен жолдың бойындағы станциялары болған», – дейді өзінің «Жоңғария очерктері» атты мақаласында. (Шоқан Уәлиханов. «Мақалалар мен хаттар». Жаңа өмір баспасы, 1956 ж., 115-бет.)
Ал қалың қаңлының ортасында өскен атақты тарихшы, ғалым Жамал Қарши (1230–1315) дәл осы Алмалық қаласында туған. Сонымен қатар белгілі ғалым Маулана Юсуф Саккаки (1160–1229) де осы қалада дүниеге келген. Жамал Қарши өзінің «Мулхақат әс-Сурах» («Сөздікке қосымша») атты еңбегінде: «XII ғасырдың басынан XIII ғасырдың соңына дейін Қаңлылар Жетісудағы ең қуатты ұлыс болып, бүкіл өңірді Алмалықтан биледі», – деп жазады. Қарақытайлардың шапқыншылығы кезінде қаңлылар қарлұқтармен бірлесіп, сол кездегі сәулетті астана Баласағұнды қорғауға қатысқан.
1211 жылы Алмалық билеушісі Шыңғыс ханға өз еркімен қақпасын ашып, бүкіл әскерімен оның жағына өткен. Осы еңбегі үшін Шыңғыс хан Жошының үлкен қызы Бикені Қаңлы билеушісі Тұғырылдың ұлы Сунақ тегінге ұзатып, қаңлы бектеріне айрықша құрмет көрсеткен. Бұған дейін найман ханы Күшлік Қарақытай мемлекетін басып алып, Іле алқабына келген кезде Қаңлы ханы Оразды аң аулап жүрген жерінде қолға түсіріп өлтірген болатын. Ал Шыңғыс хан Күшлікке және Хорезмге қарсы жорыққа шыққанда, Сунақ тегін қалың қолымен оған көмекке барған.
Жамал Қаршидің Алмалықта білім алып, тәрбиеленгенін ескерсек, бұл қалада сол дәуірдің ірі оқу орындары болғанын аңғаруға болады. Кейін ол Сунақ тегіннің ордасында қызмет атқарған.
Дәл осы қалада Шыңғыс ханның ұрпағы Тұғлы Темір он сегіз жасында Дулат әмірлерінің қолдауымен хан көтеріліп, Шағатай ұлысының билігін нығайтты. Сондай-ақ ол өзінің қарамағындағы адамдармен бірге ислам дінін қабылдады. Бұл әрекеті өзге моңғол ақсүйектеріне ұнамай, ақырында Тұғлы Темір хан ордасында отбасы мүшелерімен бірге қастандықпен өлтірілді. Бұл оқиға туралы Мұхаммед Хайдар Дулати «Тарих-и Рашиди» еңбегінде жан-жақты баяндайды.
Тұғлы Темір кесенесі Бүгінде көне Алмалық қаласының орнында әлі де асқақ тұр. Деректерге қарағанда, кесенені ханның жары Батыфари ханым Ирақтан арнайы шақырылған шеберлерге 1365 жылы салдырған. Кейін Батыфари қайтыс болған соң, оның сүйегі күйеуінің жанына жерленген.
Кесене кешенінде: оң жақтағы үлкен кесене – Тұғлы Темір ханға; жанындағы ақ түсті шағын кесене – Батыфари ханымға арналған. Кесене шамамен 150 шаршы метр аумақты алып жатыр. Негізгі өлшемдері: ұзындығы – 15 метр; ені – 10,7 метр; биіктігі – 19 метр; іргесінің айналасы – 60 метр.
Ғимараттың іргесі төртбұрышты етіп көтеріліп, үсті күмбезбен жабылған. Құрылыста тіреуіш бағандар қолданылмаған. Ішкі жағындағы айналмалы баспалдақ арқылы күмбезге көтерілуге болады. Кесененің ішінде төрт қабір орналасқан.
Сыртқы қабырғалары 26 түрлі жылтыр қышпен қапталып, 21 түрлі өрнекпен безендірілген. Есігі шығысқа қаратылған. Кіреберіс маңдайшалығына айналдыра екі жолды Құран аяты жазылған. Оң жақтағы аяттың аудармасы: «Ұлы патшам, сіз ұлы іс ілтипаттың теңізісіз, Ислам дінінің қорғаушысысыз, Алланың ұлы кәләмі (Құранға) сенімді пендесісіз, Ислам дінінің атақ-даңқы және мақтанышысыз». Ал сол жақтағасының аудармасы: «Патшамыздың ханикесі Батифари (Ханике)ге бағыштаймыз: күнәларыңызды кешіргейсіз, дәуіріміздің ханикесі, заманымыздың билеушісі (Сүлеймен патшаның сұлу ханымы) ақыл-парасатты, пәк, дүниеде әйелдер ішінде теңдесі жоқ Батифари қатынның атақ-даңқы, мәртебесі мәңгі сақталғай, өмірі шексіз ұзын болғай, бұл дүниеден ол дүниеге дейін қам-қайғысыз жасағай...» (Аяттарды Чин Жиңго өзінің «Юань патшалығы дәуіріндегі Алмалық шаһарының орны туралы» деген мақаласын жария етер кезде Тілегер, ақын Иман Тұрсын және Орталық Ұлттар институты Ұлттық тіл факультетіндегі Лю Шу Жин қатарлылар тәржімалап берген).
Бұл сәулет ескерткіші 1957 жылы мемлекеттік дәрежеде қорғалатын мәдени мұралар тізіміне енгізілген.
Алмалық халықаралық маңызы бар тарихи қалалардың бірі саналады. Мұнда әртүрлі ұлт өкілдері бірге өмір сүріп, өзара сауда-саттық жүргізген. Қалада малшаруашылығы мен қатар егіншілік пен бау-бақшашаруашылығы да жақсы дамыған. Сонымен бірге Алмалық түрлі дін өкілдері бейбіт қатар өмір сүрген мәдени орталық болған.
Белгілі шығыстанушы В. В. Бартольдтың жазуынша, осы қалада 1334 жылы Тұғлы Темір ханның ұлы саналатын Жаңғышы хан таққа отырған. Оның билігі кезінде Алмалықта католик діні де кең тарай бастаған. Папа тағайындаған жоғары дәрежелі дінбасылар Карасмон мен Иоанн осы қалада қызмет еткен. Алмалық ханы Жаңғышы оларға қала маңынан кең жер сыйлап, кейін сол жерде сәулетті шіркеу салынған.
Одан кейін Алмалыққа Испаниядан, Скандинавиядан, Бургундиядан және Португалиядан көптеген епископтар, монахтар мен дін қызметкерлері келген. Археологиялық зерттеулер барысында жер астынан бетіне крест белгісі қашалған тас құлпытастар табылды. Көлемі 126 шаршы сантиметр, салмағы шамамен 8 килограмм болатын бұл тастардың ортасына крест бейнесі ойылып, оның айналасына сирия (сириялық арамей) жазуымен марқұмның аты-жөні мен қайтыс болған жылы жазылған. Бұл жәдігерлердің несториан христиандарының мәдени мұрасы екені анықталған.
Алмалық қаласының аумағы шамамен 25 шаршы шақырым болғанын, қазба жұмыстары кезінде алтын және күміс теңгелер, қыштан жасалған ыдыстар мен әшекейлер, сондай-ақ темір мен мыстан соғылған балта, қанжар, пышақ секілді қару-жарақтар табылғанын жоғарыда жаздық. Бұл деректер Алмалықта саудамен қатар металл өңдеу мен қолөнер кәсібінің де жоғары деңгейде дамығанын көрсетеді.
Алмалықтың күйреуі, Ақсақ Темір мен Моғолстан ханы Қызыр Қожа (Тұғлы Темірдің ұрпағы) арасындағы аумақтық қақтығыстармен байланысты. Соғыстың нәтижесінде Ақсақ Темір Алмалықты басып алып, қаланы қиратады. Осыдан кейін Моғолстанның саяси орталығы Алмалықтан Бесбалыққа көшіріледі.
Ермек Шаяхмет
Abai.kz