Сәрсенбі, 21 Қазан 2026
46 - сөз 599 0 пікір 20 Қазан, 2026 сағат 13:13

Ресейге бас имейтіндер…

Коллаж: abai.kz.

Трамптың сайлау туралы риторикаларынан соң әлемдік сарапшылар: «Украинаны Зеленскийден соң кім басқаруы мүмкін» деген сұраққа жауап іздей бастады.

Болжалды үміткерлер де белгілі. Олардың барлығы дерлік ала-бөтен адамдар емес. Украина үшін аянбай еңбек еткен, Украина қоғамында абырой-беделі бар тұлғалар. «Newsweek» сарапшылары Зеленскийдің орнын басуы мүмкін немесе оған бәсекелес болуы мүмкін 4 басты тұлғаны атап жазыпты. Олар:

Болжалды үміткер – Валерий Залужный

Залужный ең ықимал тұлғалардың көшін бастап тұр. Украинаның бұрынғы Бас қолбасшысы (2021-2024 жылдар аралығы). Ресей басқыншылығы басталған сәттен бастап жаумен табандап күрескен, Киев түбіне жеткен басқыншылардың бетін қайтарған адам. Украинаның «Ұлт батыры». Қазір Украинаның Ұлыбританиядағы елшісі қызметінде жүр.

Әртүрлі рейтингтерде қазіргі президент Зеленскийге басты оппонент ретінде дәл осы Залужный аталып жүр. Десе де, рейтингтегі лидер Зеленский болып қалуда. Ал болжалды үміткерлердің ішінде Залужныйдың көрсеткіштері Зеленскийге жетеқабыл.

Залужный да Ресей үшін қолайлы тұлға дей алмаймыз. Өзі де әскерді тізгіндеп тұрғанда: «Ресей – Украинаның басты жауы. Ал жаумен ең аяғына дейін соғысып қана жеңуге болады», - деп айтқан. Де-факто – Залужныйды Ресейдің әскери-саяси билігі «жау» деп санайды.

Болжалды үміткер – Кирилл Буданов

Онан соң рейтингте тұрған адам – Кирилл Буданов. Қазір Буданов Украина Президенті Кеңсесінің бастығы. Бұған дейін Сыртқы барлауды басқарған. Респонденттердің 53 пайызға жуығы Будановқа сенетіндіктерін айтқан. Десе де, салыстырмалы түрде Будановтың мүмкіндігі Зеленский мен Залужныйдан әжептәуір төмен.

Буданов та қаражаяу адам емес. Ресейге қарсы теңдессіз әскери операцияларды ұйымдастырған. Ұйымдастырып қана қоймай, сол операцияларға өзі тікелей қатысқан. Солардың бірсыпырасы:

«Қырымға жасалған жорықтарға» өзі қатысқан. Оккупациядағы Қырымда орналасқан жаудың «С-400» секілді жойқын қаруларын талқандап, Қырым көпірін соққылап, диверсиялық шабуылдар жасаған. «Қара теңіз операциясы» кезінде теңіз дрондары арқылы Ресейдің Қара теңіз флотына шабуылдаған. Ресейдің тылына дрондармен шабуылдап, «Ту-22М3» немене «ДРЛО А-50» секілді Ресейдің қымбат әрі жойқын техникаларын өртеген. Ресейге қарсы ондаған жойқын операцияны жоспарлап, әзірлеп, іске асырған Будановты Кремльдегілер Зеленский мен Залужныйдан да қатты жек көретінін жасырмайды.

Болжалды үміткер – Михаил Федоров

Украинаның бұрынғы Қорғаныс министрі. Алдыңғы үштікпен салыстырғанда Федоровты қолдаушылар саны аздау. Дегенмен, Украина президенттігіне үміткерлердің бірі саналады.

Федоров – «дрон соғысының архутектуры» саналады. Украина армиясын жаппай роботтандыруға бәс қойған да, «дрон армиясын» жасақтаған да дәл осы Михаил Федоров. Ол бастап, қолға алған дрон әскері – қазір Украинаның басты көзірлерінің біріне айналып отыр. Сол үшін де Кремль Киевтің бас кеңсесінен көргісі келмейтін, Кремль үшін қолайсыз адамдардың бірі – осы Михаил Федоров.

Болжалды үміткері – Петр Порошенко

Петр Порошенко Украинаның бұрынғы президенті. Зеленскийге дейін елді осы Порошенко басқарған. Зеленскиймен сайлауға түсіп, екі турда айқасқан. Ақыры Зеленский жеңіп, Порошенко Жоғарғы Рада депутаты атанған.

Соғыс басталғалы-бері Порошенко әскерді бір кісідей-ақ қолдап келеді. Арнайы қор құрып, әскерге қажетті керек-жарақтар мен техникалар жеткізіп беруде. Түрлі типтегі дрондар, радиоэлектронды күрес құралдары мен барлауға керек техникалар, жүк көліктері, бронды техникалар т.б. сатып алып, армияға беруде. Бұдан бөлек, Украина қалаларын жылытқыш генераторлармен жабдықтауда.

Петр Порошенко да қатаң антиресейлік позициядағы адам. Ол президент болып тұрған кезде де, Жоғарғы Рада депутаты болған кезде де Ресейге саяси-экономикалық қысымды арттыруды табандап тұрып талап еткен.

Порошенко «Еуроинтеграция» жолын ұстанушы. Ресеймен Укриана арасындағы әскери байланыстарды алғаш болып үзген де, Украина-Ресей арасындағы әріптестік шартын тоқтатқан да, Украина шіркеуін Мәскеу патриархатынан бөліп алған да, Украинадағы БАҚ-та алғаш болып орыс тіліне шектеу енгізген де осы Порошенко еді.

Осыларды ескере отырып, әлемдік сарапшылар: «Украинада Зеленскийден кейін кім президент болса да, Украина енді Ресейге қайта бас имейді», - деген қорытындыны айтады.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Бір тағдырдың ар жағындағы бір дәуір

Инара Аубакирова 1130
46 - сөз

Академик: Ресей ғылымға қару кезенді!

Нұргелді Әбдіғаниұлы 1563