Сейсенбі, 3 Қараша 2026
Әне, көрдің бе? 201 0 пікір 3 Қараша, 2026 сағат 15:09

Селекциялық саясат па, әлде ұлттық брендті ұмыту ма?

Сурет: ЖИ арқылы жасалды.

Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласында тағы бір дүмпулі жаңалық орын алды: Австралиядан тікелей ұшақпен әлемдік деңгейдегі етті бағыттағы Дорпер мен «Австралиялық ақ қой» (Australian White) тұқымды элиталық отарлар жеткізілді.

2026–2030 жылдарға арналған Кешенді жоспар аясында жүзеге асқан бұл бастама еліміздегі экстенсивті (сан қуу) модельден интенсивті модельге көшудің қадамы ретінде бағалануда. Ақмола мен Солтүстік Қазақстан облыстарына бөлінген бұл шетелдік генетика өнімділікті арттыруға тиіс.

Алайда, сырттан келген «жылтырақ» генетика мен ата-бабамыздан қалған төлтума байлығымызды салыстыра қарасақ, бұл үдерістің сыни тұстары мен жауапсыз қалған сұрақтары да жетерлік екенін көреміз.

ЕДІЛБАЙ МЕН БАЙЫС ҚАЙДА ҚАЛЫП БАРАДЫ?

Австралиялық Дорпер мен Ақ қойдың тез салмақ қосатыны, етінің мармарлы болатыны жоққа шығарылмайды. Бірақ қазақ даласының қатал климатын, жаздың ми қайнатар ыстығы мен қыстың ақтүтек боранын, жүздеген шақырымдық жайылымдық көші-қонды ескерсек, бұл «әлжуаздау» шетелдік малдар жергілікті табиғатқа толық төтеп бере ала ма?

Осы тұста ғасырлар бойы қазақ даласының ауыр сынақтарынан сүрінбей өткен отандық асыл тұқымдарымыз – Еділбай мен Байыс (қазақы қылжүнді/құйрықты қойлар) еске түседі.

Еділбай қойы — төзімділіктің эталоны болып саналады. Олар ұзақ қашықтыққа жайылып, өз аяғымен от іздеуге, қар астынан шөп тебуге бейім, табиғи иммунитеті өте күшті тұқым.

Шығыс пен орталық өңірлердегі Байыс тұқымды қойлар да жергілікті таулы-далалы аймақтарға толық үйлескен.

Шетелдік малды әкеліп будандастыру (кроссбридинг) арқылы салмақ қуғанымызбен, өз топырағымыздың қатал мінезіне төтеп беретін гендік қорымыздан айырылып қалмау қаупі бар екенін де жоққа шығара алмаймыз. Экзотикалық тұқымдарды әкелуге миллиондаған қаржы құйғанша, өз жеріміздің Еділбайы мен Байысын ғылыми селекция арқылы жетілдіріп, әлемдік деңгейге көтеруге неге болмасқа?

ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНЫҢ ШӨБІ: ЖЕРГІЛІКТІ ЭКОЖҮЙЕНІҢ ҚАЙТАЛАНМАС ҚҰПИЯСЫ

Австралия мен Еуропа жайылымдарының от-шөбі басқаша — ол жақта мал жасанды немесе біртипті жемсауда өседі. Ал қазақ даласының шөбі — бұл жүздеген шипалы жусан, беде, ақселеу мен түрлі дәрілік шөптердің қосындысынан тұрады.

Қазақтың төрт түлігі, әсіресе Еділбай мен қазақы қойлар осы сан алуан шөптерді қоректеніп өскендіктен, олардың етінің дәмі мен құрамы ерекше болады. Шетелден әкелінген тұқымдар қазақтың кермек тартып өскен жусанды жайылымына тез үйлесе ме, әлде импорттық жем-шөпті талап етіп, асылдандыру жұмысымыз шығынды бизнеске айналып кетпей ме? деген түйтіклге ғалымдарымыз не деп жауап бере екен. Мұны тереңнен ойлап, ақыл таразысына салып, зерделейтін кез жетті.

ҰЛТТЫҚ АСХАНАМЫЗДЫ ЖАҺАНДЫҚ БРЕНДКЕ ҚАЛАЙ АЙНАЛДЫРАМЫЗ?

Бүгінгі таңда шетелдік генетика туралы айтып жатқанда, біз сол малдың етін әлемдік нарықта қалай сату керектігін де ұмытпауымыз керек. Қазақтың ет өнеркәсібін екпінді дамыту тек шикі етті шетелге тасымалдаумен шектелмеуі тиіс.

Бізде ұлттық гастрономиялық туризм мен брендті насихаттауда үлкен олқылықтар бар. Егер біз сапалы ет өндірсек, оны шетелге тек сойылған қой еті күйінде емес, ұлттық асхананың жауһарлары ретінде таныстыруымыз қажет:

Сүйектен жасалған кәдесый сорпалар (Bone Broth): Қазіргі таңда батыс елдерінде колагенге бай, денсаулыққа пайдалы сүйек сорпасы (bone broth) трендке айналған. Қазақтың «кәделі сүйектерінен» қайнатылған, табиғи дәмі мен қуаты сақталған таза ет сорпасын еліміздегі қой-ешкі және сиыр сүтінен жасалған айран, құрт, қатық қосылған дәмдеуішімен халықаралық деңгейде брендтеуге әбден болады.

Лағыман мен жайма кеспе (Үй кеспесі): Орталық Азияның, соның ішінде қазақ халқының ет өнімдері мен қамырдан жасалатын тағамдары (ет жаймасы, қолдан жасалған лағыман кеспесі) жаһандық асханада үлкен сұранысқа ие бола алады. Еттің сапасы мен қолдан жайылған таза ұлттық кеспенің үйлесімін туристік және экспорттық бренд ретінде әлемге жарқырата көрсету — заман талабы екенін естен шығармйаық.

Түйін: Австралиялық ақ қой мен дорперді әкелу — қысқа мерзімді нәтиже үшін жасалған әдемі маркетингтік қадам болуы мүмкін. Алайда мемлекет өз селекциясын дамытудың орнына сыртқы «дайын генге» тәуелді болып қалмауы тиіс.

Төлтума Еділбай мен Байыс тұқымдарының қадірін түсіріп алмай, керісінше олардың өнімділігін ғылыми жолмен арттырған жөн. Сонда ғана біз өзіміздің қайталанбас табиғи шөбімізбен өскен таза етімізді, қазақы дәмді сорпамыз бен жайма кеспе тағамдарымызды әлемдік нарықта мақтанышпен ұсына аламыз.

Әбіл-Серік Әліакбар

Abai.kz

0 пікір