Уашиңтондағы «көк толқын»: Трамп әбден тығырыққа тірелді...
2026 жылғы 3 қарашада өткен АҚШ-тағы аралық сайлау Америка құрлығындағы саяси картаны ғана емес, жаһандық геосаясаттың траекториясын түбегейлі өзгертті десек артық айтпаймыз.
Сарапшылар «Демократиялық партияның» тек бір палатада ғана басымдыққа ие болуын болжағанымен, сайлау нәтижесі Ақ үй үшін нағыз саяси соққыға айналды. «Демократтар» Сенатты да, Өкілдер палатасын да өз бақылауына алып, тіпті «Республикашылдардың» ондаған жылдар бойы берілмей келген «басты бекіністерінде» (қызыл штаттарда) ойсырата жеңіске жетті.
Дональд Трамп бұл сайлауды өзінің жүргізіп отырған саясатына берілетін «сенім референдумы» деп жариялаған болатын. Алайда американдықтар Ирандағы соғыс, инфляция, жанармай мен өмір сүру нарқының күрт қымбаттауына жауап ретінде Ақ үй басшысына қатаң әрі кері даусын берді.
160 ЖЫЛ БҰРЫНҒЫ ҚАТЕЛІК ЖӘНЕ РЕКОРДТЫҚ ЖЕҢІС
АҚШ саяси тарихында аралық сайлауды Президенттің жеке басын қолдау референдумына айналдыру — өте қауіпті тактика болып саналады.
«The Atlantic» басылымы атап өткендей, Дональд Трамп 1866 жылы АҚШ-тың 17-ші Президенті Эндрю Джонсон жіберген тарихи қателікті дәлме-дәл қайталады. Джонсон Азаматтық соғыстан кейінгі науқанда партия мүддесін емес, өз беделін алға тартып, ел аралап , дау тудырған еді. Сонда республикашылдар Конгрестегі басымдықты тартып алып, арада екі жыл өткенде Джонсонға импичмент жариялаған еді.
2026 жылы Трамп халықты толғандырған өмір сүру нарқы мен жанармай бағасын ысырып қойып, жеке амбицияларына басымдық бергендіктен дәл сондай тұзаққа түсті. Екінші дүниежүзілік соғыстан бері қос палатаның бірдей оппозицияға өтуі тек 3 рет (1946, 1994, 2006 жж.) тіркелген болса, 2026 жылы «Демократтар» бұл тарихи рекордты қайталады:
Сенатта: Кепілді 100 орынның 54-ін иеленді (+7 орын);
Өкілдер палатасында: 435 орынның кемінде 228-ін еншіледі (+25 орын).
«ҚЫЗЫЛ ШТАТТАРДАҒЫ» СЕНСАЦИЯЛАР ЖӘНЕ СИНХРОНДЫ САЯСИ БЕТБҰРЫС
«Демократтар» сенаторлық орындар мен губернаторлық креслоларды «Республикашылдардың» тарихи аймақтарынан тартып алды:
Канзаста – 1932 жылдан бері (94 жылда алғаш рет!) Сенатқа демократ Адам Гамильтон өтті.
Техаста – 1988 жылдан бері (38 жылдан соң) 37 жасар демократ Джеймс Таларико Трамптың жақын одақтасы Кен Пакстонды жеңіп, саяси сенсация жасады.
Огайо, Мэн, Айова, Солтүстік және Оңтүстік Каролинада «Демократтар» үстемдік орнатты. Сонымен қатар, 28 штатта губернаторлық орынды иеленді.
Тарихи жаңа есімдер:
АҚШ тарихындағы тұңғыш мұсылман сенатор болып – Мичиган штатынан додаға түскен эпидемиолог Абдул әл-Саед Сенатқа сайланды.
Тұңғыш афроамерикандық әйел губернатор болып – Кейша Лэнс Боттомс сайланды. Ол Джорджия штатының басшысы болды.
Техас пен Калифорниядағы алғашқы латиноамерикандық губернаторлар – Джина Хинохоса (Техас) мен Ксавьер Бессерра (Калифорния) жеңіске жетті.
«Associated Press» жүргізген сауалнамаға сәйкес, сайлаушылардың 60%-ы Трамптың жұмысын құптамайтынын білдірген. 2024 жылы Трампты қолдаған 30 жасқа дейінгі жастардың 70%-ы және латиноамерикандық электораттың басым бөлігі бұл жолы «Демократтарды» таңдады.
СЫРТҚЫ САЯСАТТАҒЫ ӨЗГЕРІСТЕР: УКРАИНА ЖӘНЕ ИРАН
Конгресстегі көпшіліктің «Демократтарға» өтуі — АҚШ сыртқы саясатындағы екі негізгі майданға тікелей ықпал етеді. Атап айтқанда:
Бірінші – Украина үшін стратегиялық мүмкіндік туады.
«Демократтар» Трамп әкімшілігінің Киевке әскери және қаржылай көмекті шектеуін бірнеше рет қатаң сынаған. Енді қос палатаны бақылауға алған олар Украинаға жаңа қару-жарақ пен көмек пакеттерін бөлу туралы заң жобаларын өздері ұсына алады.
Дегенмен, Украина коалициясының ішкі құрамы қайта жасақталуы тиіс: Митч Макконнелл, Нэнси Пелоси, Дик Дурбин секілді саясаткерлер сахнадан кетсе, Брайан Фицпатрик пен Сюзен Коллинз сайлауда ұтылды. Бұл Уашиңтоннан Киевке қолдау көрсетудің жаңа форматын талап етеді.
Екінші – Иран бағыты.
Трамп 28 ақпанда Израильмен бірлесе отырып Ирандағы әскери операцияны Конгресспен келіспей бастаған еді. Сарапшылардың пікірінше, «Демократтардың» тікелей әскери пәрмен беру өкілеттігі шектеулі болғанымен, олардың қолында басты қару — бюджеттік бақылау бар. Конгресс әскери қимылдарды ары қарай қаржыландырудан бас тартса, Трамптың Ирандағы соғысты ушықтыру мүмкіндігі күрт шектеледі.
Түйіндеп айтқанда: Аралық сайлау қорытындысы — Дональд Трамптың екінші президенттік мерзіміндегі ең ауыр саяси дағдарысы. Президенттік креслода әлі де Трамп отырғанымен, Ақ үй мен Капитолий арасындағы текетірес шарықтау шегіне жетті. Трамптың «Американы қайта ұлы етеміз» деген уәдесі инфляция мен геосаяси қадамдардың көлеңкесінде қалып, электораттың сенімінен айырылуына алып келді.
Abai.kz