Геральдиканың қағидаларын бұрмалауға болмайды!
Геральдист Айдын Рысбекұлы: «Халықаралық тәжірибе дегеніміз – бес елдің атауын тізіп шығу емес, олардың заңнамасы мен тарихи тәжірибесін терең зерттеу»
Батырболат Айтболатұлы: Геральдикалық жұмыс басқармасы әзірлеген анықтамамен танысқанда, еріксіз бір сұрақ туындайды. Бұл анықтама ғылыми зерттеудің нәтижесі ме, әлде алдын ала қабылданып қойған әкімшілік шешімді ақтауға арналған негіздеме ме? Автор Германия, АҚШ, Франция, Ұлыбритания, Түркияны мысалға келтіріп, Қазақстанның 17 облысы мен республикалық маңызы бар үш қаласында ғана өңірлік нышан жеткілікті деген қорытындыға келген. Тіпті өңірлердің жеке туы мен әнұраны болмауға тиіс деген шектеу де ұсынады. Алайда осы тұжырымдардың бірде-бірі келтірілген халықаралық тәжірибемен жан-жақты дәлелденбеген. Керісінше, аталған мемлекеттердің өзінде өңірлік төлтаңбалар, тулар және басқа да ресми рәміздер қатар қолданылады. Сонда автор қандай деректерге сүйенген? Неліктен халықаралық тәжірибенің өзіне қолайлы тұстарын ғана теріп алып, қалған маңызды деректерді айналып өткен? Ғылыми талдау қайда, құқықтық негіз қайда, кәсіби сараптама қайда? Геральдикалық жұмыс басқармасы секілді салалық құрылымнан шыққан құжаттың осындай олқылықтарға жол беруін қалай түсіндіруге болады? Сіз геральдист ретінде осы анықтаманың кәсіби және ғылыми сапасына қандай баға бересіз?
Айдын Рысбекұлы: Қазақстан өңірлерінің тарихи-мәдени рәміздерін (нышандарын емес) жүйелеу қажет екеніне ешкім дау айтпайды. Бірақ осы орынды мәселені ғылыми негізсіз тұжырымдарды өткізуге пайдалануға болмайды. Мәселе көтеру – батылдықтың белгісі емес, оны ғылыми тұрғыдан дәлелдеу – кәсібиліктің өлшемі. Ал қарастырылып отырған анықтамада мәселенің маңыздылығы бар да, оны шешуге қажетті ғылыми тереңдік пен кәсіби жауапкершілік жоқ.
Бұл анықтаманың ең сорақы тұсы – автордың ғылыми зерттеу жүргізудің қарапайым қисынын да сақтамауында. Әуелі өзіне қажетті шешімді кесіп-пішіп дайындап алған, содан кейін сол шешімді заңдастырып көрсету үшін халықаралық тәжірибені өз ыңғайына қарай іріктеп, бұрмалап пайдаланған. Мұнда зерттеу жоқ, талдау жоқ, объектив салыстыру жоқ. Бар болғаны – алдын ала шығарылған үкім мен соған бейімделіп қолдан жасалған дәлелдер. Автор шетелдік тәжірибені зерделемеген, оны өзінің дайын тұжырымына жегіп қойған. Ғылымды өз пайымына қызмет еткізіп, ал халықаралық тәжірибені өзіне қолайлы деректер қоймасына айналдырған. Мұны сараптама деу – сараптаманың өзіне жасалған қиянат. Бұл – ғылыми негіздеме емес, ғылыми негіздеменің маскасын киген біржақты тұжырым. Мұндай тәсіл кәсіби жауапкершілікке де, ғылыми адалдыққа да сын.
Егер әр облыс пен республикалық маңызы бар қалаға ғана өңірлік рәміз бекітуді ұсынып отырсаңыз, алдымен осы талаптың ғылыми қажеттілігін, құқықтық негізін және практикалық тиімділігін дәлелдеңіз. Неліктен біреу ғана? Мұндай шектеудің қандай объектив қажеттілігі бар? Неге өңірдің тарихи туы, төлтаңбасы немесе өзге де рәміздері қатар қолданылмауы керек? Осы сауалдардың біріне де тұшымды жауап жоқ. Оның орнына бес мемлекеттің атауы мен бірнеше шетелдік терминді тізіп қоюмен шектелген. Бұл халықаралық тәжірибені зерттеу емес, зерттеудің сыртқы көрінісін жасау ғана. Шетелдік атауларды көбейту ғылыми дәлелдің орнын толтырмайды. Ал дәлелсіз ұсынысты сараптамалық қорытынды ретінде ұсыну – кәсіби жауапкершілікке қайшы.
Батырболат Айтболатұлы: Демек, анықтаманың ең әуелгі кемшілігі терминологиялық шатасу ма?
Айдын Рысбекұлы: Дәл солай. Құжаттағы ең өрескел олқылықтардың бірі – «өңірлік нышан» деген түсініксіз әрі нақты ғылыми мазмұны ашылмаған атауды негізгі термин ретінде қолдануы. Анықтама авторы өзі қолданған ұғымның мәнін түсіндірмеген, оның геральдикалық және терминологиялық тұрғыдан қандай негізге сүйенетінін көрсетпеген.
Бұл елтаңба ма? Төлтаңба ма? Эмблема ма? Логотип пе? Әлде аумақтың тарихи рәмізі ме? Бұлардың әрқайсысының өзіндік анықтамасы, қызметі мен қолданылу аясы бар. Елтаңба (государственный герб) пен өңірлік төлтаңба (региональный герб) геральдиканың тарихи қалыптасқан қағидаларына бағынады. Эмблема белгілі бір ұйымды, мекемені немесе құрылымды танытады. Ал логотип – визуал сәйкестендіру мен бренд қалыптастыру құралы.
Ендеше, осындай әртүрлі ұғымдарды бір ғана жалпылама атаудың астына жинақтау кәсіби терминологияны білмеудің белгісі емес пе? Геральдикалық жұмыс басқармасы секілді арнаулы құрылымнан шыққан құжатта негізгі терминнің өзі анықталмаса, оның ғылыми сапасы туралы не айтуға болады?
Егер өңірлік төлтаңба әзірлегіміз келсе, геральдиканың тарихи, көркемдік және композициялық заңдылықтарын сақтауымыз керек. Ал өңірлік бренд қалыптастырғымыз келсе, оның бірыңғай визуал жүйесін, графикалық стандарттары мен пайдалану регламентін әзірлеу қажет. Бұлар – екі бөлек бағыт.
Батырболат Айтболатұлы: Анықтамада Германия тәжірибесіне ерекше сілтеме жасалған. Федералдық жерлердің «Landeswappen» деп аталатын гербтері, яғни төлтаңбалары бар екені айтылып, оларды «Staatssymbole» деп атауға болмайтыны кесімді түрде жазылған. Мұнда қандай қателік бар?
Айдын Рысбекұлы: Германия мысалынан бастайық. Мұнда автордың халықаралық тәжірибені қаншалықты үстірт зерттегені бірден байқалады.
Біріншіден, Германия – федеративтік мемлекет, ал Қазақстан – унитар мемлекет. Екі елдің мемлекеттік құрылымы, әкімшілік-аумақтық жүйесі мен өңірлерінің конституциялық-құқықтық мәртебесі мүлде бөлек. Германияның федералдық жерлері тарихи қалыптасқан, өзіндік мемлекеттік-құқықтық өкілеттіктері бар аумақтық субъектілер. Сондықтан олардың тәжірибесін Қазақстан облыстарымен тікелей салыстырудың өзі үлкен әдіснамалық тұрғыдағы қателік.
Екіншіден, Германияның федералдық жерлерінде гербтермен, яғни төлтаңбамен қатар ресми тулары да бар. Демек, Германия тәжірибесінің өзі өңірлік рәміздерді бір ғана белгімен шектеу туралы тұжырымды жоққа шығарады. Автор осы жайтты неге ескермеген? Әлде өзіне тиімді деректерді ғана таңдап, қолайсыз фактілерді әдейі назардан тыс қалдырған ба?
Үшіншіден, «Landeswappen» мен «Staatssymbole» ұғымдарын қатар қойып, олардың арақатынасын түсіндірмей, біріне қатысты тұжырымды екіншісіне телу – терминологиялық әрі құқықтық сауатсыздықтың көрінісі. Мұндай салыстыру жасау үшін нақты заңнамалық актілерге, ресми анықтамаларға және олардың құқықтық қолданысына сүйену қажет.
Халықаралық тәжірибені зерттеу дегеніміз – шетелдік терминдерді көшіріп жазу емес. Ол – мемлекеттің құрылымын, заңнамасын, тарихи қалыптасуын және рәміздерді бекіту тәртібін тұтас зерделеу. Ал осының бәрін айналып өтіп, Германияны өз тұжырымына дәлел ретінде көрсету – салыстырмалы зерттеудің қарапайым талаптарын да орындамау.
Бір елдің федералдық жерлеріне қатысты тәжірибесін Қазақстан облыстарына механикалық түрде телу арқылы ғылыми қорытынды жасауға болмайды. Бұл – халықаралық тәжірибені түсінбеу ғана емес, оны дұрыс қолдана алмаудың айқын көрінісі.
Батырболат Айтболатұлы: АҚШ мысалы да назар аудартады. Құжатта штаттардың белгілері «State Emblems» немесе «State Symbols» деп аталып, олардың ұлттық рәміздер мәртебесіне ие емес екені жазылған. Бірақ штаттарда бірнеше ресми рәміз бар емес пе?
Айдын Рысбекұлы: АҚШ мысалына келсек, бұл жерде анықтаманың қисынсыздығы тіпті айқын көрінеді. Америка штаттарында бір ғана ресми рәмізбен шектелу қағидасы жоқ. Әр штаттың өз туы, мөрі, гербі, гимні, сондай-ақ заңмен бекітілген гүлі, құсы, жануары, ағашы және басқа да рәміздері бар. Бұлардың барлығы штаттың тарихи-мәдени ерекшелігін танытып, бірін-бірі толықтырып тұрады.
Мәселен, Флорида мен Огайо штаттарында да бірнеше ресми рәміз қатар қолданылады. Ендеше, АҚШ тәжірибесін мысалға келтіре отырып, Қазақстан өңірлерінде бір ғана рәміз болуы керек деген қорытындыға қандай қисынмен келген? Бұл жерде автордың салыстырмалы талдау жасаудың орнына өз тұжырымына қолайлы деректерді ғана іріктеп алғаны байқалады.
Бір қызығы, АҚШ тәжірибесі автордың тұжырымын қуаттамайды, керісінше, оған тікелей қайшы келеді. Егер шетелдік тәжірибеге сүйенеміз десек, онда оның өзімізге тиімді тұстарын ғана теріп алмай, толық әрі объектив түрде қарастыруымыз керек. Ал қайшы келетін деректерді айналып өтіп, сол елді өз ұстанымымызға дәлел ретінде көрсету – ғылыми адалдыққа сын.
Тағы бір өрескел шатастырылған мәселе бар. Мемлекеттік рәміздердің құқықтық мәртебесі мен өңірлік рәміздердің саны – екі бөлек ұғым. Штаттардың бірнеше ресми рәмізінің болуы АҚШ-тың мемлекеттік рәміздерінің мәртебесін төмендетпейді. Сол сияқты Қазақстан өңірлерінде бірнеше тарихи-мәдени рәміздің болуы да мемлекеттік рәміздеріміздің беделіне нұқсан келтірмейді.
Мемлекеттік рәміздердің мәртебесін қорғауды желеу етіп, өңірлердің тарихи-мәдени рәміздерін шектеуге қандай ғылыми немесе құқықтық негіз бар? Мұндай шектеу қажеттігін дәлелдемей тұрып, оны халықаралық тәжірибенің талабы ретінде көрсетуге болмайды.
Батырболат Айтболатұлы: Франция мен Ұлыбритания мысалдарында да осындай үстірттік байқала ма?
Айдын Рысбекұлы: Франция мен Ұлыбритания мысалдарына келгенде де жағдай өзгермейді. Мұнда да терең зерттеудің орнына шетелдік терминдерді тізіп шығумен шектелгені көрінеді.
Францияға қатысты «Symboles de la République» және «Armoiries régionales» деген екі атау ғана келтірілген. Бірақ осы терминдерді жазып қою Францияның өңірлік рәміздер жүйесін зерттедік деген сөз емес. Француз өңірлерінде тарихи гербтермен қатар тулары да қолданылады. Өңірдің тарихи-мәдени болмысын танытатын рәміздер жиынтығы бір ғана геральдикалық белгімен шектелмейді. Ендеше, автор Франция тәжірибесін қандай деректерге сүйеніп талдаған? Нақты заңнамалық құжаттар қайда? Өңірлік рәміздердің мәртебесі мен қолданылу тәртібі неге көрсетілмеген?
Ұлыбританияға қатысты қателік одан да өрескел. Құжатта «Royal Symbols», «County Arms» және «City Arms» ұғымдары бір жіктеудің элементтері ретінде берілген. Алайда бұлардың мағынасы да, қызметі де, құқықтық сипаты да әртүрлі. Royal Symbols – корольдік рәміздер, ал County Arms пен City Arms – графтықтар мен қалалардың гербтері. Осындай әртүрлі деңгейдегі ұғымдарды бір қатарға қойып, өзара салыстыру – қарапайым терминологиялық шатасу ғана емес, салыстырмалы зерттеу әдіснамасын қасақана бұзу.
Ұлыбританияның геральдикалық тәжірибесін зерттеймін деген маман ең алдымен оның ғасырлар бойы қалыптасқан құқықтық институттарына назар аударуы керек. Мысалы, «College of Arms» мекемесінің қызметін, гербтерді беру мен тіркеу тәртібін, геральдикалық құқықтың ерекшеліктерін зерделеуі қажет. Өңірлік және қалалық гербтердің қалай қалыптасатынын, кімнің құзыретімен бекітілетінін, қалай қорғалатынын анықтауға тиіс.
Бірақ ұсынылған анықтамада осының бірі де жүйелі түрде талданбаған. Оның орнына бірнеше ағылшын және француз терминін тізіп қоюмен шектелген. Шетелдік терминдерді білу – халықаралық тәжірибені меңгеру емес. Ал терминдерді мағынасын ашпай, құқықтық негізін көрсетпей қолдану – ғылыми зерттеудің орнын сыртқы әсермен алмастыру. Мәселе мынада: автор халықаралық тәжірибені Қазақстан жағдайымен салыстырып, одан нақты қорытынды шығармаған. Керісінше, әр елден өзіне қажетті атауларды теріп алып, соларды дайын тұжырымына дәлел ретінде пайдаланған. Мұндай тәсілмен кез келген пікірді «халықаралық тәжірибе» деп көрсетуге болады. Бірақ бұл ғылыми дәлел болмайды.
Геральдикалық жұмыс басқармасы ұсынған анықтамадан бізге қажеті – шетелдік сөздердің тізімі емес, сол елдердегі геральдикалық жүйенің нақты қалай жұмыс істейтіні туралы кәсіби талдама еді. Өкінішке қарай, құжатта термин көп, мазмұн аз, атау көп, дәлел жоқ.
Батырболат Айтболатұлы: Түркияға қатысты «Millî Semboller» деген бір ғана тіркес көрсетілген. Мұны халықаралық тәжірибеге сүйенген зерттеу деуге бола ма?
Айдын Рысбекұлы: Түркияға қатысты мысал – анықтамадағы ғылыми үстірттіктің тағы бір айқын көрінісі. Мұнда «Millî Semboller» деген бір ғана тіркес келтірілген. Бұл – түрік тіліндегі «ұлттық рәміздер» деген жалпы ұғым. Осы екі сөзді жазып қоюды халықаралық тәжірибені зерттеу деп көрсетуге бола ма? Әрине, болмайды.
Түркия Конституциясының 3-бабында мемлекеттік ту, ұлттық әнұран және мемлекеттік тіл мәселелері бекітілген. Бірақ бұл баптың өңірлік немесе муниципалдық рәміздерге тікелей қатысы жоқ. Ал жергілікті басқару органдарының эмблемалары, муниципалдық белгілері және олардың құқықтық мәртебесі – мүлде бөлек зерттеуді қажет ететін мәселе.
Егер автор Түркияны халықаралық тәжірибеге мысал ретінде келтірсе, онда оның жергілікті басқару жүйесін, муниципалитеттердің өкілеттігін, рәміздерді бекіту тәртібін және оларды пайдаланудың құқықтық негіздерін көрсетуге міндетті еді. Бұлардың бірін де ашып көрсетпей, «Millî Semboller» деген терминмен шектелу – зерттеудің орнына атау тізумен әуестену.
Сонда Түркияның өңірлік рәміздер жүйесі қайда? Нақты заңнамалық негізі қайда? Муниципалдық эмблемаларды бекіту мен қолдану тәртібі қайда? Осы сұрақтардың жауабы жоқ болса, Түркия тәжірибесіне сілтеме жасаудың қандай ғылыми құндылығы бар?
Меніңше, мұнда халықаралық тәжірибені зерттеуге деген кәсіби талаптың өзі сақталмаған. Бір елдің ұлттық рәміздеріне қатысты жалпы терминді алып, оны өңірлік рәміздер мәселесіне дәлел ретінде ұсыну – ұғымдарды орынсыз араластыру. Шетелдік терминді көшіріп қою зерттеу емес, ал зерттелмеген тәжірибені ғылыми дәлел ретінде көрсету – сараптамалық жұмыстың беделіне нұқсан келтіретін өрескел олқылық.
Батырболат Айтболатұлы: Енді негізгі мәселеге оралайық. Автор 17 облыс пен үш республикалық маңызы бар қалада бір ғана өңірлік рәміз болуы керек дейді. Сонымен қатар жеке туы мен әнұраны болмауға тиіс деген ұстанымын білдіреді. Геральдика тұрғысынан мұндай шектеу қаншалықты орынды?
Айдын Рысбекұлы: Бұл жерде автор екі түрлі мәселені әдейі болмаса да, бір-бірімен шатастырып алған. Біріншісі – әр өңірге бірыңғай негізгі ресми рәміз бекіту. Екіншісі – сол өңірде бұдан басқа ешқандай рәміз болмауы керек деген шектеу. Бұлар бір-біріне мүлде балама ұғымдар емес.
Әр облыс пен республикалық маңызы бар қалаға бір негізгі ресми өңірлік төлтаңба бекітуге болады. Мұның басқарушылық та, ұйымдастырушылық та негізі бар. Өйткені әр мекеменің өз бетінше белгі ойлап тауып, өңірдің бірыңғай визуал келбетін бұзуына жол бермеу қажет. Бірақ осы қажеттілікті желеу етіп, өңірдің өзге тарихи және мәдени рәміздерін жоққа шығаруға кім құқық берді?
Бір негізгі төлтаңбаның (региональный герб) бекітілуі сол өңірдің тарихи туларының, көне таңбаларының, мәдени белгілерінің және басқа да рәміздерінің қолданылуына кедергі болмауы керек. Негізгі ресми рәміз бен тарихи-мәдени рәміздердің мәртебесі мен қызметі әртүрлі. Оларды бір-біріне қарсы қою – мәселенің мәнін түсінбеу.
Сондықтан «бір өңір – бір негізгі ресми рәміз» деген қағиданы талқылауға болады. Бірақ оны «бір өңір – бір ғана рәміз, қалғанына жол жоқ» деген әкімшілік шектеуге айналдыруға болмайды.
Ең бастысы, бірыңғайлық орнату мен тарихи мұраны шектеудің ара-жігін ажырату қажет. Біріншісі – жүйелеу, екіншісі – негізсіз шектеу. Өңірлік рәміздерді тәртіпке келтіреміз деп, сол өңірдің тарихи жадын өшіруге немесе мәдени мұрасын екінші орынға ысыруға болмайды. Мұндай ұстанымның ғылыми да, мәдени де, құқықтық та негізі болуы шарт.
Батырболат Айтболатұлы: Автор «өңірлік нышанды» театрда, музейде, ипподромда, сайттарда, спортшылардың киімдерінде, аркалар мен ғимараттардың кіреберістерінде пайдалануға болады дейді. Бұл ұсыныстың өзі дұрыс па?
Айдын Рысбекұлы: Рәмізді қолдану аясын кеңейтуге қарсылығым жоқ. Бірақ оны қайда орналастыруға болатынын тізіп шығу – мәселенің жартысын ғана көрсету. Ең бастысы – сол рәмізді қалай, қандай талаппен және кімнің жауапкершілігімен қолдану керектігін белгілеу. Ал ұсынылған анықтамада дәл осы негізгі мәселе назардан тыс қалған.
Бір өңірдің негізгі ресми төлтаңбасы бекітілді делік. Оның бекітілген графикалық нұсқасы, түс палитрасы, композициялық пропорциясы, өлшемдік арақатынасы, ақ-қара нұсқасы, ең кіші қолдану өлшемі және әртүрлі ортаға бейімдеу тәртібі болуы керек. Бұлар – қосымша безендіру талаптары емес, рәміздің тұтастығы мен танымалдығын сақтайтын міндетті кәсіби стандарттар.
Мәселен, театр ғимаратының маңдайшасына орналастырылған рәміз бен спортшының киіміне түсірілген рәміздің техникалық орындалуы әртүрлі. Бірақ олардың композициялық құрылымы мен негізгі бейнесі бұрмаланбауға тиіс. Рәмізді үлкейтуге, кішірейтуге, түсін өзгертуге немесе жекелеген элементтерін алып тастауға бола ма? Қандай жағдайда қолдануға рұқсат етіледі? Мұның бәрі алдын ала бекітілген регламентте нақты жазылуы қажет.
Мұндай талаптар бірыңғай брендбукпен немесе визуал сәйкестендіру стандартымен реттеледі. Ал ұсынылған анықтамада рәмізді театрда, музейде, спорттық киімде, ғимараттар мен интернет ресурстарында қолдануға болатыны тізілгенімен, оны қолданудың бірде-бір нақты стандарты ұсынылмаған.
Ендеше, мына сұрақтарға жауап беріңіздер: рәмізді кім әзірлейді және кім бекітеді? Оның авторлық құқығы мен құқықтық қорғалуын кім қамтамасыз етеді? Пайдалану құқығын кім береді? Рәмізді өзгертуге, қайта өңдеуге немесе оның жекелеген элементтерін бөлек пайдалануға кім рұқсат етеді? Белгіленген талаптарды бұзған жағдайда кім жауап береді?
Осының бәрі анықталмай тұрып, рәмізді қолдану аясын кеңінен жариялаудың қандай мәні бар? Құжатта қолданылатын орындар көрсетілген, бірақ қолдану тәртібі жоқ; міндеттер аталған, бірақ жауапты субъектілер белгіленбеген; ұсыныс бар, бірақ оны жүзеге асыратын тетік жоқ. Мұндай құжатты аяқталған кәсіби тұжырымдама деуге келмейді. Бұл – маңызды мәселелердің бетін ғана сипап өткен, практикалық тетіктері әзірленбеген шикі ұсыныс.
Батырболат Айтболатұлы: Сонда анықтамада құқықтық негіз де жеткіліксіз ғой?
Айдын Рысбекұлы: Бұл жерде автор мемлекеттік рәміздердің конституциялық мәртебесі мен өңірлік рәміздердің құқықтық табиғатын шатастырмауы керек. Қазақстан Республикасы Конституциясының 9-бабында мемлекеттік рәміздеріміз – Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба және Мемлекеттік Әнұран белгіленген. Олардың мәртебесі конституциялық деңгейде қорғалады. Ал өңірлік рәміздер – белгілі бір аумақтың тарихи-мәдени болмысын, ерекшелігі мен бірегейлігін танытатын дербес белгілер.
Ендеше, өңірлерде бірнеше рәміздің болуы мемлекеттік рәміздердің беделіне нұқсан келтіреді деген пікірдің қандай құқықтық негізі бар? Қай заңда өңірлік рәміздердің саны шектелген? Қандай нормативтік актіде өңірдің тарихи туын, көне таңбасын немесе өзге мәдени рәміздерін қолдануға тыйым салынған? Егер мұндай құқықтық норма болмаса, онда осы шектеуді қандай негізге сүйеніп ұсынып отыр?
Мемлекеттік рәміздердің мәртебесін қорғауды өңірлік рәміздерді шектеумен шатастыруға болмайды. Біріншісінің конституциялық мәртебесі бар, екіншісі аумақтың тарихи-мәдени ерекшелігін танытады. Бұлар бір-біріне қайшы келмейді және бірін-бірі жоққа шығармайды.
Керісінше, әр өңірдің тарихи мұрасы мен мәдени ерекшелігін танытатын рәміздер дұрыс жүйеленіп, олардың мәртебесі мен қолданылу тәртібі нақты белгіленсе, бұл жалпыұлттық бірегейлікті әлсіретпейді, қайта байытады.
Мемлекеттік рәміздерді ұлықтау үшін өңірлік рәміздерді шектеу керек деген түсінік қайдан шыққан? Ұлттық бірегейлікті нығайтудың жолы тарихи-мәдени ерекшеліктерді тұншықтыру ма, әлде сол ерекшеліктерді ортақ ұлттық құндылықтардың құрамдас бөлігіне айналдыру ма? Осы сауалдарға құқықтық әрі ғылыми тұрғыдан жауап бермей тұрып, өңірлік рәміздерді шектеу туралы ұсыныс жасауға болмайды.
Батырболат Айтболатұлы: Сіздің ойыңызша, мұндай анықтаманы әзірлеген мамандар ең алдымен нені ескеруі керек еді?
Айдын Рысбекұлы: Ең алдымен, автор ғылыми зерттеудің де, құқықтық талдаудың да қарапайым талаптарын сақтауы керек еді. Бірақ ұсынылған анықтамада осы бастапқы талаптардың өзі орындалмаған.
Біріншіден, «өңірлік нышан» дегеніміз не? Оның елтаңбадан, төлтаңбадан, эмблемадан және логотиптен айырмашылығы қандай? Автор осы негізгі ұғымдардың аражігін ажыратып, нақты ғылыми анықтама беруге тиіс еді. Термині анықталмаған құжаттың тұжырымдамасы да бұлыңғыр болатыны түсінікті.
Екіншіден, Қазақстанның қолданыстағы заңнамасын терең зерделеп, өңірлік рәміздердің құқықтық мәртебесін, оларды бекітудің құзыреттік негізін және қолданылу шекарасын нақтылауы қажет еді.
Үшіншіден, халықаралық тәжірибені бес мемлекеттің атауын тізумен және шетелдік терминдерді көшіріп жазумен шектеуге болмайды. Әр елдің мемлекеттік құрылымын, заңнамасын, тарихи дәстүрін, геральдикалық институттарын және рәміздерді бекіту тетіктерін салыстырмалы түрде зерттеу міндетті. Қолайлы деректерді ғана іріктеп, өз тұжырымына қайшы келетін фактілерді айналып өту – ғылыми объективтілікке жатпайды.
Төртіншіден, өңірлік рәмізді әзірлеу, сараптамадан өткізу, бекіту, тіркеу, құқықтық қорғау және пайдалану тәртібін нақты ұсынуы керек еді. Кім әзірлейді? Кім бекітеді? Кімнің құзыреті қандай? Рәмізді кім қорғайды? Оны қолдану мен өзгерту тәртібі қалай реттеледі? Мұның бәрі анық әрі жүйелі көрсетілуге тиіс.
Бесіншіден, «бір өңір – бір негізгі рәміз» қағидасын ұсынып отырса, оның қажеттілігін, артықшылығын және құқықтық негізін дәлелдеуі керек. Неліктен біреу ғана? Мұндай шектеу қандай нақты қажеттіліктен туындайды? Оның өңірдің тарихи-мәдени мұрасына әсері қандай? Бұл сұрақтар жауапсыз қалмауға тиіс.
Ал енді осы талаптардың қайсысы ұсынылған анықтамада толық орындалған? Терминологиялық негізі көмескі, халықаралық салыстыруы үстірт, құқықтық тұжырымдары жеткіліксіз, практикалық тетіктері нақтыланбаған құжатты қалайша толыққанды сараптамалық жұмыс деп атаймыз?
Меніңше, мұндай анықтаманы дайын ғылыми қорытынды ретінде қабылдау мүмкін емес. Оны түбегейлі қайта қарап, кәсіби геральдикалық, ғылыми және құқықтық сараптамадан өткізу қажет. Өйткені өңірлік рәміздер мәселесі бес мемлекеттің атауын тізіп, бір ғана белгі бекітуді ұсынумен шешілмейді. Бұл – тарихи жадыға, ұлттық мәдениетке және құқықтық жауапкершілікке тікелей қатысты мәселе.
Батырболат Айтболатұлы: Сөз соңында тағы бір маңызды мәселеге тоқталсақ. Құжатта «өңірлік нышан» деген тіркес қолданылған. Сіздіңше, бұл атаудың өзі дұрыс па?
Айдын Рысбекұлы: Меніңше, құжаттың атауынан бастап қайта қарауды қажет ететін тұстары бар. Соның бірі – «өңірлік нышан» деген тіркес. Қазақ тілінің терминологиялық жүйесі тұрғысынан «өңірлік рәміз» деген атау әлдеқайда дәл, мазмұнды әрі түсінікті. Өйткені рәміз – белгілі бір тарихи, мәдени, қоғамдық немесе мемлекеттік мән-мағына арқалаған белгі. Ал «нышан» сөзі мағыналық жағынан кең болғанымен, геральдикалық және құқықтық термин ретінде нақтылауды қажет етеді.
Мәселе тек бір сөзді екіншісімен алмастыруда емес. Мұнда ұғымдық дәлдік пен кәсіби терминологияға жауапкершілікпен қарау мәселесі тұр. Геральдикалық жұмыс басқармасы сияқты арнаулы салалық құрылым әзірлеген құжатта негізгі терминнің өзі күмән тудырса, оның ғылыми сапасына қалай сенім артуға болады? Кәсіби құжаттың ең әуелі атауы, содан кейін мазмұны нақты болуы керек емес пе?
Бұған қоса, «өңірлік рәміз» бен «өңірлік рәміздер жиынтығы» (дұрысы – рәміздеме) ұғымдарын да бір-бірінен ажырату қажет. Біріншісі – өңірдің негізгі ресми белгісі, екіншісі – оның тарихи, мәдени және ресми рәміздерінің тұтас жүйесі. Бұл екеуін шатастыруға болмайды.
Ең өкініштісі – құжатта тек жекелеген терминдердің дәлдігі емес, тұтас ұғымдық жүйенің бірізділігі ақсап тұр. Терминологиясы тұрақталмаған құжаттан ғылыми тұжырымның да жүйелі шығуы қиын. Сондықтан құжаттың атауынан бастап, соңғы сөйлеміне дейінгі терминологиялық қолданыс қайта қаралып, біріздендірілуге тиіс. Геральдикада ұғымның дәлдігі – талғам мәселесі емес, кәсіби талап.
Батырболат Айтболатұлы: Демек, мәселе бір рәміздің немесе бірнеше рәміздің болуында ғана емес, оның дұрыс аталуы мен ғылыми-құқықтық негізінде ғой?
Айдын Рысбекұлы: Ең алдымен, «өңірлік нышан» деген көмескі атаудан бас тартып, «өңірлік рәміз» деген терминді қолдану қажет. Бұл – қазақ тілінің терминологиялық жүйесіне де, қарастырылып отырған мәселенің мазмұнына да сай келеді.
Бізге жай ғана көз тартатын сурет немесе кезекті графикалық белгі керек емес. Бізге тарихи негізі бар, геральдикалық талаптарға сай әзірленген, құқықтық тұрғыдан қорғалған, халықтың тарихи жадын, мәдени болмысын және өңірлік бірегейлігін танытатын рәміз қажет.
Мемлекеттік рәміздердің конституциялық мәртебесі бір бөлек, өңірлік рәміздердің тарихи-мәдени міндеті бір бөлек. Оларды бір-біріне қарсы қою – мәселенің мәнін түсінбеу. Өңірлік рәміздерді жүйелеу мемлекеттік рәміздердің беделін түсірмейді. Керісінше, тарихи-мәдени мұраны ұқыпты сақтау арқылы жалпыұлттық бірегейлікті байытады.
Ал халықаралық тәжірибеге келсек, оны өзімізге тиімді етіп түсіндіруге, қолайлы деректерін ғана іріктеуге немесе алдын ала дайындалған шешімге жасанды дәлел етуге болмайды. Шетелдік тәжірибені зерттеу дегеніміз – оның заңнамасын, тарихи қалыптасуын, геральдикалық дәстүрін және құқықтық институттарын тұтас зерделеу. Одан кейін ғана Қазақстан жағдайына қаншалықты сәйкес келетінін анықтау керек.
Геральдика – сурет салу немесе әдемі белгі ойлап табу ғана емес. Бұл – тарих, мәдениет, құқық және ғылыми әдіснама тоғысқан кәсіби сала. Сондықтан оған атүсті қарауға, терминдерді орынсыз алмастыруға, тарихи деректерді бұрмалауға болмайды. Рәміз – уақытша безендіру құралы емес. Ол – халықтың тарихи жады, мәдени болмысы мен қоғамдық санасының көрінісі. Олай болса, рәмізге деген жауапкершілік те соған сай болуы керек.
Батырболат Айтболатұлы: Сүбелі әңгімеңізге көп рақмет! Ой-пікіріңіз бен кәсіби тұжырымдарыңыз оқырманға ой салады деп сенеміз.
Редакциядан: Өңірлік рәміздер мәселесі бір ғана графикалық белгі бекітумен шешілмейді. Бұл – терең ғылыми зерттеуді, кәсіби геральдикалық сараптаманы және нақты құқықтық реттеуді қажет ететін жауапты сала. Геральдикалық жұмыс басқармасы әзірлеген анықтамадағы халықаралық тәжірибеге қатысты тұжырымдар үстірт пайымдармен емес, нақты заңнамалық актілермен, тарихи деректермен және ғылыми дәлелдермен негізделуге тиіс.
Шетелдік тәжірибені өз тұжырымына ыңғайлап түсіндіру, жекелеген деректерді іріктеп пайдалану және дәлелденбеген шектеулерді сараптамалық қорытынды ретінде ұсыну кәсіби жауапкершілікке жатпайды. Мемлекеттік рәміздердің конституциялық мәртебесін сақтау өңірлердің тарихи-мәдени мұрасын шектеуге сылтау болмауы керек. Керісінше, өңірлік рәміздерді ғылыми негізде жүйелеу – ұлттық тарихи жады мен жалпыұлттық бірегейлікті нығайтудың маңызды тетігі.
Рәмізге келгенде үстірттікке жол жоқ. Өйткені рәміз – жай ғана сурет емес, халықтың тарихы мен рухани болмысының көрінісі.
Сұхбаттасқан - Батырболат Айтболатұлы, филолог
Abai.kz