Батыр – Ыбырай ұстаздың үздік шәкірті...
Адам баласы қара танып, хат жаза білгеннен бері абырой бигінен түспеген Кітап патшалығының күйреп, қор болғанын көрдік.
Кітап тақтан құлады. Кітап тақтан құлаған жылдары тоқмешел, тоғышар қауым тайраңға басты. Кітап өртеу – вандализмнің сұмдық бір түрі болса, кітапты оқымай қор қылу, кітаптың құндылығын құрдымға жіберіп, құйрық сүрту – сол вандалдықтың асқан жабайы түрі. Қазақстан қоғамы кітапты лақтырып тастап, құлқынның құрдымына құлап кете берер ме еді, қайтер еді... егер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «кітап оқитын ұлт» атты жалпыұлттық ағартушылық жобаға мұрындық болмағанда...
2025 жылы пилоттық нұсқада басталған бұл жоба биыл нақты қолға алынып, қыркүйек айында алғашқы республикалық марафон болып өтті. 15 қыркүйекте старт алған жалпыұлттық марафонға 1 миллионнан астам қазақстандық тіркеліп, 7 түрлі бағыт бойынша кітап оқуға отырды.
Ал енді біз кітап патшалығы мен «кітап оқитын ұлт» жобасы туралы неге айтып отырмыз? Мұның өзіндік себебі бар. Себебі – ағымдағы жылы 185 жылдық мерейтойы мазмұнды іс-шаралар деңгейінде аталып өтіп жатқан «дала қоңырауы» – Ыбырай Алтынсарин де халқын оқуға, білімге үндеген еді...
Иә, Ыбырай Алтынсарин – ағартушылық бағыт ұстанған дала перзенті. Ол халқына оқу-білімнің жолын нұсқады. Өз заманына лайық мектептер салды. Оқулықтар жазды. Педагог мамандығын иеленген достарын шақырып қыр баласының сауатын ашты. Орысша тілге үйретті. Ыбырай ұстаздың сара жолы ғылым-білімге ұмтылған бүгінгі Қазақстанның жолымен жалғасын тауып, даңғайыр даңғылға түсті. Сол үшін де жалпы ел іші, зиялы қауым, ресми билік Ыбырай Алтынсариннің мерейтойын халықтық мереке қылып тойлауға барынша мән берді. Атап айтсақ:
Алтынсариннің 185 жылдығы ресми түрде ағымдағы жылы қазан айында «Алтынсариннің ізімен» атты ғылыми-туристік форум форматында басталды. Қостанай өңірі ағартушының 185 жылдығы мен Ыбырай Алтынсарин мемориалдық музейінің 35 жылдығына орай облыс көлемінде салтанатты жиын жасады. Іс-шара аясында квест-ойын ұйымдастырылып, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті оқушылардың ғылыми зерттеу жұмыстарын қорытындылады.
«Кел, балалар, оқылық» деп, жас ұрпақты оқуға шақырып, соңына үндеу-ұран қалдырып кеткен ұстаздың мерейтойын мектеп оқушылары да ықыласпен атап өтіп, Ыбырай Алтынсарин атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында 8-сынып оқушылары «Қоңырау үнімен...» атты диктант жазды. Байқауға қатысушылар ағартушының өмір жолы мен педагогикалық еңбектері бойынша білім бәйгесіне қатысты.
Ал бұл кезде Астана қаласында дәстүрлі «Ұлы дала қоңырауы» байқауы ұйымдастырылып жатты.
Сондай-ақ, еліміздің барлық аймақтарындағы мектептер мен колледждерде «Ыбырай – ұлттың ұлы ұстазы» әдеби-музыкалық кештерінен ән шалқып, күй күмбірледі. Оқушылар жазушы һәм ағартушы-педагогтің «Әке мен бала» деп келетін тәрбиелік әңгімелерінің желісі бойынша сахналық көріністер қойды.
Республикалық «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында еліміздің барлық кітапханаларында жазушы Алтынсариннің шығармаларына арналған көрмелер ашылып, «Бар заманның ұстазы» атты әдеби сағаттар мен зияткерлік викториналар өткізілді.
Айтпақшы, «Кітап оқитын ұлт» жобасының биылғы қортындылануға таяған кезеңінде Астана қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы №83 мектеп-гимназияның 11-сынып оқушысы Батыр Балтабековтің соңғы үш жыл ішінде 800-ден астам кітап оқығаны белгілі болды.
Біздіңше аталған жобаның 2026 жылғы жеңімпазы – Батыр Балтабеков. Мектептен тыс білімін жетілдіруге уақыт бөліп, үйірмелерге үзбей қатысатын, келер жылы емтихан тапсырып, ЖОО-лардың біріне баратын Батыр баланың 800-ден астам кітап оқуы – бәрімізге үлгі болса керек. Батыр бар кітапты өзі ғана оқып қоймай, қатар-құрбыларын да кітап оқуға қызықтырып, еліктіретін ұлан екен. Ендеше, біздің жоғарыда пессимистік көңіл-күйдің ауанымен «Кітап патшалығы күйреді» дегеніміз бекер сөз болды. Кітап патшалығы өзінің жасампаз қалпын қайта тауып, салтанат құра бастапты. Оны біз «кітап оқитын ұлт» жобасының нәтижесі ретінде – ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсариннің 185 жылдық мерейтойының тұсында мектеп оқушысы Батыр Балтабековтың кітап оқуға деген ерекше құмарлығы мен оқымыстылығының үйлескен сәтінен көріп отырмыз. Батыр – Ыбырай ұстаздың бүгінгі күндегі үздік шәкірті.
Қазақ халқы ақын-жазушыларын, ұлы сөз өнерін құрмет тұтатын халық. Осынау игі дәстүрдің алтын бауы қиын-қыстау замандарда да үзілген емес. Үзілмейді де. Мысалы, хакім Абайдың 100 жылдығы 1945 жылы Екінші дүниежүзілік соғыстың советтер елі үшін жеңіспен аяқталған сәтіне тура келіп, шат-шадыман тойға ұласқан-ды. Ақ сақалы желбіреп, ет жүрегі елжіреп ұлы жеңісті қарсы алған сол кездегі көзі тірі дала Гомері – Жамбыл Жабаевтың биыл 180 жылдығы, ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның 160 жылдығы, Абайтанушы асқақ ғалым Қайым Мұхаммедхановтың 110 жылдығы, ақұбұлақ ақын Бәкір Тәжібаевтың 100 жылдығы, ғалым-ұстаз Темірбек Қожекеевтің 100 жылдығы, қазақ әдебиетінің классиктері – Сайын Мұратбеков пен Қабдеш Жұмаділовтің 90 жылдықтары ел мерейін үстем етіп, барлық өңірлерде кеңінен аталып өтті.
Нариман Жайлаубай
Abai.kz