Бейсенбі, 26 Қараша 2026
Мәдениет 121 0 пікір 26 Қараша, 2026 сағат 15:27

«Ұмытпа»: Қарттар үйіндегі әр адамның артында тағдыр бар!

Сурет: Автордың жеке мұрағатынан алынды.

Қарттық пен отбасылық құндылықтар «Ұмытпа» фильмінде көрініс тапты

Қазақстанда 2026 жылғы 31 тамыздағы жағдай бойынша қарт адамдарға арналған 49 әлеуметтік орталық жұмыс істейді. Ал 2024 жылғы 31 шілдеде еліміздегі қарттар үйінде 5,9 мың адам тұрған. Бұл цифрлардың әрқайсысының артында өз тағдыры, сағынышы, айтылмаған сөзі мен күткен адамы бар. Қарттықтың қиындығы тек денсаулықтың әлсіреуімен өлшенбейді. Кейде ең ауыр нәрсе – жақындарыңды сағыну, біреудің келуін күту, телефонның шырылына елеңдеу, бірақ сол қоңыраудың болмауы.

Осындай үнсіз қалған сағыныш пен ұмытылып бара жатқан байланысты экранға шығарған «Ұмытпа» фильмі көрерменге жақындарының қадірін дер кезінде білу керегін еске салады. Фильмнің арнайы көрсетілімінде  айтылған пікірлер мен шығармашылық топтың ойы да осы тақырыптың қоғам үшін қаншалықты маңызды екенін аңғартты.

Фильм оқиғасы қарттар үйінде тұратын Сабыр атаның тағдырына негізделген. Сабыр атаға дәрігер Альцгеймер дертінің басталғанын хабарлайды. Естеліктері біртіндеп жоғалып бара жатқан қарияны досы Ысқақ пен күтуші қыз Аружан бәрін ұмытып үлгермей, жалғыз ұлымен қайта табыстыруға тырысады. Алайда әке мен баланың арасы бұрыннан салқын. Жылдар бойы айтылмай келген өкпе-реніш қайта қозғап, кездесудің оңай болмайтынын аңғартады.

Жады әлсіреген Сабыр ата туған ауылына жол тартып, өмірінің маңызды сәттерін еске түсіруге тырысады. Бұл сапар оны өткеніне қайта үңілдіріп қана қоймай, баласымен арасындағы үзілген байланысты жалғауға да мүмкіндік береді. Кейде адам жоғалтқанын іздеу үшін өткеніне оралуы керек. Сабыр атаның жолы да осындай ізденіске айналады.

2026 жылдың 25 қарашада өткен фильмнің арнайы көрсетілімінде актер Бақытжан Әшімұлы қарттықты қорқынышпен емес, өмірдің табиғи кезеңі ретінде қабылдау керегін айтты. Оның сөзінде жас ұлғайған сайын адамның өз өміріне деген көзқарасы да өзгеретіні байқалды.

«Өзіме де қарттық келе жатыр, соны әдемі қарсы алу керек. Одан сіздер қорықпаңыздар, керісінше, қарттықты әдемі өткізуді ойлаңыздар. Фильм де дәл осы қарттық осы туралы», – деді актер.

Актриса Тынышгүл Сұлтанбердиева да фильм атауының мәніне назар аударуға шақырды.

«Фильмнің атына мән беріңіздер. «Ұмытпа». Нені ұмытпау керегін фильмге келіп мән беріп түсінесіздер», – деді ол.

Режиссер Елдар Дүйсенұлы фильмнің идеясы туралы сөз қозғағанда, қоғамда жастар мәселесіне жиі көңіл бөлінетінін, ал үлкен буынның өміріндегі қиындықтар кейде көлеңкеде қалатынын атап өтті. Оның айтуынша, осы мәселеге назар аударған продюсер Диас Оспанның идеяны жүзеге асыруға ұмтылысы фильмнің дүниеге келуіне себеп болған.

Фильмнің режиссері Елдар Дүйсенұлына кейіпкердің жады біртіндеп көмескіленіп бара жатқан ішкі күйін, қорқынышы мен жалғыздығын экранда көрсету үшін қандай режиссерлік тәсілдер қолданғанын сұрадық.

«Басты рөлдегі кейіпкердің бүкіл қарттар үйінің бейнесімен бейнеледік. Жалпы, көбінде қарттардың көңіл күйі жайлы болып көрінеді. Бірақ бірте-бірте жалғыздықпен кездесіп, өз тағдырын түсіне бастайды. Осы басты локация – қарттар үйі арқылы кейіпкердің жан дүниесін көрсетуге тырыстым. Кейіпкердің болмысы да сол локациямен сай келсе деген ой болды», – дейді Елдар Дүйсенұлы.

Режиссер фильмнен кейін көрерменнің ата-анасына хабарласып, олардың жанынан табылуды ойлағанын қалайды. Оның айтуынша, бүгінгі жастардың өмірі – бітпейтін қозғалыс. Оқу, жұмыс, мақсат, жоспар. Сол қарбаластың арасында үйде отырған үлкен кісілер баласының амандығын тілеп қана қоймай, онымен сөйлесуді де аңсайды.

«Бұл жерде ата-анамызға дер кезінде қоңырау шалып, жанынан табылуды ұмытпауымыз керек. Себебі жастардың өмірі қарбалас, тіршілігі тынымсыз қозғалысқа толы. Ал үлкен кісілер үйде отырып, балаларының амандығын тілеп қана қоймай, олармен тілдесуді, үнін естуді аңсайды. Режиссердің айтар ойы – жастар ата-анасына хабарласуды, көңіл бөлуді, хал-жағдайын сұрауды ұмытпаса екен. Көрермен фильмнен осы түйінді ойды түсінсе деген ниет», – дейді режиссер.

Актриса Бақыт Әліпбаева фильм туралы пікір білдіргенде, қазіргі киноөндірісте коммерциялық туындылар көбейгенімен, адамға ой салатын, жанын тебірентетін фильмдердің де болуы керегін айтты. Оның сөзінше, мұндай фильмдердің міндетті түрде миллиардтап касса жинауы шарт емес. Көрерменнің жүрегіне жетіп, өз өміріне ой жүгіртуіне себеп болуының өзі үлкен жетістік.

Бақыт Әліпбаеваның айтуынша, фильм идеясының авторы әрі продюсері Диас Оспан бұл туындыны армандап, басты рөлдегі Иісбек Әбілмәжінмен осындай фильм түсірудің сәтін күткен. Ақыры сол арманын жүзеге асырған. Актриса фильмді көргенде өз әкесін есіне алып, жүрегі елжіреп, көзіне жас келгенін де жасырмады.

Бақытжан Әшімұлы режиссер Елдар Дүйсенұлының тырнақалды жұмысына қатысуын шығармашылық тұрғыдан қызықты тәжірибе деп бағалады. Оның айтуынша, түсірілім алаңында режиссер мен актерлер бір-бірін жақсы түсініп, ортақ тіл таба білген.

Кейде шығармашылықтағы ең маңызды нәрсе – көп сөз емес, өзара түсіністік. Әсіресе, сезімге құрылған фильмде кейіпкердің үнсіздігі, көзқарасы, айтылмай қалған сөзі де көрерменге көп нәрсе жеткізе алады. «Ұмытпа» фильміндегі жалғыздық тақырыбы да осындай тыныш, бірақ салмақты сезімдер арқылы өріледі.

Қарттар үйіндегі әр адамның артында бір тағдыр бар. Бірі баласын күтеді, бірі өткен өмірін еске алады, бірі туған үйін сағынады. Қарттықтың ең ауыр тұсы – адамның біреуге керек екенін сезінбей қалуы шығар. Сол себепті жақындарымыздың жанынан табылу, олардың көңілін сұрау, бірге уақыт өткізу – кейінге қалдыруға болмайтын нәрсе.

Фильм атауы да соңында қайта оралып, көрерменнің ойында қалып қояды: «Ұмытпа». Ата-анаңды ұмытпа. Қоңырау шалуды ұмытпа. Жанынан табылуды ұмытпа. Құшақтауды, «жақсы көремін» деп айтуды ұмытпа. Өйткені кейде біз ұмытып жүрген нәрселер – өмірдегі ең маңызды дүниелер. Ал уақыт өткен соң, айтылмай қалған сөздің, жасалмай қалған қоңыраудың өкініші тым ауыр болуы мүмкін.

Қазыналы қарттарымызды барында бағалайық!

Дариға Досан

Abai.kz

0 пікір