Жұма, 27 Қараша 2026
Әдебиет 213 0 пікір 27 Қараша, 2026 сағат 13:51

Сөзбен ауырған ақын

Суреттер: Автордың мұрағатынан алынды.

Апта басында Алматыдағы Ұлттық кітапханада осы жазда ғана дүние салған ақын Бекжан Әшірбаевтың «Жанартау» атты жыр кітабының таныстырылымы өтті.

«БЕКЗАТ БОЛМЫСТЫ БЕКЖАН»

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш», Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Бекжан Әшірбаевтың бұл кітабын ақынның өзі баспаға әзірлеген еді. Мемлекеттік тапсырыс аясында қолға алынған кітапты «Сардар» баспасы жарыққа шығарды. Жинаққа марқұм ақынның кейінгі жылдары жазған жырлары мен аудармалары енген.

Таныстырылым барысында Бекжанның өмір жолы мен шығармашылық белестерінен сыр шертетін «Бекзат болмысты Бекжан» атты деректі фильм көрсетілді. Іс-шараға ақынның анасы Ұлбике Әшірбаева мен басқа да отбасы мүшелері, ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері, студенттер, жалпы оқырмандар қатысты.

Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов ақынның артына қалдырған мол шығармашылық мұрасы жайлы сөз сөйлеп, Бекжан Әшірбаевтың аяулы анасына сый-сыяпат көрсетті.

Сонымен қатар жиында белгілі сыншы, филология ғылымдарының докторы, Дандай Ысқақұлы, жазушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Кәкен Хамзин, көрнекті ақындар Ұлықбек Есдәулет, Байбота Қошым-Ноғай, Әділғазы Қайырбеков, Темірғали Көпбаев, Бауыржан Қарабеков, Қазақстан авторлары қоғамының бас директоры, актер Ба    ғали Есенәлиев және т.б. өз естеліктерімен бөлісті.

– Бекжан 4-5 жасынан бастап ертегі айтуға құмар болды, – дейді анасы Ұлбике. – Ағасы Ержан екеуі ертегі айтысып жарысатын. Кейде бір-бірінен озып түсу үшін өз ойларынан да қосып жіберетін. Бұл оның қиялын дамытты ғой деп ойлаймын. Мен ол кезде аудандық «Мақтаарал» газетінде жұмыс істеймін. «Мен де сіз секілді журналист боламын» деді бір күні. Сол мақсатына жетті де. Ұлымның бойында журналистік қабілеттен де бөлек тылсым шығармашылық қуаттар жатқанын ол кезде сезе қойғам жоқ. Кейін айтысқа қатысып жүрді. Көпке танылды. Әндері шыға бастады. Ақырында жазба поэзияға ден қойды. Ғылыммен айналысты. Қара шаңырақ – ҚазҰУ-дің журналистика факультетінде қаншама шәкірт тәрбиеледі. Ой-арманы, жоспар-мақсаты көп еді. Әттең...

БЕКЖАН ЖӘНЕ СӨЗ

Расында да, Бекжан өзін журналистика саласында өте жоғары деңгейде көрсете білді, «Қазақ университеті», «Азамат», «Заң» секілді газеттерді басқарды, «Қазақ әдебиеті» газетінде бас редактордың бірінші орынбасары болды. Өте сауатты жазатыны сондай, оның мақаласына қалам тигізе алмайтынсыз.

Бекжанның айтыстағы айрықша қолтаңбасы көпке мәлім, шәкірт тәрбиелеудегі ұстанымы, жастармен тең сөйлесіп, пікірлерін сұрап, ақыл-кеңесін сыпайылап отырып беруі туралы оның дәрісін тыңдаған жастар айтып та жүр.

Дегенмен оны бәрінен ерекшелеп тұратын – жазба поэзиядағы өзгеше өрнегі, соқталы соқпағы.

Ол сөз өнерімен ауырды, саф шығармашылықпен дерттенді. Аз жазса да, саз жазды. Ешкімді қайталамауға тырысты. Басқа ақын қолданып қойған теңеу, өзге шайыр пайдаланған ұйқас оның өлеңдерінен кездесе бермейді. Бекжан тың ұйқас, тосын теңеу, ешкімде жоқ ерекше сарын, өзіне ғана тән стиль қалыптастырды. Оның өлеңінің бір шумағын, авторын көрсетпей, жырсүйер кауымға ұсынсаңыз, авторы Бекжан екені бәрібір аңғарылып тұрады.

Бекжан қазақтың мықты ақынының бәрін жақсы көрді. Бірақ мықтыларды мойындай тұра... ешкімге еліктеген жоқ. Бөлек стиль, ерекше сарын, басқаша бояу іздеді.

– «Ізгі арманым, Қызғалдағым» деген ұйқасты ит жылы Исраил көкем қолданып қойды ғой, сол нұсқаны қайталап, құр босқа әуреленудің не қажеті бар? – дейтін.

«Ашылсын қабағы елдің,

Неліктен көп кешікті ән?!

Аппақ қар – қара жердің

Ары ғой бетке шыққан...» деп жазды.

Осылай ерек бағыт, тың тәсіл тапты.

«Жазамыз хат талайға,

Жасасып гүлмен одақ.

Аунатып аптаны айға,

Жүреміз жылмен орап» деді.

Бекжан Әшірбай өз өлеңдеріне қазір аса қолданылмай жүрген қазақтың көне сөздерін көбірек қосатын. Мен мұны әуелде жай әуестіктің бірі ғана шығар деп ойлаппын.

«Сабыт, нәмақұл, марту, жағат, пәпік...» т.б. Таусылмайды.

«Тотыдай тiлдi киiндiрiптi ой,

Танытсын нәтiн найқала нарлар.

Ақын тағдыры – қиын трюк қой,

Үй жағдайында қайталамаңдар!» – дегені өз алдына бір зерттеу.

– Онсыз да оңай емес өлеңдеріңді одан бетер қиындату саған не үшін не керек осы? – деп әзілдедім бір күні.

– Әлемдегі әр халықтың тілінде лексика қоры әрі-бері ауыса беруі мүмкін, дегенмен негізгі сөз байлығын сақтау – елдің өзіне, әсіресе сол елдегі сөз өнерін ұстаған адамдарға байланысты екен деген зерттеу бар, – деді ол. – Солар ұлт сөзін қаншалықты молырақ қолданып, насихаттайды, солай дамиды. Кей сөздерді, әрине, оқырман оғаш қабылдап, әуелде ұқпай қалуы мүмкін. Бірақ бұл үлкен ізденістерге жетелей түсетін нәрсе, «нәт» деген сөздің түбірі не еді-ей деп екі адам ізденсе де мен үшін сол олжа емес пе? Сіз әңгіме-мақалаңызға қолданыңыз, мен өлеңіме қосайын, тілдің ежелгі сипаты мен бүгінгі бейнесі солай ұштасып дамымай ма? Ұлттың құндылығы – СӨЗ – солай сақталуы керек.

Ойланып қалдым.

– Әйтпесе, Сәке, «қараймын-санаймын, күйемін-сүйемін» деп жазу менің қолымнан келмейді деп ойлайсыз ба? – деді жымиып сосын.

«Әукең түсiп, әжине боп сорласаң,

Атаймандар айдап тығар торға сан.

Әдiлдiктi жеңiлген жақ iздейдi,

Жеңгендерге керек бопты ол қашан?

Марлат қоғам, мәрем қылар тар дәурен,

Кiм санаспақ мәми ауыз, марғаумен?

Бас бәйгенi үнемi алу сезiмi,

Бiрдей шығар оны мүлдем алмаумен.

Танып жырдың тәр-тәрбие, тәсiрiн,

Ой-тоғанның бұзылады рәшi мың.

Сөздi өңдеуге тым жауапты қараймын,

Өткiзердей қайта жерлеу рәсiмiн.

Биқат тiрлiк бұйыртса да бақыт кем,

Жырларымнан жоғалмайды жақұт рең.

Ақын үшiн ой туар сәт – ұлы ғой,

Тiркеп қояр астаналық уақытпен!» деп жазып еді...

Бекжанды ерекше ақын дейді көп адам. Бірақ, білуімше, ол – ерекше ақын болуға ешқашан тырысқан емес. Оған тырысудың да қажеті жоқ еді. Ол өзі – ерекше боп туған, ерекше боп жаратылған ақын еді.

БЕКЖАН ЖӘНЕ ЗАҢ

Бекжан Әшірбай заң жағын өте жақсы білді (айтыскер ақын Мұхтар Ниязовша айтқанда, БекЗаң). Өйткені жеті жыл «Заң» газетін басқарды. Ол жерде отырып, заң білмеу қиын болар еді. Бекең сол заңның ну жыныс орманына басымен қойып кетті. Алдына бір мақсат қойды ма, соған жетпей, сол тақырыпты бүге-шігесіне дейін зерттеп бітпей тыныбайтын.

Көп адам «ааа, иә, өзінің шығармашылық саласындағы құқықтарды білген шығар» деуі мүмкін. Жоқ, ол бүкіл заң талаптарына жетік еді.

Кейде «Ана шаруа дұрыс болмады ғой, шын мәнінде мына кісінікі жөн емес пе жалпы?» деп қалсаң:

– Осы «жалпы» деген жаймашуақ сөздеріңізден құрисыздар ғой. Қараңыз: Конституцияның осындай бабы бар, өзіңіз білесіз (бұл – бауырымның маған жасаған комплименті, әйтпесе қайдан білейін оны), содан туындайтын Қылмыстық кодексте былай делінеді, оның жауапкершілігі мынадай... – деп тәптіштеп талдай жөнелгенде, «Құрысын, қойшы, мақұл, жарайды, сенікі жөн екен» деп әрең құтыласың.

«Заңдар шығып жатыр ғой,

Тілек айту түрінде.

Белесебеттен құлаудай

Беделден құлау бүгінде.

Бастықтарды кекірген,

Мінбелерден лепірген,

Бұрышқа ғана тұрғызып

Жазалаймыз-ау түбінде...»

– деп айтып еді өзі бір айтысында.

БЕКЖАН ЖӘНЕ ӘН

«Бекжан Әшірбаев» деген есімді халыққа ең алдымен танытқан – айтыс өнері екені мәлім. Оның сонау 90-жылдары Айтақын Бұлғақов, Шорабек Айдаров, Серік Құсанбаев, Қуаныш Мақсұтов, Мэлс Қосымбаев, Мұхамеджан Тазабеков, Ақмарал Леубаева және тағы да басқа атақты айтыскер ақындармен сөз сайысы өнерсүйер қауымның әлі де жадында. Бекжанның айтыс сахнасындағы тапқыр шумақтары бүгінгі күннің фольклорына айналып кеткені де рас. Мәселен:

– Октябряттар орнына ақпақұлақтар келді ғой,

Пионерлер орнына зиян ерлер келді ғой.

Комсомолдар орнына нансоғарлар келді ғой,

Коммунистер орнына коррупистер келді ғой, – деп келетін өткір сөздерді қазіргі жастар жатқа айтады.

Дегенмен кейінгі он-он бес жыл бедерінде Бекжанның композиторлық қыры керемет ашылды. Ол екі үлкен жеке ән кешін өткізді. Сонда байқағанымыз – концертте орындалған жиырма шақты әннің бәрінің сөзі – Бекжанның қаламынан шыққаны өз алдына, солардың басым бөлігі оның өз әндері екен. «Ән мәтіні жеңіл болуы керек» деген көзқарас белең алып тұрған бүгінгі күнде Бекжан сол ағысқа қарсы жүзіп, егер ақын шебер болса, музыканың да ойлы өлеңмен үндесе де, үйлесе де алатынын дәлелдей алды.

Оның «Мұңайма, қалқам» (орындаушысы Саят Медеуов), «Сен жүрген көшелер» (Жанболат пен Жазира), «Мақтааралым – мақпал әнім» (Роза Әлқожа), «Көршінің қызы» (Тоқтар Серік), «Сені ойлап» (Заттыбек Көпбосынұлы), «Сырдария ағысы» (Сырым Исабаев) секілді әндері қазір тыңдарман арасына кеңінен тарап кетті. Сол сияқты Ералхан Әбішев, Өктем Алтаев, Гауһар Әлімбекова, Ғани Мәтебаев, Әділ Сламхан, Мақсат Базарбаев, Сержанәли Әлібек, Шыңғыс Құралбаев, Асхат Абзалбеков, Абай Аймағамбетов, Нұрлыбек Тәшімов, Қуаныш Құрманбаев, Жандос Әбдірейімов, Елдос Мыңжасар, «Нұр-Дастан» жұбы секілді әншілер шырқаған әндер де өте жылы қабылданады.

Бекжанның композиторлық қыры да арнайы зерттеуді қажет еді.

Сәкен Сыбанбай

Abai.kz

0 пікір