Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4112 0 пікір 19 Қараша, 2009 сағат 06:45

Софы СМАТАЕВ. ҚАРАШАНЫҢ ҚАЙҒЫСЫ – МЕНІҢ ҚАСІРЕТІМ

«Тасжарған» газеті  жабылған соң араға біраз үзіліс салып «Дат» жобасы бойынша «Общественная позиция» атты басылым жарық көрді. Газеттің бас оқырманы - Ермұрат Бапи. Бас редакторы - Розлана Таукина.  «Общественная позиция» бүгінгі қоғамдағы көзқарастар мен ұстанымдарға еркін мінбер болады деген үмітпен журналист Кенжеғали

Қошым-Ноғайдың жазушы Софы Сматаевтан алған сұхбатын жарялап отырмыз.

- Софы аға, «Жас Алаш» газетiне шыққан «Мен тiрiмiн!» атты дастаныңызды оқығанда, бiр кемеңгердiң: «Қоғамға түскен жарықшақ ақын жүрегiн алдымен сызып өтедi»,- деген сөзi еске түстi...

«Тасжарған» газеті  жабылған соң араға біраз үзіліс салып «Дат» жобасы бойынша «Общественная позиция» атты басылым жарық көрді. Газеттің бас оқырманы - Ермұрат Бапи. Бас редакторы - Розлана Таукина.  «Общественная позиция» бүгінгі қоғамдағы көзқарастар мен ұстанымдарға еркін мінбер болады деген үмітпен журналист Кенжеғали

Қошым-Ноғайдың жазушы Софы Сматаевтан алған сұхбатын жарялап отырмыз.

- Софы аға, «Жас Алаш» газетiне шыққан «Мен тiрiмiн!» атты дастаныңызды оқығанда, бiр кемеңгердiң: «Қоғамға түскен жарықшақ ақын жүрегiн алдымен сызып өтедi»,- деген сөзi еске түстi...

- Рас айтасың, iнiм... Соңғы он жылда тән азабын да, жан азабын да көп тарттым. Солардың жүректi шырылдата сыздатары, әрине, - ақиқат. Тән азабының төрт инфаркт, екi инсульт, бiр рак арқылы жеткенiн несiне бүркемекпiн. «Ауруын жасырған өледi» дейдi дана халқымыз. Ал мен осы кесел-дерттерiммен қолымнан келгенiнше, әл-дәрменiмнiң жеткенiнше алысып, айқасып, берiлмей, әлсiресем де әзiрше жеңiлмей келе жатқанымды шүкiршiлiк қыламын. «Күйрек емес, қайрақпын!» деген өлермендiкке парапар өзiмдiк тайсалмас жiгер-сенiмiм бар. Жылдың төрттен бiрiн аурухананың әбден жалықтырған төсегiнде өткiзсем де, өмiрге деген құштарлығымды жоғалтқан жоқпын. Соңғы демiм үзiлiп бiткенше оны жоғалтпауға тырысарым - сөзсiз.

«Мен тiрiмiн!» дастаным өмiр мен өлiм айқасы кезiнде өзiмдi-өзiм қайраудан, жасытпаудан туған дүнием екенiн оқырмандарым сезетiн болар.

- Дегенмен сұңғыла оқырман «Мен тiрiмiн!» деудiң астарында жан сезiмiнен басқа да азап, мәселен, қоғамға қатысты ойлар жатқанын аңғарған сияқты...

- Ондай сыздауықтар да бiраз бар-ау. Қайсыбiрiн айтып мұң шаққандай болайын. Сол шаққан мұңды, шерткен күйдi бүгiнде естiр құлақ, қабылдар көкiрек қалды ма екен, бауырым-ау. «Жылдың үздiк кiтаптары» атал­ған бес романыммен Мемлекеттiк сыйлықтың додасына бес рет түсiп, күншiлдiк пен бақас­тықтың батыраштық сойылымен орта жолда бес соққыға оңбай жығылып, көмбе түгiл, көңiл ықыласына да жете алмай жүрген жай-жағдайым бар. Елбасының өзiнiң тiкелей тапсырмасымен екi рет «Қазақстанның халық жазушысы» деген атаққа ұсынылып, тағы да билiктiң биiгiнде, төрелiктiң төрiнде отырған қызғаншақ «достарымның» маған деген «шексiз қамқорлығының» арқасында сол атақты қанжығама байлатпай, аман-сау құтылыппын. Осынау «Халық әртiсi», «Халық жазушысы» дейтiн атақтар бүгiнде жойылса да, сол атақтарды бұрын иемденгендерден де неге алып тастамады екен дейтiн бiр түйткiл кей-кейде бүйiрiмдi бүлк еткiзетiнiн жасыра алмаймын. Өйткенi шығармашылық салмағы өзiңнен көп төмен кейбiреулердiң әлгi атағын көлденең тартып, тап бiр алтыннан ғана жаратылғандай кердеңдей аттап, кеудеңдi басып кететiн кездерiнде жiгерiңнiң құм боларын кiмге айғақтарсың.

Ол - ол ма, отыз тоғыз жылдан берi мүшесi болып келе жатқан менi Жазушылар одағының басшылары мүлде тiзiмнен сызып тастаған тәрiздi. Хал-жағдайымды сұрап бiлмек түгiл, Алматыда өтiп жататын жиналыс, жиындарына да шақырып көрген емес.

- «Билiктiң биiгi мен төрелiктiң төрiнде отырған» әкiм-қараға бiраз шүйлiккен екенсiз. Шығармашылықтың бейбiт күйбеңiнде жүрген сiзге де сол пақырлардың тырнақтары батқан кездерi болып па едi?

- Әкiм, төрелермен, өз басым, тiкелей араласқан емеспiн. Кейбiр пысық жiгiттердей әкiм, төрелердiң қас-қабағын аңдып, жолын тосып тұратын желпiлдек көңiл, жеңiлтек мiнез, жедел қимылды Тәңiр Хақ менiң маңдайыма жазбапты. Оған қуанбасам, өкiнбеймiн. Содан ба, менi алпыс жылдық мерейтойымда облысым түгiл ауданым да, ауылым да шақырған жоқ. Мен де олардың iлтипат-ықыласына зәрулiгiмдi сездiрген емеспiн. Бiрақ елiмiздiң бiрнеше облысынан келген арнайы шақыртулар мен сый-сыяпаттар өзiмнiң қазақ дейтiн туған халқымның қадiрлi қаламгерi екендiгiмдi тағы бiр нықтап кеткен едi.

Обалы нешiк, Жезқазған облысы тiрi тұрған кезде облыстың бiрiншi басшысынан бастап, барлық әкiм-қаралары Алматыға жолдары түскен сайын үйiме iздеп келiп, көңiлдерiнен су iшкiзiп жүретiнiн бүгiнде немерелерiме аңыз ғып айтып отырамын.

Ал Қарағанды облысы... Жетпiс жылдан астам тарихында үнемi орыс билеп, одан кейiн қазақылығы шамалы орман илеп кеткен соң, зиялысын зияндысындай көретiн әдетке бой ұрған тәрiздi. Қазiргi әкiмдiктегi азаматтармен кездеспек тұрмақ, телефонмен бiр сөйлесудiң өзi қияметтiң қиынына айналып барады. Әкiм түгiл, әкiмнiң әлдебiр орынбасарымен хабарласудың өзi түрiкпеннiң төрiнен жылқы айырғандай әрекетке айнал­ған жоқ па. Бастығын қызғыштай қоритын қызғаншақ хатшысы немесе қылыштай қылшылдаған қытымыр көмекшiсi мұрныңды теспей-ақ ноқталап алып, еркiңдi ұрлап, есiңнен тандырып бүлкiлдетедi де қояды. Апталап, айлап телефонға жiпсiз байлап, iштей тындырып, дымыңды шығартпай күркiлдетедi де қояды.

Анау миллиондарды, миллиардтарды (әрине, доллар ғой) қойны-қонышына тыққыштаған министрлер мен банкирлер сенi мен менiң, яғни халықтың үлесiне қол сұққанын барлық ақпарат жүйесiнiң көрсетiп, жазып жатқаны - жауырды жаба тоқығыш үкiметтiң өзiн ырқынан жұлып шығарып, ерiксiз дүбiрлеткен тiрлiк емес пе. Әйтпесе кеше ғана өздерi қорғап, қолпаштап биiк-биiк креслоларға қонжитқан сол билiк басындағылардың қомағайлығы мен қорқаулығы бiздердi ғана түңiлтiп қоймай, билiктегiлердi де түп-тамырға үңiлте ойлантса, қайырлы болар едi ғой.

«Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелдерде кiмдердiң оқып қайтатыны бүгiнде баршамызға мәлiм. Олар - «мықтылар» мен «тектiлердiң» еркетотайлары мен шолжаңдары. Ауылдан барып оқып келiптi деген бiр адамды өз басым көрмек түгiл, естiген де емеспiн. Алда-жалда ауылдан шетелге барып, ой өрiсiн кеңейтiп, бiлiмiн молайтып келген азамат бар болса, ауылдың қазiргi күйкi жағдайына көңiл бөлмей тұра алмасы хақ. Өкiнiшке қарай, әлгi асфальт арасынан қаулаған қалталы һәм креслолы папасының тiл мен дiлден жұрдай, бiрақ жолдамамен жолын ашқан жеткiншектерi (қалай оқығанын құда­йым бiлсiн) әлемдi алақанында ұстағандай дүрiлдеп келiп, тағы да сол құдiреттi «предоктарының» құзырымен биiк орынтақтарға қонжия-қонжия қояды. Не бiлiгiмен, не жұмысымен, не iс-әрекетiмен танылмаған сол бала-министрлер шала министр қалпынан ажырай алмай, басқарып отырған саласын әрi ақсатып, әрi мекеменiң қаржы-қаражатын қымқырып-жымқырып кететiнiн күн сайын теледидар арналары бiрiмен-бiрi жарыса айғақтап-ақ жатқаны.

- «Танытсам да

Тәңiр Хаққа

Шүкiрлiк,

Жан-тәнiммен

Маңдайды ұрып,

Зiкiр ғып.

Бұдан былай

Жеңiлмен деп

Желпiнiп,

Жасағанға

Келтiрiппiн

Күпiрлiк», - деген шумағыңыздан жеген таяғыңыздың аз еместiгi сезiлгендей. Соны тарата айтып бере алар ма едiңiз?

- Төрелерден таяқ жейтiндей мен ешқашанда олардың төлеңгiтi болып көрген емеспiн. Қайта көкiректi ешкiмге басқызбаспын дейтiн өзiмдiк өршiлдiгiм бiр басыма жетiп артылады. Бiр кезде Орталық Комитетте Колбиннiң ұрда-жық әрекеттерiне Ақ Үйдiң iшiндегiлерден жалғыз қара боп қарсы шығып, бас көтергенiмдi кәдiмгiдей дәтке қуат санаймын. Ал облыс әкiмдерi болған Қажы­мұрат Нағымановтың еш себепсiз көрiнеу көзге өзiме жасаған қысастығын, Мәжит Есенбаевтың есiгiн тарс жауып алғандай ескергiсi келмегенiн ұмыта алмаспын. Тек қана анда-санда өксiтердей өкiнiштiң өкпемдi қысатыны болмаса, қазiр ендi оларға өкпем жоқ. Өйткенi билiктiң тiзгiнiн бiлегiне өткiзгендердiң талайының кеуделерi нан ғана пiсiрмей, металл да балқытатынына куә боп жүрмiз ғой.

Төрдегi төрелерге бүгiн төмендегiлердiң көзi түгiл сөзi де жетпейдi. Қазақтың атақты қаламгерi аталып жүргенiммен, кейбiр әкiмге, әлдебiр министрге бiр жылдың мөлшерiнде телефонмен де бiр мәрте байланыса алмай мысым құритынын кiмге шағым ете алармын.

Ал қаламгер - халқының өкiлi, елшiсi, жоқтаушысы десек, бұқара жұртшылықтың мұңы - менiң мұңым. Қарашаның қайғысы - менiң қасiретiм болмас па. Болады, әрине. Анау «Шаңырақтағы» шаңырағы шайқалған шарасыз қазақтардың зары, бiр баспана үшiн барлы-жоғын қырғыштап жинап, арамзалардың өңешiне құйып алданып қалған үлескерлердiң запыран ағызған көз жасы, күн сайын қымбаттайтын газ, су, электрге мардымсыз зейнетақысын түгелдей төлеп, аш-жалаңаш күй кешкен зейнеткер замандастарымның терең күрсiнiсi, даладан қалаға шұбырып, екi қолға бiр күрек таппай, көшелердiң қос қабағында жұмыс күтiп, ертеден кешке дейiн әркiмге бiр мөлиiп отыратын қаракөз iнi-қарындастарымның кеудесiн тiлгiлейтiн күйi мен күйiгi менi неге қиналтпасын. Қиналтады. Қолдан келер басқа амалым қалмаған соң, кеудемдi кернеген өкiнiш-өксiгiмдi ақ қағазға төгем де отырамын. Өзiмдi-өзiм осылай мүжимiн. Қандастарымның басына тиген таяқ менiң шекемдi солқ еткiзерiн басқалар бiлмесе де, жазушы-журналист бауырым-ау, сен бiлуге тиiссiң ғой! Өйткенi «адамгершiлiктiң, шынайылықтың негiзiнде эстетика жатуы керек» дегендi ұғып өссек, сол эстетикадан этика түзiледi деп және тұжырымдайтынбыз бұрын. Ал сол «эстетика» мен «этикадан» мүлде жұрдай болған бүгiнгi тiрлiкте көшеде көз сүзген қазаққа «мерседес», «вольваларынан»» мұрнын тыжыра қарап, көз қиығын тез қашырып әкететiн шенеунiктерден қалған көңiлiмдi көтерер, демдер құдiреттiң атын атап бере алармысың. Ендеше басыма тиетiн таяқ пен арқамнан соғатын сойылдың сәт сайын ұлғайып бара жатқанын өзiң де сезерсiң.

Өткен ғасырдың сексенiншi жылдарында мен де шенеунiк болғанмын. Компартияның Орталық Комитетiнде жетi-сегiз министрдi алдына шақыртып алып, қағып-сiлкетiн құдiретi бар сектор меңгерушiсi қызметiн атқарып жүргенiмде бiр адамға қылдай қиянат жасамағыныма, қайта қолымнан келгенiнше көмек көрсетуге тырысқаныма - жұртым куә. «Ар жазасы - жан қазасы» дейтiн кредодан аттап көрген емеспiн. Еңкейгенге еңкейгем, шалқайғанға шалқайғам. Бiрақ орынсыз шатқаяқтаған, жөнсiз шамырқанған, жолсыз шалқақтаған сәтiм болмағанына иманым кәмiл.

- «Демократ!» деген сөздiң туа сап, тұяқ серппей өлетiнiн бiлмеппiн»,- деп жазған екенсiз. Радионы ашып қалсақ та, теледидарды басып қалсақ та, билiк басылымдарын әрлi-берлi парақ­тасақ та, бiзден асқан демократ елдiң жоқтығына көзiмiз жетiп, «тәнтi» болып отырамыз. Сонда мұның бәрi Сiздiңше бос сандырақ болып қалғаны ма?

- Демократия бiзде, Қазақстанда тоқсаныншы жылдардың ортасына дейiн болған. Демократтың демократы - сол кездерде Нұрсұлтан Назарбаев едi-ау. Алды кең, есiгi ашық, көңiлi дарқан-тын. Басқаны бiлмеймiн, мен өзiм елбасына сол күндерде жылына үш-төрт рет кiрiп, сөйлесiп, пiкiрлесiп, кеңесiп қайтатынмын. Базбiреулердiң араласуымен бе, әлде шетелдiк қаптаған кеңесшiлерiнiң әсерiнен бе, елiмiзде қалай жекешелендiру басталды, солай демократия кеңшiлiгi сап тыйылды. «Дәнiккеннен құныққан жаман» дейтiн даналығымыз тағы да ақиқаттылығын дәлелдедi. Оңай олжаға тұмсығын тыққандар заңды да, жөн-жосықты да ысырып тас­тап, қолындағысын қолтығына қыстырып, жолындағысын қойны-қонышына тығып, дүрдиiп, дүрiлдеп шыға келдi. Демократиядан адасып қалғанымызды әлi күнге дейiн жасырмақ болып, «Заңдылықтың шегiне жеттiк, жұмақтың төрiне шықтық!» - деумен билiктiң ақпарат басшылары әлек. Әрине, оларды да түсiнуге болады. Әкiм, министрлер жыл сайын дойбы тасындай сапырылысып жатқанда, ақпарат президенттерi мен бас редакторлар қомақты креслосына қос қолдап жармасып, әр басылымды, әр арнаны мадақтау мен қолпаштау трибунасына айналдырып жiбермегенде қайтсiн. Солар бұлбұлша сайраған сайын, сенiң қып-қызыл қаның қара қазандай қайнайтыны және өтiрiк емес.

- Келесi жылы «ОБСЕ»-ге елiмiз төрағалық еткелi отыр. Мұндай ұйымға басшылық жасау демо­кратияға бет бұрған елдердiң еншiсiне тиесiлi болса керек. Парламентiн бiр ғана партия билеп-төстеп отырған елдiң мұндай ұйымға басшылық жасауы әлемдiк азаматтық қоғам қағидасына томпақ келмес пе екен?

- Мүмкiн, төрағалықтың оң әсерi болып, бiраз игiлiктi iстерге (журналистерге кеңшiлiк, жабылған газеттердi ашу, жұмбақ қылмыстарды қайта тексеру т.б.) қолымыз жетiп қалар... Жә, бұным - солай болса екен деген дәрменсiз дәмем ғана.

Бауырым, сен сонау Америкада, мынау Еуропа елдерiнде демократия жайнап, жарқырап, жанданып тұр дегенге сенесiң бе? Демократиялық Америка онда оңай олжаға күрк ете қаларлық елдерге бас-көзге қарамай ендеп енiп, ойына келгенiн неге жасайды. Әдiлетшiл Еуропа елдерi өздерiне пайда түсетiн жерлерде сол әдiлет құралы болатын демократияның бұғау-бөгеттерiнен неге айналып өтiп кете бередi? Мiне, гәп қайда...

Парламенттi бiр ғана партияның билеп-төстеуi, әрине, заңға да, демократияға да, керек десеңiз, ежелгi қазақы салт-дәстүрiмiзге де томпақ. Мүмкiн, соған дейiн парламентiмiзге өзгерiстер енiп те қалар... Қайта сайлауы ма, басқасы ма, бiр әрекет жасалар.

- Дегенмен осындай жағдайда билiк өкiлдерi күннен-күнге экономикамыздың қарыштап, алға басып келе жатқандығын айтып, елдi көпiрме сөзбен тойындыр­ғысы келедi. Қарапайым бұқара сонда кiмге сенуi керек?

- Экономикамыздың қарыштап алға басып бара жатқан нышандары Астана қаласында кездесер, бәлкiм. Ақордаға жолым түсiп жатпағандықтан билiк өкiлдерiнiң: «Жасадық! Жайнаттық!» - дейтiн лепiрулерiн жоққа шығара алмаспын. Ал менiң бiлерiм - Алматының мүшкiл халi. Апырау, кеше ғана бүкiл республикамыздың абыройын көтерiп асқақтап тұрған «АЗТМ» мен Киров зауыттарын, «АХБК» мен «АДК» комбинаттарын, «Жетiсу» және кiлем фабрикаларын тып-типыл етiп жойып жiбергеннен шекемiздiң шылқ ете қалғаны қанеки. Қазақстанның түкпiр-түкпiрiнен келген қыз-қарындастарымызға құшағын кең ашып, өндiрiстiк ортаның айтулы iскерлерiне айналдыра қоятын мақта-мата комбинатын жауып тастап, аумағы атшаптырым алып құрылысты сауда-саттық орнына ауыстырғанда не ұттық? Әрине, ұтқан (кiм екенiн бiлмеймiн) әлгi кең сарайды тиын-тебенге ғана сатып алып, жалға берiп қана шаш етектен байлыққа батып отырған жекеменшiк иесi - қожасы ғой. Ұтылған - бәрiмiз. Ұтыл­ған - мақтасы бар, мата шығаратын фабрикасы бар елден қытай мен қырғыздың бiр жуғанда-ақ iрiп-шiрiп кететiн бөзiне дiлгiр боп қалған қазақтар.

Сондай-ақ «АДК»-ны сақтап қалғанда, арзан құрылыс материалдарымен қаншама үй салынар едi. Қаншама жұмыс орны ашылар едi. Бүгiнгiдей баспана үшiн басына қайғы-қасiреттi үйiп алған үйсiз-күйсiз үлескерлер ұлардай шуламас едi. Менiң бiр түсiнбейтiнiм: фабрика, зауыт, балабақша ғимараттарын жеке адамдарға тегiн таратып берiп, күнделiктi тұрмысқа қажеттi бұйымдардан бiр қағылсақ, бұрын шетелдерге валютаға сатып кiрiс кiргiзетiн станок, аспап, агрегаттардан екi айырылсақ, бүлдiршiндерге қамқорлық жасап, тәрбие беретiн аялы ұясынан және ажырасақ, соларды сөйткiзуге қандай зәрулiк едi? Қытайдың бiр айдың iшiнде жұлығы қақырап, табаны тiлiнiп жататын сүйретпелерiне ыза болғанда: «Құдай-ау, сәнi келмесе де, сапасы тым тәуiр «Жетiсудың» аяқкиiмдерiн қайтадан шығара алатын күнге жете аламыз ба?» - дейтiн жерлестерiмнiң шағым-мұңы кiмнiң құлағына қашан жетер екен?

- Малыбай ауылында ұйғыр жiгiттерi Айдын Халықұлы атты қазақ азаматын ұрып өлтiргендiгi жайлы шындықты жазған журналист Гүлжанат Шонабай мен сол мақаланы газетiнiң бетiнде жариялаған «Тасжарғанның» бас редакторы Бақытгүл Мәкiмбайды турасын айтып, төрелiк жасайды деген сотымыздың өзi кiнәлi етiп шығарды. Тура билердiң бұл шешiмiн санаңызға қалай сiңiре алар едiңiз?

- «Тура биде туған жоқ» деу - кешегi күннiң қағидасы. Бүгiнгi «тура» билер турай бiлгеннiң қолына қарап дәметiп, тулай бiлгеннiң кәрiне қарап қамалып отыратындар ғана ғой. Ал өз қазағын өзгеге жығып беру, өз қандасына қарғысты үйiп-төгу үрдiске айналып бара жатқанын кiмнен жасырарсың. Осы үрдiске бой ұрған сот, әрине, жазықсыз Гүлжанатты да, түк күнәсiз Бақытгүлдi де құрбандыққа оп-оңай шала салған. Заңдылықты әдiл ұстаса, дәл мұндай шектен шыққан әрекетке бармас едi. Құқық қадағалаушылар бастырмас едi. Әй, бiрақ...

- «Дағдарыстан - дамуға!» деген ұран сөздер елiмiздiң түкпiр-түкпiрiндегi көрнектi жерлерде көзге ұрып тұр. Осыны оқығанда: «Дағдарыс келмесе дами алмай қалғандай екенбiз-ау», - деген ойға келесiң. Сiздiңше, мұндай дабыраның шетi-шегi бар ма, өзi?

- «Дағдарыстан - дамуға!» деген ұран алғашқыда менiң де құлағыма түрпiдей тиетiн. Кейiннен: «Әй осы ұран керек те шығар-ау?!» - дейтiн бiр түйсiкке тiреле беретiн болдым. Неге дейсiң бе? Дағдарыс бейқам жұртты оятуға, дел-сал билiктi түрткiлеуге, қамсыздықтан қаракетке көшiруге себепкер болған сияқты деп ойлап қалам-ау. Орынсыз шашылудан тыйылып, етек-жеңдi жинатқызар бiр дүрбелең бiраздан берi қажет едi. Сол өзi дағдарыс болып жеттi де, оң-солға қарауға, оң-терiстi анықтауға бет бұрғызды ма екен, жемқор әкiм, министрлер әшкереленiп, түйенi түгiмен жұтқан банкирлер тұтқындалып, елдi елең еткiзген күндер басталып та кеттi ғой. Жемқорлықпен күрестi шындап қолға алып, шен-шекпенiне, туыс-жекжаттығына қарамай, орта жолда бөгелiп, тұралап қалмай аяғына дейiн жеткiзсе, бiраз былықтың бетi ашылар ма едi. Әйтпесе баяғы күйбең тiрлiк күйбең түрiнде қала берерi - сөзсiз.

Ал дағдарыстың менiң де әулетiме қаражатсыздық дейтiн қиыншылықты үймелете жеткенiн бiреу бiлсе, бiреу бiлмес. Екi жоғары оқудан бiтiрiп, екi-үш шетел тiлiн меңгерген менiң үш балам да бизнес пен коммерциядан таза құрылысқа байланысты жұмыс iстеушi едi. Дағдарыстың «арқасында» үшеуi де екi жылдай жұмыссыз отыр. Көңiл жетер жердегi тiлектестерiм санап жүрген бiрер әкiмге балаларыма қарайласып, қол ұшын созар ма деп құлаққағыс бiлдiрiп едiм. Жылдан асты. Солардан мүлде хабар-ошар жоқ. «Көңiлiм қалды достан да, дұшпаннан да» деп үнсiз ыңыранып қоям кейде...

- Оқырман қауымға алғашқы жыр жинағыңыз арқылы ақын ретiнде танылып едiңiз. Алайда кейiнiрек проза мен драматургияға бiржола бет бұрғандай да болдыңыз. Ақындығыңыз прозаңыздың тасасында қалып қой­ғандайтын-ды. Кейiнгi жылдары сол ақындық шыбытыңызға қайта мiнiп жүрсiз. Осының сырын қалай түсiндiрiп берер едiңiз?

- Алғашқы «Астана оттары» атты өлеңдер жинағым баспада алты жыл жатып, әрең шығып едi. Неге екенiн бiлмеймiн, әлде Мәскеудегi Болат және қорытпалар институтын бiтiрген инженерлiгiм күдiкшiл күншiл­дерiме маған «темiр-терсек» дейтiн лақап ат таққызып қойғандықтан ба, бастапқыда кiтаптарым баспада алты-жетi жылдап жатып, әбден сүрленiп барып әрең жарық көретiн. 1962 жылы шығатын тұңғыш жинағым жатып-жатып, 1968 жылы кешiгiп шыққан соң, поэзияға деген ынтықтығым бiраз суыңқырап қалды ма, прозаға бiржолата ден қойып кеткен едiм. Ол мүмкiн көп томды «Елiм-айыма» деген үздiксiз құлшынысымның әсерiнен де шығар. Дегенмен поэзиядан да ада-гүде қол үзiп кете қоймағам. Кеуденi түрткiлейтiн мазасыз ойларды әр кезеңде қойын дәптерiме өлеңмен түсiрiп отыратын әдетiмнен әлi күнге жаңылған емеспiн.

Жоғарыда бiраз кеселдi бастан кештiм деп айтып кеттiм ғой. Сол аурулардың ағзамды қатты қинайтыны салдарынан бұрынғыдай үстел басында сарылып ұзақ отыра алмаймын. Ал проза жанры - салмағы ауыр жерiң­дi орындыққа қадап қашайтын жан­кеш­тiлiктi талап ететiн күрмеуi көп күрделi жанр. «Елiм-ай» романымның төртiншi кiтабын бастағаныма үш-төрт жылдың мұғдары өтiптi. Қашан аяқтарымды бiр Аллам бiлер. Ал күн­делiктi күйбең тiрлiк өз дегенiн жасатады екен. Ауруханада да, үйде де арқамды төсекке төсей берген соң, салмағы онша бiлiнбейтiн кiшкене блокнотсымаққа қалам сүйкектетуге әуес боп алдым. Ондайда қаламның сүйкек­тетерi, әрине, өлең жолдары. Ұлы Абай айтпай ма: Күңгiрт көңiлiм сырласар

Сұрғылт тартқан бейуаққа.

Төмен қарап мұңдасар,

Ой жiберiп әр жаққа, - деп. Мен де әр жаққа ой жүгiртiп, күңгiрт көңiлмен бейуаққа сыр шерткенде ненi айтам? Әрине, төңiрегiмнен естiлген өкiнiштi айтамын. Өксiктi қозғаймын. Алаяқтың азаматқа жасаған қысасынан жерiнем. Құрғақ уәдеге жеткiз­бей­тiн әкiмсымақтардың тайыздығы мен парықсыздығынан түңiлем. Замандастарымның күншiлдiгiнен, бақастығынан шеккен күйiгiмдi, тартқан тақсiретiмдi қағаз бетiне түсiрем. Өткен өмiрдiң соқпақтарына көңiл көзiн сүрiндiрсең-ақ кеудеңнен запыраның ақтарылып сала бередi. Ал «өлең шiркiн - өсекшi» ғой. Iшi-тысыңдағы құпияңды жұртқа жайып, көрiнгенге көзтүрткi етерi де мәлiм.

- Ақындық шабытқа мiнiп, ащы-ащы ойларыңызды баспасөз беттерiнен оқырмандарыңызға тайсалмай жайып салып жүрсiз. Ертеңгi күнi өзiме бiр қырсығы тиiп кетер деп қорықпайсыз ба?

- Иә, бауырым, ащы-ащы ойларымды баспасөз беттерiнен айтып-айтып тастағанымды жұбайым да онша жақтыра бермейдi. Онысы менi сақтандырғысы келгенi де шығар. Өзiмнiң де жүрексiнетiн кездерiм болады. Анау журналист қыз-жiгiттердiң мезгiлсiз жеткен жұмбақ қазалары, iз-түзсiз жоғалып кетулерi кiм-кiмдi болса да түршiктiрмей қояр ма. Мен өтiрiк, өсек айтқан емеспiн. Жазғандарым - көргендерiм. Көңiлiмдi қобалжыт­қан күдiк пен күйiктерiм ғана. Ешкiмнiң еншiсiне тиiсiп, пәле жауып, азаматтығына, арына кiр келтiрiп, дақ түсiрген емеспiн. Әрине, арын, азаматтығын қадiрлейтiндер ар-ұятына кiр жұққызбауға тырысып, тәкаппарлықтан, менмендiктен, асқақтаудан өздерiн аулақ ұстайды ғой. Мен ондай азаматтарды қатты құрметтеймiн.

Өткен жылы он жетi томдық шығармалар жинағымды жартысын демеушiлер арқылы, жартысын қарызданып шығарарда бүкiл облыс басшыларымен алдын ала хат арқылы хабарласып, кiтаптарымды облыстарында таратуыма жәрдемдесулерiн сұрап едiм. Тәңiр жарылқағыр Серiк Үмбетов iнiмнен бас­қа бiрде-бiр әкiм тырс еткен жоқ. Сiрә, соған қарағанда, бiздiң ат үстiнде жүрген мықтыларымыз әдебиет пен мәдениетке онша бет бұра қоймаған тәрiздi. Өзгелер түгiл, қол ұшын созамыз деген өз облысым үнсiз қалған соң, өкпемдi текке өшiрмейiн дейтiн қор­ғаншақ көнбiстiкке ерiксiз мойынсұнып, кiтаптарымды үйiме қалап, қамап отырмын.

- Өзiңiз секiлдi елге танымал ақын-жазушыларымыздың көпшiлiгi келелi жерлерде тығылмақ ойнағандай, айтар сөздерiн iшке бүгiп қалып жатады. Немесе кейбiрi ат-шапан дәметкендей, әлдекiмдердi қолдан пайғамбар жасауға тырысып жатады. Мұны қалай түсiнсек екен?

- Пендеден тұлғаға көтерiлу қандай қиын болса, тұлғадан пендеге құлдырау сондай жеңiл. Бiз «ауырдың үстiмен, жеңiлдiң астымен» жүруге әбден машықтанып қалған жұртпыз. Сондықтан кейбiр қаламгерлердiң жеңiл жаққа желе жөнелетiндерiне көзiмiз әбден үйренiп кеткен. «Әдебиет - ардың iсi» деп жүрiп, сол арды аттап өтетiн абыройсыздығымыз, әрине, қынжылтады.

Тұрмысты жағдай билейтiн, адамды (ақынды да) әкiм илейтiн қазiргi заманда сүйек-саяқ дәметкен тiлемсек көздер көбейiп кетпедi ме. Қаламақы жүйесi мүлде жойыл­ған соң, күнкөрiсi нашарлаған қаламгер қауым жоғарыдағыларға кiрпiк қадап, жапақтап қалғанын несiне жасырамыз. Жазушының тауары - кiтабы десек, сол жылдап жазылатын кiтабына мемлекеттен соқыр тиын алмаса, бүгiнде олардың (шығармашылық иелерiн айтамын да) қайыр сұрап кетпегенiне тәуба қылсақ қайтедi. Сол себептi де ат-шапан дейсiң бе, оң қабақ дейсiң бе, әйтеуiр, қолына тиер әлдебiр олжаны (қайдағы олжа-қалжаны) аңсаған пенде - қаламгердiң әлдекiмдердi пайғамбар жасауға тырысатынын күстәналауға қақым да жоқ. Өйткенi соған итермелейтiн қиянат - қаламақыдан қағылу ғана. Өз еңбегiнiң жемiсiн жей алмайтын шығармашылық иесiнiң бүгiнгi көрсоқыр тағдыры ғана.

Бұрынғы кеңестiк кездегiдей қаламақы жүйесi сақталған болса, мен он жетi томыма мыс-мыс қаражатты күреп алып, шын мәнiндегi елiмiздегi ең таза, еңбегiмен жеткен шынайы миллионер атанар едiм. Ондай атты күн қашар туар екен деп құр армандаумен өмiрдi өксiтумен келемiз әлi. Егерде бұрын­ғыдай өз қолымыз өз аузымызға жетер болса, бәлкiм, етiк жалап, етек сүюден тыйы­лармыз да...

- Елiмiздiң ертеңi ерен болуы үшiн бiздiң кезек күттiрмес қандай iстердi атқаруымыз керек деп ойлайсыз?

- Ертеңiнен ертегiдей қиял-ғажайып тiршiлiктi аңсамас жан болмас-ау, сiрә. Бүгiнiнен түңiлген адамның ертеңiне иек артары ежелден белгiлi. Сондықтан мен де ертеңiме - ертегiме, өртеңiме жетердей ал­қына үңiлем. Бiрақ сол ертеңнiң тап бүгiннен басталатынын ұқпайтын кеңкелес те емеспiн. Бүгiнiм бұлыңғыр болып тұрғанда, ертеңгi таңымның жарқырап атарына шүбәлана қарайтыным рас.

Ал ертеңiмiз нұрлы, құнды, құнарлы болуы үшiн көп нәрсенiң қажетi аз. Ең алдымен мәдениетке баса көңiл бөлiп, халқымыздың шынайылығы мен мөлдiрлiгiн кiр-қоқыстан тазартып алған лазым.

Екiншiден, газ, мұнай және шикiзаттан түсетiн пайда көзiн өндiрiс орталықтарын көптеп ашуға жұмсау керек. Үшiншiден, қазақ - қауымшыл жұрт. Әлiмсақтан қауымдасып, қордаласып тұрмысын күйттеген. Сол қалпына қайта оралту үшiн ұжымшар ма, басқасы ма - ауыл шаруашылығы бiрлестiктерiн тездетiп құрып, жандандыру аса қажет. Сонда ғана ертеңiмiзден ертегiдей ғажайып күте аламыз. Осыған бар пәрменiммен сенемiн. Дәл осы тiлегiм елбасының құлағына жетсе екен деймiн...

- Рақмет, тiлегiңiз қабыл болғай! «Қой үстiне бозторғай жұмыртқалар» сондай заман барша хал­қымыздың iзгi арманы ғой.

Кенжеғали

ҚОШЫМ-НОҒАЙ


«Общественная позиция»

(проект «DAT» № 7 (32) от 18 ноября 2009 г.

Сұхбат  «ҚАРАШАНЫҢ ҚАЙҒЫСЫ

менiң қасiретiм болмас па...» деген тақырыппен шыққанын ескертеміз.

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371