Біз білмейтін Бейімбет
Қазақтың асыл азаматы, классик жазушысы Бейімбет Майлинның дүниеге келгеніне биыл 115 жыл толып отыр. Осыған орай оның бүкіл өмірін, құнды да мол шығармаларын ұзақ жыл зерттеп жүрген жазушы, профессор, ғалым, гуманитарлық ғылымдарының академигі Тоқтар Бейісқұловпен сұхбаттасқан едік.
- Б.Майлиннің өмірі мен шығармашылығын зерттеу жолыңыз қалай басталды?
- 1964-1966 жылдары өз өтінішім бойынша, Алматы облыстық партия комитетінің ұсынуымен Мәскеудегі жоғары партия мектебінің журналистика бөліміне түсіп оқыдым. Бітірерде Бейімбет Майлиннің журналистикасы туралы орыс тілінде курстық жұмыс жазып қорғадым.
Қазақтың асыл азаматы, классик жазушысы Бейімбет Майлинның дүниеге келгеніне биыл 115 жыл толып отыр. Осыған орай оның бүкіл өмірін, құнды да мол шығармаларын ұзақ жыл зерттеп жүрген жазушы, профессор, ғалым, гуманитарлық ғылымдарының академигі Тоқтар Бейісқұловпен сұхбаттасқан едік.
- Б.Майлиннің өмірі мен шығармашылығын зерттеу жолыңыз қалай басталды?
- 1964-1966 жылдары өз өтінішім бойынша, Алматы облыстық партия комитетінің ұсынуымен Мәскеудегі жоғары партия мектебінің журналистика бөліміне түсіп оқыдым. Бітірерде Бейімбет Майлиннің журналистикасы туралы орыс тілінде курстық жұмыс жазып қорғадым.
1970 жылы сол жұмысты жалғастырсам деген ой келді. Бейімбет Майлин туралы зерттеу жасаған, ой-пікірлерін толғаған, естеліктерін жазған ғалымдар, жазушылар, замандастарының мол үлес қосқанын еш жоққа шығаруға болмайды. Ал мен солардың сөзін жалғастырым, Би ағаңды ұмыттырмай, саналуан қасиеттерін ел құлағына жеткізе беруде шамамның, уақытымның, талпынысымның мүмкіншілігінше еңбектендім-ау деп ойлаймын. Биағаң туралы үлкен зерттеу жасаған Темірғали Нұртазин еді. «Бейімбет Майлиннің творчествосы» деген фундаментальды зерттеу еңбегі бәрімізге белгілі. Бірде ол кісімен хабарласып үйіне бардым. Жазушы Бейімбеттің үлкен дарын иесі екенін айтып, өз кезіндегі мықты журналист болғанын әңгімелеп, оның осы қыры кең зерттелмей жатқанына назар аударды. Осы әңгіме себеп болып, Темкең жетекшілік етпек ниетін білдірген соң, тәуекел деп қолға алдым. Журналистігін сараптаудан басталған жұмыс жалғасып, бүкіл өмірі мен мол мұрасын зерттеу бұлжымас міндетіме айналды. Алғашқы мақалаларым бірінен соң бірі жарияланып жатты.
- Бұл сонда 1970 жылдардың басы болды ғой...
- Иә, содан бері қырық жыл өтті. Ең алғаш «Талантты да тағанды журналист» атты мақалам жарық көргеннен бастап, «Жазушы өмірінің бір белесі», «Қанатты қалам иесі», «Жастарға жаны жақын еді», «Шалқар шабытты суреткер», «Қаңқайып қалған қара тас», «Түрмеде тұйықталған ғұмыр жасы», «Бейімбеттің қазасы», «Құнарлы талант», «Тектілік» қатарлы 70-тен астам мақала, 6 кітап, «Би-аға» естеліктер жинағын оқырмандармен қауыштырдым.
- Кітаптарыңыз жөнінде таратып айта кетсеңіз?
- «Бейімбет Майлин - публицист» деген кітабым 1979 жылы жарық көрді. Содан бері «Қанатты қаламгер», «Дарын даралығы», «Бейімбетті атқан кім?», «Қилы заман азабы», «Бейімбет Майлин және ұлттық өнер» дейтін кітаптарым өз оқырмандарын тапты. «Ұлы тұлғалар» сериясы бойынша жарық көрген «Сарыарқа саңлағы» кітабының ғылыми редакторы болдым. «Бейімбет Майлин», «Құнарлы талант» мақалаларын дайындадым. Жазушының бұрын жарық көрмеген, белгісіз болып келген 3 повесін, 1 әңгімесін, 9 өлеңін, 6 фельетонын, 6 очеркін, 9 мақаласын, 19 хатын, 1 аудармасын іздеп тауып баспасөзде жариялаттым.
- Бұл құнды дүниелердің қолға түсуі де оңайға соқпаған болар...
- Тағдыры мен шығармаларын таразылау барысында архив қойнауын қанша ақтарсам да бір нәрсе жетпей тұрғандай көрінді. Түрмеде болуының, атылып кетуінің себептерін жалпы білсек те нақты дерек жоқ. Ату туралы қандай шешім болды, кім шығарды деген сұрақ туды. «Өмірінің осы тұсы толық ашылмай жатыр-ау, КГБ-дағы ісімен таныссақ қайтер екен?» деген ой да мазалап жүрді.
Ақыры бел буып, Б.Майлиннің көп жыл бойы ешкімнің қолына тимей, құпия сақтаулы жатқан ісімен таныспақ болып, КГБ-ның қызметкерлерімен әлденеше рет сөйлесуге тура келді. Түбінде бір шешімге келіп, «ағайындарынан кім бар, біреуі өтініш жазып, нотариуске растатып берсін» деген талап қойды. Б.Майлиннің көзі тірі Гүлсім деген қызынан басқа ешкімі жоқ болатын. Оған айтып едім, бірден келісіп, өтінішін жазып, оған нотариустың мөрін басқызып, қолын қойдырып КГБ-ға апардық. Содан кейін мүмкіншілік туып, Би-ағаңның ісімен таныстым. Нәтижесінде бірнеше мақала жазып, «Бейімбетті атқан кім?» деген кітабымды шығардым. Оны қайта қарап, толықтырып барлық өмірін дерлік қамтыған «Қилы заман азабы» атты еңбегімді бастырдым. 2003 жылы шаққан бұл кітап 320 бет болды, 1000 данамен ғана таралды.
- Бейімбет Майлин шығармаларының көптомдығы әр жылдары жарық көріп келе жатқанынан хабарымыз бар. Осы сүбелі дүниенің көтерер жүгі қаншалықты?
- 2004 жылы «Қазғұрт» баспасымен келісіп Б.Майлиннің көптомдығын шығара бастадық. Басында Байменше Серікқалиға хабарласып, ол келіскен соң екеулеп құрастырдық. Шүкір дерлік жұмыс істедік. Қолға түскен жаңа мәліметтер мен деректерді шығарылып жатқан көптомдыққа қиюластырып енгізіп жатырмыз. Бұрынғы жинағына кірмей белгісіз болып келген біраз шығармаларын тауып көптомдыққа кіргіздік. Сонда жаңадан 15 әңгімесі, 78 өлеңі, 13 поэмасы, 4 пьесасы, 10 повесі, 2 романы, 1 сценариі қосылып енгізілді. Очерктері 38-ге, фельетондары 132-ге жеткізілді. Жинақтарына мүлдем енгізілмеген 27 хаты, 300-ден аса мақалалары қосылды.
- Бейімбет Майлин шығармаларының жалпы саны анықталды ма?
- Біраз анықталды. Романы 4 (бесінші «Қарашаш» романы табылмады), повестері 17, поэмалары 19, пьесалары табылғаны 15 (барлығы 24), сценарийі 2, либретто 1, ол «Дидарай», бірақ жоғалып кеткен, өлеңдерінің саны 201, тағы да табылуы мүмкін, әңгімелері 96, фельетоны 132, очеркі 38, мақаласы 700-ден асады, олардың 300-ге жуығын жинай алдым.
Көмтомдықтың бірінші кітабын әңгімелерінен бастап, 2004 жылы шығардық, сыймағаны екінші томға ауысты. 96 әңгіме тауып, кіргіздік. 1958 жылы шыққан «Таңдамалы шығармалары» жинағына 36, 1977 жылғы таңдамасына 49, ал 1980 жылдары шыққан бас томдығына 81 әңгімесі енген еді. Енді байқаңыз, белгісіз деп жүрген қанша әңгімелері қосылғанын. Басқа жанрларда жазған туындыларының белгісіз дегендерін іздеп қосқанымызды оқырман өзі де байқай алады. Табылмай жатқандары да жоқ емес. Егер Мәскеу архивін сүзсе жоғалып кетті деген «Дидарай» либреттосы, «Қызыл жалау» романының толық нұсқасы табылып қалуы да мүмкін...
- Тарлан жазушы қысқа ғұмырында аз жазбаған екен-ау!
- Оның көп жазғандығының бір белгісі - бүркеншік аттарының көп екендігі. Барлық туындыларына әмісе өз есімін қоя бермеген. Ол өз кезіндегі газет, журналдардың бәріне дерлік қалам жәрдемін беріп, белсенді атсалысқан жазушы. Бәрінде өзін көрсете бермей, бүркеншік аттарын қоя беруі неден деген ой да туды. Оның себебі - біріншіден, табиғатынан қарапайым ол көрініп қалайын деген мақтанды суқаны сүймейтін, екіншіден, көзге шыққан сүйелдей көріне беруді ерсі санады, үшіншіден, жоғары мәдениеттің үлгі-өнегесіне табынды.
- Жазушының бүркеншік аттарын анықтау жағы қиын болған жоқ па?
- Темірғали Нұртазин «Бейімбет Майлиннің творчествосы» (1966 ж.) кітабында, «әзірге біз анықтаған псевдонимі жиырма бір» деп жазған еді. Ал 1968 жылы ол кісі «Әдебиеттердің көрсеткіштері» кітабының алғы сөзінде «жалпы саны отызға жуық» деп көрсетті. Б.Майлин шығармашылығын зерттеуші С.Байменше «Бейтаныс Бейімбет» деген кітабында 33 деген пікір айтты. Бейімбеттің бұл қырын анықтауды мен жалғастыра бердім. 1993 жылы басылған «Қанатты қаламгер» атты кітабымда 43 деген едім. 2000 жылдардан бері қарай зерттей келе Бейімбет Майлинның 74 бүркеншік аты бар екенін анықтадым.
- Бейімбеттануда олқы соғып жатқан тұстар бар ма?
- Шешілмей жүрген бір мәселе бар. Ол - Б.Майлиннің Қостанай қаласында, облыс орталығында өзіне арналған мемориалдық музейін ашу. Бұл мәселені мен 1994 жылы жазушының 100-ге толу салтанатына Қостанайға барғанымда көтерген болатынмын. Осы мерейтойды жоғары деңгейде өткізген сол кездегі облыс әкімі Б.Тұрсынбаевқа өте қатты риза болған едік. Музей ашуды да қарастырамыз дегені үміт отын маздатып еді. Алайда ол кісі қызметінен кетті де маздаған сеніміміз көмескіленіп қалды.
Бұл мәселе неге мазалайды? С.Сейфуллиннің Астанада, І.Жансүгіровтің облыс орталығы Талдықорғанда жеке музейлері бар. Басқаларын айтпағанда, тіпті, татар ақыны Хасан Туфанның, Башқұрт жазушысы Сейфи Құдаштың республикаларының орталықтарында сондай музейлері бар. Олар Б.Майлиннің қимас достары еді. Б.Майлиннің 70 жылдығына келгенде Х.Туфан көзінен жасын ағыза «Іздеймін бүгін шарқ ұрып, қараймын бүгін алақтап, қайдасың сен, Бейімбет досым?! Сағындым сені, аңсадым, қайдан табамын енді мен. Алматыға барған едім... Құшағымды ашып, аңсап... іздеріңді басып, көшелерін кездім сабылап... онда да жоқсың, Бейімбет! Табармын ба деп туған жерің Қостанайға келдім, Бейімбет, мұннан іздеп таппадым... Қайда жатырсың, қайда тыныштық таптың, қайран досым Бейімбет. Жоқ, жан досым, сен өлген жоқсың, мәңгі тірісің. Қазақ халқының ыстық жүрегіндесің. Жоқ, өлген жоқсың, мәңгі жасайсың сен қазақ халқының ұлы елінде!» деген еді. Ол айтқан ұлы ел ұлы перзентіне музейлік бір үй тұрғыза алмаса, одан әрі кімге шағынарсың. Ойымнан кетпей жүрген осы мәселені қойып-ақ келеміз. Үніміз жартасқа соғылғандай болып жүр...
- Сонда мұражай ашуға не кедергі болып отыр?
- 2004 жылы премьер-министр Д.Ахметовтың, Қостанай облысы С.Кулагиннің атына хат дайындадым. Өзім қол қойдым. Бұл музейдің керектігін қолдап, М.Әлімбаев, З.Қабдолов. Ә.Нұрпейісов, С.Қирабаев, Т.Кәкішев, Т.Молдағалиев, Ө.Сұлтанғазин, К.Нұрпейісов, Г.Бельгер, Ш.Елеукенов, Ж.Исмағұлов, Ғ.Қабышев сияқты жалпақ елге белгілі ақын, жазушы, ғалымдар да қол қойып берді. Хат «Қазақ әдебиеті» газетінің 26 наурыз күнгі санында жарияланды. Ал 10 сәуір күні Д.Ахметов пен С.Кулагиннің атына салып жібердім. Оларға жеткендігін облыстық мәдениет департаментінің директоры Р.Ғайсеновадан келген жауаптан білдім. Онда мұражай ашуға мүмкіншілік жоқ екендігі айтылып, Таран аудандық музейі оның атымен аталатынын алға тартыпты.
Жауапқа қанағаттанбай «Құлық болса, шешілмейтін іс бар ма?» деген мақала жазып жариялаттым. Б.Майлиннің туғанына 110 жыл толуына орай «Алып жазушымыз алдындағы парызымыз ұмытылмасын» деген мақаламда жарық көрді. Естір құлақ, селт етер жан болмады. 2006 жылы «Қостанай таңы» газетінде (30 наурыз) сол жаққа жазған хатым да басылды.
Бір сәті түсіп Қазақстанның халық жазушысы Ә.Нұршайықовқа мұңымды шағып, осы мәселені әңгімелеп бердім. Ол кісі Президент Н.Назарбаевқа хат жазатынын айтты. Сөзінде тұрып, хатын жіберді. Одан кейін Қостанай әкімдігіне де жолдады. Сонымен Б.Майлиннің музейін ашу жоспарланып отыр деген хабар алдық. Соған риза болып жүрміз. Уәделерінде тұрады деген сенімдеміз...
Әңгімелескен Біләл Қуаныш
Бейімбет Майлинның бүркеншік есімдері:
1. Шаңқан 38. Қоңыраушы
2. Малай 39. Бір көрген
3. Жолаушы 40. Естіген
4. Б-т 41. Көзі көрген
5. М-тай 42. Б-ж
6. Жолшыбай 43. Ішінде болған
7. М. 44. Өзім
8. Көз 45. Газетші
9. Быж 46. Жасқаншақ
10. М-Б 47. Алтай
11. Тілші 48. Жуас
12. Б-М 49. Алакөз
13. Қайдауыл 50. Егінші
14. Мен 51. Ел аралаған
15. Б. 52. Мұғалім
16. Жалшы 53. Мен ғой
17. М-й 54. Бекет
18. Жалаңаяқ 55. Қарсақ
19. Балықшы 56. Толстой қазақ
20. М-М 57. Қараша бала
21. Мереке 58. Би
22. Жорналшы 59. Балық
23. Малшы 60. Б-б-ж
24. Мырқымбай 61. Жолдан
25. Қарабалық баласы 62. Бақ ауған
26. Інісі 63. Жалшы баласы
27. Тай 64. Кетпен
28. Бимағамбет 65. Қорғасын
29. Жолаушы бақыр 66. Жол болсын
30. Қойшы 67. Бимұхамбет
31. Қара бала 68. Қайдауыл баласы
32. Қойшығара 69. Малай баласы
33. Біз 70. М-Т
34. Оқытушы 71. Кедей
35. Кедейшіл 72. Елден
36. Оқушы 73. Шоң
37. Жолаушы 74. Нық
"Ана тілі" газеті 19 Қараша 2009 жыл