Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3082 0 пікір 24 Мамыр, 2009 сағат 04:43

«Қылмыскер сияқты қашып не көрініпті?!»

Осылай деп орнынан қозғалмаған Бейімбет Майлинді «үш әріп» сол күні-ақ ұстап әкетіпті

«Балаларға бас-көз бол, мен енді сендерге жоқпын»

Осылай деп орнынан қозғалмаған Бейімбет Майлинді «үш әріп» сол күні-ақ ұстап әкетіпті

«Балаларға бас-көз бол, мен енді сендерге жоқпын»

Би аға. Халқы ол кісіні ерекше ардақтап, осылай атады. Сол Би ағаның артында қалған ұрпақтарын іздегенімізде, ұл-қыздарының бүгінде түгел о дүниелік болғанын, ал немере, шөберелерінің атасы жайлы естелік айтып бере алмайтынын біліп, қатты қынжылдық. Бейімбеттің бүгінде марқұм болған қызы Гүлсімнің жұбайы, яғни Би ағаның күйеу баласы Қадыр ғана атасының атын өшірмеуге ат салысып, мұраларына бас-көз болып жүр екен. Бейімбет ұсталып, атылып кеткен соң Майлиндер тағдырының нендей күйге түскені жайлы Қадыр аға былай деді:
Қара Кестекте «Амангелді» фильмін түсіру жүріп жатқан кез. Би ағаң күні бойғы жұмыстан шаршап келіп, демалуға жантайып жата бергені сол екен, есіктен бейтаныс екі орыс кіріп келеді. Сөйтеді де жалма-жан жағадан алғандай «Беймбет Майлин вы?» дейді. Қаннен-қаперсіз жатқан Бейімбет «Иә, мен» дейді. «Тогда вы арестованы» дейді де әлгілер ол кісіні сол жерде тұтқындап, құжат-қағаздарын түгелдей сыпырып алып кетеді. Содан апарып түрмеге қамап, күнде ұрып-соғып, істемеген ісін мойнына таңа алмаған соң, қорлауға көшкен. Күнжамал апамыз артынан іздеп барғанда аузында бірде-бір тіс қалмаған Би-ағаның «Балаларға бас-көз бол, мен енді сендерге жоқпын» дегеннен басқаға шамасы келмепті.
1938 жылдың ақпан айында күніне қырық адамнан атып отырған. Сонда ақпанның 25-інде Сәкен Сейфуллин бастаған 35 адам атылса, келесі 26-сында Бейімбет, Ілиястар атылған. Қазіргі Жаңалық деген жерге апарып атқан. Қақаған қыста «халық жаулары» үшін кім көр қазады, атып-атып, қабырғаларды құлата салған. Қайран, арыстарымыздың денесі солайша қарға-құзғынға жем болған.    
«Бөліп ал да, билей бер». Осындай ұранды ұстанған қызыл империяның жымысқы саясаты халықты байлар және кедейлер деп екіге бөліп, екеуін бір-біріне қарсы қойды. Басқаларды байшыл десе де, басқа десе де, дәл Бейімбетке осындай жала жабу қисынсыз еді. Себебі ол нағыз кедейдің жай-күйін мұңын қозғайтын шығармалар жазғанын барша жұрт біледі. Үкіметтің саясатына қайшы келетін бір іс жасамағандықтан, «ұсталамын-ау, жазаға тартыламын-ау» деген ой Бейімбеттің өзінің де үш ұйқтаса түсіне кіріп көрмепті.
- Би-ағаңа милицияда қызмет істейтін таныстары, жанашырлары «Бүгін түннен қалмай қашып кетпесеңіз, ертең сізді ұстайды» депті. Оны естіген Бейімбет «Қылмыскер сияқты қашып не көрініпті? Менің үкіметке қайшы келген жерім жоқ, мен кедей адамның баласымын» деп, орнынан қозғалмапты. Бәлкім, сонда Мәскеуге ме, әйтеуір басқа жаққа барып бой тасалай тұрғанда, аман қалар ма еді?, - деп күрсінді Қадыр аға, -  бірақ ол кісі ондайға бармақ түгілі, тіпті олай ойлауды өзіне ар санаған ғой. Ол кісінің сондай баладай нанғыш, ақкөңілдігін тұстастары, ізінен ерген қаламгелердің бәрі ерекше айтады. Ғабит Мүсіреповтің өзі Жазушылар Одағында дүйім жазушылардың алдында: «Бейімбет халық жауы болса, мен де халық жауымын» деп, партбилетін қойнынан суырып тастаған ғой. Сонда ол Ғабеңнің Бейімбетті соншалықты жақсы көргендігі, сыйлағандағы емей немене?!
Өзіне, өзіне ғана емес-ау, көл жағасындағы желкілдеп өсіп келе жатқан жас құрақ секілді қазақ жастарын көркемдік шеберлікке баулыған, соларға дұрыс жол сілтеген Би-ағасын Ғабит Мүсіреповтің ерекше жақсы көретіндейі бар. Үлкен жазушы болам деген арманына қанат бітірген ағасы жөнінде Мүсірепов былай деп жазған екен: «Асылы, біздің, оның замандастарының, қай-қайсысы болсақ та Бейімбет Майлиннің киелі қолы, яки оның кереметтей кемел редакторлық қаламы тимей өте алдық демес едік, - дейді. Сондай-ақ Ғабең Би-ағасы жайлы, - оның жазушы тумалары үшін баға жетпес қымбат бір қасиетін айрықша айтқым келеді. Ол – оның қарапайымдылығы, қолының кіршіксіздігі, жүрек лүпілінің қалтқысыз, қаяусыз пәктігі, талантымен тең тізе қосқан еңбекқорлығы», - деген екен.

 

 

Көпір астында күнелтуге тура келді

Екі ұлынан кейін жұбайы қыз тапқанда, Бейімбет сондай қуанып, бие сойып, той жасаған екен. Сонда жас нәрестені қолына алып отырған Сәкен оған Гүлсім деп ат қойыпты. Сондай қазаны оттан түспейтін, босағасынан кісі үзілмейтін Бейімбеттің шаңырағын репрессия ортасынан түсіреді. Үш қалта қолжазбасын түгел сыпырып алып, үш баласымен Күнжамалды үйден қуып шығады. Содан олар біраз уақыт Ілияс Жансүгіровтің үйіне паналайды. Көп ұзамай Ілиясты да ұстап алып кетеді. Сонан соң Күнжамал апамызды КАРЛАГ-қа, балаларын жетімдер үйіне бөліп жіберді. Қадыр ата осыларды айтып отырғанда тыңдап отырған біздердің көзімізге еріксіз жас келді.
- Негізі Би-ағаңның Әукен, Мереке, Еділ атты үш ұлы және Гүлсім, содан кейін тағы Роза деген асырап алған қызы болған. Әукенді соғысқа ең қауіпті батальонға жіберген, содан қайтпаған. Еділ менен Мерекені Семейдегі,  ал Гүлсімді Сарқандағы жетімдер үйіне бөліп жіберген. Өзі тумысынан нәзік, әлжуаз Гүлсімді жетімдер үйіне барғанда өліп қалған екен деп, шығарып тастағалы жатқанда, медбикелердің бірі оның кірпігінің қимылдап жатқанын байқап қалады. Содан оны емдеп жүріп бауыр басып қалады да, асырап алуға ниет білдірсе керек. Бірақ заңға қайшы келгендіктен, Гүлсімді ол әйелге бермейді. Сөйтіп он үш жасқа келгенде, Гүлсімді жетімдер үйінен босатады. Қарағандыға дейін апарып салуға жанына тәрбиеші орыс әйелді қосып, жібереді. Ол кезде поездар Сібір арқылы жүреді екен. Адамның бойында қайырымдылық, мейірім сынды ізгі қасиет болмаған соң да қиын екен ғой. Сонда Новосібірге келгенде орыс әйел «күл болмасаң, бүл бол» деп, Гүлсімді вокзалға тастап кетіп қалады. Іздеушісі жоқ, әйтеуір бір «халық жауының» қызы ғой, өлсе өле берсін деген қатігездігі шығар. Қайта Гүлсімнің еті тірі болады, қарап отыра бермей милицияға барып, өзінің кім екенін, қайда бара жатқанын, жалпы болған жайды айтып жеткізеді. Содан олар Сарқанмен хабарласып, Қарағандымен хабарласып, қасына адам қосып Гүлсімді пойызға отырғызып жібереді. Бірден Күнжамал апа жұмыс істейтін шахтаның бастығына келеді. Жалғыз ешкісін сатып, қызын қарсы алуға жүргелі жатқан Күнжамал апай қызының келгенін естіп, жүгіріп жетеді. Күнжамал апа орысша білмейді, Гүлсім қазақша білмейді. Соған қарамай, аналы-қызды екеуі жылап көрісіп, табысады. Баяғы Бейімбеттің отбасы қайта қауышу бақытына ие болғанымен, тұрмыс тауқыметі еңсені езіп тастағандай еді. Күнжамал апа шахтерлардың ас-суын қамдап, кір-қоңын жуып, содан түскен тиын-тебенмен балаларын асырайды. Аяқ киімі жоқ Гүлсімді Мереке мектепке арқалап алып барып, алып қайтады. Сондай ауыр тұрмыс кешкен. Балалар мектепті бітіріп, осында Алматыға оқуға келгенде тұратын үйлері де жоқ. Көпірдің астын күнелтіп жүрген жерлерінен Бейімбеттің жерлестері Елубай Өмірзақов бір күн үйіне қондырса, келесі күні Серке Қожамқұлов, солайша кезегімен алып кетіп жүреді. Содан бір күні Мұхтар Әуезов келіпті. Машинасына мінгізіп, үйіне апарады да, тамақ-шай үстінде Гүлсімге «қызым, сен көп жасыма, мойыма, әкеңнің еш жазығы жоқ, көп ұзамай ақталады» деп жігер беріпті. Өзі ол кезде тау-кен институтына тапсырып, «халық жауының» қызы деп оқуға алмағанға тауы шағылып жүрген кезі. Мұхаңның осы бір ауыз жылы сөзі Гүлсімге қанат бітіріп, ол медициналық институтқа тапсырып, түсіп кетеді.
Осындай естелік айтып отырған Бейімбет Майлиннің күйеу баласы Қадырдың өзі де – жастайынан жетімдіктің тауқыметін тартып жүріп жетілген жан. Алматыдағы тау-кен институтын бітіріп, жолдамамен Жезқазғанға жұмыс істеуге жіберілген Қадыр, осындағы туысы, жездесі болып келетін жазушы Мағзұм Тиесовтің үйіне жиі келіп-кетіп тұрады. Үйленетін жасынан асып бара жатқан соң туыстары Қадырға қалыңдық қарастыра бастаса керек. Сондай күндердің бірінде жездесі «Қадыр, сен неге үйленбей жүрсің?» деп төтесінен сұрақ қояды. Қапелімде не дерін білмей сасып қалған жігітті құрдымнан өзі құтқарғандай: «Мен сені бір жақсы адамның қызымен таныстырайын» дейді. Содан осы Би-ағаның қызы Гүлсіммен таныстырды. Одан кейін жастар тез тіл табысып, көп ұзамай отау көтереді.

 

 

Жетімдер үйінде көрген қорлық

Сәкен, Ілияс, Бейімбеттер өзара жақсы түсінісіп, сыйласқандықтан, олардың балалары мен әйелдері де жақын араласып тұрған. Сәкеннің қызындай болған Ырымжан мен Бейімбеттің Гүлсімі бала кездерінде бірге ойнай алмағанымен, кейін бірін-бірі тауып, сырласып, ортақ тағдырларын бөлісіп тұрады. Сондайда Гүлсімнің айтқан сөздерінен Рымжан апамыз бізге былай деп естелік сыр бөлісті:
Гүлсім жетімдер үйіндегі балалардың көрсеткен қорлықтары жайлы айтқанда, тыңдап отырған менің денем түршікті. Балалар Гүлсімді ұрады екен. Әбден таяқ жей-жей қорқып қалған байғұс қыз содырлардың төбесі көрінгеннен-ақ кереуеттің астына тығылып қалады екен. Содан тамақ ішерде де шықпай, мысыққа ұқсап, кереуеттің астында жатып тамақ іше береді екен. Онысын көрген орыс балалары одан сайын күшейіп шыныны ұсақтап жарып, соның үстіне шығарып, «стой на коленах враг народа» дейтін көрінеді. Соның бәрін көріп өскен қыздың жүйкесі зақымданып, сәл нәрседен үріккіш болып қалған. Денесі түгел қышыма басып, бейне пілдің терісі сияқтанып тұратын. Қайта бағына жары жақсы адам болып жолықты. Сондай адал, ақкөңіл жігіт. Қалай қатты ауырғанда да қасында болып, дәрі-дәрмегін тауып беріп, жаны қалмайды.
Екеуінің де зейнеткерлікке шыққан кезі. Бір күні үйге Қадыр телефон шалды. Беймезгіл уақыт болған соң, шошып кеттім. «Гүлсім тағы да қатты ауырып қалып еді. Соған дәрі алуға ақшамыз болмай тұр. Қаржы жағынан қараса тұрмас па екенсіз?» деді даусы дірілдеп. Әрине, ондайда жәрдемдеспесек, адамгершілігіміз қайда? Содан мен оны ұмытып та кеткем. Бір күні тағы Қадыр хабарласып тұр. «Мен сіздің алдыңызда ұялып жүрмін. Түнеукүнгі ақшаны берем деп, бере алмай жүргеніме ренжімеңіз. Ақшам болмай, содан енді костюмімді сатқалы жатырмын. Соны сатқан соң, бірден апарып беремін» дейді. Сосын мен «Қадыр, айналайын, қажет емес. Сатпа киіміңді. Ол менің сендерге  бір қарасқаным болсын» деп зорға тоқтаттым. Сол төсек тартып жатқаннан Гүлсімнің халі нашарлай берді. Ақыры, қайтыс болды. Гүлсімді өз қолымызбен жерледік. 
Қазақ театр өнерінің іргетасын қалаушылардың бірі, белгілі әртіс Серәлі Қожамқұлов Бейімбетпен бір ауылда өскен екен. Сол кісі жазықсыз атылып кеткен жолдасының балаларына алаңдап, жай-күйін біліп тұрған. Тіпті қайтыс боларында да Серағаңның жаны тыныш таба алмай, Гүлсімді шақырып алыпты. Гүлсім ауырып жатқан Серағаңның көңілін аулап: «жазылып кетесіз, аға, тәйірі осы да сізге бұйым болып па?» дейді. Сол тұста Бейімбеттің туған жерінде ескерткіш ашылған екен. Соны қызының көрген, көрмегенін  білгісі келсе керек. Гүлсім ескерткішті көргенін, оның сондай биік, әдемілігін, өзіне ұнағанын айтады. Осыны естіп жаны тыныш тапқан болу керек, Серағаң сол күні қайтпас сапарға аттаныпты. 
Бейімбет ұрпағынан бүгінде кімдер қалды, олар өзара қалай араласып тұрады деген сұрақ тұрды көкейде. Осыны Қадыр атайдан сұрап едік:
- Мерекенің өзі жоқ, екі ұлы мен жұбайы Қарағандыда тұрады. Ол кісі Олжас Сүлейменовпен қатар Мәскеудегі әдебиет институын бітірген-ді. Күні кеше баласы Болат хабарласып, біздің жай-күйімізді білген. Еділдің Жарас, Рүстем атты екі ұлы бар еді, Рүстемі бұрнағы жылдары қайтыс болды. Жарасы осында Алматыда тұрады. Бірақ, орыстанып кеткен, бізбен онша араласпайды. Ал біз Гүлсім екуміздің Шұға есімді қызымыз бар. Қазір сол Шұғамен бірге тұрып жатырмын. Қызым архитектор болып жұмыс істейді, мен үш немеремді бағып үйде отырамын.
- Гүлсім апамыз қайтқалы да біраз болды ма?
- 1999 жылы қант диабетінен көз жұмды. Алты айдай төсек тартып жатты. Қайтыс болатын күні «Қадыр, мен бүгін өлемін» деді. Шынында сол күні бақилық болды.
Майлиндер ұрпағының тағдыры мінекей осылай өрбіді. Ал, енді Бейімбет Майлин шығармашылығының жағдайы қалай? Осы тұста Қадыр ата бейімбеттанушы Тоқтар Бейісқұловтың еңбегін ерекше атап, ғалымның ендігіде Ілияс пен Сәкендікі секілді Қостанайдан Бейімбет Майлин мұражайын ашуға әрекеттеніп жатқанын айтты. Дегенмен кез-келген істі бастау үшін қаржы керек емес пе, сол қаржы жағын сұрап Тоқтар Бейісқұлов Елбасынан бастап, бірнеше лауазым иелеріне хат жазған екен. Оған «жоқ» дегеннен өзге жауап ала алмай, ақыры су аяғы құрдымға кеткеніне кейіп жүрген жайы бар көрінеді. Сонда ендігіде Бейімбет бір ғана Тоқтар Бейісқұловқа не болмаса күйеу баласы Қадырға ғана керек болып қалды ма? Ащы да болса осындай сауалды көлденеңінен қоймасқа лаж жоқ.

 

 

Мәриям ӘБСАТТАР

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3256
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5522