Сейсенбі, 29 Қазан 2024
Жаңалықтар 2670 0 пікір 15 Қаңтар, 2010 сағат 06:04

Түйіннің бәрін тіл шешеді

(«Қазақстан халқы» Доктринасының балама нұсқасына ұсыныс)

(«Қазақстан халқы» Доктринасының балама нұсқасына ұсыныс)

Қазақ тілінің мәртебесін арттырып, оны тек өз ұлтымыздың ішінде ғана емес, өзге ұлт өкілдерімен де қарым-қатынас құралына айналдыру тәсілдерін ұсынғымыз келеді. Бүгінгі қоғамда қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту үшін жалаң ұран мен құрғақ сендіру басым да, тілді нақты қажеттілікке айналдыру арқылы оның маңызын арттыруға көңіл бөлінбеген. Мемлекеттік тілді өркендету ісінде өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін меңгергендігі үшін бағалы сый-сыяпат жасап, әртүрлі акциялар өткізу аздық етеді. Мұндай шаралар тілді білу керектігін объективті түрде мойындатқанмен, олардың бойларында тілді игеруге деген шынайы ұмтылыс, ынта-жігер тудыра алмайды. Бүгінгі таңда қазақ тілін ұлттық идея дәрежесіне көтеруді заманның өзі талап етіп отыр, өйткені жаһандану дәуірінде діңгегі мықты елдердің құндылықтарына төтеп беру үшін елімізде мызғымас тұтастық орнауы қажет. Ал тіл халықты бір орталыққа шоғырландыратын аса маңызды фактор болып табылады. Біздің ойымызша, алдағы бес жылдықта ұлттық идеология ретінде қазақ тілін іс жүзіндегі мемлекеттік тіл дәрежесіне көтеруге бағытталған бірқатар шараларды жүзеге асыруымыз қажет. Тілді меңгерудің және меңгертудің әлемдік тәжірибеде өзін-өзі ақтаған тәсілі - тілге деген нақты қажеттілікті тудыру. Яғни, ол тіл адамды асырап, қызметтегі лауазымын өсіретін, әлеуметтік жағдайын түзейтін тіл болуы керек. Дегенмен, мемлекетімізде қазақ ұлтынан өзге көптеген ұлт өкілдері өмір сүріп жатқандықтан, тілге қажеттілік тудыру мәселесін өзгелердің азаматтық құқына қол сұқпай, бейбіт жолмен шешуге міндеттіміз.

Ол үшін, біріншіден, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен «Тіл туралы» заңына бірқатар өзгерістер енгізу керек. Мысалы, Қазақстан Республикасының тіл туралы Заңының 2 тарау 8 бабындағы «Мемлекеттік тіл Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, ұйымдарының және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының жұмыс және іс-қағаздарын жүргізу тілі болып табылады, орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады.

Мемлекеттік емес ұйымдардың жұмысында мемлекеттік тіл және қажет болған жағдайда басқа тілдер қолданылады» деген заң мәтініне «2015 жылдан бастап мемлекеттік тіл орталық және жергілікті мемлекеттік органдарда және мемлекеттік емес ұйымдарда жұмыс және іс-қағаздарын жүргізетін бірден-бір тіл болып табылады» деген өзгеріс енгізіп, Конституциямыздағы орыс тілінің ресми түрде мемлекеттік тілмен тең қолданылатындығы туралы сөйлемді алып тастауымыз керек. Яғни бұл заң тек 2015 жылы ғана өз күшіне енеді және сол кезден бастап қоғамның барлық салаларындағы жұмыс, іс-қағаздар, жиналыс, отырыстар тек мемлекеттік тілде жүргізілетін болады.

Екіншіден, 2015 жылдан бастап, кез-келген Қазақстан азаматының мемлекеттік органдарға қызметке орналасуы және жергілікті мәслихаттарға, мәжіліс, сенат депутаттығына сайлануы үшін басты талап кәсіби біліктілігімен қоса қазақтың тілін, қазақ тарихын, қазақ мәдениетін жетік білу болуы керек. Мемлекеттік тілді еркін меңгерген азаматтар үшін қызмет баспалдағымен көтерілуге қолайлы жағдай туғызылуы тиіс.

Осы екі міндетті орындау үшін, үшіншіден, 2010-2015 жылдар аралығында мемлекет қазақ тілін үйренуге ниет білдірген кез-келген Қазақстан азаматына жан-жақты қолдау көрсетіп, тілді меңгеруге қажетті ұйымдастырушылық, метариалдық, техникалық жағдаймен қамтамасыз етуі тиіс.

Сонымен қатар, төртіншіден, әлемдік тәжірибедегі кез-келген мемлекеттің азаматы болғың келсе, алдымен, сол елдің тілін, мәдениетін, әдебиетін, тарихын білуің керектігі туралы талапты біз де қабылдап, 2015 жылдан бастап, Қазақстан Республикасының азаматтығын алғысы келетін кез-келген иммигрант міндетті түрде қазақ тілін, тарихын, әдебиетін, мәдениетін білуі керек деген шарт қоюымыз қажет.

Осы мәселелермен бірге мемлекет өзге ұлт өкілдерінің тілін, мәдениетін дамытуына бүгінгі жүргізіп жатқан саясатын әрі қарай жетілдіре беруі тиіс. Оларға өздерінің ана тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін дамытуға ешқандай кедергі келтірілмеуін бақылауы керек.

Осы төрт тетік жүзеге асқан жағдайда біз неге қол жеткіземіз дейтін болсақ, өзінің ертеңгі ғұмырын, ұрпақтарының өмірін Қазақстан мемлекетімен байланыстыратын және Қазақстандағы өз болашағының жарқын болуына мүдделі кез-келген Қазақстан азаматы мемлекеттік тілді меңгеруге талпынады, өз балаларын қазақ мектебіне беретін болады. Яғни өзін Қазақстан Республикасының бір бөлшегі ретінде сезінетін жандар ғана елімізде қалады да, Қазақстанның болашағына күмән келтіретін, Қазақстанды «туған жер емес, тойған жер» деп қабылдап жүрген азаматтар орнын басқа жерден табуға тырысатын болады. Мемлекеттігімізді өркендету үшін бізге алғашқылары керек.

Сондай-ақ тілді шала білетін өз қандастарымыз бен өзге ұлт өкілдері мемлекеттік тілді меңгергеннен кейін қазақтың мол рухани қазынасымен түпнұсқадан танысу мүмкіндігіне ие болады. Ал бұл олардың бойына қазақы дүниетанымды сіңіруіне қолайлы жағдай туғызады. Сөйтіп, қазақ тарихын, мәдениетін оқып-біледі, қазақтың менталитетін терең ұғынып, түйсінеді, сезінеді, бойларында біртіндеп қазақстандық патриотизм қалыптаса бастайды. Сонымен бірге, Қазақ елінің титулды ұлты - қазақты ұлы халық деп танып, оған құрмет сезімі пайда болады, бұл үрдіс өзге ұлт өкілдерінің қазақ ұлтының айналасына топтасуына ықпал етіп, қоғамда тұтастық орнайды.  Бүгінгі қоғамда өзге ұлт өкілдерінің бойында не тіліне, не тарихына, не рухани байлығына, не қоғамдағы әлеуметтік жағдайына көңіл бөлінбей отырған қазақ халқына менсінбеушілік сезім қалыптасқан. Мұндай жағдайда мемлекеттік тұтастық туралы сөз қозғаудың өзі қиын. Сондықтан «Қазақстанның ел бірлігі доктринасында» айтылған этносаралық және конфессияаралық келісімді, азаматтық бірлікті қамтамасыз ету міндетін қазақ тілін ұлттық идеяға деңгейіне көтеріп, халықты жоғарыдағы үлгіде оны үйренуге, қолданыс аясын кеңейтуге жұмылдыру арқылы жүзеге асырсақ, қазақ ұлтының мәртебесі бірнеше есе артып, қоғамда береке-бірлік орнамақ. Ал бұл мемлекеттігімізді нығайтудың, бәсекеге қабілеттіліктің, еліміздің әлеуметтік, экономикалық, саяси жаңғыруының алғышарты болып табылады.

 

Жеңісхан Бүтіншінов,

«Дүние» университетінің

Президенті.

Ақтөбе қаласы

 

0 пікір