2007 жылғы қарашада ЮНЕСКО өзінің кезекті сессиясында "Қыз Жібек" жырын 2008 жылдың мерекелік күнтізбесіне енгізіп, оның 500 жылдығын атау туралы шешім қабылдады.
Ал, енді неге 500 жыл деген сұраққа келейік. Оның сыры мынада. Қазақ фольклорының құрамында басқа халықтарға да тән шығармалар бар. Мәселен, "Алпамыс батыр", "Қозы Көрпеш-Баян сұлу", "Қорқыт ата" "Көрұғлы" деген сияқтылар. Олардың кейбірі - ауыс-түйістің нәтижесі, ал енді біреулері - түркі халықтарының туыстығынан көбісіне ортақ. Сондайлардың қатарына "Алпамыс батыр" мен "Қозы Көрпеш-Баян сұлу" жырлары жатады. Бұл екеуінің түпкі, ең әуелгі сюжеті сонау VІ-VІІ ғасырларда, яғни Түркі қағанаты кезінде, көптеген түркілік ру-тайпалардың бір ел болып тұрған шағында пайда болған. Кейінгі замандарда Түркі қағанаты ыдырап, ағайын тайпа-руларға бөлініп, өзді-өзіне кеткенде алғашқы сюжетті әрқайсысы өзімен бірге ала кеткен де, өзінше жырлап баяндаған. Сөйтіп, бір кездегі ортақ сюжет әртүрлі версия туғызған, бірақ бастапқы оқиға-сарын сақталып қалған. Екінші сөзбен айтқанда, "Алмапыс" пен "Қозы Көрпештің" әдепкі сюжеті осыдан 1000-1500 жыл бұрын пайда болған. Бұл ғылымда дәлелденіп, мойындалған ақиқат.
Ал, "Қыз Жібекке" келсек, жағдай басқаша. Ең алдымен айтатын нәрсе - бұл жыр басқа ешбір елде жоқ. Демек, бұл жыр - тек қазақ халқынікі. Олай болса, "Қыз Жібек" жыры қазақ жұртының жеке мемлекет болып, оңаша өмір сүрген шағында пайда болған деп айтуға негіз бар. Басқаша айтқанда, "Қыз Жібек" жыры Қазақ хандығы тұсында қалыптасқан деп айта аламыз. Осы ойымызға қатысты аса көңіл бөліп айтатын бір жағдай бар: әңгіме "Қыз Жібек" жырының бізге жеткен көркем үлгісі жайында емес, ең бастапқы сюжеті туралы және ол сюжеттің қашан, қалай әдемі эпосқа айналғаны хақында болып отыр.
Бәріміз жақсы білеміз, "Қыз Жібек" жыры екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімінде Төлегеннің Жібекке үйленуі әңгімеленсе, екінші бөлімде Жібектің Сансызбаймен қосылғаны баяндалады. Екі бөлім - екі оқиғаны жырлайды, бірақ сюжет біреу: жігіттің үйленуі.
Осы сюжет өте ерте заманда пайда болған. Оны ежелгі ертегіден де, көне эпостан да көреміз. Қай халықтың байырғы ертегісі мен эпосын алсақ та, әңгіме жігіттің үйленуі туралы. Рас, фольклорда жігіттің үйленуі екі түрлі жолмен болады. Бірінде ол ерлік жасап, қаһармандықпен үйленеді, екіншісінде - ғашықтық дертіне ұшырап, азап шегіп, сүйіспеншілікпен үйленеді. Осының алғашқысы - ең ескі деп саналады да, соңғысы - кейінгі замандардың жемісі деп есептеледі. Қаһармандықпен үйлену сюжеті - батырлар жырында айтылады, ал іңкәрлікпен үйлену сюжеті - ғашықтық жырда әңгімеленеді.
"Қыз Жібек" эпосында айтылмыш екі сюжет қатар пайдаланылған: Төлеген мен Жібектің қосылуы - ғашықтық жырда айтылатын сүйіспеншілікпен үйлену болса, Жібек пен Сансызбайдың қосылуы - батырлық жырға сәйкес қаһармандықпен үйлену. Демек, бір жырда әр дәуірде пайда болған, өзінше жеке жырланған екі сюжет біріккен. Осы бірігу қай кезде жүзеге асқан? Біздіңше, Қазақ хандығы тұсында жүзеге асқан сияқты. Рас, дәл пәлен жылы деп кесіп айту мүмкін емес. Әйтеуір, Қазақ хандығы пайда болып, қазақ елі жеке өмір сүріп, өзіндік мәдениет жасаған заманда екені анық. Бұл - ХV, болмаса ХVІ ғасыр. Егер қазақтың өз мемлекеті ХV ғасырдың ортасында құрылған болса, "Қыз Жібек" жырының тұтас түрі сол ғасырдың соңында немесе ХVІ ғасырда шыққан деп қорытуға болады. Міне, біздің бірнеше жыл бойы жазып, дәлелдегенімізді ЮНЕСКО қабылдап, "Қыз Жібек" жырының шыққан уақыты 1508 жыл деп шешкен себебі - осы. Әрине, бұл да белгілі дәрежеде шартты, себебі жырдың біртұтас шығармаға айналған мезгілі ұзақ болған, ол бірден үлкен эпосқа айналмаған.
Фольклортану ғылымының дәлелдеуі бойынша, ежелгі ертегі мен көне эпосқа негіз болған жігіттің қаһармандықпен үйлену сюжеті - есте жоқ ескі заманда, рулық ілкі кезеңде пайда болған, ал ғашықтықпен үйлену сюжеті - рулық қауымның феодалдық қоғамға көшкен тұсында дүниеге келген. Ендеше, Жібекке қаһармандықпен үйленген Сансызбай туралы сюжет - байырғы да, Төлеген мен Жібектің ғашықтығы - кейінгі дәуірде туған. Бұл екеуінің орны ауысып келуі - фольклор поэтикасына және қоғам талабына сәйкес құрылған композиция. Мұндай өзгеріс бертінгі заманда болған, яғни ХVІІ-ХVІІІ ғасырдың жыршылары өздерінен бұрынғы уақытта біріккен екі сюжетті жүйелеп, біркелкі етіп түзген, ширатқан, көркемдеген. Соның арқасында "Қыз Жібек" жырының бізге жеткен нұсқасы жасалған, ал бұл ХVІІІ-ХІХ ғасырда болған процесс еді. Сөйтіп, өте ерте заманда пайда болған жігіттің үйленуі туралы сюжет ұзақ уақыт даму жолынан өтіп, ХVІ ғасырда "Қыз Жібек" жырының алғашқы нұсқасына негіз болған. Кейінгі ғасырларда бұл жыр өте көркем эпосқа айналып, жыршыдан жыршыға көшіп, көркемделіп, біздің заманымызға жеткен.
"Қыз Жібек" эпосын махаббат гимні деудің әбден жөні бар. Оның нағыз көркем туындыға айналу процесі жүріп жатқан кезде, яғни ХVІ-ХVІІІ ғасырлардағы қазақ қоғамында жеке бастың, сезімнің бостандығы, махаббат еркіндігі туралы мәселе мұндай деңгейде ашық айтыла бермеген, ескі рулық заманның неке мен отбасына қатысты ежеқабыл, қалыңмал, көп әйел алу, әмеңгерлік сияқты салттары үстем болған. Солай бола тұрса да, "Қыз Жібек" жырының шығуы сол дәуірдің өзінде-ақ халықтың идеал туралы эстетикалық пайым-түсінігінде белгілі бір дәрежеде өзгеріс болғанын айғақтайды. Төлегеннің де, Жібектің де өзіне лайық жар іздеуі, сүйіспеншілікпен үйленуді көздеуі - сол кезеңдегі жастардың ойында, көкірегінде жүрген арманын, мұңын, тілегін аңғартады. Жырдың ел арасында кең тарағанының бір себебі осында болса керек.
Төлеген - қазақ эпосы, тіпті бүкіл қазақ фольклоры үшін жаңа кейіпкер. Ол Қозы Көрпештен де өзгеше. Қозының бейнесінде батырлық қасиет көп. Ал Төлеген - нағыз лирикалық кейіпкер. Ол бай болуды, батыр болуды көксемейді. Оның арманы - өзіне лайықты сұлуды сүю, соны өзіне өмірлік жар ету. Жыршы да осыны айтады: "Батырлық, байлық кімде жоқ, Ғашықтық жөні бір басқа". Демек, сол кездің қоғамында осындай ой-пікір болған, яғни ел ішінде махаббатты - өте таза, бәрінен ерекше, биік сезім, оны кез келген адам біле бермейді деген ұғым қалыптасқан. Нақ осындай ерекше сезім Төлегенді әкесінің бата бермегеніне қарамастан алыс жолға жалғыз аттандырады. Төлеген үшін өмірдің мәні де, сәні де - махаббат, махаббат үшін күресіп, өмір сүру, сүйгеніңе үйлену. Сондықтан да болу керек, оның мінезі де, істері де әдеткі эпостағыдай емес. Ол аң да ауламайды, мал да бақпайды, жастайынан ерлік мінез де танытпайды, батырлық өнерді де үйренбейді. "Періште сипатты ұл" боп тууының өзі - оның ерекше сұлу болатынын білдіреді. Демек, ол батыр болмайды: Төлеген кәдімгі батырларша "сағат сайын" өспейді, бозбала кезінде ешбір ерлік іс-әрекет жасамайды. Есесіне он екі жасында өзіне пара-пар сұлу қыз іздей бастайды. Он алты жасқа толғанда ат тұяғы жететін жерді түгел шарлап шығады. Қыз Жібек туралы ести сала ол еш ойланбастан жолға шығады.
Егер Қозы Көрпеш қалыңдығының ауылына жалғыз аттанып, көп қиындық көріп, ұзақ жүріп жетсе, Төлеген қасына бірнеше нөкер ертіп, "жылқыдан екі жүз елу жорға алып, бірнеше күн жол жүріп, Шекті деген елге келіп, шатырды тігіп, жорғаларын жайып салып, жұртқа жар салады". Байқайтынымыз - Төлеген алыс елге шаршамай-талмай, еш қиналмай, аз-ақ күнде жетеді. Оның қызды таңдауы да өзгеше. Қызын көрсеткен әрбір адамға бір жорғадан береді. Тіпті, Төлегеннің өзі Жібекке құда түседі. Бұл да - оның ерекшелігі. Оның құда түсу әдісі де айрықша. Алдымен жұртқа жорға таратып, Шекті еліне "мырзалықпен" танылады да, Қаршыға арқылы Жібекті көруге мүмкіндік алады. Бұл жерде Төлеген тағы бір мінез көрсетеді. Ол Қаршығаның сөзіне сеніп қана Жібекке іңкәр болмайды, мақтаулы қызды өз көзімен көргісі келеді. Яғни, Төлеген қызға сырттай ғашық болғысы келмейді, қызды өзі сынап, өзі тілдесіп қана бағаламақ. Міне, жастайынан өзіне тең қызды іздеген Төлеген мұнда да сол әдетінен таймайды.
Көркем шығарма болғандықтан жырда Төлеген мен Жібектің бір-біріне деген сүйіспеншілігі бірден ашылмайды. Жібекке деген Төлегеннің ынтықтығы сатыланып көрсетіледі. Ең алғаш Жібек туралы ол өз елінде жүргенде естіп, сұлуды іздеп шығады. Содан соң Жібек жайында Қаршығадан қанығып, оны көруге асығады. Сөйтіп, Қаршығаға ілесіп, көштің соңына түседі. Көш үлкен, аяғынан басына дейін баруға тура келеді. Жол бойы бірінен бірі әдемі он үш қызды көреді. Әрқайсысын Жібек екен деп жақындағанда, Қаршыға "Жібек емес" дейді.
Көш алдына қараса,
Бір қыз кетіп барады,
Жанасалай сұлудың
Қасына жетіп келеді,
Төлеген мырза көреді,
Көш алдында сұлудың
Он қыз нөкер қасында,
Өзі он бес жасында.
Ақ маңдайы жалтылдап,
Танадай көзі жарқылдап,
Алтын шашбау шашында.
Қырық нарға жүк арттырып,
Қымқап зерлі кілемді
Жүк үстіне жаптырған.
Қазыналы қырық нарға
Жібектен арқан тарттырған.
Әсемдіктің бәрін де
Бұл жиһаннан арттырған.
Дүрия бешпент бел салып
Бұл дүниені кең салып,
Алтынды қамшы қолға алып,
Абжыландай толғанып,
Бұралып кетіп барады,
Жын соққандай теңселіп,
Осы екен, деп Қыз Жібек,
Жетіп келді қасына,
Базарбайдың Төлеген.
Артынан келді Қаршыға:
"Жібек емес" деген соң,
Онан да өтіп жөнеген.
Тау басында қарағай,
Төлегеннің мінезі
Болып кетті баладай.
Осындай болып әр жерден
Он бір қыз өтті сәулетпен
Бәрі де қалды жарамай.
Жырда қыздардың келбеті өте шебер суреттелген, оларды көрген Төлеген енді тезірек Жібекті көруге ынтығады. Қаршығадан озып, Жібектің күймесіне бұрын жетеді. Бірақ Жібек онымен "сөйлесуге намыстанады". Тек Қаршығаның үгітінен кейін ғана Жібек "бетін бір ашып, жарқ етіп көрініп, амандасты да, қайтадан бетін жауып, пәуескенің қақпағын түймелеп, жатып қалды", - дейді жыршы. Жібектің ғажайып көркін көрген Төлеген: "Жиһанда бұл сипатты әйел көргенім жоқ еді, енді мұны алайын!" - деп шешеді. Осы сәттен бастап Төлеген енді белсенділік көрсетеді.
Бұл жырдың көркемдігіне тіл жетпейді деудің еш артықтығы жоқ. Қыз Жібектің көркіне қараңызшы.
Қыз Жібектің құрметі,
Жиһаннан асқан сәулеті,
Ләйлі-Мәжнүн болмаса,
Өзгеден артық келбеті.
Үш қызы бар қасында-ай,
Өзі он төрт жасында-ай,
Кебісінің өкшесі
Бұхардың гауһар тасында-ай,
Ақ маңдайы жалтылдап,
Танадай көзі жарқылдап,
Алтын шашбау шашында-ай.
Қыз Жібектің дидары -
Қоғалы көлдің кұрағы,
Көз сипатын қарасаң -
Нұр қызының шырағы,
Дүри гауһар сырғасын,
Көтере алмай тұр құлағы,
Бой нұсқасын қарасаң
Бектер мінген пырағы.
Қыз Жібектің ақтығы
Наурыздың ақша қарындай,
Ақ бетінің қызылы
Ақ тауықтың қанындай,
Екі беттің ажары
Жазғы түскен сағымдай,
Білегінің шырайы
Айбалтаның сабындай.
Төсінде бар қос анар
Нар бураның санындай,
Оймақ ауыз, құмар көз
Іздеген ерге табылды-ай.
Өткірлігін байқасаң
Ұсталар соққан кетпендей.
Нұр тұқымын еккендей,
Екі ауыз сөз сөйлескен
Мұратына жеткендей.
Тірісі түгіл Жібектің
Өлігіне адам қайырылып
Бетінен келіп өпкендей.
Қыз Жібекті Төлеген
Ақылменен танып тұр,
Көз мейірі қанып тұр,
Бейіштен жанған шамшырақ,
Көзі жайнап жанып тұр,
Белі нәзік талып тұр.
Тартқан сымнан жіңішке
Үзіліп кетпей неғып тұр?
Осындай жауһар жыр жарата алатын жұртыңнан қалай ғана айналмассың, ағайын!
Жалпы, Төлеген ғашықтық эпостың дәстүріне сәйкес, өзіне тиісті сынақтардың бәрінен сүрінбей өтеді: қалаған жары үшін ол өз елін, ата-анасын тастап, жалғыз өзі қауіпті сапарға шығады; махаббатқа адалдық танытып, жарық дүниемен қоштасады. Мұндай жағдай романдық эпос кейіпкерінің бәрінің басынан өтеді, Төлеген де осыны бастан кешіреді.
Тумысынан ерекше жаралған Төлегеннің мінезі Жібекке деген ғашықтық сезімі пайда болғаннан кейін бұрынғыдан гөрі жұмсарып, оның болмысын байыта, нұрландыра түседі. Ол өте сезімтал, нәзік жанды болып көрінеді. Бұл қасиеті, әсіресе, Төлегеннің Сансызбаймен қоштасқан сәтінде және әуелеп жүрген алты қазға қарата зарын айтқан кезде барынша кең ашылады. Әсіресе, соңғы монологта Төлегеннің ішкі сезімі өте лирикалық, тебіреністі рухта ашылады.
Жібек те - өз теңін іздеген ару. Оның арманы - өзін құлай сүйген, махаббатқа адал адамға қосылу. Жібектің идеалы - бай да, батыр да емес. Оған керегі - өзінің жүрегін жалындата алатын, өзі сияқты жаны таза, ақылды әрі көрікті жігіт. Яғни, Жібектің өзі қалай сүйсе, жігіт те оны солай сүюі керек. Міне, Төлеген осындай адам. Оны Жібек алғашқы кездесуде-ақ сынап, байқаған. "Жалғыз атты" адамсың дей отырып, Төлегеннің сөзінен, өзін қалай ұстайтын мінезінен оның бекзат жан екенін аңғарған.
Жалпы, Жібектің образы эпоста идеалды болып суреттеледі, оның бойында қазақ әйелінің ең асыл қасиеттері жинақталған. Жырда ол екі бейнеде көрінеді: сұлу қыз және адал әйел. Жырдың алғашқы бөлімінің біраз жері - сол сұлу қызға арналған. Оның сұлулығы алыс жерлерге жетеді, Төлеген де, қалмақ ханы Қорен де ару қыздың даңқын естіп келеді. Жібектің өз елінде де талай жігіт оған ғашық, бірақ Жібекке жолай алмайды, өйткені, Жібек тірі жанды менсінбейді, бұла боп өскен ерке әрі өр мінезді.
Жібектің сұлулығына ақылы мен ақындығы да сай. Алғаш кездескен сәттегі Төлегеннің сөзіне берген жауабы өте ұтымды әрі әсерлі. Ол өзін үлкен шеберлікпен таныстырады жігітке, өзінің кім екенін кәнігі ақындарша баяндайды. Өзін халық құрметтейтінін, жоғары бағалап, сыйлайтынын айта келіп, Жібек Төлегенді әдейі кемсіте сөйлейді, сөйтіп, оның жігіттік намысын сынайды. Жігіттің айтқан жауабына, көркі мен ұстамдығына риза болған Жібек енді өзі іздеген адам - осы Төлеген екеніне көзі жетеді де, соған тұрмысқа шығуға бел байлайды. Бірақ ол жігіттің өзіне ұнағанын сездірмейді, ойын ашық айтпайды. Іштей жақсы көріп қалса да, әліптің аяғын бағады, себебі әкесі қалай қарайды бұл жігітке, әлі белгісіз еді. Әкесінің батасын алған соң ғана Жібек өзінің сезіміне ерік береді, Төлегеннің шақыруын жылы қарсы алып, оның отауына өзі барады.
Осы тұста жырдың көркемдігі де бөлекше ғажап. Алғашқы неке түнінің мұндайлық сұлу, сырлы, тәтті суретін әлем әдебиетінің жаһанға мәлім жауһарларынан да табу қиын.
Екі ғашық қосылып
Әңгіме дүкен құрады,
Екеуінің суреті
Ләйлі-Мәжнүндей болады.
Екі бекзат қосылып
Күндей балқып толады,
Екеуінің нұрына
Көрген жанның бәрі де
Тамаша қайран қалады.
Ойын-күлкі сәулетпен,
Жездеңіздің қасында,
Кеш батқанша отырды,
Кеш баткан соң апаңыз
Күйеуге төсек салады,
Төсекті жайлап салған соң,
Жатар мезгіл болған соң,
Жездеңіздің мойнына
Асыла барып құлады...
Ендігі сөздің қысқасы,
Айтушы ердің ұстасы,
Біз де соны айтамыз
Бұрынғылардың нұсқасы.
Сығалап жатқан ақ берен
Қалаған жерден ұрады,
Қаршыға ілген үйректей
Жұмарлап мойнын бұрады.
Тебетейін сындырып,
Көңілдері тынады...
Міне, осыдан бастап Жібек - күйеуіне өте адал әрі қамқор әйел ретінде көрінеді. Төлегенге деген терең де мөлдір сезімін, шексіз берілгендігін ол, әсіресе, жаман түс көргенін жеңгесіне айтып, Төлегеннің сапарға шықпауын өтіну арқылы білдіреді. Осы эпизодта Жібек - сүйікті жар ғана емес, алдағыны болжай алатын көреген әйел болып бейнеленеді. Көрген түсін өзі жорып, Жібек жеңгесін Төлегенге жұмсайды, Төлеген жолға шықпасын деген тілек білдіреді. Екінші сөзбен айтқанда, Жібек Төлегенге тыйым салады. Бұл - жырда екінші тыйым: әкесі Төлегенге алыстағы Шекті еліне, Жібекке баруға келісімін де, батасын да бермеген-ді. Фольклордың поэтикасы бойынша тыйымды бұзған кісі бір қасіретке тап болады. Ал, қазақтың этикасы бойынша әке батасын алмаған баланың жолы болмайды. Ендеше, Төлегеннің мерт болуының түпкі себебі - осы екі тыйымды бұзғаны дейді жыр.
Жібек Төлегенге ғана адал емес, оның еліне, руына адал. Сүйген жарына ғана емес, оның ел-жұртына деген махаббатын Жібек Төлегенді сегіз жыл бойы күту мен ол келмеген соң оның елінен біреу келуін тосу арқылы да білдіреді. Күйеуінің елін Жібек - өзінің қорғаны деп біледі. Қалмақтың Қорен ханы күш көрсетіп, Жібекті зорлықпен алмақшы болғанда, ол Төлегеннің руын есіне алып, Сансызбайдың неғып келмей жатқанына таң болады. Зарыға күткен Сансызбайы келгенде Жібек еш ойланбастан қайнысымен бірге қашуға бел байлайды. Өйткені, ол, біріншіден, Төлегеннің "өліп кетсем, артымда еш жаманға қор қылмас Сансызбай атты інім бар" деген өсиетін орындауы керек. Екіншіден, Жібек, өз заманының салты бойынша, өзін Жағалбайлының жесірімін деп есептейді де, әмеңгерінің келуін күтеді. Үшіншіден, Сансызбай Төлегеннен аумайды, сондықтан Жібек оны "Төлегеннің өзі" деп қабылдайды. "Сансызбайды көрген соң, Жібектің көңілі тояды", - дейді жыршы. Демек, Жібек енді өзі сүйіп қалады Сансызбайды. Яғни, Жібек марқұм болған жарының өсиеті мен ата салтын орындау үшін ғана тимейді Сансызбайға. Ол өзі ғашық болады, сөйтіп, оның Төлегенге деген іңкәрлігі Сансызбайға ауысады.
Сансызбай болса өзін нағыз батыр, елінің таянышы, Жібекті өзі сияқты сүйе білген ер азамат ретінде көрсетеді. Ол Төлеген секілді емес. Ерте жасынан ерлікке даярланып, ағасы дайындап кеткен тоғыз қабат сауытты, дулығаны киініп, найзасы мен садағын асынып, тұлпар атқа мініп, кәдімгі батырларша жолға шығады. Оның бұл сапары, бір жағынан, бұрынғы батырлардың қалыңдық іздеп, сапар шегуін еске түсірсе, екінші жағынан, батырдың жау қолына түскен әйелін (яки қалыңдығын) тұтқыннан азат ету үшін күреске аттанатынын қайталаса, үшінші жағынан, болашақ батырдың алғашқы ерлігін ойға оралтады. Ал, мұның бәрі классикалық батырлық эпосқа тән. Демек, "Қыз Жібек" жырының екінші бөлімі - көне заманнан келе жатқан "жігіттің ерлікпен үйленуі" туралы сюжет болып табылады. Бұл сюжет, әсіресе, батырлық ертегі мен көне эпоста жиі кездеседі. Осы ежелгі сюжетті жыршылар әдемі пайдаланып, жырға шеберлікпен енгізген, сөйтіп, екі сюжеттен тұратын өте көркем ғашықтық жыр тудырған.
Эпоста Сансызбай екі сипатта көрінеді: ағасын жанындай жақсы көретін бауыры және оның ісін жалғастырушы інісі. Бірінші сипаттағы Сансызбай - әлі жасөспірім, сондықтан оны бейнелеуде жыр лирикалық психологизмге орын берген. Қайын жұртына кетіп бара жатқан ағасымен қоштасқан сәттегі Сансызбайдың мінезі, ағасына айтқан сөзі - оның терең ойлы, ата-анасы туралы қам жейтін, келешегін ойлайтын бала жігіт екенін дәлелдейді. Мұңлы болған Сансызбайдың қайғыратыны: ағасы әкесінен бата ала алмай және жалғыз аттанып бара жатқаны, ол кеткен соң ата-анасының, ел-жұрттың халі не болатыны, өзінің тым жас екендігі, сол себепті әке-шешесін бағып-қағуға әлі жарамайтыны... Осының өзі-ақ Сансызбайдың ерекше жан екенін көрсетіп, оның келешекте нағыз азамат болатынын аңғартады. Ағайынды екеуінің қоштасу сөздерінен Сансызбайды алда үлкен де қатерлі сынақ күтіп тұрғаны сезіледі. Оны Төлеген де болжап, інісіне қажетті батырдың сауыт-сайманын дайындап қойғанын айтады және өзі мерт болса, Жібекті іздеп табуды, ешкімге қор қылмай, жар етіп алуды тапсырады. Міне, осылай жырдың эпилогі іспетті көрінетін Сансызбай мен Жібек жайындағы қосымшаның пайда болуы ақталады да, бүкіл жыр біртұтас көркем дүниеге айналған.
Жырдағы осы екінші сюжет эпосқа мейлінше қазақы сипат дарытқан. Халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы екінші бөлікте көбірек әрі жарқын көрінеді.
Егер бірінші бөлімде Төлеген Қыз Жібекті алу үшін екі жүз елу жылқы сатып алып, қалыңмал берген дәстүр көрінсе, екінші бөлімде қандай да бір істі бастар алдында үлкендердің батасын алу ғұрпына үлкен мән беріледі. "Ата қарғысы - оқ" деп түсінген халық Төлегеннің мерт болғанына аянышпен қараса да таңданбаған, қайта оны заңдылық деп қабылдаған. Ал, "баталы ұл арымас" деген ұғымды ұстанған жыршы да, тыңдарман да Сансызбайдың ақжолтай болғаны - әкесінің оң батасын алғандықтан деген ой ұсынады. Сондай-ақ Жібектің әмеңгерлік салтымен Сансызбайға қосылуы да - ел үшін еш оғаш емес, керісінше, оны орынды деп білген.
Сонымен Сансызбай Жібекті алады, бірақ ол тек әмеңгерлік жолымен ғана алмайды. Сансызбай, кәдімгі қаһармандық эпостағы батырларша, ерлік жасап алады. Ол бұл жерде - Жібекті құтқарушы, түптеп келгенде, әділеттілік орнатушы, сондықтан да оның іс-әрекеті толығымен құпталады. Оның образы біржақты емес. Сансызбай - ең әуелі батыр.
Бізге жеткен "Қыз Жібек" жыры - таза сөз өнерінің дүниесі, сондықтан ол көркем шығарма деп түсініледі. Олай болса, мұнда жүйелі композиция, қызғылықты сюжет, бітіспейтін тартыс, кестелі тіл, яғни көркем шығармаға не керек, соның бәрі болуға тиіс және олар жырда айтарлықтай көрініс тапқан. Әрине, бұл әлі жазба әдебиеттің үлгісі емес, мұнда көпқатпарлы іс-әрекет жоқ, шытырман оқиға баяндалмайды, кейіпкерлердің мінез-құлқы, психологиясы, характері динамикалық түрде дамымайды. Дей тұрғанмен, "Қыз Жібек" жырында басты қаһармандармен қатар басқа да кейіпкерлер оқиғаларға араласып, шығарманы мазмұн жағынан байыта түскен. Олар екі топқа бөлінеді. Бірі - басты қаһармандардың жанашыр достары болса, екіншісі - олардың қарсыластары. Достары Жібек пен Төлегеннің, содан соң Жібек пен Сансызбайдың махаббатын қоштап, оларға әрдайым жәрдем етіп жүреді. Бұлардың арасынан Қаршыға мен Шегені ерекше бөліп алуға болады.
Жалпы, Қаршыға мен Шегенің образдары көне эпостағы ежелгі көмекшілердің ғашықтық жырда өзгергенін көрсетеді. Мұның басты себебі - "Қыз Жібек" тұтас эпосқа, яғни көркем жырға айналған заманда (ХV-ХVІ ғ.ғ.) және одан кейінгі дәуірлерде де (ХVІІІ-ХІХ ғ.ғ.) ер адам туралы қоғамдық идеалдың ауысқаны. Ол - тек қана қара күштің иесі емес, оны-мұныдан хабары бар, шежіреші, ақылды әрі сөзге ұста адам. Бас қаһарманның өзі сегіз қырлы, бір сырлы болғандықтан, оның көмекші достары да сондай болуға тиіс.
Жырға үлкен серпін беріп, оған көркем шығармаға қажетті қасиеттерді дарытып тұрған нәрсе - кейіпкерлердің бітіспес тартысы. Оны күшейтіп, ширықтыруда бас қаһармандарға қарсы қимыл жасап жүрген Бекежан мен оның жолдастары және қалмақтардың ханы - Қорен. Алайда, Бекежан мен Қорен бір-біріне ұқсамайтын дұшпандар. Бекежан - романдық эпостағы дәстүрлі кейіпкер, яғни екі ғашықтың ортасында жүрген қастангер (жігіт - қыз - қастаншы).
Ал, Қорен хан болса, ол Бекежаннан өзгеше дұшпан. Қорен - елдің ішіндегі қаскүнем емес, сырттан келген жау. Жау болса да, ол - нағыз батыр. Өз ойын ашық айтады, күшіне сенеді. Жібекті күшпен алатынын да жасырмайды, Сырлыбайға қызыңды бермесең, еліңді шабам деп, бүкіл ауылды қамап, тұтқында ұстайды. (Әлбетте, адамгершілік тұрғысынан келгенде, бұл да - зорлық). Сансызбаймен жекпе-жекте өзін нағыз батырша көрсеткен Қорен жай күнде мақтаншақ әрі өз айтқанынан қайтпайтын, ешнәрсенің байыбына бармайтын, тек өзінің қара күшіне сенетін дүлей бейнесінде көрінеді. Эпос оны, бір жағынан, асқан ержүрек батыр етіп бейнелесе, екінші жағынан, анайы ақымақ етіп суреттейді.
Егер Қорен мен Бекежанды салыстыра қарасақ, екеуі де - жағымсыз кейіпкер, бірақ олар бір-біріне ұқсамайды. Эпос оларды бірі-біріне қарсы қоятын секілді. Қорен - ашық жау, ол - қазақ елінің ата жауының өкілі. Оның бүкіл ойы мен іс-әрекеті - күллі ел жауының әдеткі ісі. Яғни, оның мақсаты - шапқыншылық жасап, Шекті руын жаулап алу, күш көрсетіп, мал-мүлкін талау, еркектерді қырып, әйелдерді - күң ету. Қорен Жібекті сүйгендіктен алайын демейді, оны салық деп қарайды. Өмірде де, фольклорда да сыртқы жау қашанда жеңген елінен алым-салық талап етеді, міне, Қорен де осылай істейді.
Бекежан болса - сырттан келген жау емес, іштен шалған қаскүнем. Былай қарағанда, Бекежанның Жібекке ғашық болуында еш сөкеттік жоқ. Ол да жігіт, ол да сұлу қызды алуға құқылы. Бірақ эпос пен жыршы оны қызды ұнатқаны үшін жек көрмейді, керісінше, оны өз сезімін қызға жеткізе алмағаны үшін, қыздың жүрегіне жол таба алмай, зұлымдыққа барғаны үшін жексұрын етіп көрсетеді. Бекежан өз махаббаты үшін адал күреспей, жауыздық жолын таңдайды, ал бұл жолда ол өзін арам пиғылды адам ретінде танытады. Сол себепті ол өзінің жымысқы тірлігін жасырын істейді, ойын құпия ұстайды. Жырда Бекежанның қалай өмір сүріп жүргені, бұрын кім болғаны айтылмайды. Эпос оны тек "қарақшы" деп атайды. Ал, қарақшының болмыс-бітімі белгілі. Қоренге қарағанда, Бекежан - айлакер, қу, бәрін алдын-ала ойластырып қояды, әрбір арам ісін залымдықпен жүзеге асырады. Сондықтан ол Қореннен де қауіпті. Сол себепті жыр да, жыршы да, тыңдаушы да Қоренді емес, Бекежанды қарғайды, оны ит өлімге қияды. Бекежан - адам табиғатындағы ең жағымсыз қасиеттердің, зұлымдықтың, жауыздықтың белгілерін бойына жинақтаған, солардың символына айналған образ. Міне, бізге жеткен "Қыз Жібек" жыры - таза көркем фольклордың айшықты үлгісі екені осыдан да байқалады.
Қорыта айтқанда, қазақтың классикалық түрдегі "Қыз Жібек" жыры - ежелгі рулық заманда пайда болған "жігіттің үйленуі" туралы түпкі сюжеттің негізінде орта ғасырларда үлкен эпос болып қалыптасқан түрі. Бұл сюжет, әсіресе, Қазақ хандығы тұсында көркем фольклордың тамаша үлгісіне айналған. Талантты ақындар мен жыршылар "Қыз Жібек" жырын тамаша романдық эпос етіп жырлаған, соның арқасында ол біздің заманымызға жетіп отыр. Жетіп қана қойған жоқ, қазіргі мәдениетіміздің ажырамас бөлігіне айналды. "Қыз Жібек" жыры профессионалды операға, көркем фильмге негіз болды. Ол бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның жаңа астанасының сахнасында жаңаша қойылды. Міне, осылай ежелгі мәдениетіміз үзілмей, жалғасын табуда, бүгінгі қоғамға қызмет етуде, ол кейінгі ұрпаққа да рухани азық болары күмәнсіз. Оның айғағы - Президент Н.Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан "Мәдени мұра" бағдарламасы.
Авторы: Сейіт ҚАСҚАБАСОВ, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, академик.
|