Әмiрхан Меңдеке. «Өз анамды өз қолыммен бауыздап өлтiрдiм!»
ОСЫЛАЙ ДЕП МАҚТАНУҒА, МАСАЙРАУҒА БОЛА МА? БОЛМАСА, ОНДА БIЗДIКI НЕ?
Әлi есiмнен кетпейдi, «есiмнен кетпейдi» деп жұмсақтап айтып жатқан түрiм ғой, шын мәнiнде осы бiр қорқынышты әрi аса қорлықты көрiнiс күнi бүгiнге дейiн жүйкемдi жаншып, еңсемдi езедi де тұрады...
1987 жылдың ерте көктемi, егер жаңылыспасам, наурыз айының аяқ шенi ғой деймiн. Алматыдағы қазiргi күнгi Республика сарайында Қазақстан мұғалiмдерiнiң кезектi съезi өттi. Мен бұл кезде «Қазақ әдебиетi» газетiнде тiлшi боп қызмет iстеушi едiм. Газет басшылығы съезге менi жiбердi. Делегат етiп емес, әрине. «Мұғалiмдер съезiнен материал алып кел» деп.
Съезге кешiгiп келдiм. Артқы қатардың бiрiнен бос орын тауып жайғасқан кезiмде кезектi сөз Өскеменнен келген мектеп директоры, Социалистiк Еңбек Ерi Құмаш Нұрғалиевке берiлдi. Қ.Нұрғалиев аяғын сылтып басатын кiсi екен, таяғын тықылдатып мiнбеге келдi де:
- Кешегi алаңға шыққан қазақ жастарының бейбастығы менi ұйқыдан да, күлкiден де айырды. Сол оңбаған опасыздардың тiрлiгiне, мiне, қазiр де мына мiнбеде ұяттан өртенiп кете жаздап әрең тұрмын, - дедi.
Құмаш Нұрғалиевтiң Желтоқсан оқиғасы жөнiнде айтып тұрғанын ә дегеннен-ақ бiлдiм. Бiрақ, бұл оқиғаны ол кезде ешкiм де бүгiнгiдей «Желтоқсан оқиғасы», «Желтоқсан көтерiлiсi» демейтiн, Құмаш Нұрғалиев сияқты «қазақ жастарының алаңдағы бейбастығы» деп атайтын.
ОСЫЛАЙ ДЕП МАҚТАНУҒА, МАСАЙРАУҒА БОЛА МА? БОЛМАСА, ОНДА БIЗДIКI НЕ?
Әлi есiмнен кетпейдi, «есiмнен кетпейдi» деп жұмсақтап айтып жатқан түрiм ғой, шын мәнiнде осы бiр қорқынышты әрi аса қорлықты көрiнiс күнi бүгiнге дейiн жүйкемдi жаншып, еңсемдi езедi де тұрады...
1987 жылдың ерте көктемi, егер жаңылыспасам, наурыз айының аяқ шенi ғой деймiн. Алматыдағы қазiргi күнгi Республика сарайында Қазақстан мұғалiмдерiнiң кезектi съезi өттi. Мен бұл кезде «Қазақ әдебиетi» газетiнде тiлшi боп қызмет iстеушi едiм. Газет басшылығы съезге менi жiбердi. Делегат етiп емес, әрине. «Мұғалiмдер съезiнен материал алып кел» деп.
Съезге кешiгiп келдiм. Артқы қатардың бiрiнен бос орын тауып жайғасқан кезiмде кезектi сөз Өскеменнен келген мектеп директоры, Социалистiк Еңбек Ерi Құмаш Нұрғалиевке берiлдi. Қ.Нұрғалиев аяғын сылтып басатын кiсi екен, таяғын тықылдатып мiнбеге келдi де:
- Кешегi алаңға шыққан қазақ жастарының бейбастығы менi ұйқыдан да, күлкiден де айырды. Сол оңбаған опасыздардың тiрлiгiне, мiне, қазiр де мына мiнбеде ұяттан өртенiп кете жаздап әрең тұрмын, - дедi.
Құмаш Нұрғалиевтiң Желтоқсан оқиғасы жөнiнде айтып тұрғанын ә дегеннен-ақ бiлдiм. Бiрақ, бұл оқиғаны ол кезде ешкiм де бүгiнгiдей «Желтоқсан оқиғасы», «Желтоқсан көтерiлiсi» демейтiн, Құмаш Нұрғалиев сияқты «қазақ жастарының алаңдағы бейбастығы» деп атайтын.
Бұдан кейiн, өзiнiң де даусы зор екен, Құмаш Нұрғалиев:
- Аса қадiрлi Зинаида Петровна! Мен Сiздiң рухыңыздан бүкiл қазақ халқының атынан басымды иiп кешiрiм сұраймын! Кешегi алаңға шыққан қазақ жастарының шектен шыққан бұзақылығы, бейбастығы және ұятсыздығы үшiн! - дедi. Дедi де, бiраз уақыт басын төмен иiп тұрып алды.
Алғашқыда ұқпай қалдым, артынан барып аңғардым ғой, «Зинаида Петровна» Құмаш Нұрғалиевке бастауыш мектепте сабақ берген мұғалима екен. Баяғыда қайтыс болып кетiптi. Қ.Нұрғалиевтiң «Сiздiң рухыңыздан...» дегенi сол екен.
Содан Құмаш Нұрғалиев «Зинаида Петровнадан» кейiн, дәл осылай атап-атап тұрып («Аса қадiрлi Геннадий Матвеевич...». «Құрметтi Вадим Иванович...» «Сүйiктi Галина Владимировна...» және т.т.), орыс халқының тағы да жетi-сегiз өкiлiнен басын иiп кешiрiм сұрады. Жетi-сегiз адамның аты-жөнiн жаттап алу, әрине, мүмкiн де емес, сондықтан адам аттарын қаз-қалпында, яғни Құмаш Нұрғалиевтiң аузынан шыққан қалпында келтiрiп отырмын деп айта алмаймын (Оқырмандарға ескерте кететiн бiр жайт, Қ.Нұрғалиев өз сөзiн бастан-аяқ орысша сөйледi).
Жетi-сегiз адамның әрқайсысынан (Мәскеудегi досынан, Омбыдағы әрiптесiнен, Түмендегi курстасынан, кезiндегi командирiнен, қиналғанда көмек қолын созған дәрiгер мен медбикеден және т.с.с.), қысқасы, өлгендерiнiң әруағынан, тiрiлерiнiң өздерiнен басын иiп кешiрiм сұрап болғаннан кейiн Құмаш Нұрғалиев:
- Ендi қазақ жастарының бейбастығы, парықсыздығы үшiн күллi қазақ оқығандарының атынан ұлы орыс халықынан басымды иiп тұрып кешiрiм сұраймын! - деп, төбе шашы сиреп қалған басын төмен иiп тағы да ұзақ уақыт тұрып алды.
Ең сорақысы, ең қасiреттiсi, Құмаш Нұрғалиев әрбiр басын иiп кешiрiм сұраған сайын сарай толы мұғалiмдер де ду етiп жаппай, жабыла қол соғады. Артқы орындықтан бәрiн айнадағыдай көрiп отырмын: Қ.Нұрғалиев неғұрлым басын ұзағырақ исе, мұғалiмдер де соғұрлым ұз-а-ақ қол шапалақтайды.
Шыдай алмай сыртқа шығып кеттiм. Шыдау мүмкiн емес едi. Содан Республика сарайының сол жағындағы еңiстеу жерге өскен шыршалардың қалқасына барып, ал кеп еңiре... Бiр сағат жыладым ба, жоқ әлде жарты сағат жыладым ба, оны анық бiлмеймiн. Бiр бiлетiнiм, өз көзiммен көрген осы бiр көрiнiске қаншама қазыла ойлансам да ат қойып, айдар таға алмай-ақ қойдым. Бұл не? Бейшаралық па, бейбақтық па, мiскiндiк пе, пұшаймандық па, бодандық па, жағымпаздық па? Жоқ әлде қорқақтық па? Жарайды, Құмаш Нұрғалиевтiң жеткен жерi, шыққан «шыңы», қалжасы мен «олжасы» осылай бола қойсын, бiрақ сарай толы мұғалiмдердiң (яғни, 3 мың мұғалiмнiң!) баршасы бiрдей (түгел және бiр кiсiдей!) Қ.Нұрғалиевтi қолдап-қуаттағаны несi? Қуаттағанда да өңмеңдене, өңештерiн соза қуаттады ғой. Мұны не деуге, яки осы құбылысқа нендей айдар тағуға болады?
Не керек, осыдан 23 жыл бұрын өз көзiммен көрген осы құбылысқа жақында ғана ат таптым-ау. Мұның аты «тұтастай мәңгiрттену» (мәңгүрттену емес, мәңгiрттену - автор.) екен ғой. Бұл терминдi ғылыми айналымға енгiзген - бiлiктi ұстаз, бiлгiр ғалым Мекемтас Мырзахметұлы. М.Мырзахметұлы былай дейдi: «ХХ ғасыр басындағы ата ұрпақтың бойындағы рухани қазынаның аға ұрпаққа берiлуге тиiстi дәстүрлiк жалғасын кеңестiк саясат саналы түрде күрт үзiп тастады. 1930-37 жылдардан кейiн дүниеге келген бүгiнгi аға ұрпақ өкiлдерi тұтастай мәңгiрттену жағдайын бастан кештi. Осы аға ұрпақ өкiлiнiң бiрi - менiң өзiм де қатты мәңгiрттенiп, ұлттық сананың оянуына байланысты есiмдi әрең әрi кешiрек жидым. Бәрiбiр мен жазған дүниелiктерде мәңгiрттiктiң белгiсi аңдаған кiсiге байқалып тұратынын өзiм де iштей сеземiн».
Шынайы ғалым шындықты ешуақытта айналып өтпейдi. Өте алмайды. Өйткенi, оны өткiзбесi (яғни, ғалымдық таланты мен ғалымдық ар-ожданы, ғалымдық тазалығы мен ғалымдық принципi) өткiзбейдi. Қаншама ащы болса да, тiптi ұлттың намысына тиетiндей аса ауыр, өте күйзелiстi болса да, шынайы ғалымдардың шындықты жайып салатыны да содан. Мекемтас Мырзахметұлы да «тұтастай мәңгiрттену» деген терминге бекер жүгiнiп отырған жоқ. Ұзақ жыл зерттеп-зерделеп, тексерiп, деңгей-дәрежемiз бен өре-өрiсiмiздi өзге жұрттың зиялыларымен салыстырып, осындай қорытынды-тұжырымға келiп отыр. Шынында да, бiз қатты мәңгiрдiк. Тұтастай мәңгiрттенуге аға ұрпақ қана ұшырап қойған жоқ. Тұтастай мәңгiрттенуге орта буын да (оның iшiнде менiң өзiм де бармын!), кейiнгi буын да ұшырады. Және орта буын мен кейiнгi буынның мәңгiрттенуi аға ұрпақтың мәңгiрттенуiн орта жолда қалдырып, баяғыда-ақ басып озып кеттi. Барлық жағынан: саны жөнiнен де, «сапасы» жөнiнен де, қарқыны жөнiнен де, қатерлiгi жөнiнен де. Айғақ, дерек, мысал керек пе? Мiнекейiңiз.
Өзiм жақсы танитын ақсақалдың екi ұлы бар. Ақсақал - ғалым адам. Қазақ тiлiнде мақала да жазып тұрады. Бұ кiсiнiң әйелi де - ғалым. Оның да қазақшасы мен қазақшылығы бiр кiсiдей. Бiрақ, бұлардың екi ұлы да қазақша ләм-мим деп бiлмейдi. Қазақша бiлмегенi былай тұрсын, бұл екеуi де қазiр қазақ тiлiне қарсы қасарыса күрес жүргiзiп келедi. Үлкен ұл - iрi шенеунiк. Өзi басшылық жасайтын мемлекеттiк мекемеге қазақтiлдiлердi жолатпауға тырысады және онысын ашық айтады. Егер ертеңгi күнi осы шенеунiк Ауыл шаруашылығы министрi, не болмаса Көлiк министрi бола қалса, онда бiттi дей берiңiз, Ауыл шаруашылығы министрлiгiнiң де, Көлiк министрлiгiнiң де iс қағаздары ешуақытта қазақ тiлiнде жүрмек емес және жүрмейдi де (Бұған өз басым бәс тiге алам!).
Екiншi ұл - жоғары оқу орнында факультет деканы. Осы факультеттен қазақ бөлiмiн ашпақшы болған мұғалiмдi жұмыстан қуды. Апыр-ай, не деген қасарыспалық, не деген қаскүнемдiк, не деген жеккөрушiлiк (қазақ тiлiне деген) десеңiзшi, осы декан төрт жыл төрт ай тынбай жүгiрiп, ақыр өз дегенiне жеттi: ректорға кiрдi, министрге барды, өзi секiлдi орыстiлдi оқытушылар мен профессорларды ұйымдастырып, президент әкiмшiлiгiне хат жазды, Қазақстанда тарайтын Ресей газеттерiне дүркiн-дүркiн мақалалар жариялады, факультеттiң iшiнде бiрнеше рет жиын-жиылыс өткiздi, не керек, «қазақша оқу құралдары жоқ...», «ғылыми терминдер әлi қазақшаға аударылмаған...» деген қисынсыз әрi қиқы-жиқы себеппен өзi басқарып отырған факультеттен қазақ бөлiмiн аштырмай тастады. Бұл «қайраткер» тiрi тұрғанда, бұл факультеттен ешуақытта қазақ бөлiмi ашылмақ та емес және ашылмайды да (Бұған да бәс тiгем!).
Орайы келiп тұрғанда айта кеткен де орынды шығар, мұндай мәңгiрт қазақтар қазiр Алматыда үлке-е-ен қауымға айналған. Қауымыңыз не, бұлардың күшейгенi, қарға тамырланғаны, қанатын кеңге жайғаны соншалық, бұлар қазiргi күнi қазақтiлдiлердiң өрiс-қонысын бiр-ақ уыс қылып тастады...
Мiне, осы екi ұлды, қазаққа және қазақтыққа қаны да қас, жаны да қас осы екi ұлды, қазақ тiлiне (яки, өзiнiң ана тiлiне!) қарсы қасарыса күрес жүргiзiп келе жатқан екi мәңгiрттi ақсақал мен әйелi керемет мақтан тұтады. Екi кiсi бас қосқан жерде алдымен ұлдарын айтып, артынан ұлдарының қызметiн айтып, ұдайы марқайып отырады. Бұларды өзгелерге үлгi қыла сөйлейдi. Шын ниетiмен. Бар пейiлiмен. Мейiрлене әрi мерейлене.
«Мен өз анамды өз қолыммен бауыздап өлтiрдiм!» деп мақтануға, масаттануға, не болмаса марқаюға бола ма? Болмайды, әрине. Ендеше, ақсақал мен оның әйелiнiң өзiнiң ана тiлiне қарсы қасарыса күрес жүргiзiп келе жатқан екi ұлын мақтаныш етуi - «Мен өз анамды өз қолыммен бауыздап өлтiрдiм!» деп мақтанумен парапар тiрлiк емес пе?! Ана тiлiмiз - бiздiң анамыз емей кiм?
Қазақ тiлi жоғалса, қазақ ұлты да жойылады. Өйткенi, ұлттың өзегi - ұлттық тiл. Өзек кеткеннен кейiн өзге компоненттер (мемлекеттiлiк, территориялық тұтастық, гендiк бiрөңкейлiк: бетiмiздiң жалпақтығы мен түсiмiздiң қоңырқайлығы және т.б.) ұлтты сақтай алмайды және ұлттың сақталуына кепiл де бола алмайды. Ұлтты сақтайтын және ұлттың сақталуына кепiл бола алатын жалғыз-ақ шарт, жалғыз-ақ құндылық бар. Ол - ұлттық тiл. Ол - бiздiң ана тiлiмiз. Демек, ана тiлiмiзге қарсы қарыса әрi жарыса күрес жүргiзiп келе жатқан жоғарыдағы екi мәңгiрттiң тiрлiгiн «өз анасын өз қолымен бауыздап өлтiргенге» ғана теңеген жөн. Өзге теңеу олқы соғады. Мәңгiрттенудiң, оның iшiнде тұтастай мәңгiрттенудiң бiздi қай қиырға апарып тастағанын, қай деңгейге дейiн құлдыратқанын бiле жүру һәм естен шығармау үшiн де бiз осы теңеудi қолай көрдiк.
Егер осы ақсақал мен әйелi есi дұрыс елде өмiр сүрсе, не iстер едi? Өз халқынан кешiрiм сұрар едi. Не деп? Былай деп: «Бiз тәрбиелеп өсiрген екi ұл да өзiнiң ана тiлдерiн бiлмейдi және бұлар ана тiлiмiздiң өсiп-өркендеуiне қарсы әрекеттер жасап бағуда. Сол үшiн де бiз өз халқымыздан кешiрiм сұрай отырып, өзгелерге, әсiресе, желкiлдеп өсiп келе жатқан жас ұрпаққа кесiрi мен кесапаты тимеуi үшiн үкiметтен мына екi ұлды да мемлекеттiк қызметтен және қоғамдық-көпшiлiк iс-шаралардан шеттетуiн сұраймыз...». Бiз мұны ойдан шығарып отырған жоқпыз. Жуырда ғана эстон журналистерiмен кездескен едiк. Мұны солар айтты. Әрине, мұндай жағдай Эстонияда әсте де болмайды ғой, «Егер бола қалса, бiздiң эстондар осылай жасайды. Өйткенi, эстон үшiн бiрiншi орында әманда ұлттық мүдде тұрады. Отбасылық, туысқандық мүдде - одан кейiн...» дедi эстондар.
Айтпақшы, бiз эстондарға «елiмiзде негiзiнен қазақша хабар тарататын екi мемлекеттiк телеарна («Қазақстан», «Хабар») бар екенiн, бiрақ бұл екi телеарнаның басшылары да орыстiлдi екенiн» айтып, «егер сiздерде осындай жағдай орын ала қалса, не iстер едiңiздер?» деп сұрадық (орыстiлдiлер Эстонияда да баршылық). «Бiзде мұндай болмайды!» дедi олар үзiлдi-кесiлдi. «Жоқ, бола қалса дегенiмiз ғой?» дедiк бiз мұндай жағдайдың ешбiр елде болмаса да, Қазақстанда жиi болып жататынын эстондарға ұзақ әрi қинала түсiндiрiп. «Мұндай тағайындауға жол берген Мәдениет министрi орнынан кетедi». «Егер жоғары билiк бұл тұрғыда Мәдениет министрiн қолдап шықса ше?» деймiз ғой бiз байғұс тағы да өзiмiздi де төмендетiп, жүзiмiздi де төменшiктетiп. «Қолдамайды және қолдауы да мүмкiн емес!» дейдi эстондар тағы да үзiлдi-кесiлдi. «Қалай десек екен, ғайыптан тайып қолдап шыға қалса дегенiмiз ғой...». «Онда мұндай тағайындауға қарсылық ретiнде эстонның тележурналистерi түгел жұмысқа шықпай қояды». «Ал бiздiң елiмiзде қазақ тiлiн дамытуға, өркендетуге, өрiсiн кеңейтуге тиiстi мемлекеттiк телеарналардың басшылығына орыстiлдiлер тағайындала бередi. Және бұған қазақтiлдi тележурналистер ешуақытта қарсы келмейдi. Тiптi қазақша хабарлар мен бағдарламалар қысқарып жатса да! Әбден көндiгiп кеткен. Мәселен, сiздер осыны толеранттылыққа жатқызар ма едiңiздер?». «Бұл - толеранттылық емес!». «Ендi не?». «Бiзде мұндай пәле аты-затымен жоқ, сондықтан бұған өздерiңiз ат қойып, айдар тағып алыңыздар!».
Ат қойып, айдар тақсақ, бұл да - тұтастай мәңгiрттену. Немесе тұтастай мәңгiрттенудiң бiр түрi. Тұтастай мәңгiрттенiп кетпесек, ең болмаса ежелден маңдайымызға басқан жалғыз ұлттық телеарнамыз - «Қазақстанның» басына қазақтiлдi азаматты отырғызар едiк қой.
Айтылып та, жазылып та жүрген ендiгi бiр дерек мынадай: Астанадағы аса лауазымды қазақ шенеунiктерiнiң бiрде-бiреуiнiң (!) балалары мен немерелерi қазақ мектебiнде оқымайды. Бұл да - тұтастай мәңгiрттенудiң бiр көрiнiсi. Психолог-ғалымдардың айтуына сенсек, адамды алға жетелейтiн, өмiр сүруге итермелейтiн екi нәрсе бар: оның бiрi - үмiт, екiншiсi - сенiм. Үмiт пен сенiм жоғалған кезде, адам да мына өмiрмен қоштасады екен: не өзiне-өзi қол жұмсайды, не... Демек, үмiт пен сенiм - адамның тiрек-таянышы. Ал ендi Астанадағы аса лауазымды қазақ шенеунiктерi өздерiнiң балалары мен немерелерiн неге қазақ тiлiнде оқытпайды? Бұлар қазақ тiлiнiң өзiне де, оның ертеңi мен болашағына да сенбейдi. Және қазақ тiлiнен үмiт те етпейдi. Бұлар үшiн қазақ тiлi - өлi тiл. Егер «өлi тiл» деп ұқпаса, осы аса лауазымды шенеунiктердiң ең болмаса бiреуi (!) өзiнiң ұл-қызын, не немересiн қазақ мектебiнде оқытар едi ғой. Ендi дерекке жүгiнейiк. Екi ұл, бiр қызы бар аса лауазымды астаналық бiр шенеунiк осы екi ұл, бiр қыздан қазiр 9 немере сүйiп отыр. 9 немеренiң жетеуi - мектеп жасында. Өзiнiң ұлы мен қызын кезiнде орысша оқытқан бұл шенеунiк ендi өзiнiң немерелерiн де (жетеуiн де!) түгел орысша оқытып жатыр...
Бұлар қазақ тiлiн ешуақытта өзiне таяныш та етпейдi, тiрек те етпейдi. Тiрек былай тұрсын, керек те етпейдi! Сондықтан да бұлар таянышты да, тiректi де басқа жақтан (орыс тiлiнен! ағылшын тiлiнен! қытай тiлiнен! Ресейден! АҚШ-тан! Швейцариядан! одан қалса, Куршевельден!) iздейдi және басқа жақтан табады. Ендi қарапайым логикаға жүгiнелiкшi, қазақ тiлiн бiлмеу және оны бiлгiсi де келмеу, қазақ тiлiнiң ертеңiне сенбеу және одан үмiт етпеу, қазақ тiлiн тiрек-таяныш етпеу (қызметте де, күнделiктi өмiрде де, үйде де, түзде де) дегенiмiз не? Бұл - қазақтың өзiнен де, оның өмiр-тiршiлiгiнен де, қазақтың мақсат-мүддесiнен де, қазақтың өнерi мен әдебиетiнен де, қазақтың мәдениетi мен менталитетiнен де тыс өмiр сүру, қысқасы, қазақ халқынан тысқары өмiр сүру, қазақ ұлтынан тысқары тұру деген сөз. Қазақ ұлтынан тысқары тұратын, қазақ халқынан тысқары өмiр сүретiн қазақ шенеунiктерi қалай ел басқарады?! Қайтiп қана ел басқарып жүр?! Бұл, Құдай-ау, логикаға да қайшы, қоғамтануға да томпақ, саясатқа да сыймайтын, ел басқарудың үлгi-үрдiсiне де жатпайтын, ең аяғы адамгершiлiкке де жанаспайтын мүлде жат, ерсi әрi оғаш тiрлiк қой?! Тiптi, бұлай болуы мүмкiн де емес... Жоқ, мүмкiн екен. Бiзде, Қазақстанда бұлар қамсыз-мұңсыз, жайма-шуақ, жайбарақат ел басқарып жүр. Парадокс па? Парадокс! Тұтастай мәңгiрттену туғызған, тұтастай мәңгiрттенуден келiп туған парадокс!
***
Жалғыз-жарым адамның мәңгiрттенуi бiр басқа да, тұтастай мәңгiрттену - екiншi басқа. Тұтастай мәңгiрттенудiң зияны мен зардабы өлшеусiз ауыр. Тұтастай мәңгiрттенуiмiздiң сипаты қаншалық, сықпыты нешiк, ендi осыны анығырақ-қанығырақ тану үшiн өзiмiздi көршiлес елдермен салыстырып көрелiкшi. Әзiрбайжан осыдан екi жыл бұрын өз елiнде ресейлiк телеарналардың көрсетiлуiн тоқтатты. Тек Ресейдiң бiр ғана телеарнасын («РТР-Планета») қалдырды. Оның өзiн де арнайы келiсiм-шартпен уақытша ғана қалдырды. Өзбекстанда Ресейдiң бiрде-бiр телеарнасы көрсетiлмейдi, бiрде-бiр газет-журналы жарық көрмейдi. Тәжiкстан мен Түрiкменстанда, Украинада, Балтық елдерiнде, Грузияда, Арменияда «Ресейдiң ақпарат құралдарын өз елдерiнде таратуды саяси тұрғыдан да, рухани тұрғыдан да аса зиянды құбылыс» деп тауып, бұған бiржолата тыйым салып тастады. Жоғарыда аты аталған елдерде мемлекеттiң бүкiл тiрлiк-тынысы бiр ғана тiлге, яғни мемлекеттiк тiлге көшiрiлдi (балабақшадан бастап жоғары оқу орындарына дейiн, ауыл кеңсесiнен бастап президенттiк әкiмшiлiкке дейiн!). Қазақстанда ұлтсыздыққа бастайтын күмәндi орталықтар мен күдiктi институттар есепсiз әрi себепсiз ашылып жатса, Өзбекстанда өзбек ұлтының тарихын, тiлiн, дәстүрiн, салтын, этнографиясын жеке-жеке зерттейтiн жаңадан 17 ұлттық ғылыми-зерттеу институттары ашылды (Өзбекстан Ғылым академиясынан тыс және ондағы институттардан бөлек). Өзбекстанда дәл қазiр 31 телеарна (республикалық, облыстық, қалалық телеарналарды қоса есептегенде) жұмыс iстейдi. Мұның баршасы да тек өзбек тiлiнде көрсетедi. Украинада 39 телеарна бар. Бұлар да бастан-аяқ (24 сағат бойы!) тек украин тiлiнде көрсетедi. Қайсыбiрiн айтайық, кезiнде Қазақстанмен бiрге КСРО құрамында болған бұл елдер отарсыздану процесiн өте сәттi өткiзiп, қазiргi күнi ұлттық дамудың даңғыл жолына түстi. Ал бiз ше?
Дәл қазiр қалмақтар, чуваштар, удмурттар өздерiнiң ұлттық тiлдерiн жоғалтып алды. Осы елдердiң бiрсыпыра айтулы тұлғалары күйзеле, күңiрене отырып, өздерiнiң ұлттық тiлдерiн қалай жоғалтып алғаны жөнiнде Ресейдiң газет-журналдарында мақалалар жариялады. Соның бiразымен бiз де таныстық. Салыстырып байқасақ, бұлар ұрынған қателiктерден, бұлар жiберген кемшiлiктерден бiз де сау емес екенбiз. Кей тұстарда тiптi асып түсiп те жатқандаймыз. Соған қарағанда, бiз осы Қалмақстан, Чувашия, Удмуртия ұрынған соқыр соқпаққа көздi жұмып қойып кеттiк-ау деп қатты қауiптенемiн (Лайым, мен-ақ қателесейiн!).
"Жас Алаш" газеті