Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2920 0 пікір 8 Ақпан, 2010 сағат 05:07

Айжан КӨШКЕНОВА. Ұлт үшін мақтану керек пе?

Қазақстан Президентінің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаевтың: «Сен қазақ немесе орыссың ба, мұнда сенің жеке үлесің жоқ. Мұны мақтан етіп, әр бұрышта айғайлау - сейсенбі немесе жұмада туғаныңды мақтан етумен бірдей» деген сөздерін басылымдар жарыса жариялады. Шынымен ұлт үшін мақтану керек пе? Ұлттық мақтаныш кеудомсоқтыққа соқтыра ма, әлде ұлтқа лайық болу игі ұмтылысына жетелей ме?

Қазақстан Президентінің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаевтың: «Сен қазақ немесе орыссың ба, мұнда сенің жеке үлесің жоқ. Мұны мақтан етіп, әр бұрышта айғайлау - сейсенбі немесе жұмада туғаныңды мақтан етумен бірдей» деген сөздерін басылымдар жарыса жариялады. Шынымен ұлт үшін мақтану керек пе? Ұлттық мақтаныш кеудомсоқтыққа соқтыра ма, әлде ұлтқа лайық болу игі ұмтылысына жетелей ме?

Менің есіме бірден Тбили­си­дегі аула сыпырушы оралды... Екі жыл бұрын грузин шаһары орталығында бейне сюжет тү­сіріп жүріп, сөмкемді жанымдағы құр­быма ұстатқанмын. Ол да жұмысқа берілгені соншалық, оны көшенің жиегіндегі жеңіл кө­ліктің үстіне қоя салыпты. Сөм­ке сол күйі тарс есімізден шық­қан. Тек жұмысты сәтті аяқ­тап, кафеге келгенде ғана жалма-жан сөмкемді іздедім. Бөтен елде төлқұжатым мен барлық ақшадан айы­рылудың ауыртпалығын ой­лап, көзімнен жас ілезде ыршып шық­ты. Жүгіріп көліктер тұрған жерге жеткеніммен, мәшине жым-жылас жоқ...Салым суға ке­тіп, жақын тұрған дүкенге кіріп, сатушыға мән-жайды айтқаным сол-ақ екен, ол бірден аула сы­пыру­шының бір сөмкені әкеліп бергенін хабарлады. Қарасам, ме­нің сөмкем! Ішіне ешкім қол сұқ­паған.
Сол кезде тым жұпыны киін­ген, аяғын сылтып басқан жарым­жан аула сыпырушының өзі де кел­ді. Мен ризашылығымды үйіп-төгіп, қомақты қаржы са­лын­ған әмиянымнан оншақты лариді (грузиндердің валютасы - ред.) суырып алып, оған сыйақы ретінде ұсындым. Бірақ қанша жалынғаныммен, ол ақшаны алудан үзілді-кесілді бас тартты. Тек: «Грузиндер бөтен біреудің затын алмайды ғой.
Бұл - сіздің дүниеңіз», - деп сы­пайы жауап берді. Содан кейін ұялы телефондарын жоғалтып, олар­ды жылдам тауып алған құр­быларым да шынымен «грузин­дер­дің бө­тен затты» алмайтынды­ғы­на сан мәрте көз жеткізген. «Гру­зиндер кедей болса да, тәкәп­пар» дей­тінбіз қалжыңмен.
Сондай тәкаппар грузиннің бірі - Тбилисидегі менің етікші көр­шім еді. Аурушаң әрі жалғыз басты қарт грузиннің қамқор­шы­сы жоқ. Тек етік тігіп, тапқан та­бысына наны мен суын әрең айы­ратын. Біздің ауланың тұр­­ғын­дары жиналып, анда-сан­да оған азын-аулақ ақша жинап беретін. Біз де оған жәрдем болсын деген оймен етігіміздің жібі сөгілсе де, соған қарай жүгіретінбіз. Бір ғажабы: қарт грузин ұсақ жөндеу жұмыс­та­ры­на ешқашан ақша алмайтын. Тегін. «Біз көрші емеспіз бе? » деп таңдана жауап беретін тә­кап­пар грузин. «Грузин үшін көр­ші туыспен тең». Сол кезде ма­ған: «Егер халқының ізгі қа­­­сиеттеріне тірек болса, ұлттық тәкаппарлық жаман қасиет пе?» деген ой кел­ген.
Грузин екенін мақтан тұтатын жан­ның бірі - халық әртісі Вах­танг Кикабидзе. Грузиндер жай­лы сөз болған кезде ерекше өңі кі­ріп, отандастары жайлы барын­ша сүйіспеншілікпен баяндай жө­нелетінін кездескен жанның бай­қамауы мүмкін емес. Ол Грузия мен Ресей арасындағы араздықты еш түсіне алмайды. «Гру­зиндер сондай қонақжай ха­лық қой!» - деп мұңая ойға шо­ма­тын халық әртісі. Тамыз қақ­ты­ғысынан кейін Ресей пре­­зи­дентінің орденінен де, Кремльдегі ме­рей­тойлық концер­ті­нен де бас тарт­қа­ны бар. Оның бойында ұлт­шыл­дық пен пат­риотизм әдемі үй­лесім тапқан.
Кавказ журналистика мек­тебіндегі біздің тобымызда ше­шесі орыс, әжесі поляк яки не­міс, тіпті әкесі грек грузин қыз-жігіттері оқитын. Бірақ өз­дерін басқа ұлтқа жатқызу олар­дың қаперіне де кірмейді. Бар­лығы ағылшын тіліне сонша жетік болса да, бір-бірімен бөтен тілде сөйлескендерін көрген емеспіз. Өйткені олардың бәрі гру­зин екендіктерін мақтан тұта­тын. Ал алматылық құрбым өзі­нің қожа руынан екендігін есте ұстап, танысқанда араб «текті» екендігін айтуды ұмытпайтын. Оның орыс тілді «араб» қазақ екендігіне олар таң-тамаша қа­лыс­қан.
Айтпақшы, грузин халқының ішінде де, тіпті грузин тілінен өз­ге­ше өз тілдерінде сөйлейтін мег­релдер мен свандар тәрізді он бес шақты субэтникалық топ бар. Бірақ онысын ешкім әспет­теп, сол арқылы мақтануды да, басқалардан оғаштануды да ойламайды. Оның есесіне олар жайлы анекдоттар жетерлік. Гру­зиндер өздерінің кемшіліктеріне күле қарап, өз-өздерін қылжақ ету­ден арланбайды. Ал, мысалы, ше­неуніктерінің Грузияның қай түкпірінен, қай топтан екендігін білу мен оны талдау - олар үшін қы­зықсыз. Жершілдік - мақта­ныш көзі емес. Бір ұлтқа қатысты­лық­ты сезіну - тұтастықты сақ­тау ке­пілі тәрізді. Әр грузин досым өз мәдениетін, тарихын, ұлттық қасиеттерін мақтан тұтатын. Діні мен тіліне құрметпен қарайды. Сол арқылы басқалардың да оны қадір­леуін қалайды. Өздері «на­ғыз грузин» болуға ұмтылады. Олардың өз ұлтын мақтан етуі, ұлттық келбетін сақтау катали­заторы тәрізді. Ұлт дегеніміздің өзі «тарихи тағдырдың ортақ­ты­ғы, бірлігі» екендігін орыс фи­лософы Бердяев айтқан. Ал осы бірлікті түйсінуді философ ұлт­тық санаға жатқызған.
Ертісбаев мырза «қазақ не­месе орыс болумен» мақтанудың мағынасыздығын сөз еткенде, неміс философы Артур Шопен­гауэрдің «ең арзанқол мақтаныш - ұлттық мақтаныш» деген әйгілі фразасына арқа сүйесе керек. «Ірі жеке тұлғалық қасиеттер тән адам өзінің ұлтын үнемі бақылай отырып, ең алдымен оның кемшіліктерін көрсетеді. Ал ештеңесімен мақтана алмайтын бейшара жалғыз мүмкіндікке жармасып, ұлтын мақтан тұтады. Ол оның кемшіліктері мен ақы­мақтығын сүйсіне қорғауға даяр» деген болатын әйгілі ой­шыл. Шопенгауэрдің ұлт жайлы ой­ларын оқи отырып, оның не­міс ұлты жайлы тәптіштеп айты­ла­тын тұстарын қалыс қалдыру қиын. Екінші жағынан Бердяев ұлт­тық сананың екі түрі бар еке­нін айтқан. Алғашқысы - шы­ны­мен халықтың стихиялы ерекше­лік­терін әспеттеп, ешқандай сын­ға жол бермеу. Бірақ «ұлттық сананың одан да жоғарырақ түрі бар. Ол үшін ұлттық болмыс - өзін сынау мен қайта тәрбиелеуді та­лап ететін шығармашылық тап­сырма».
Ғасырлар бойы бодандықта болған қазақ ұлты үшін ұлттық кеу­демсоқтыққа, шовинизмге ұры­ну қаупі үлкен бе? Әлде ұлт­тық негізінен айырылу қатері басым ба? Ұлтымен емес, руымен мақтану, өз тілінде сөйлеуге қым­сыну, өз мәдениеті мен тарихына ат үсті қарау, ұлттық тәкаппарлық­тан емес, ұлттық кембағалдықтан хабар бермей ме? Сол сияқты басқа ұлтты жау көру, бәрінен тек қазақи ерекшеліктерді іздеу, олар­ды қорғаштай қору, ксено­фобия - ұлттық мақтаныштың емес, тағы сол кіші ұлттың кемба­ғал­дығының келесі бір синдром­дары емес пе? Француз ұлтының абыройлы перзенті - алжир текті фуболист Зинедин Зидан. Бірақ оның әке-шешесінің басқа елде тууы оның Франция ұлтының қаһарманына, оның сүйікті ұлына, ең танымал тұлғаларының біріне айналуына еш кедергі жа­саған жоқ. Ұлттық негізде саяси иірім­ге түсірмекші болған күш­тер­ге Зизу тойтарыс беріп, әке­сінің алжир екендігін ұмыт­пау­мен бірге Франция өзінің елі екен­дігін, сол үшін күресетіндігін ашық мәлімдеген.
Олай болса, ұлт үшін мақта­ныш­ты ұлттық кембағалдыққа қарсы инъекция ретінде пайда­лану­ға болмас па? «Мақтанышты басып, тіпті оны әлсіретіп қажеті жоқ. Оны тек лайықты мақсат­тар­ға бағыттаған жөн» деген болатын келесі бір еуропалық философ Гельвеций. Ұлт үшін мақтанышты қалыптастыру ел бірлігін арттыруға, оның сапалық жағынан жоғарылауына, ұлттық мәдени компонентін сақтауға көмектесер еді.

Тақырыпқа орай

Мұрат Әуезов, мәдениеттанушы:
- Әр қазақ өз ұлтына ғашық болуы керек. Қазақ ұлты оған то­лық мүмкіндік береді. Елді езіп тас­таған тарихи кезеңдерде осы қа­сиеттен айырылып қалған уақыт болды. Халық, ұлт болу үшін осы ғашықтық сезімді қайта тірілту қажет.
Бірінші қадам - өз халқыңның ада­ми қасиеттеріңді ашуға толық мүмкіндік беретіндігіне сену. Екіншісі - жауапкершілікті мойындау. Осы ұлттың өкілі бо­ла тұрып, ұлтжанды азамат ре­тінде не істей аламын? Осы тұс­та жаңа мәселелер туады. Егер әр адам өз ұлты үшін мақтаныш пен жауапкершілікті сезінсе, ұлт ынтымақтығы артады. Бұл сапа­да қазақ елдегі басқа ұлт­тарға ұйытқы болады. Бірақ соның негізі жүрегі, санасы қазақ ұлты болып, оның жақсы қасиеттері соларға да тарап сіңуі керек.

Жәнібек Сүлеев, публицист, журналист:
- Бізде ұлттық мақтанышқа айналатын нәрсе аз. Кеңес Ода­ғы кезеңін алсақ, бәрі Ұлы Отан соғысы кезіндегі жеңіс пен сол кездегі қаһармандарды мақтан ететін. Одан кейін жаңа дәуір туды. Бұл кезде біз көне тарихи кезеңді еске түсіріп, хан, батыр бабаларымызды мақтанышқа айналдыруға тырыстық. Бірақ мұның өзі жалпыға бірдей емес. Әркім өз батырын шығара бас­тады...
Екіншіден, мақтаныш болатын нәрсенің өзінен ұлт мақтанышын жасай алмаймыз. Оған қазақтың өзі кінәлі. Мысалы, аш-жалаңаш жүр­сек те, Ұлы Отан соғысы ке­зін­де халқымыз 92 Кеңес Одағы­ның батырын шығарды. Бірақ оның өзі көп жерде айтылып, жазыла бермейді. Мұстафа Шоқай туралы әлі күнге дейін қо­ғам­да әртүрлі пікір бар. Гру­зин­дер болса, одан баяғыда ұлт қаһарманын жасар еді.
Қазақ өзінің кішкентай немесе ұлы жетістігін ағымға түсіріп, ортақ табысқа айналдыра алмай­ды. Неге? Өйткені олардың өз­де­рі бір-бірін түсініп болған жоқ. Грузиндер де іштей өзара топ­тарға, тайпаларға жіктеледі, бі­рақ грузин тақырыбына келгенде олар жұмыла қалады. Мемлекет­тік сыйлыққа ұсынылған кезде жазушы Iлияс Есенберлиннің ар­тынан Мәскеуге бір вагон арыз келсе, Домбадзенің арты­нан бір вагон жеміс-жидек кел­ген­дігі туралы әңгімені білесіз... Біз - ортақ қазақ дүниесімен мақ­та­ну үшін әлі ынтымақтас­тығы аз елміз.

«Айқын» газеті, 04.02.10.

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5391