Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4461 0 пікір 11 Ақпан, 2010 сағат 06:58

Мұхтар-Иманның мұңы немесе «Жармақ»

Елдің бәрі ««Жармақ» жарық көрді» деп жанығып жүргенде бұл роман қолыма түспеп еді. Енді міне орайы келіп, оқып шықтым. Шынын айтайын «Мағауиннің романы шығыпты» дегенде «Аласапыран» сынды қомақты дүние көз алдыма елестеген. Сөйтсем пышақтың қырындай болмаса да қанжардың қалыңдығындай ғана екен. Әу баста ақылын ашу буған жазушының қаламынан туған ащы, бостау шығарма көрінгені де рас. «Иман Қазақбайдан аманатқа қалған қолжазба еді» деп арманда кеткен «танысын» тәптіштеп алған Мұхаңның кіріспесі әрі қарай сол беймәлім қаламгердің Алматыға білім іздеп келген Мұрат-студенттің қызбен кездескені, оны жігіттен айнымайтын басқа біреудің алдап әкеткенін баяндайтын шығармасына ұласты. «Мұнысы несі, екі жастың махаббатын неге сонша тәптіштеді екен?» деп қынжылып кітапты жауып тастағым келген сәттер де болды. Бірақ.... әр тұстағы түсініксіздеу орамдар тартып әкете берді. Сәлден соң Мұхаңның, кешірерсіздер, Иман Қазақбайдың («әдебиетте ұрлық әр кезде болған» деп бетбақтырмайтындар Мұхаңды да қатарларына қосып алып жүрер. Бірақ, біреуі жазып, екіншісі жария етіп, екі жарты бір бүтіннің тірлігін істегеннен кейін қосарлап атаймын ендігіде) ойы ашыла бастағандай. Құр желіс қумай ойланып оқи бастап едім, осы заманның суреті айқындалып, әр кейіпкердің астарынан танымал бір немесе бірнеше тұлғаның төбесі қылтия бастады.

Елдің бәрі ««Жармақ» жарық көрді» деп жанығып жүргенде бұл роман қолыма түспеп еді. Енді міне орайы келіп, оқып шықтым. Шынын айтайын «Мағауиннің романы шығыпты» дегенде «Аласапыран» сынды қомақты дүние көз алдыма елестеген. Сөйтсем пышақтың қырындай болмаса да қанжардың қалыңдығындай ғана екен. Әу баста ақылын ашу буған жазушының қаламынан туған ащы, бостау шығарма көрінгені де рас. «Иман Қазақбайдан аманатқа қалған қолжазба еді» деп арманда кеткен «танысын» тәптіштеп алған Мұхаңның кіріспесі әрі қарай сол беймәлім қаламгердің Алматыға білім іздеп келген Мұрат-студенттің қызбен кездескені, оны жігіттен айнымайтын басқа біреудің алдап әкеткенін баяндайтын шығармасына ұласты. «Мұнысы несі, екі жастың махаббатын неге сонша тәптіштеді екен?» деп қынжылып кітапты жауып тастағым келген сәттер де болды. Бірақ.... әр тұстағы түсініксіздеу орамдар тартып әкете берді. Сәлден соң Мұхаңның, кешірерсіздер, Иман Қазақбайдың («әдебиетте ұрлық әр кезде болған» деп бетбақтырмайтындар Мұхаңды да қатарларына қосып алып жүрер. Бірақ, біреуі жазып, екіншісі жария етіп, екі жарты бір бүтіннің тірлігін істегеннен кейін қосарлап атаймын ендігіде) ойы ашыла бастағандай. Құр желіс қумай ойланып оқи бастап едім, осы заманның суреті айқындалып, әр кейіпкердің астарынан танымал бір немесе бірнеше тұлғаның төбесі қылтия бастады. Мұрат атты бас кейіпкердің болмысынан ырқынан тыс жарылып шыққан жартыкешінің аты - Марат. Бірі - тарихына адал, бірбеткей, екіншісі - есепке жүйрік, жылпос. Шығармада атағын шығарудың шебері, ақын - Мүштәр Маханов, түк бітірмесе де төрден түспейтін жазушы - Жиған Нұрғазин, қазақ тарихына тұсау салған аты орыс, заты қазақ - Иван Есенғалиев, астыртын ойынның бесаспабы - Алдабек Қаражұманов сынды жиынтық кейіпкерлер көп кездеседі. Оқыған кезде әркім өз болжамын жасар, олар өзі білетін саясаткерлермен салыстырар. Айтпағым, Мараттың сойы мен сойқаны ерекше. Шығармада Шыңғысхан төңірегіндегі тарихи талас та айтылады. «Ешкі жетектеген екеу» жазылатын ол кезең мен айтпасам да көптің есінде әлі күнге....

«Темірқазық» журналының Бас редакторы осы дауда оғаш ой айтқаны үшін көптің талауына түседі. Оған таңылған айыптаулар отыз жетіде айтылса, тарихқа басқаша қараған Бас редактор абақтыға жетпей атылып кетер еді. Бір ғасырдай уақыт өткен соң ақтап алар едік, қанға сіңген әдет бойынша... Сол «сүйкімсіз» редактор біреулердің итжеккенге айдағанын күтпестен романның басында-ақ өз еркімен шетелге жер ауады. Ал мұнда оның қайсар, қиттыққыш қырсық мінезді жас қызметкері Мұрат қалып қояды. Әрине, жабыспақ биттей жартысы Марат та. Осыдан барып, «ау, мынау, бас редактордың арман-мұраты мен оның өмірдегі кемшіліктері емес пе?» - деген ойдың ұшы шыққан. Кітапты еңсерген сайын осы пікір орныға түсті. Екі дүние ортасында есеңгіреп жүріп бір тойға тап болған Мұрат Бейсенұлы сол жерден өзін, яки жартысын көреді. Жартыкештің қасында, бұған пәктігін тарту еткен, дәл үйленеміз деген күні Марат қулықпан ертіп әкеткен Балжаны отыр. Асыра марапат, ду-ду шапалақ, лепірген Марат, мүсәпір Мұрат! Мұхтар-Иман бір кездері той томалақтарда өз иығына жабылған шапандар мен асыра қошеметтер үшін қорланатындай көрінді осы тұста. Сондықтан да Мұратын міскін кейіптен құтқару үшін біраз жетелепті романында. Бірақ қайдан.... Кезінде «Мен!» деп ышқынғаны үшін «мықтылардың» көбі соңынан ыңыршағы шыққанша қуған жазушы Мұхтар ағамыз Иман досы екеуі күш салған осы шығармада «Мен деген - сен, Сен деген Мен» деген тіркестер қосып, қарама-қайшылыққа ұрынғандай көрінеді. Сәлден кейін көкірегінде «Ойбай ау, екеуміз бір тұтаспыз ғой! Сен де «Меніңді» өлтіре көрмеші» деген жалыныш барын байқайсың. Біз болсақ, «ол, оның» сынды үшінші жаққа құмармыз. Оған сенеміз, оның шашбауын көтеруші боламыз. Соның артынан салпақтап жүріп, естілер санатынан сызыламыз. Ал, Қазақбай мен Мағауиннің қазақтың «Менін» оятуға күш салғанына он жылдан асып кетіпті. Мүмкін, бар ғұмырын арнаған шығар соған?! «Көп дінді, көп тілді, көп ұлтты елімізде «Біз» - деген әдептіліктен безініп, «МЕН» - депті, көргенсіз! Кеудесіне нан пісіпті, құрметті көтере алмай кесірге ұрыныпты» деп ұлардай шуладық бәріміз. «Құлан құдыққа құласа...» көбейді. Тіпті, энциклопедиядағы барлық шөп-шаламның атын көшіре білгеніне мәз болып, әлемтапырақ дүниелер жаза беретін жазушысымақтарды: «Аласапыраннан» менің кітабым ешбір кем емес!» - деп көкірек керетін деңгейге жеткіздік. Тұлғасы Толағайдай Иман-Мұхтар сол кезде өзін «бүрге» талағанына ашулы. Елдің бәрі «Мені» «Ол» дегеннің синониміне айналып кеткен, «Олсыз» күн көре алмайтын, әлдекімдерден ұрлық жасағаны әлдеқашан мәшһүр болған жазушысымақтардың аузына қарады. Соларды ұлықтады, ергежейлінің көлеңкесінде қалдырды Мағауиннің асқар тұлғасын. Иманды да сөйткен шығар... «Ұры ит қанша тойса да, қақпағы жартылай ашық қазанға көзін сатуын қоймайтынын» ұмытуымыз арқылы әу бастан-ақ «Қияндағы қыстау» маңында оңаша күнелткенді қалайтын тағы құлжадай мінезділігімен, өр өлімге де кез келген бұралқыны қимай текті тазыны таңдауымен әдебиет әлемін елең еткізген Мағауинді қорлаппыз. Кетерінде де «Лашын құрлы жоқпын ба?» деп күйінді ме екен, «Алдаспанды» алдымызға тарту еткен қаламгер? Бірақ, арманы, мұраты, жүрегі атамекенінде қалып шетелге тек жартысы, құр сүлдері аттаныпты Иманы екеуі. «Жармақ» содан шыққан шер. Әу баста өзіне қатты ұқсайтын екіжүзді Мараттан кей-кезде ақшаның бетіне қарамайтын, оралмандарды «оңбаған» деп алалайтын әлгі миллионер ағамыздың да кескінін байқап қаласың. Сәлден кейін тағы бір аға, одан соң тағы бірі.... Көп екен... Ақыры бір Мараттың бойына сіңірген мінездерді саралаудан шаршайсың. Саясаттағы сайқалдықтың бәрі өріп жүр. Тұлыбын тірідей сыпырып алып, тіліндегісі мен тірлігі үйлеспейтін қай шендіге кигізсең де дәл келетіндей. Сол Мараттың Мұраттан өлсе айырылғысы жоқ, тіпті, екеуінің перзенті де ортақ. Бірінен біткен, екіншісі бағып күткен. Ол баланың аты кім дейсіз ғой? Мақсат! «Мақсат мұндағы университеттен соң Англияда, Кембриджде оқып қайтты. Менің арқамда! ...зор мемлекеттік қызметке ілікті. Ал сен сол Мақсатты қай ұшпаққа шығаратын едің?» дейді Марат перзентін қайтаруды талап еткен Мұратқа. Және сол жауапқа ол тоқтайды. Арман-мүддесін амалсыз тұншықтырған барлық қазақ сынды. Шенді дегеннің асығын қалай шиырсаң да алшысынан түсіп тұрған мына заманда кішкене билікке болса да қол жеткізуден асқан МАҚСАТ бар ма? Ең құрығанда бір мықтымен құда болуға асығады, үш қазақтың екі жарымы осы күні. Осы «ұлы» арманның жолында Мұрат та бел баласынан бас тартады.

«Бүгінгі Қазақстан - орыс пен қазақтың мемлекеті емес пе.....»

«Тентіреп жүрген қырғыз, тәжік, өзбекті құшағымызға алсақ жиырма миллионға жүгіріп отырып жетеміз...»

«Үлкен кісі мақтауға зәру емес, бірақ оң тілеуді ұмытпайтын мәрттігі бар..»

«Біздің Мараттың - орысшыл, орысшыл емес, нағыз интерноцианалист деген атағы шықты.» т.с.с

Осы төрт үзіндіні оқығанда қазіргі заманның қанша «заңғар» тұлғасының сұлбасы көлбеңдеді көз алдыңызда? Соңғысы, кеңестік кезеңде әріден қазып, Аз туралы кітап жазған, тәуелсіздік туғанда «әнін» басқаша созған, биліктің алдында еңіске салса өрге озған әлгі ақтаңгер ағамыздың кескінін алдыңа жетелеп әкеледі. Ризашылығын қолды шөлпілдете сүю арқылы білдіретін мұндай «ЗОРлардың» заманында Мұрат сынды қорлардың күні қайдан тусын. Тым епті Мараттың жоны күжірейіп, беті жылтырай түскен сайын бұл бейбақтың діңкесі құри берді. Кең маңдайы жиі тасқа ұрылып, қалжыраған МҰРАТ ақырында өте қиын шешім қабылдайды. Ол - өлім. Бұл өмірем қапса, Марат та арам қатады. Ең бастысы, ұзақ жылдар тынысын тарылтып, жігерін қүм еткен тынымсыз күрестің ауыр азабынан құтылады. Сондықтан мойнына қыл арқан салады. Керек жерінде басы жерге жеткенше иіліп жүріп Сенат төріне дейін жеткен, теледидар арқылы тебірене сөйлеп тұрған Мараттың дәл осы сәтте тынысы тарылып сала берді. Галстугін босатып, түймесін ағытып, қайраңда қалған балықтай аузымен ауа қабады. Ал, жастығын жастана құлау бақыты бұйырған Мұраттың бойын рахат сезім биледі. Бұл аяғының астындағы тіректі теуіп кеп жібергенде теледидардағы сенатор да сеспей қатты. Бітті. О дүниеге барғандағы кездесу, қателіктерді түсіну... Аса маңызды емес. Ең бастысы, МҰРАТ өлді. Оны қайта тірілту мүмкін емес. Ал, Марат деген жеті басты айдаһар ғой. Көрге көміп тастасаң да сумаңдап шығып алады. Бір Маратты өлтіру үшін мыңдаған Мұратты құрбандыққа шалу керек. Және ол әзізіл ғой... Жібі бостау сан Мұратты өзіне тартып, Маратқа айналдырып жібереді. Ол үшін бір әрпін өзгертсе жеткілікті. Мұрат байғұстың бар қасіреті, алынбас қамалы өз атындағы «ұ» деген бір ғана хәріпте екен... Қасарыспай «а»-ға алмастыра салса Астанаға тоқтаусыз апаратын бұдырсыз, даңғыл жолға ол да түсер еді?!      Бірақ «сүйкімсіз» Бас редактордың тәрбиесін көріп қалған бірбеткей бейбақ осы қарапайым қадамға бармады.

Міне, Иман Қазақбай аманат еткен, сол аманатты жариялауға Мағауин терін төккен хикаяттың қысқаша мазмұны осы. Екеуінің тағдыры, ой орамдары өте ұқсас екен. Сондықтан, кей жерде өзімізге беймәлім жазушының рухынан кешірім сұрап алып, Мұхаңның тарапынан тарата қарадым бұл романға. Мағауин болса, Қазақбай қолжазбасының соңына бір сөйлем қосып:   «Қайыр, есен-сау тұрыңыз. Иманыңыздан айырылмасаңыз, барлық Мұрат орнына келері күмәнсіз» деп дұғай сәлем жолдапты қазағына. Сәлемнен көрі тілекке, өтінішке көбірек келеді. Мұхтар - Иман өтінбек түгілі аяғыңды құшып, жалынса да түзелер ниетіміз жоқ. Тіпті «Жармақ» туралы сөз қозғауды да қойғандаймыз бар жоғы бір-екі жыл ішінде. Сондықтан «Осынша ойлы дүниенің дәуірлеу кезеңі неге қысқа болды?» - деген сұрақ та туды. Шығармадан оның да жауабын тапқандаймын. Биліктің бас үнпарағынан бастап оппозицияның айнасына айналған барлық басылымдарының барлығын да бүріңкіреп жіберіпті Иман Қазақбай колжазбасында. Егер екінің бірін мақтаса әлгі бассылымдардың бетінен түспейтін ұран болар еді, бүл «Жармақ». Бірақ бас кейіпкері етіп ешкімді мойындамайтын МҰРАТ «бұзықты» таңдаған кітап қайдан оңсын. Жарайды, ешкімді жақтырмайтын Қазақбайға өкпелесін. Бірақ романның авторы есебінде Мұхаң берілген емес пе? Оның жазығы не? «Жазушылар жағымпаз, көкейіндегісін жазбайтын екіжүзді» дейміз. Ал, солардың ортасынан екі жармақ қосылып, бір бүтін болып, тұщымды дүние жазса қабылдай алмайды-ау жартыкеш ниетіміз.

 

Серік ӘБІКЕНҰЛЫ

«Заң газеті» 05.01.2010 №18

www.zanmedia.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1471
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5420