Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2572 0 пікір 27 Мамыр, 2009 сағат 07:59

Ел тілегі мен Елбасының талабын елең қылмайтын шетелдік компаниялардың әрекеті шектен шығып барады

Ресейдің «Лукойл» ұлттық компаниясының еншілес кәсіпорны «Юго-Восточная сервисная группа» ЖШС қарекетіне қарап-ақ осындай ой түюге болады.

«Лукойлдың» Пермь өлкесіндегі ең ірі мердігері, 6 мыңдай адам жұмыс істейтін, Ресейде, Қазақстанда және Өзбекстанда орналасқан 13 бірдей өндірістік кәсіпорындарды біріктіретін ірі холдинг «Нефтьсервисхолдинг» (НСХ) компаниясы 2007 жылы Қазақстанның «ОңтүстікМұнайГаз» бұрғылау компаниясын сатып алып, Қазақстан нарығына шықты. Сөйтіп, Маңғыстау және Ақтөбе облыстарында НСХ-ның бел баласы «Юго-Восточная сервисная группа» (ЮВСГ) серіктестігінің арнайы сервистік орталығы құрылып, өндірістік қызмет көрсету базасы жасақталды. 23.01.2007 ж. №8048-1943-ТОО (ИУ) нөмірлі тіркеу куәлігін иеленген, Игорь Вячеславович Шерстнёв басқаратын бұл ЖШС қазіргі таңда Ақтау қаласының іргесіндегі өндірістік аймақта орналасқан. Қазақстанның басқа банкі құрып қалғандай, Ресей «Сбербанкінің» филиалынан есе-шот ашып, қызметін өркендетіп, жүріп жатыр. Мейлі ғой, өзінің жеке мүддесімен қоса еліміздің экономикасын дамытуға да үлес қосарлықтай игі іс тындырып, заңды түрде, ың-шыңсыз жұмысын жасап жатса, Қазақстан жағы бұл компанияға алғыстан басқа ештеңе айтпас еді.

Ресейдің «Лукойл» ұлттық компаниясының еншілес кәсіпорны «Юго-Восточная сервисная группа» ЖШС қарекетіне қарап-ақ осындай ой түюге болады.

«Лукойлдың» Пермь өлкесіндегі ең ірі мердігері, 6 мыңдай адам жұмыс істейтін, Ресейде, Қазақстанда және Өзбекстанда орналасқан 13 бірдей өндірістік кәсіпорындарды біріктіретін ірі холдинг «Нефтьсервисхолдинг» (НСХ) компаниясы 2007 жылы Қазақстанның «ОңтүстікМұнайГаз» бұрғылау компаниясын сатып алып, Қазақстан нарығына шықты. Сөйтіп, Маңғыстау және Ақтөбе облыстарында НСХ-ның бел баласы «Юго-Восточная сервисная группа» (ЮВСГ) серіктестігінің арнайы сервистік орталығы құрылып, өндірістік қызмет көрсету базасы жасақталды. 23.01.2007 ж. №8048-1943-ТОО (ИУ) нөмірлі тіркеу куәлігін иеленген, Игорь Вячеславович Шерстнёв басқаратын бұл ЖШС қазіргі таңда Ақтау қаласының іргесіндегі өндірістік аймақта орналасқан. Қазақстанның басқа банкі құрып қалғандай, Ресей «Сбербанкінің» филиалынан есе-шот ашып, қызметін өркендетіп, жүріп жатыр. Мейлі ғой, өзінің жеке мүддесімен қоса еліміздің экономикасын дамытуға да үлес қосарлықтай игі іс тындырып, заңды түрде, ың-шыңсыз жұмысын жасап жатса, Қазақстан жағы бұл компанияға алғыстан басқа ештеңе айтпас еді.
Алайда қазіргі жағдай олай болмай тұр. Осы серіктестіктің келуімен бірге қазақстандық бірнеше сервистік мекеме қара тақырға отырды. Олардың қатарында ұңғыларға ағымдағы және күрделі жөндеу жүргізумен айналысатын «КапРемСервис» ЖШС, «Catkaz Limited» ЖШС, «Кезби» ЖШС, «Каспиан вен сервис» ЖШС, «Мұнайфильтсервис» ЖШС, «Фортек» ЖШС, «Маңғыстаугеология» АҚ, «Поликамсервис» ЖШС, «Бибісара» ЖШС, «Ақырыс» ЖШС, «Круз» ЖШС, «Абоня» ЖШС, «Дриллинг сервис ЛТД» ЖШС, «Бұрғылау» ЖШС, «Жөндеу» ЖШС, «Евразия дриллинг» ЖШС, «МАИКС» ЖШС, т.б. ондаған кәсіпорын бар. Яғни, ресейлік алпауыт компания дәл осындай сервистік қызмет көрсетумен айналысатын бірнеше маңғыстаулық кәсіпорындардың нанын тартып жеп жатыр. Қалайша?
Марат Камаловтың 2007 жылғы 2-тамыз күнгі «Нефтяные ведомости» бюллетенінде «Нефтьсервисхолдинг» приобрел буровую компанию» деп жалпақ жұрттан сүйінші сұрап жазғанындай, бұл компанияның қолындағы лицензиялық пакет ұңғыларға ағымдағы және күрделі жөндеулерді жүргізуге, оларға өндірістік-геофизикалық зерттеулер жүргізуге, сондай-ақ мұнай өнеркәсібі құрал-жабдықтарымен сервистік қызмет көрсетуге рұқсат береді. Ал сонда дәл осындай сервистік кәсіпорын Қазақстанда құрып қалып па? Атағы дардай ресейлік компанияның алдында басымызды иіп, бағынышты болып, аттай қалап, алыстан шақыратындай басымызға не күн туды?
Әңгіменің түп-төркіні түсінікті болуы үшін бәрін басынан бастайық. 2009 жылдың 12-наурызы күні қазақстандық «КапРемСервис» серіктестігінің директоры Замир Ғалымұлы Теміртасовтың Қазақстанның «Атамекен» одағы» ұлттық экономикалық палатасының төрағасы Азат Перуашевқа жазған хатында біраз шындықтың беті ашылып, бірталай нәрсе бүге-шігесіне дейін баяндалды. «Бақсам, бақа екен» демекші, 2004 жылы құрылған, 2007 жылдың ақпан айынан бері Солтүстік Бозашы кен орнында ұңғыларға күрделі жөндеудің ең бір ауыр да қауіпті жұмыстарын атқарып келген «КапРемСервис» ЖШС 2008 жылдың қыркүйек айында кен орнының бас операторы, Қытай-Ресей бірлескен кәсіпорны - «Бузачи Оперейтинг Лтд» компаниясының филиалы ұйымдастырған №TSC08/029/O ашық тендерге қатысып, көзапара жасалған қараулықтың кесірінен оңбай «ұтылады». Алдымен облыстық «Огни Мангистау» газетінде жарияланған хабарламада (04.11.2008 ж., №175 саны) «тендер өтпеген» деп танылады. Сондай-ақ, 2008 жылдың 24-қарашасы күнгі «Бузачи Оперейтинг Лтд» компаниясының филиалы жолдаған №ТО2-506/24.11. хатында №1, №3 лоттардың өтпегені жөнінде айтылады. Тендердің өтпей қалуына байланысты бұған дейін жасалған «КапРемСервис» ЖШС мен «Бузачи Оперейтинг Лтд» компаниясының филиалы арасындағы келісім-шартты ұзартуды сұрап жазған З.Теміртасовтың хаттарына оператор компаниядан («Бузачи Оперейтинг Лтд») ешқандай жауап болмайды. З.Теміртасов 2009 жылдың 21-қаңтарында «Бузачи Оперейтинг Лтд» компаниясы филиалының бас менеджері Тянь Кэцзяньмен кездескенде, ол бұл мәселе бойынша жауап жазуды өзінің орынбасары В.Ежовқа тапсырғанын айтады. Ал В.Ежов болса, төбеден түскендей қылып «КапРемСервис» серіктестігінің тендерден ұтылғанын, 2009 жылдың 1-сәуірінен бастап Солтүстік Бозашыдағы ұңғыларға күрделі жөндеу жұмыстарын тендерде барлық лоттарды жеңіп алған «Юго-Восточная сервисная группа»  жүргізетіндігін, оның себебі, «КапРемСервис» серіктестігінің тендерге ұсынған бағалары ресейлік компанияға қарағанда анағұрлым жоғары болғандығын айтады.  
З.Теміртасовтың тендерге қатысып отырған екі компания екі мемлекеттікі екенін, сондықтан ҚР Индустрия және сауда министрлігінің 2007 жылдың 30-шы қаңтарындағы №30 бұйрығымен бекітілген, жер қойнауын пайдаланудағы қызмет көрсетуде «қазақстандық мазмұнды» қатаң ескеру жөніндегі Методикаға сәйкес қазақстандық компанияға басымдық беріліп, осы ережеге байланысты шетелдік (ресейлік) кәсіпорынға қатаң талап қойылуы керектігін айтып, шыр-пыр болған даусын ешкім құлаққа ілмейді. Бұл жерде «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдаланушылар туралы» ҚР Заңының 63-2 бабының 3-тармағы өрескел бұзылғандығы да ескерілмейді.
Осындай заңсыздықтарды ашып айтып, атап көрсеткен З.Теміртасовтың жан-жаққа жазған хаттарынан ешқандай қайран болмайды. «Бузачи Оперейтинг Лтд» компаниясының филиалы тырс етіп түсінік берместен жатып алады. Заңдылықтың сақталуын қадағалаушы орган – прокуратура да шетелдік компанияның алдында дәрменсіздік танытып, бұл мәселені сот арқылы шешу жөнінде кеңес берумен ғана шектеледі. Маңғыстау облыстық әкімшілігінің «Бузачи Оперейтинг Лтд» компаниясының филиалымен жүргізбек болған келіссөздерінен ешқандай нәтиже шықпайды. Компания филиалы ортақ тіл тауып, түсіністік танытуға ниет те білдірмейді. (Мұның өзі олардың жергілікті билікті менсінбей, мұрнын шүйіріп қарайтындығын көрсетеді). З.Теміртасов бұл жерде тендерді ұйымдастырушы «Лукойл Оверсиз Холдинг Лтд» компаниясының президенті мен тендердің жеңімпазы «ЮВСГ» ЖШС арасында жең ұшынан жалғасқан құпия байланыс бар екендігіне күдіктенетінін жасырмайды. Өйткені, «Лукойл Оверсиз Холдинг Лтд» компаниясының президенті Андрей Кузяев, сонымен қатар «Пермская производственно-финансовая группа» директорлар кеңесінің төрағасы. Ал «ЮВСГ» ЖШС-нің жалғыз құрылтайшысы - «Нефтьсервисхолдинг» осы «Пермская производственно-финансовая группаның» құрамына кіреді. Яғни «Бузачи Оперейтинг Лтд» компаниясының филиалында Қазақстан заңдарын көпе-көрнеу белден басып өткізілген тендерді шырмауықша шырмап жатқан жіптің бір ұшын осы жерден іздеу керек.
Ең сорақысы сол – З.Теміртасовтың хатына жауап жазған «Лукойл Оверсиз Холдинг Лтд» компаниясы қазақстандық филиалының директоры И.Н.Насыров тендердің өте дұрыс өткендігін айта келіп, беті шылп етпестен «ЮВСГ» ЖШС – Қазақстан заңдарына сәйкес құрылған, Маңғыстау облысында жұмыс орнын ашып, ел қазынасына салығын төлеп отырған қазақстандық кәсіпорын» (?) деп соққан. Оның айтуынша, бұл компанияның ешқандай жергілікті заңдардың талабына қарамастан, тауар сатып алу мен қызмет көрсету үшін қажетті қаражатты бір ғана көзден алуға толық құқы бар және бұл «Лукойл Оверсиз Холдинг Лтд» саясатына толық сай келеді. Сондай-ақ, бұл үшін оған ешкім де наразылық білдіруге хақы жоқ. 
Осы жерде орайы келіп тұрғанда айта кету керек, «Лукойл Оверсиздің» мұндай саясаты бұл компанияның қатысы бар барлық кен орындарында жүргізіліп келеді. Айталық, «Қарақұдық» кен орнындағы ұңғыларға ағымдағы және күрделі жөндеу жүргізумен, бұрғылау жұмыстарымен айналысатын, 100 пайыз акциясы «Лукойл Оверсиз Холдинг Лтд» меншігіндегі мердігерлік компания - «Қарақұдықмұнай» ЖШС қызметін де сол баяғы «ЮВСГ» жүзеге асырып отыр.
Сөйтіп, айналып келгенде, «ЮВСГ» артында тұрған қытайлықтар мен ресейліктер өздерін «қазақстандық кәсіпорын» ретінде көрсетіп, сырты жылтыраған, іші қалтыраған арам пиғылды екіжүзді саясатын бетке ұстап,  жоғарыда атап өткен «қазақстандық мүддені» (немесе «қазақстандық мазмұн») көздеген ел саясатын қолжаулық қылды.
Тағы бір мысал. Үстіміздегі жылы наурыз айының басында Маңғыстау өлкесіне арнайы іссапармен келген бірінші вице-премьер Өмірзақ Шүкеевтің қатысуымен бірқатар кәсіпорындар меморандумдарға қол қойды. Сол жолы суырылып сөз сөйлеген Ө.Шүкеев бұл меморандумдардың құр сөз күйінде қалмайтынын, алдағы уақытта әрбір кәсіпорынмен жеке-дара келісімшарттар жасалатындығын жария етті. Облыс әкімінің ықпалынан шықпайтын жалғыз облыстық телеарна «Қазақстан-Ақтау» мен билікке бағынышты басқа да барлық бұқаралық ақпарат құралдары мұны «Отандық кәсіпорындар үлкен жұмыс көлеміне ие болды! Жергілікті жерде жүздеген жұмыс көздері ашылатын болды!» деп жарыса жазып, жасалмаған шаруаның жарнамасын күмпілдетіп жатты. Ал ең сорақысы сол – осы жиында бірі шетелдік, бірі отандық компаниялардың атынан шыққан болып «Қаражамбасмұнай» мен «Тұлпармұнайсервис» ЖШС-нің атынан екі жақтан да екі қытайлық шыға келгенде, залдың ішін мысқылды күлкі кернеп кетті. Ал жаңағы жарамсақ БАҚ өкілдері бұл туралы ләм-мим деп тіс жарып, жақ ашқан жоқ. «Жабулы қазан жабулы» күйінде қалды. Міне, сізге отандық компанияның атын жамылған қытайлық экспансияның мыңнан бір мысалы керек болса! Ал билік басындағылар қарапайым халықты да, қазақстандық кәсіпкерлерді де түк көрмейтін соқыр, ештеңені естімейтін саңырау, дымға түсінбейтін меңіреу санап, ақымақ көреді. Сайып келгенде, бұдан жергілікті кәсіпорындар зардап шегіп, өз елінде, өз жерінде отырып шөміштен қағылып, ел экономикасын игеру сыбағасынан құр қалып, шетқақпай көріп отыр.
Демек, бұл – «2008 жылдың желтоқсан айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шетелдік инвесторларлар кеңесінің отырысында қадап тұрып айтқан «қазақстандық мүдде» мәселесі аяқасты болды» деген сөз. Онда шетелдік компаниялармен жасалатын келісімшарттарда қазақстандық кәсіпорындардың мүддесін көбірек көздеп, тауар сатып алу мен қызмет көрсету және мамандарды қайта даярлау мәселесінде қазақстандық үлесті арттыру жайы қатаң ескертілген болатын. Өкінішке қарай, шектен шыққан шетелдік компаниялар ел Президентінің сөзін айдалаға атқан аңшының оқтарындай қылып, құлағына да қыстырмастан, елеусіз қалдырды. Бұл не сонда? Елді де, Елбасыны да сыйламау ма? Әлде билік басындағылардың мемлекет мүддесі аяқасты болмақ түгілі, тапа-тал түсте елін жау талағандай етіп тонап, басына ит сарып жатса да, басы ауырмайтын намыссыздығы мен немқұрайдылығы ма? Екеуі де болуы мүмкін. Өйткені, ақша үшін арын сатуға да бар қазіргі билік басындағылардың өз құлқынын ғана күйттеп, өз халқына жаны ашымайтын қатыгез пиғылынан бәрін де күтуге болады. Ал осыны жақсы білетін аяр шетелдіктер кез-келген уақытта сатып алуға болатын біздің арсыз шенеуніктерімізді өз мақсаттарына шебер пайдаланып, елді де, Елбасыны да келемеш қылып отыр. Бұған ел ішіндегі ұлыорыстық шовинизмді ашықтан-ашық қолдап, жергілікті халыққа азу тісі мен аяусыз тырнағын көрсетіп қоюды өзінің мәртебелі міндеті санайтын ресейлік саясаттың ықпалындағы ондаған бұқаралық ақпарат құралдарын қосыңыз.
«Аузымды ашқан соң, көмекейімді неге көрсетпейін?» дегендей, ақыры айтқан соң, ақиқатты аяғына дейін айтайық, қытайлық және ресейлік компаниялардың көпе-көрнеу озбырлығы тек мұнымен ғана бітпейді. Біз тек бір ғана мысал келтірдік. Ал Қазақстанның бүкіл батыс өңірі – Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарының мұнай-газ саласын, жалпы Орта Азияның экономикасын басқаруды қолдарына толықтай алған Ресейдің «Лукойл», «Роснефть», «Газпром» сияқты алпауыт компаниялары соңғы кезде бұрынғы бұрынғы ма, енді тіпті күшейіп, өздерінің жергілікті өкіметпен жасаған келісімшарттарындағы әлеуметтік бағдарламалардың бәрін жаппай қысқартуға көшті. Оның ішінде өздері жұмыс жасап жатқан жергілікті жерлерде әлеуметтік объектілер салып, жергілікті халықтың әл-ауқатын көтеруден бастап, қол астындағы қазақстандық жұмысшыларды қайта даярлаудан өткізу, оларды өндірістік компанияда жұмыс істегені үшін берілуге тиісті тамақпен, киіммен қамтамасыз ету сияқты «ұсақ-түйектерге» дейін бар. Қазір осының бәрі қысқартылып, ұлты қазақ немесе қазақстандық жұмысшылар жаттың қолында жалшы болып, өз елінде өгей баладай күй кешіп жүр.
Содан келеді де, дәл сондай дәрежедегі жергілікті мамандар шетқақпай көріп, шеттен келген жұмыс күшіне алабөтен айрықша жағдай жасалады. Салыстыру үшін айта кетейік. Мәселен, сіз қандай мықты маман болсаңыз да, АҚШ-қа немесе Қытайға яки Еуропа мемлекеттеріне барып, жұмысқа орналасуыңыз қиынға түседі. Өйткені, дамыған елдерде ең алдымен өз елінің азаматтарын жұмыспен қамтамасыз етеді. Ал сіздің ой-өрісіңіз бен білім-білігіңіз, кәсіби дәрежеңіз америкалық немесе қытайлық азаматтардан он жерден жоғары болып тұрса да, ол елдің кәсіпорындары алдымен өз елінің маманын жұмысқа алады.
Ал бізде бәрі керісінше. Егер сіз Қазақстанда туып, Қазақстанда тұратын, оның ішінде қазақ болсаңыз, қанша жерден жеті тіл түгілі, жетпіс тіл біліп, заманауи білім мен ғылымның жетістіктерімен жан-жақты қаруланған вундеркинд болсаңыз да, өз орныңызға лайық мекемеде қызмет жасап, өз еліңіздің экономикасын өркендету ісіне үлес қосуыңызға, оны айтасыз, өзіңізге тиесілі нәпақаңызды тиісті жолмен табуыңызға да мүмкіндігіңіз жоқ. Оның есесіне сіздің лақтырған таяғыңызды алып келе алмайтын, қолыңызға су құюға да жарамайтын, шала сауатты, дүмбілез орыс пен дүдәмал қытайлықтың сіздің төбеңізден төніп, әңгірлеп әмірін жүргізіп, қалаған бағытына қаймана малдай қайырмалап айдап, қай шаруасына да құлша жұмсауға құқы бар. Міне, қазіргі біздің биліктің жеткен жері, жүргізіп отырған салдақы саясатының сықпыты осы.
Ресейдің «Лукойл Оверсиз» компаниясы толығымен бақылау пакетін қолына алған «Қарақұдықмұнай» ЖШС, жартылай акциялар пакетін иеленген «Северний Бузачи Оперейтинг Лтд», «Арман» кәсіпорындарындағы жағдай туралы да осыны айтуға болады. Әсіресе Степан Гуржий басқаратын «Қарақұдықмұнай» серіктестігіндегі хал-ахуал өте күрделі күйде. «Мұнда тіпті Президент айтқан «қазақстандық мазмұн» мәселесі мүлдем мағынасынан айырылған» десе де болады. Өйткені, қаншама дәл сондай дәрежедегі жергілікті мамандар жұмыссыз қаңғып жүрсе де, мұнда басшылықтағы жауапты қызметкерлерден бастап ортанқол қызметкерлерге дейін түгелдей Ресейдің азаматтары (нақтырақ айтқанда, орыстар) отыр. Ал қазақ байғұс қашанда «барып кел, шауып келдің» шаруасына шапқылап жүретін, ешқашан қызмет бабымен өсуі мүмкін емес, жалақысы аз, жауапкершілігі жоқ қызметтер мен қара жұмысқа жегілген.
Ал енді «Мұның себебі неде?» дегенге келсек, айсбергтің астында жатқан бөлігі сияқты мұның астарындағы жымысқы саясатты айтпай-ақ аңғару үшін атаңыздан ақылы асқан данышпан болып туудың керегі жоқ. Барлығы да көзі ашық, көңілі ояу әрбір адамға ақ матаны қара жіппен қайып тіккендей бадырайып көрініп тұр. Қаптаған қара қытай мен самсаған сары орыстың алдында бәпек қағып, құрақ ұшқан қазіргі қолбала-билік өңешінен өтетін «жасыл қағаз» үшін жанталасып, өз елінің несібесімен қоса ар-ұятын да, иман-ибасын да сатып жіберуге дайын. Мұны басқаша түсіндіріп керегі жоқ. Өйткені, соңғы кезде еліміздің саясаты мен экономикасында, барлық салада да айдаһар таңбалы «аждаһа мемлекет» - Қытай мен «аю-көршіміз» - Ресейдің, әсіресе орыстардың экспансиясы күшейіп келеді. Бұл жайт Қазақстан халқының негізгі нәпақасы және елдің болашағы сонымен тығыз байланысты басты қазынасы болып табылатын мұнай-газ саласында анық байқалып отыр.
Демек, шетелдіктер түгілі, тіпті билік басындағылардың өздері Елбасымыздың қатаң түрде қадап айтқан ел экономикасына «қазақстандық мазмұн» («казахстанское содержание») беру, яғни барлық салаларда да жергілікті кәсіпкерлер мен қазақстандық тауар өндірушілерді, қызмет көрсетумен айналысатын сервистік кәсіпорындарды көптеп тарту туралы бастамасына пысқырып та қарап отырған жоқ. Сонда мұны қалай түсінеміз? Ел үкіметі мен жергілікті жердегі әкім-қаралардың өздері бірден-бір өкілі болып табылатын өз Президентін менсінбейтін, оның берген тапсырмалары мен ой-пікірлерін құлағына да қыстырмайтын болғаны ма? Бұл сұрақтардың жауабын біз сол билік басындағылардың өзіне қалдырдық.
Бұл жерде ескермеуге болмайтын тағы бір кілтипан бар. Қазіргідей қым-қуыт, аласапыран, аумалы-төкпелі уақытта, кешегі күні «мен» деп төсін ұрғандардың өзі мең-зең болып, қақ маңдайына дағдан сойыл тигендей дағдарып, дал болып қалған заманда, жаппай дағдарыс жағдайында қайдағы бір қаңғып келген кірмелердің есіктен кіріп, «төр менікі» деп, төбемізге шығуы, өз нанымызды өзгелердің тартып жеуі кәсіпкерлер мен өндіріс иелерін былай қойғанда, қарапайым халықты да ашындырып, қатты наразылығын оятуы мүмкін. «Аш бала – тоқ баламен ойнамайды. Тоқ бала «аш болам» деп ойламайды». Ал мұның арты бұқараның бұлқынып, көтеріліп, көшеге шығуына апарып соғуы кәдік. «Қара халық қозғалса, Бай-бағлан тұрмас бағында-ай, Патшалар тұрмас тағында-ай». Халық қаһарына мінер болса, ханның тағына да қауіп төнеді. Өзі отырған орынтағын сақтап қалу үшін отбасы түгілі, Отанын да, Отанының ең қасиетті қазынасы мен мүддесін де сатып жіберуге даяр бүгінгі билік ең болмаса осыны ескерсе, игі.  

Расул ЖАНТАЙҰЛЫ
«ҚАЗАҚСТАН» апталығы,
№19 (259), 21-мамыр, 2009

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5478