Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3403 0 пікір 17 Наурыз, 2010 сағат 05:03

Расул Жұмалы: БАС ШҰЛҒЫҒЫШТАР БАҒЫМЫЗДЫ АШПАС

Біздің анықтама:

Расул Жұмалы 1971 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Бүгінгі Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің шығыстану факультетін бітірген. Арабист. «Орталық Азиядағы геосаясат» монографиясының авторы. 2007 жылы дипломатиялық қызметтен отставкаға кеткен. Қазіргі кезде «Эксклюзив» журналының бас редакторы. Саясаттанушы.

- Сіз дипломатиялық қызметке тым ерте араластыңыз. Және тым ерте отставкаға кеттіңіз. Әңгімені осыдан бастайықшы...

Біздің анықтама:

Расул Жұмалы 1971 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Бүгінгі Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің шығыстану факультетін бітірген. Арабист. «Орталық Азиядағы геосаясат» монографиясының авторы. 2007 жылы дипломатиялық қызметтен отставкаға кеткен. Қазіргі кезде «Эксклюзив» журналының бас редакторы. Саясаттанушы.

- Сіз дипломатиялық қызметке тым ерте араластыңыз. Және тым ерте отставкаға кеттіңіз. Әңгімені осыдан бастайықшы...

- Рас, мен дипломатиялық қызметке ерте араластым. Қазір менің жасым отыз тоғызда. Өзім Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің түлегімін. Шығыстану факультетін бітіргенмін, мамандығым - арабист. 1992 жылы университетті бітірдім. Содан бастап 2007 жылға дейін Сыртқы істер министрлігінде қызмет еттім. Сол уақыттың басым бөлігінде мұсылман елдері, араб әлемі бағытында жұмыс істедім. Кейбір шетелдердегі елшіліктерде қызмет еттім. Атап айтсам, Мысыр араб Республикасында, Израильде, Біріккен Араб Әмірліктері мен Ливияда жұмыс істедім. Біздің оқыған уақытымыз Кеңес одағына тұспа-тұс келді. 1991жылдың аяғында ғана Қазақстан өзінің тәуелсіздігін жариялады. Ал ол кезде біз университетті бітіріп жатқанбыз. Оған дейін Кеңес одағының Конституциясы бойынша сөз жүзінде егеменді мемлекет болып саналсақ та, іс жүзінде сыртқы саяси және экономикалық  жағдайымызды Мәскеу шешті, сыртқы сауда мәселесін де Кремль реттейтін. Соған сай отандық мамандар, соның ішінде дипломаттар, халықаралық қарым-қатынас саласының мамандары Қазақстанда дайындалған жоқ. Сыртқы істер министрлігінің құрамында, елшіліктерде бірен-саран ғана қазақ ұлтының өкілдері жұмыс істеді. Олардың арасында Болатхан Тайжан, Вячеслав Ғизатов, кейінгі жылдары Сыртқы істер министрлігінің тұтқасын ұстаған Қасымжомарт Тоқаев, Ерлан Ыдырысов сынды азаматтар болды. Бізде бұл салада мамандар тапшы еді. Қазақстан егемендігін алғаннан кейін, 1992 жылы көп мәселені тәуелсіз түрде шешуге тура келді. Өзіміздің Сыртқы істер министрлігін жасақтап, онда қызмет  ететін мамандарды дайындау қажеттілігі туындады. Сол мамандардың алғашқы буынының ішінде мен де болдым. Араб бағытында жаманды-жақсылы жұмыс атқарғандай болдық. Бірталай тәжірибе жинадым десем де болады. Қарап отырсам, мемлекеттік қызметте, соның ішінде сыртқы істер саласында он бес жылдай жұмыс істеген екенмін. Бір жағынан, өзімді жаңаша бір бағытта сынап көргім келді. Екіншіден, өзімнің жеке басыма байланысты кейбір себептер де болмай қалған жоқ. Алдымда тұрған таңдау екеу-ақ еді: не шетелде жұмыс істей беру, не Астанаға бару. Шынымды айтсам, Астана жеке басыма онша жаққан жоқ. Өзім тұрғылықты алматылық болғаннан кейін де шығар, үйренісе алмадым. Үшіншіден, менің екі ұлым бар. Үлкені он бір жаста да, кішісі тоғызда. Олар алғашқы жылдары мектепке сырт елде барды. Ол жақтарда қазақ мектептері болмағандықтан, не ағылшын мектебінде оқыды, не орысша білім алды. Өзім Алматы қаласында туып-өссем де, қазақ мектебінде оқыдым. Екі ұлымның да өз отанында, ұлттық мектепте оқығанын қаладым. Төртіншіден, тоқсаныншы жылдардың бас кезінде, біз жаңадан Сыртқы істер министрлігіне келген уақытта патриоттық сезім басым болды. Соңғы жылдары түрлі себептермен ол сезім саябырсығандай көрінді. Бұл тек менің ғана пікірім емес, мемлекеттік қызметте жүргендердің біразы бұған келісетін шығар. Өйткені, қазіргі қоғамда көп нәрсе формальді дүниеге айналып кетті. Өзім талай жыл қызмет еткендіктен, Сыртқы істер министрлігіне тас лақтырғым келмейді. Дегенмен, ондағы жұмыстың алғашқы кездердегідей қызықты болмай қалғанын, ары қарай баурап әкете алмағанын жасыра алмаймын. Қызығушылық азайды. Басқаша айтсақ, соңғы жылдары еліме пайда келтіріп жүрмін-ау деген сезім сәл саябырсыды. Дипломатиялық қызметтен кетуіме мұның да әсері болды. Тағы бір себебі, зерттеу жұмыстарымен айналысқым келді. Оған, әрине, уақыт керек. Оның үстіне, саясаттану саласында жүрген адамның тәуелсіз болуы маңызды. Мемлекеттік қызметте отырып немесе белгілі бір саяси партияның құрамында жүріп саясаттану ғылымымен еркін айналыса алмайсың. Белгілі  бір бағыныштылық болады да, ойыңды еркін жеткізуде қиналасың. Белгілі бір дәрежеде тәуелді боласың. Менің түсінігімде, саясаттану саласында жүрген азаматтар өздерінің еркіндігін сақтап, тәуелділіктен аулақ болғаны қисынды.

- Расында да, соңғы жылдары мемлекеттік қызметке деген қызығушылық саябырлады. Бұрынғыдай жаппай ұмтылу байқалмайды. Әсіресе, алдына қойған белгілі бір мақсаты бар жастар шенеуніктің шекпенін киюге әуес емес. Сіздің ойыңызша, мемлекеттік қызметтің беделінің төмендеуі осы саладағы жаппай жемқорлық сияқты жағымсыз жайттардың кең етек алуымен байланысты ма, әлде басқа да себептері бар ма?

- Бір жағынан сіздің айтқаныңызбен келісемін. Мемлекеттік қызмет саласында жемқорлық, жең ұшынан жалғасқан сыбайластық етек алып барады. Жұмысқа тамыр-таныстықпен тұру әлі күнге дейін өзекті мәселе күйінде қалып отыр. Кәсіби деңгейге көп назар аудармай, жағымпаздық критерийі бойынша жұмысқа алу сияқты келеңсіздіктер де әлі күнге дейін толастаған жоқ. Бірақ, сізбен келіспейтін де тұсым бар. Мен қазіргі кезде мемлекеттік қызметке деген қызығушылық бәсеңдеді деп ойламаймын. Оныма дәлел ретінде бір ғана дәйек келтірейін. Осыдан жарты жылдай уақыт бұрын тәуелсіз әлеуметтік зерттеу жүргізетін орталық жастар арасында, соның ішінде студенттердің ортасында әлеуметтік сұрау жүргізген екен. «Болашақта кім болғыңыз келеді?» деген сауал қойған уақытта, сұрауға қатысқандардың 30-40 пайызы «мемлекеттік қызметке барамын» деп жауап беріпті. Тағы да 30-40 пайызы ұлттық компанияларда,  соның ішінде «ҚазМұнайГаз», «Қазақтелеком» сияқты ірі компанияларда жұмыс істегілері келетінін айтқан. 5-10 пайызы нақтылы жауап беруге қиналған. Тек 5-7 пайызы ғана мұғалім, ғалым немесе шағын кәсіпкер болғысы келетінін айтқан. Осының өзі-ақ көп жайттан хабар берсе керек. Әрине, қазіргі жастар болашақта жақсы бір маман болып, жақсы қызметте отырғысы келеді. Алайда, олардың бүгінгі күні көріп жүрген көрінісіне көңіл бөлейікші. Қазіргі біздің қоғамда қаржылық жағдайы жақсы, қымбат көлік мінетін, зәулім сарайда тұратын кімдер? Жастар оған міндетті түрде қарайды. Біздің қоғамда бұл талаптарға толық жауап беретіндер - шенеуніктер. Яғни, мемлекеттік қызметкерлер. Он мың долларлаған жалақыны кім алады? Ұлттық компаниялардың өкілдері алады. Жақсы өмір сүргісі келетін жастар, әрине, осыған қарап бағдар алады. Бірақ, біз айтып отырған тоқсаныншы жылдардың бас кезіндегі отансүйгіштік, патриотизм бұл арада екінші, үшінші дәрежеде қалып тұр. Бұл жастардың кінәсі емес. Бұл қоғамдағы рухани және ұлттық басымдықтардың тасада қалғанының, шенге, атаққа, ақшаға, дәулетке табынған заманның келеңсіз көрінісі. Сөз жүзінде емес, іс жүзінде жағдайды жақсартпайынша, біз айтып отырған келеңсіз жайттар толастамайды.

- Жуырда ғана біз «шенеунік образы қандай?» деген сауал төңірегінде пікіржарыс ұйымдастырған едік. Қанша жерден таразы басын тең ұстауға тырысқанымызбен, көпшілік шенеуніктер туралы жағымды пікір білдірмеді. Тіпті, кезінде Досым Сәтбаевтар шенеуніктер туралы сатиралық роман жазып, оның үзінділерін жариялап та жүрді. Оған өзіңіз кеңесшілік еткен екенсіз. Сіз үшін шенеунік образы қандай?

- Мемлекеттік қызмет дегеннің өзі, атынан көрініп тұрғандай, мемлекетке қызмет ету және оның халқына қызмет ету дегенді білдіреді. Бұл орайда қызмет деген сөз шын мәнінде қызмет ету деген мағынада айтылып тұр. Ал бізде мұның мағынасы сәл өзгеріп кеткен. Мысалы, депутаттарды «халық қалаулылары» дейміз. Ал орысша сәл басқаша, «слуги народа» деп аталады. Екеуіне жүктелетін міндет екі түрлі. Яғни, шенеунік немесе депутат шын мәнінде халыққа қызмет етуі керек. Сөз жүзінде солай болғанымен, іс жүзінде мүлдем басқаша. Бұл өкінішті-ақ жайт. Себебі, біздің қоғамымызда қандай түйткілді мәселелер болса, ол әлеуметтік саланың мәселесі бола ма, шаруашылыққа қатыста бола ма, бәрібір, оның тетігі мемлекеттік қызметкерлердің қолында. Өкінішке қарай, жылдан-жылға әлеумет пен сол әлеуметтің мүддесін мемлекеттік тұрғыда шешетін мемлекеттік қызметкерлердің арасындағы жік ұлғайып бара жатыр. Халықтың мүддесін көздеу, халықтан өзін жоғары ұстамау сияқты қарапайым қағидалардың өзі де ұмыт болып барады. Неге десеңіз, шенеуніктерге жеткілікті жауапкершілік жүктелмейді. Олардың жұмысын халық та, қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялар да бақылай алмайды. Мемлекеттік қызметкердің мемлекеттің тұрғындарының алдындағы жауаптылығы өте төмен деңгейде. Шенеуніктің қызметі қоғам үшін анық және айқын болуы керек десек, бізде бұл жағы да сын көтермейді. Көп жағдайда көмескі күйінде қалып қойып жатады.

Қайбір жылдары Швейцарияға жолым түсті. Түстің кезі, кофе ішіп отырғанбыз. Қасымызға бір кісі келіп отырды. Айналамыздағы жұрт әлгі кісіге қарай берді. Сөйтсек, ол сол елдің премьер-министрі екен. Қасында күзетшілері жоқ, өзі жаяу келді. Өте қарапайым киінген. Отырғандардың барлығы бірдей оны танып та жатпады. Кофесін ішіп, круасанын жеді де, шығып кетті. Осы бір кішкентай ғана мысалдың өзі көп нәрсені аңғартса керек. Швейцария кішігірім болғанымен, дамуы жөнінен, экономикалық жағдайы, сауда және инвестициялық мүмкіндігі жағынан Қазақстаннан жүз жылға озып кеткен мемлекет. Ол жердегі халықтың өмір сүру деңгейінің жоғарылығы соншалық, жан басына шаққандағы өнімі 20-25 мың доллардан келеді. Дүниежүзіндегі алғашқы бестікке кіретін елдердің бірі. Менің ойымша, бұл мемлекеттің осындай кереметтей жетістікке жетуінің кілті мемлекеттік қызметкерлер мен халықтың арасындағы алшақтықтың неғұрлым аз болуында жатыр. Мемлекеттік билік халыққа жақын болмайынша, даму да, ілгерілеу де болмайды. Ол үшін демократиялық құндылықтар әспеттеліп, ашық азаматтық қоғам қалыптасуы тиіс. Сөз бостандығына ерік берілуі керек. Еркін және әділ сайлау өткізу сөз жүзінде емес, іс жүзінде көрініс табуы керек. Сонда ғана шенеуніктерден нәтиже талап ете алатын боламыз.

Тағы бір мысал есіме түсіп отыр. Кезінде Иордания деген мемлекетте болдым. Сол елдің патшасы Абдолла екінші Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у.) тікелей ұрпағы. Иордания деген дамыған, бай елдердің бірі. Патшасы халыққа сыйлы. Айтайын дегенім, сол кісі жұмыстан үйіне қайтқанда көлігін өзі жүргізетін. Және ол кісі келе жатқанда ешқашан жолды жабу деген болмайтын. Әрине, қасында күзетші көліктер жүреді. Бірақ, патша да елмен қатарласып жүре беретін. Бұл да қарапайымдылықтың бір белгілі. Бізде қалай? Мемлекет басшысымен таласпай-ақ қояйық. Қауіпсіздік мәселесі бар, басқа бар. Бізде президентті қойып, әкімдердің өзі де жолды жаптырып тастап жүреді. Тіпті, жол полициясы басшыларының өзі осындай артықшылықты пайдаланады. Халықпен ара-жігі осыншалық алшақ бола тұра, біздегі шенеуніктердің «елдің игілігі үшін қызмет етіп жатырмыз» деген құрғақ сөзінің қаншалықты құны бар? Оған елдің сенімі қалай болмақ? Бұл, әрине, ойланатын нәрсе.

- Сөз басында өзіңіз айтқандай, біздің елде дипломаттарды дайындау кенже қалған саланың бірі. Сіз секілді Қазақстанда оқып, кейін дипломатиялық қызметке араласқандар некен-саяқ. Көпшілігі Ресейде, өзге елдерде оқыған. Ал дипломатиялық қызмет жәй мемлекеттік қызметтен гөрі жауапты сала. Үлкен жауапкершілікті талап етеді. Мемлекетшілдік пен патриотизмді қажет етеді. Осы жағынан алғанда, сіз отандық дипломаттардың арасынан мемлекетшіл дипломат деп кімдерді ерекшелеп айтар едіңіз?

- Дипломатия, әрине, маңызды сала. Бірақ, оның жұмысы басқа салалардан маңызды әрі ауқымды демес едім. Әсіресе, мемлекетшілдік пен ұлтжандылық мәселесіне келгенде. Неге десеңіз, дәрігерлер мен мұғалімдерге қойылатын талап пен жүктелетін міндетті дипломатиялық қызметтен гөрі төмен деуге болмайды. Қай сала болса да, ол саланың өкілінен екі-ақ нәрсе талап етіледі. Біріншісі кәсіби деңгейі де, екіншісі - мемлекетшілдік. Осы екеуі міндетті түрде болуы керек. Және қатарлас жүруі керек.

Рас, бізде дипломатия саласының мамандары болған жоқ. Кеңес одағының кезінде Қазақстанда дипломаттар даярланбайтын. Бірен-сараны Мәскеудегі, Петербордағы оқу орындарында, айталық, Мәскеудің халықаралық қатынастар институты, Мәскеу мемлекеттік университеті жанындағы Азия және Африка институты, Ленинград мемлекеттік университетіндегі шығыстану бөлімінде оқыды. Немесе Сыртқы істер министрлігі жанындағы жоғарғы дипломатия академиясында тәлім алатын. Онда ұлттық кадр есебінде Қазақстанның да өкілдері оқыды. Бертін келе олар Сыртқы істер министрлігінде, шетелдердегі елшіліктерде қызмет істеді. Бірталайы кейін қайтты, енді біразы тәуелсіз Қазақстанның саясатына бейімделіп жұмыс істей бастады. Нақтылы тұлғаларды атап айтатын болсам, менің есіме ең алдымен Болатхан Тайжан оралады. Өкінішке қарай, арамыздан ерте кетіп қалды. Вячеслав Ғизатовты ерекше атап айтуға болады. Егемендік алғанға дейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігін басқарған Михаил Исиналиев. Қазіргі кезде Түркияда елшілік қызмет атқарып жүрген Бағдат Әміреев... Бұлардың әрқайсысының жүріс-тұрысында, дипломатиялық әрекеттерінде мемлекетшілдік байқалады. Қазақстанның сыртқы саясатындағы, экономикалық бағытындағы мүддесін қайткенде де көздеу көрінеді. Осындай шетін мәселелерді кәсіби деңгейде іс жүзіне асыра білу шеберлігі, біріншіден, нақты нәтижелерге жеткізсе, екіншіден, бұл азаматтардың қазақ тілі мен қазақ мәдениетін сыртқа танытуда атқарған рөлі үлкен. Үшіншіден, кәсіби дипломатияны оқымаған біздер үшін дипломатияның ерекшеліктерін, жай-жапсарын айтып, басымдықтарын ұғындыруда да үлкен еңбек етті.

- Сәлім Құрманғожин туралы не айтасыз?

- Қазақ КСР-і кезінде де бізде Сыртқы істер министрлігі болды. Ол жерде жиырма шақты ғана адам жұмыс істеді. Олардың жұмысы ара-тұра келетін мәдени делегацияларды қабылдап алып, шығарып салумен ғана шектелді. Сосын тәуелсіз Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі жасақталды. Бірінші Сыртқы істер министрі Төлеутай Сүлейменов деген азамат болды. Қазір ол кісі дипломатиялық академияның ректоры. Сол кісінің бірінші орынбасары Сәлім Құрманғожин мырза болды. Кеңестік дипломатия мектебінен өткен санаулы азаматтардың бірі. Дипломатия ақсақалы боп саналады. Осыдан екі-үш жыл бүрын дипломатиялық қызметтегі естеліктерін шығарды. Қателеспесем, «50 лет на дипломатической службе» деп аталады ғой деймін. Еуропаның бірнеше елінде Қазақстанның елшісі болды. Соның ішінде қыпшақтық тұрғыдан алғанда Қазақстанға ерекше жақын Венгрияда Төтенше және өкілетті елші қызметін атқарды. Бұл кісімен тікелей жұмыс істеспегендіктен, нақты айта алмаймын. Бірақ, үлкен ақсақал ретінде, тәжірибесі мол маман ретінде үлкен құрметпен қараймын.

- Өзіңіз қоластында қызмет еткен Болатхан Тайжан терең білімді, парасатты бола тұра соншалықты қарапайым еді ғой. Ол кісінің ортамыздан кеткеніне де дәл үш жыл болыпты. Сіз шәкірт ретінде Ұстаз Болатхан Тайжаннан не үйрендіңіз? Ол кісінің қандай қасиеттерін ерекше бағалайсыз?

- Ең алдымен, мемлекетшілдік пен ұлтжанылықты үйрендік. Қазір теледидарды қоса қалсақ, екі шенеуніктің біреуі отансүйгіштік, патриоттық тәрбие туралы сөйлеп жатады. Бірақ, солардың істеп жүрген тірлігіне қарасақ, сөзі мен ісінің арасында сабақтастық жоқтығын аңғарамыз. 1996-98 жылдар аралығында Мысырдағы елшілікте Болатхан Тайжанның қоластында жұмыс істедім. Ол кісі Мысырдағы Төтенше және өкілетті елші болатын. Каирде отырғанымен, Марокко, Ливан, Ливия, Сирия, Иордания елдеріндегі елшілік қызметті қатар атқарды. Ол кісі шынайы мемлекетшіл тұлға болатын. Көп нәрсеге сыни көзқараспен қарайтын. Орталықтан белгілі бір тапсырмалар, түрлі бағдарламалар келіп жатады. Олардың қажет немесе қажет емес екенін, оларды іс жүзіне асырудың мүмкіндігін тек өзінің білгенімен шешпейтін, қарамағындағылармен міндетті түрде ақылдасып, ортақ талқыға салатын. Қазақстанның, қазақтың мүддесіне келетін мәселеде тартынып қалмайтын. Мүддемізге қайшы келіп жатса, жасқаншақтамай, жалтақтамай, оны да тура айтатын. Бір айта кетерлігі, Мысырдағы елшілік 1993 жылы ашылды. Бірінші күннен бастап іс-қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізді. Тоқсаныншы жылдардың аяғына дейін Қазақстанның шетелдегі елшіліктерінің арасындағы іс-қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізетін жалғыз елшілік болып келді. Қалғандары тоқсаныншы жылдардың аяғына дейін екі тілді қатар алып жүрсе, енді бір елдегі елшіліктер толықтай орыс тілінде іс жүргізді. Себебі, елшілердің өздері қазақ тілін білмейтін. Болатхан Тайжан сол кезде Қазақстанның елшіліктерінде қызмет атқаратын азаматтар, елшісінен бастап, төменгі деңгейдегі қызметкерлеріне дейін, толықтай қазақ тілін меңгерген азаматтар болуы тиіс дегенді мәселе етіп көтерді. Себебі, дипломатия саласында жүрген азаматтар - Қазақстанның бетпердесі. Қазақты шетелде соларға қарап таниды. Егер олар қазақтың тілін білмесе, мәдениетінен жұрдай болса, Қазақстанды қалай танытпақ? Осыны Болатхан аға қатты ұстанды. Бұл мәселені биліктің алдында талай рет көтерді де. Ал өзі қызмет атқаратын елшіліктерде бұл талапты толықтай орындап отырды. Бізде, мысалы, қазақшаны білуді былай қойғанда, ұлты қазақ емес азаматтар жұмыс істеген емес. Ол кісі бұл мәселені принципті түрде қадағалап отырды. Оған орай талай қысым да көрді.

Сыртқы саяси басымдықтарға келгенде де ұлттық мүддені бірінші орынға қоятын. 1995 жылы Қазақстан Ислам Конференциясы ұйымына мүше болып енетін болды. Бұл мәселе көп уақыт талқыланды. Турасын айту керек, сол уақытта мемлекетте лауазымды қызмет атқаратын жекелеген азаматтар бұдан сескенді, шошынды да. «Ислам Конференциясы ұйымына мүше болып жатсақ, мұнымызға Ресей қалай қарайды? Америка қырын қарап қалмай ма?» дегендей жалтақтау болды. Сол кезде осы басымдықты түсіндіру, ұғындыру ісінде Болатхан Тайжан үлкен қызмет атқарды. Бұл кісі өзі дұрыс деп санаған дүниені өте батыл әрі сауатты түрде жеткізіп айта алатын. Қаймықпайтын. Қазақстанның осы ұйымға мүшелікке өтуіне ол кісі үлкен еңбек сіңірді. Бұл ұйымға кіргеннен біздің ұтқанымыз көп болды. Рухани, діни ынтымақтастық пен бауырластық өз алдына, елордамыз алғаш Астанаға көшкен уақытта жаңа қаланың құрылысына, салынуына өте үлкен көлемде қайтарымсыз гранттар ұсынған дәл осы араб елдері, Ислам Конференциясы ұйымына мүше мемлекеттер болғанын айтуымыз керек. Қанша жерден қойын-қолтық араласып жүргенімізге қарамастан, Ресей де, АҚШ та қайтарымсыз бір тиын берген жоқ. Оны да былай қойғанда, Қазақстан осы ұйымның аясында Ислам даму банкіне мүшелікке енді. Бұл ұйым тарапынан да талай рет ауқымды несиелерді үлкен жеңілдіктермен алдық. Астана мен Алматыны жалғастырып жатқан жол сол несиеге салынды. Алматыдағы Сызғанов атындағы Хирургия орталығы да Ислам даму банкінің несиесімен жасақталды. Одан өзге де көптеген әлеуметтік нысандар тұрғызылды. Келесі жылы Қазақстан Ислам Конференциясы ұйымына төрағалық еткелі отыр. Бұл біз үшін өте үлкен мәртебе. Ал соның бастамасында Болатхан Тайжан сынды азаматтар тұрғанын айтуға тиіспіз.

Мемлекеттік қызметкер өзі іштей батыл болуы керек. Бастықтың айтқанына бас шұлғи беретін адам нағыз мемлекеттік қызметкер бола алмайды. Келіспейтін нәрсесі болса, оны міндетті түрде айтуы керек. Елдің мүддесіне қайшы келетін тұста қарап қалмауы тиіс. Сонда ғана ұмымды, оңтайлы шешім қабылданады. Болатхан Тайжан дәл сондай азамат болатын.

Бүгінгі күні біздің мемлекетте неліктен басы бар да, аяғы жоқ бағдарламалар көп? Өйткені, шенеуніктер өздері түсініп тұрса да, аңғарып тұрса да, бастығына қарсы шықпайды. Жоқ нәрседен сескеніп, бәріне бас шұлғи береді. Соның салдарынан өте шикі бағдарламалар пайда болады. Кластерге көшу, индустриалды-инновациялық даму, елу елдің қатарына қосылу, отыз корпоративтік көшбасшы, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар, бәрі де басы таудай боп басталып, аяғы қылдай болды. Неліктен десеңіз, олардың ешбірі әу бастан дұрыс ойластырылмаған. Әншейін атой салу. Орындалу-орындалмау деңгейі ескерілмеген. Оны орындайды деген мемлекеттік қызметкерлердің кәсіби деңгейі мен мүмкіншілігі есепке алынбаған.

- Сіз қайбір жылы «Орталық Азиядағы геосаясат» деп аталатын монография жаздыңыз. Қазіргі кезде аймақтық интеграцияға қатысты дау-дамай, талас-тартыс көп. Біреулер Ресейдің ықпалында болғанымызды дұрыс көреді. Яғни, бүгінгі күні Ресей, Беларусь және Қазақстан арасындағы Кедендік одақты қос қолын көтере қолдайтындар бар. Қытайға қарай көп икемделіп бара жатқанымыз байқалады. Батыс өз алдына. Дегенмен, қазіргі кезде осылардың бәрін екінші кезекке ысырып, Орталық Азиялық одақ құру маңызды деген пікір айтылып жүр. Сарапшы ретінде сіз ынтымақтастықтың қай бағытын жоғары бағалайсыз?

- Әлбетте, аймақтық интеграцияны жоғары бағалаймын. Қытай болсын, Ресей болсын, біздің Құдай қосқан көршілеріміз. Тарихи шындықпен санаспауға болмайды. Саяси, экономикалық әрекеттерімізде белгілі бір шеңберге бағыну керек. Және жекелеген ТМД мемлекеттері секілді жағдайды ушықтырудың түкке қажеті жоқ. Тарихи дүниелерді қайта көтерген дұрыс. Бірақ, бүгінгі күні зияны тимеуін ойламауға тағы болмайды. Өткенді білген дұрыс, тарихи шындық жерде жатпайды. Бірақ, мемлекеттер арасындағы ашу-ызаны тудыруға өз басым қарсымын. Ресей - алып көршіміз. Шекарамыз жеті мың шақырымнан аса. Яғни, есік-тереземізді тарс қымтап отыра алмаймыз. Керісінше, ынтымақтастықты өзіміздің пайдамызға қарай пайдалануымыз керек. Қытай өз алдына. Бірақ, Қытайдың Қазақстаннан барлық көрсеткіш бойынша, соның ішінде экономика, қаржы, әскер, өндіріс салалары бойынша қырық мәрте ірі екенін естен шығаруға болмайды. Демография мәселесінде тіптен бәсекелесе алмаймыз. Ресей бізден жиырма мәрте ірі. Тоқсаныншы жылдардың бас кезінде он есе ғана үлкен болатын, қазір жиырмаға кетіп қалды. Әсіресе, экономика, қаржы жағынан. Осындай алып көршілермен біздің ынтымақтастығымыз қаншалықты тепе-тең дәрежеде жүреді? Қаншалықты біздің мүддеміз ескеріледі және әділ түрде іс жүзіне асырылады? Бұл өте үлкен мәселе. Біз өз ішімізде күшті болғанда ғана сыртқы күштерге төтеп бере аламыз. Себебі, сыртқы саясат деген ішкі саясаттың жалғасы. Бірақ, біз қаншалықты мықты болсақ та, қанша жерден қарқынды дамысақ та, жаңағыдай арамыздағы айырмашылықты жою қиын. Жақын болашақта оның теңесуі де мүмкін емес. Яғни, не істемек керек? Бірден-бір дұрыс жол - аймақтық интеграция. Әрине, Қазақстанның басқа көршілес мемлекеттермен халықаралық қатынасында түйткілді мәселелер де болды. Ол тарихтан белгілі. Соғысқан да жағдайлар болды. Әсіресе, көшпенді қазақтардың отырықшы өзбектермен Сыр бойындағы қалалар үшін тартысы тарихтан мәлім. Қазірдің өзінде де бірталай түйткілді мәселе бар. Және ол ушығып та барады. Екінші жағынан, аймақтағы көшбасшы елдердің Қазақстанға, Қазақстанның аймақтық интеграция жөніндегі бастамаларына деген көзқарастың өзі де бірыңғай жақсы емес. Айталық, Ислам Каримов мырза өзінің ойын бірнеше рет ашық айтты да. Осындай жайттардың болғанына қарамастан, ерте ме, кеш пе, аймақтық интеграцияға көшу керек. Біздің алдымызда басқа баламалы таңдау жоқ. Мүмкіндігінше кішігірім дүниеден бастау керек. Ондай нәрселер айқайлаған ұрандардан гөрі пайдалы. Басқа салаларға түрткі болатыны өз алдына. Мысалы, ақпараттық кеңістік. Тоқсаныншы жылдардың бас кезінде көтерілген мәселе. Оған Ислам Каримов та қарсы емес болатын. Асқар Ақаевтың көтерген мәселесі. Өзіміздің Назарбаев та бар. Қателеспесем, бұл мақсатқа белгілі бір көлемде қаржы да қарастырылып, келісімдерге қол да қойылды. Бірақ, сол күйі аяқсыз қалды. Соның салдарынан, бүгінгі күні біздің ішкі ақпараттық кеңістігіміздің 70-80 пайызын Ресей қадағалап отыр. Ал көршілес жатқан елдеріміздің тыныс-тіршілігі, жағдайы, экономикалық мүмкіндіктері туралы жіті біле бермейміз. Біздің кәсіпкерлеріміз өзара ынтымақтаса жұмыс істеуі үшін де осы бағыттағы ақпарат алғышарт болуы керек еді. Ол болмады. Егер шындап айналысатын болсақ, оған соншалық көп қаржының да, ұйымдастырушылық әрекеттің де қажеті жоқ. Тек ниет болса және аздаған күш-жігер болса жеткілікті. Ол интеграция біздің Қытай, Ресей, АҚШ сияқты ірі күштерге төтеп беруімізге мүмкіндік береді.

Біз бір шындықты мойындауға тиіспіз. Ресей болсын, Қытай болсын, ең алдымен өздерінің мүддесін көздейді. Өздерінің қара басын ойлайды. Өздерінің ұлттық мүдделерін бірінші кезекке қояды. Шын мәнінде олар қазақтардың дамығанын, көзі ашылғанын, жолы ашылғанын қаламайды. Ондай әңгіме сөз жүзінде болса да, іс жүзінде ешқашан болмайды. Керісінше, олар үшін Қазақстанның әлсіз болғаны, айтқанға көніп, айдауға жүргені пайдалы. Аймақтағы өзара интеграцияның дамымауына да олар мүдделі. Біз осыны түсінуіміз керек.

- Кедендік одақ жөніндегі тұжырымыңызбен таныспыз. Өзіңіз айтпақшы, өте үлкен маңызды мәселе бола тұра, жаппай талқылау, ұтатын жеріміз бен ұтылатын тұсымызды жалпыға ортақ ақпараттық кеңістікте талқылау жағы кемшін болды. Мүлдем болмады десек те болады. Осының себебін қайдан іздеген жөн? Лауазымды азаматтарымыздың осындай қадамға ойланбай барғандығынан ба, әлде біз үшін артықшылығынан гөрі зиянды жағы көп болғандықтан, елдің назарын басқа жаққа аудар үшін істеліп отырған шара ма?

- Екінші тезиспен келіспеймін. Неге біз осындай қадамға бардық деген сұраққа қатысты өз тұжырымымды айтайын. Интеграция керек, оған дау болмауы тиіс. Тек қана Орталық Азия кеңістігінде ғана емес, жалпы ТМД шеңберінде де интеграцияның болғаны дұрыс. Өйткені, 70-80 жыл бір мемлекеттің аясында болдық. Ол аз десеңіз, патшалық Ресейдің кезіндегі инфрақұрылым әлі күнге дейін қызмет етіп келеді. Жолдар, коммуникация, өндіріс бір-біріне бағынышты. Осындай зор әлеуетті пайдалану үшін интеграция керек. Соның ішінде Нұрсұлтан Назарбаевтың тоқсаныншы жылдардың бас кезінен бері айтып келе жатқан интеграция туралы тұжырымдарына да менің қарсылығым жоқ. Бірақ, келіспейтін тұстарым да бар. Біз өзімізге пайдалы жағы мен зиянды тұсын жіті зерттеп алуымыз керек еді. Байыбына бармай, тым асығыс шешім қабылданып кетті. Барлығы Ресейдің ықпалымен болып отыр. Ресей мен Америка Құрама Штаттарының, Ресей мен Батыс Еуропаның арасындағы кикілжіңдер көбейе түсті. Әсіресе, соңғы 2-3 жылдықта ол үдеп кетті. Ресей мен Грузияның, Ресей мен Украинаның арасындағы жағдай шиеленісе түсті. Газ құбырларына қатысты мәселе ушықты. Осындай мәселелер Ресейдің Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруге деген ынтасын кейінге қалдырды. Ресейдің қазіргі басшылары Кедендік одақты алға тартып, оны тым жиілетіп жіберді. Ресейдің экономикалық саясаты мен сыртқы саяси мүддесі тұрғысынан алғанда, бұл әбден орынды дүние. Ал Қазақстан үшін бұл тиімсіз. Тіпті, белгілі бір дәрежеде Минск үшін де асығыс шешім болды. Себебі, біз әу баста Кедендік одаққа 2012 жылы барамыз деп уағдаласқанбыз.  Бірақ, Грузиядағы соғыстан кейін бұл мәселе екі жылға ерте іске асатыны туралы шешім қабылданды. Кедендік одақ деген оңай шаруа емес. Көп мәселені келісіп, үйлестіру керек. Ол көп уақытты талап ететін ауқымды жұмыс. Осындай мәселелер қысқа мерзім ішінде, өте үстірт жасалды. Соның салдарынан, жаңа жылдан бастап кедендік одақ күшіне енсе де, әлі күнге дейін кикілжіңдер орын алып отыр. Ресей мен Беларусьтің арасында мұнайға қатысты дау туды. Біз көлік мәселесінде келісе алмай отырмыз. Негізі, келіспейтін мәселе өте көп. Жұрттың алаңдауына негіз бар. Әлі күнге дейін толыққанды шешілмей отыр. Екіншіден, өндірістік қуатымыз тең емес. Кедендік одаққа кіру арқылы біз орта және шағын бизнестің жағдайын қиындатқалы отырмыз. Ресеймен немесе Беларусьпен тереземіз тең емес. Бұған ашық бәсекелестіктің жоқ екенін қоссаңыз, екі есе қиын. Біздің кәсіпорындарға қандай да бір салық жеңілдіктері жасалған жоқ. Бүгінгідей қаржылық дағдарыстың кезінде, бұл, турасын айтқанда, «жығылғанда жұдырық» болып отыр. Жекелеген деректер бойынша қазіргі кезде біздегі шағын және орта бизнес субъектілерінің тең жарымынан астамы банкроттыққа ұшыраған немесе банкроттың аз алдында тұр. Нәтижесі қалай боларын болжау қиын емес. Әкімшілік қысымда отырған біздің кәсіпкерлеріміз Ресейдің немесе Беларусьтің кәсіпкерлерімен қалайша ашық бәсекелестікке төтеп бермек?

Кедендік одақты құрудағы Ресейдің мақсаты - маңайындағы елдерді өзіне тарту. Ол елдердің Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру процесін тежеу. Бұдан екі жыл  бұрын-ақ Ресей ДСҰ-ға кіруге дайын отырған. Дәлірек айтсақ, екіжақты келісімдерді аяқтап, енді көпжақты келісімге кіріскелі отырған. Қазақстан әлі де екіжақты келісімдерді жүргізіп жатқан. Соның ішінде тауар және қызмет нарығына ену мәселесінде АҚШ, Еуроодақ, Эквадор, Эль-Салвадор және Сауд Арабиясымен келісімге келу ғана қалған. Ол аз десеңіз, 2007 жылы Ресей кедендік Одақ Қазақстан мен Ресей Дүниежүзілік сауда ұйымына кіргеннен кейін құрылады деп ресми мәлімдеме жасаған болатын. Алайда, араға жыл салып, жағдай өзгеріп кетті. Кімнің мүддесі екені айтпасақ та түсінікті.

Көптеген сарапшылардың пікірінше, Ресейдің бұл қадамы Кеңес одағын ақырындап қайта қалпына келтірудің бірінші қадамы іспеттес. Ортақ экономикалық кеңістікке кіргеннен кейін, алдымен жерімізге қол салады. Кедендік одақ алғашқы қадам екенін, одан кейін толыққанды экономикалық одақ құрылатынын мемлекет басшыларының өздері де айтып отыр. Ал экономикалық одақ болса, оның артынан саяси одақтың пайда болатыны заңдылық. Саяси одақ құрылды деген сөз тәуелсіздігіміздің белгілі бір тетіктерін жоғарғы деңгейге береміз деген сөз. Қазақстанның мұндай қадамға баруының бірден-бір себебін Ресейдің ықпалының өскенімен байланыстырған жөн. 90-жылдары, екінші мыңжылдықтың басында аймақта сыртқы күштердің ішіндегі ең мықтылары Қытай, Ресей және Батыс, яғни АҚШ пен Еуропа болатын. Соңғы бір-екі жылда Батыстың біршама шегінгенін байқап отырмыз. Ол, әрине, әлемдік қаржы дағдарысымен байланысты. Мұны Ресей тиімді пайдалана білді. Босап қалған мүмкіндіктерді Қытай да құр жібермеді. Әсіресе, энергетика және сауда мәселесіндегі позициясын нығайтып алды. Қазіргі кезде бұл ел біздің мұнай өнімдеріміздің үштен бірін иемденіп отыр. Тек мұнай өндіру ғана емес, өңдеу және тасымалдау мәселесінде де позициясы мығым. Ресей болса, экономика, кеден жағымен шектелмей, Ұжымдық келісім-шарт қауіпсіздік ұйымы шеңберінде де тиімді әрекет етті. Бұл ұйымды НАТО-мен бәсекелес болады деп жүргені де тегіннен-тегін емес. Өткен жылы осы ұйымның аясында нақтылы әскери күштер пайда болды. Оған дейін қағаз жүзінде ғана бар болатын.

- Яғни кедендік одаққа кіру асығыс қабылданған шешім болды деуге негіз бар ғой.

-  Толық негіз бар. Мен Кедендік одақ туралы он аңызды теріп жазып шықтым. Біріншісі - «одақ тең құқықты негізде құрылды» деген аңыз. Екіншісі - «табыс әділ бөлінеді» деген аңыз. Үшіншісі - «өзара экономикалық ынтымақтастық тиімді жүреді» деген аңыз. Төртіншісі - «отандық тауар өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігі артады» деген аңыз. Бесіншісі - «экспорт ұлғаяды» деген аңыз. Алтыншысы - «халықтың тұрмысы жақсарады» деген аңыз. Жетіншісі - «жаңадан жұмыс орындары ашылып, әлеуметтік мәселелер шешімін табады, соның салдарынан дағдарыстың ықпалы да азаяды» деген аңыз. Сегізіншісі - «қазақстандық кәсіпорындар жетілдіріліп, инвестиция көптеп тартылып, жаңа технологиялар кеңінен ене бастайды» деген аңыз. Тоғызыншысы - «Кедендік одақ Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру бағытында күш біріктіруге алып келеді» деген аңыз. Оныншысы және ең үлкені - «Тәуелсіздіктің іргесі бекиді» деген аңыз. Мұның бәрі дәйексіз айтыла салған әңгіме емес. Барлығының да дәйектемелері бар.

Әңгімелескен Жұлдыз Әбділда.

 

 

Тақырыпқа орай

Мұхтар Тайжан, экономика ғылымдарының кандидаты:

ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТЕҢСІЗДІК 14 ЕСЕ!

Кедендік одақтың Қазақстанға берері аса көп емес. Біз одаққа мүше болу арқылы ортақ кедендік тарифке бағынамыз. Биылғы жылдың 1 қаңтарына дейінгі көрсеткіш бойынша, Ресейдің орташа кедендік тарифі 16 пайыз. Беларусьтікі 12 пайыз да, Қазақстандікі 5-ақ пайыз. Кедендік одаққа кіру арқылы біз Ресейдің кедендік саясатына қосылып кетіп отырмыз. Неге десеңіз, бірыңғай кедендік тарифтің 92 пайызы - Ресейдікі. Ал бұл тариф Ресейдің өндірісін қорғауға бағытталған. Қазақстан әлі күнге дейін шикізаттық ел. Бізде өңдеуші өнеркәсіп дамымаған. Өз өндірушіміз болмағандықтан, бұл тарифтен бізге ешқандай да пайда жоқ. Екіншіден, КСРО-ның өнеркәсіптік күш-қуатының 80 пайызы Ресейде қалды. Экономиканың қайта өңдеу секторы да соның ішінде. Үшіншіден, Қазақстанның экономикасы Ресейдікінен 14 есеге кіші. Яғни, теңсіздік 14 есе. Беларусьтікі 34 есе. Ресейдің даусы 57 пайыз да, басқа екі мемлекеттікі 21,5 пайыздан. Осының өзі-ақ тепе-теңдіктің жоқтығын көрсетеді.

Кедендік одаққа кіруден ең алдымен қазақстандық тұтынушылар зардап шегеді. Орташа тариф кем дегенде екі есеге өсетіндіктен, сырттан келетін тауар бағасы да осыншаға қымбаттайды. Ал Ресейден келетін тауардың бағасы арзандамайды. Инфляцияның өсуіне осының өзі жеткілікті.

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5389