AДАМ ӨЛТІРГЕНДІ АҚТАП, «АҢЫЗ АДАМДЫ» СОТТАҒАН КІМ?
Осы жылдың 21 сәуірінде Алматы қаласындағы Панфиловшылар паркінде екінші дүниежүзілік және ауған соғысының ардагерлерінің белсенді тобы жиналып, қазақ тілінде шығатын «Аңыз адам» журналын өртегені белгілі. Қолдарында митинг өткізуге рұқсаты жоқ, бірақ қарулары бар Сергей Пашевич пен Мурат Абдишукуров бастаған топтың өздерін еркін ұстап, лепіре сөйлеуінің сырын, әлгі қарулы митингінің негізгі ұйымдастырушысы Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының бастығы Ерболат Әуезов болғанын да осыған дейін айтқан едік.
Әншейінде қоғам белсенділерінің үйіне барып, ескерту жасап, жеке (одиночный) пикетке шыққандарға тұра ұмтылатын прокурорлар жұмған ауыздарын бұл жолы ашқан жоқ.
Қазақстанның бір бөлігін жаулап аламыз деген Владимир Жириновский мен Эдуард Лимоновқа байланысты нота жіберіп, Ресейден жауап ала алмаған ҚР Сыртқы істер министрлігі «Аңыз адам» туралы Ресейдің нотасы келген күні-ақ кешірім сұрап, журнал иесінің жазаланатынын сол сәтте мәлімдеп үлгерген-ді.
Соның жалғасы ретінде 11мамыр күні «Аңыз адамның» ісі Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында қаралды.
Сотқа айыптаушы ретінде қатысқан Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының өкілі Қорлан Құрманбек «Алматы қаласында шығатын басылымдарды тексеру барысында «Жұлдыздар отбасы-Аңыз адам», «Жұлдыздар отбасы» және «Жұлдыз жорамал» журналдарына иелік ететін «Отбасы баспасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және оның бас редакторы Жарылқап Қалыбайдың ҚР «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңның 15 бабының 1 тармағының 8 тармақшасын бұзғаны анықталып, соған сәйкес 6 хаттама толтырылды» деп мәлімдеді.
(ҚР «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңы. 15-бап. Шығарылым деректерi. 1. Мерзiмдi басылымның әрбiр шығарылымында мынадай мәлiметтер болуға тиiс:
... 8) баспахананың атауы, оның мекен-жайы және редакцияның мекен-жайы.) бұзған деп айып таққан.
ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңның 350 бабының 1 тармағында ол заң бұзушылық үшін бұқаралық ақпарат құралына 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айып салынады деп көрсетілген. (ҚРӘкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі. 350-бап. Шығарылым деректерiн жариялау тәртібін бұзу.
1. Мерзiмдi баспа басылымдарын белгiленген шығарылым деректерiнсіз шығару, эфирде өз атауын хабарламай, сол сияқты анық емес не көрiнеу жалған шығарылым деректерiмен электрондық бұқаралық ақпарат құралдарының теле-және радиобағдарламаларының эфирге шығуы, - бұқаралық ақпарат құралдары өнiмдерiнiң таралымы тәркiлене отырып немесе онсыз, айлық есептiк көрсеткiштiң жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.)
Бапта нақты заңды тұлғаға немесе бас редакторға айып салынатыны нақты анықталмаған. Екі заңда да не «бас редактор» немесе «басылымның меншік иесі» деген сөз мүлде жоқ. Басылым айыпты деп танылғанның өзінде бір баппен екі жаза қолдану заңға қайшы. Соған қарамастан «Отбасы баспасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне және үш журналдың бас редакторы ретінде Жарылқап Қалыбайға Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасы тек бір бап бойынша 6 (алты) хаттама толтырған. Сондықтан, үш хаттаманың толтырылуы заңсыз екені сот кезінде дәлелденді.
Басқарма өкілі Қорлан Құрманбек барлық мерзімді басылымдарға тексеру, қадағалау бірдей, алалаусыз, әділ жүргізіліп отыратынын айтқанымен басып шығарған баспаханасының мекен-жайы көрсетілмеген басқа да газет, журналдардың бар екені сот барысында дәлелденді.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2014 жылдың 27 ақпанында «Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды жақсарту жөніндегі түбегейлі шаралар туралы» №757 Жарлығына қол қойып (http://egemen.kz/?p=20937 ), сол күні ол «27 ақпанда мен еліміздегі кәсіпкерлік қызметтің дамуына қажетті жағдайларды жақсарту жөніндегі түбегейлі шаралар туралы Жарлыққа қол қойдым. Мен 2 сәуірден бастап, 2015 жылдың 1 қаңтарына дейін шағын және орта бизнес субъектілеріне тексеріс жүргізуге мораторий жариялаймын. Мен қазақстандықтардың бизнес жүргізуіне қажетті жағдайды әрі қарай жақсарта түсу мақсатында Үкіметке бірқатар нақты шаралар қабылдауды жүктедім» (http://egemen.kz/?p=20933 ) деп мәлімдеген болатын. Алайда Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасы Президенттің бұл Жарлығын өрескел бұзып, «Отбасы баспасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметіне жан-жақты тексеру шараларын жүргізген. Басқарманың әрекеті Президент Жарлығын елемеу немесе өрескел бұзу екені сот барысында ескертілді.
«Аңыз адамды» өртеген заңсыз митингіні ұйымдастырған да, бір бап бойынша толтырылған 6 хаттамаға да қол қойған Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Ерболат Әуезов екені және оның бәрі саяси тапсырыспен жасалып жатқаны, сонымен бірге оның бұл әрекеті Конституцияда кепілдік берілген сөз бостандығын тұншықтыру екені, журналистің заңды кәсiптiк қызметiне кедергi келтiру әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке соқтыратыны ескертілді.
Соған қарамастан істі қараған Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы Нұржан Пақірдінов айыпталушы жақтың дәлелдері мен айғақтарына назар аудармастан 6 хаттама бойынша кінәлі деп тауып, заңды тұлға біреу екеніне қарамастан «Отбасы баспасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, үш журналдың бас редакторы бір адам екеніне қарамастан үш жеке тұлғаға, яғни Жарылқап Қалыбайға 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айып салу туралы шешім қабылдады.
Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы Нұржан Пақірдінов өткен жылдың 1 желтоқсанында жол апатын жасап, бес адамды жарақаттап, бір адамның өліміне себепші болған Мақсат Үсеновты 2014 жылдың 14 ақпанында ақтап жіберген болатын.
Сөйтіп, бес адамды жарақаттап, бір адамды өлтірген адамды ақтап шыққан судья Нұржан Пақірдінов үш журналды баспахананың мекен- жайы жазылмай қалғаны үшін 120 айлық есептік көрсеткіш көлемінде немесе 225 840 теңге айыппұл салу туралы шешім қабылдады.
Судья Нұржан Пақірдінов 2009 жылдың 24 маусымында Болат Әбілевке журналистер митингісін ұйымдастырды деп айыптап, 50 АЕК көлемінде айыппұл салғаны есімізде. «Правда Казахстана» газетін тоқтату және 10 АЕК көлемінде айыппұл салған да сол Н. Пақірдінов болатын. Ал www.doska-pozora.presscom.org сайтында «Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы Нұржан Пақірдінов «Алға» халықтық партиясының жетекшісі Владимир Козловты қалалық «Арбатта» Мұхтар Жәкішевтің өмірбаяны жазылған парақша таратқаны үшін ғана темір торға тоғытты» http://doska-pozora.presscom.org/apparat/68203.html деп жазылып тұр.
Мақсат Ілиясұлы, заңгер
Abai.kz